Ұлттық өнердің өр тұлғасы
Биылғы жылы ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымызға өлшеусіз үлес қосқан бірқатар тұлғаларымыз мерейлі жасқа толып жатыр. Сол санаулыларымыздың бірі де бірегейі, қазақ ән өнерінің көрнекті өкілі, Жетісу топырағында түлеп, Аспантау мен Алакөлдің арасына ғана емес, күллі жер жүзіне аты мәшһүр болған Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз 80 жасқа толып отыр.

Бала кезінде «дауысы кең жазира даламызды тербеген, алдыңғы аға буын өкілдерімен үлкен сахналарда бірге ән салсам!» деп армандамаған өнер саңлақтары кемде-кем шығар. Сол арманның жетегімен киелі Хан-Тәңірі алып Алматыға ән қанатында жеткен жеткіншектің бірі мен едім. Кейін келе өмір һәм өнер жолыма бағдар берген ұстаздарымның бірі – осы бүгінгі көшімізді бастап келе жатқан ағамыз Нұрғали Нүсіпжанов.Үлкен шаһарға келген соң шала-пұла әнімізді үйреніп, оқуымызды тәмамдап, енді қайда барамыз деген уақытта, шамамен 1989 жыл болуы керек, «Қазақконцерт» бірлестігінің облыс-облыстарға әншілер бөліп жатқанын естіп, мен де бардым. Сонда ауылдан келген орындаушылардың ішінен Нұрғали ағамыздың көзі маған түсіп, өзінің «Жазира» дейтін ансамбліне жеке әнші ретінде қабылдаған болатын. Менің өнеріме ен салған адам осы еді. Ұстазымыз бізді жәй ғана қабылдап қана қойған жоқ, бұл кісінің өнер сүзгісінен, талғам-таразысынан өттік. Оның үстіне Нұрғали ағамыз өзінің барлық талаптарынан сүрінбей өткендерді ғана шәкірт етуге тырысады. Ұстаздық етуде осындай ерекше өзіндік критерийлері бар. Ағамыздың бізге қойған талаптарының ең біріншісі – жұмыстан кешікпеу болатын. Сонда біз «Жазира» ансамблімен бірге бүткіл ауыл-ауылды аралап шықтық. Және әр облысқа шығар алдында бізді отырғызып қойып, сол облыс туралы мәлімет сұрайтын.Мәселен, «бәлен облысқа шығармашылық сапарға шығамыз, ол өңірден қандай тұлғаларды, кімді білесіңдер? Ән дәстүрі мен жекелеген өмір салтындағы өзгешеліктер қалай? Қандай ақын-жыраулар шыққан?» деп сауалдың астына алады. Сонда «бұл кісіге осыншама ақпарат неге керек? Әнімізді айтып қатсақ болмай ма?» деген кездер, рас болған. Уақыт өте келе бәрін түсіндік, көкірек көзімізден өткіздік.Нұрағаңның кең байтақ жерімізді неше алуан аралап, даласын кешіп, өнер сапарларын сана түкпіріне сан рет түйіп қайтқанына кейін көзжеткіздік. Ол жердің жұртын ғана танып қоймай, тыныс-тіршілігінен хабардар болу – ұстазымыздың негізгі ұстанымдарының бірі. Мен алғаш студияда екі жыл Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменовтей біртуар ұстаз, әншілердің алдын көргем. Одан кейінгі сахналық мәдениет, сахналық өмір, әнші мен көрерменнің байланысы деген нәрсенің бәрін Нұрағаң үйретті. Ағамыздың жанында 6-7 жылдай бірге жүрдім. Сонда байқағаным, әртістік өмірден бөлек этикалық принциптерін шегелеп жүретін. Біздің бір үлкен кісілердің алдында шала басқан жерімізді көрсе, оңашада ескертіп отырудан жалыққан емес.
