ӘКІМДІ ОҚЫТҚАН АҚЫН
1965 жыл. Алматы. №12 мектеп-интернат оқушысымын. Тақпақтарым, әңгімелерім баспасөзде шыға бастаған. Әдебиет десе ішкен асымды жерге қоямын. Мектепке ақын-жазушылар келсе ауыз ашып тыңдаймын. Бір сөзін қалт жібермеймін. Аялдамаға шығарып саламын. Пікір алысқым келеді. Бірақ олар бала деп менсінбейді. Ерін ұшымен сөйлеседі. Ал менің әдебиетке құштарлығым алабөтен. Іште бұлқынған жанартаудай. Бір күні кітапханада газет қарап отырсам, көзім «Қалтырауық қолдар» деген әңгімеге түсті. Астында: «Жарылқасын Боранбаев. Шымкент қаласы. №12 мектеп. 10 класс