Бірде «Жазира» ансамблімен жүргенімізде неше шақырымдық Аралға баратын болдық. Сонда ағамыздың кісілігі болар, «Қазақконцерттен» қандай көлікпен шығамыз сол көліктің алдыңғы жағындағы оң жақта әрдайым ағамыз отыратын. Әйтпесе, бір елдің халық әртісі, Қызылордаға дейін ұшып барып, әрі қарай бізге қосылып бара салуына болады ғой. Жоқ, жолдың ауыр-жеңілін біздің жанымызда отырып, бірге өткереді. Үш айға сапарлап жүрген кездерде ағамыздың өзін-өзі баптауына қатты таңырқадық. Кейде біз ауыра қалсақ, ішетін дәрімізді де таппай қаламыз ғой. Ал ол кісіде ондай әдет атымен жоқ, өте ықтиятты. Осындай нар тұлғалы ұстаздың алдын көріп, соңынан ергеніме Құдайға мың мәрте шүкіршілік айтамын. Талай шәкірттің ықыласын алған Нұрғали ағамыз сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Жасы егде көрінгенімен, түр-тұлғасы мығым ағамыз әлі күнге дейін бізді сыртымыздан бақылап, бәрін сүзгіден өткізіп отырады. Жүрген жерінде ескі, орындалмай жүрген, біздің табиғатымызға жақын әндерді іздеп тауып, «осы баладан бірдеңе шығады-ау» деген әншілерге үлестіріп жүретін асыл қасиеті тағы бар. Бір күні Нұрғали аға мені шақырып «Шәмші Қалдаяқовтың айтылмай жүрген «Сыған серенадасы» деген әні бар. Архивті ақтарып, радионың мұрағатын қарап, сол әнді тауып, орындап көрші!» деп қолқа салды. Айым оңымнан туып, әлгі әнді іздеп тауып, Шәкеңнің концертінде сахнаға алғаш орындап шықтым. Кейін де бірқатар әншілер орындап, «Сыған серенадасының» бағы ашылды. Нұрғали ағамен талай жауынды, боранды күндері де бірге болған жайымыз бар. Қандай қиын жағдайда тұрмайық, тіпті қақаған қыс пен сақылдаған сары аязда да Нұрғали ағамыз сабырсыздық танытқан кезі жоқ. Ұстазымның маған жасаған жақсылықтарында есеп жоқ. Қазақстан өзінің Азаттығын жариялаған алғашқы жылдары еліміздегі өнер адамдары, әнші, ақын-жазушылар үлкен әлеуметтік сынақты бастан өткеруге тура келді. Өзінің кәсібін тастап, базар жағалап кеткендер де болмай қалған жоқ. Сол бір кезеңдерде мені ансамбльге жеке әнші қылып алып «нота танисың ғой» деп мені екінші домбыраға отырғызды. Сонда концертке шыққаның үшін алты сом елу тиын төлейтін. Бір күні ағам айтты: «Әй, сенің бала-шағаң бар. Анау аппараттарды ары-бері таситын адам керек екен. Ақыр көтеріп жүрген дүниең ғой, мен сені соған тіркеп қояйын» деді. Бұл – менің үшінші жұмысым болатын. Ансамбль арасындағы аяқ-қолы жеңіл қозғалып, ұшып-қонып тұратын болуым керек, сірә… Әртістер келгенге дейін есіктің аузына барып, билет жыртып тұратын контролер болуымды ұсынды. Ұстаздың алдында құрақ ұшпасақ, құбылған кезім жоқ. Оған сонда үш сом ақша төленетін. Содан не керек, біздің администратор ағайымыз афиша ілуге көмектессем, тағы үш сом елу тиыннан ақша беретінін айтты. Мен де кетәрі емеспін ғой. Бір ансамбльдегі бесінші жұмысым еді. Қазір қарап отырсам, ұстазымның мені осыншама сынға салғаны бір жағы жағдайы түзелсін десе, екінші жағынан өмірдің ыстық-суығына үйрене берсін дегені екен ғой.
Нұрғали ағамыздың жүрген жері той-базар емес пе?! Аудан орталығындағы үлкен концерттерде бұл кісілерге ат мінгізіп, шапан жауып жатады. Сонда ұстазымыз өзіне атап жатқан сый-сияпатты ешқашан қалтасына салып, яки өз жағдайына жаратқан емес. Бір ат мінгізсе, ортамыздағы ең үлкені Асқар деген жігітке: «Асқар, сен бәленбай жыл қасымда келе жатырсың ғой. Өнердің үлкен арқауын арқалап жүрген адамсың. Сен мына атты мін!» деп ойланбастан тарту ете салар дархан мінезі бар. Жақсының жүрген жеріне жайқалып шөп шығатыны сияқты, ағамызбен ере келген біз де сарқытты болып қалатынбыз. «Қарға басып жейді, сұңқар шашып жейді» деген мәтел осы Нұрғали ағамыздың табиғатына дөп басып айтылғандай. Ағадан көрген ізгі қасиеттерді қазір өзіміз де кейінгі буынға үлгі етіп көрсетіп келеміз.
Ел аралап жүргенде мынандай бір қызық оқиға болған: концерт қоятын ауылға келгенде бізді жас-жасымызбен бөліп тастады. Ең кішісі біздер кезекті бір үйге келіп түстік. Жайланып тамақ ішіп отырғанбыз, терезеден сырттағы әңгіменің бәрі естіліп тұр. Біз барған үйдің баласы апасынан «сабаққа бармаймын» деп қашып жүр екен. Оны апасы тырқыратып қуалап жүріп айтқан сөзі ғой: «Әй, Бексұлтан, жүгермек, оқы деймін оқы! Оқымасаң бар ғой мыналар сияқты қаңғыған әртіс боласың» дейді. Бәріміз үнсіз бақырайып қалыппыз. Өнердің үлкенді-кішілі қиындықтарына шыдап, басқа салаға бет бұрып кетпеуіме бірден-бір себепші болған ілгерінді-кейінді алдын көрген, тәлімін алған айтулы ұстазымыз.
Нұрғали ағамыз талантты адамды алыстан танитын. Күреңбай сыншы секілді екі сапарға барып келген соң кімнің кім екенін, кім, қалай еңбек ететінінің бәрін түсініп қояды. Қазір сексенге келіп, шашының кішкене ағарғаны болмаса, баяғы дегдар болмысын әлі сақтап келеді. Жол үстіндегі күндерде тағы бір көлігіміз ауылға жақындай бергенде сынып қалып, ағамыз алдыға түсіп, ауылға қарай жаяу тарттық. Сонда Нұрғали ағамыздың шапшаңдығы жүрісіне ілесе алмай, титықтаймыз. Бүгінгі кейпінде сол күндердің табы әлі де бар.
Біреудің қасиетін, қарым-қабілетін байқаса, танысын, танымасын, жолдан ұстап алып, міндетті түрде өз пікірін айтып үйренген. Ағамыздың күнделікті әдеттерінің бірі – таңертең дүңгіршекке барып газет алу. Ол газеттен тұшымды бір дүние оқып қалса, міндетті түрде оны бізге айтады. Екі айда бір кемінде алты әннің өңдеуін жасатып дағдыланған. Одан соң қайдан тауып алатынын білмеймін, әйтеуір бір әндер тауып алады. Меніңше, көп жұрттар жақсы болсын, жаман болсын әндерін Нұрғали ағамызға көрсетіп жатады ғой. Соның ішінен өзіне келетін әнді іздеп отырады да, кейде бізге жарасатын әндерді кезіктіріп қалса, жанына «мынау Рамазанға» деп түртіп қоятын көрінеді. Осы әрекеттің бәрі шәкірттің табиғатын жете білгендігінен болар.
Бірде жұмысқа келсем, ағам мені біреумен таныстырайын деп күтіп отыр екен. Ол – Сүгірәлі Сапарәлиев болатын. Нұрғали ағаға ел аралап, концерт беріп қайтуға ұсыныс жасаған болуы керек. Біраз уақыттан бері сахнада із көрсетпей жүрген Сүгірәлі Сапарәлиевтің репертуарындағы әндерді алдық та, Шымкент жаққа тарттық та кеттік. Сонда соңғы гала-концертте Шымкенттің жігіттері Сүгірәлі ағамызға үш бөлмелі пәтер мен астына көлік мінгізді. Ертесінде Ақсу деген жерден бізді шығарып салып тұрып, Нұрғали ағаға былай деді:
– Мені анау қалтарыста қалған жерімнен сүйреп алып шықтыңыз, аға. Мына тұрған үйді де, көлікті де сізге тарту қылдым.
Дабырлап сөйлеп жатқан елдің бәрі тым-тырыс. Сонда ұстаздың айтқаны:
– Сүгірәлі-ау, бұл сенің еңбегің, сенің абыройың. Сен қаншама жыл еңбектеніп алып келген дүниеңе біз, тек дәнекер болдық.
Ағаның осы «сенің еңбегің ғой» деген сөзі, міне әлі күнге дейін көкейімнен кеткен емес. Нұрғали аға бар ғұмырын қазақтың ән өнеріне ғана арнап келеді. Әйтпесе, ағамыздың қосымша басқа да іспен айналысуына қарым-қабілеті де, ой биігі де жетіп тұрған еді. Өзі айтатын керемет бір сөз бар: «Өнерлі адам өнермен туып, өнермен өлуі керек». Бұл – өнерге деген адал қызмет деп түсінемін. Сол қағида біздің де сүйегімізге сіңді қазір.
Ұстазымыздың етегінде жүрген шақта сол кездердің соншалықты ыстық сағынышқа айналарын білмеппін. Қазір ойласам, біз әлемнің күллі байлығына теңдессіз тәрбие көріппіз. Бұлақтың көзін ашқан асылдың ғұмыры ұзақ болса екен деймін. Ортамызда өткеннің естен кетпес белгісі болып жүрсе, бар ниет-тілегіміздің орындалғаны болар еді. Кейбір қариялардың сексенге келсе де, аузынан ұлтқа үлгі болар сегіз ауыз сөз суырып ала алмайсың. Ал бұл кісінің ешқашан сөзден тұтылып, яки еңкейіп, қарттықтың қамытын киіп жүрген кезі жоқ.
Нұрғали ағамыз қазақ өнерінің керегесін бекітіп, көшін сүйреген адам. Қазіргі заманның ұрпақтарына өмірлік сабақтарынан насихат айтып жүрген арда азамат. Мен алғаш атақ алып жатқан кезімде айтатын: «Рамазан, атақ алу оп-опай. Сол атақты көтеріп жүру қиынның қиыны. Біреу шын мақтайды, біреу өтірік мақтайды. Ешкімге сенбе!» деп. Жеті жылдың ішінде жетпіс жылдан асатын өміріме азық жидым десем, артық айтқандық емес. Нұрғали Нүсіпжановтың бар адамдық, әншілік, азаматтық болмысын жеткізе алдым деп ойламаймын. Неге десеңіз, ол кісінің бар ғұмыры том-том кітапқа тең келер еді. Қазақтың өнері мен әні үшін ғана өмір сүрген ұстаз дәл осы Нұрғали Нүсіпжановтай-ақ болсын! Аға, сеңгірлі сексен жасыңыз құтты болсын!
Рамазан СТАМҒАЗИЕВ,
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының Дәстүрлі өнер кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі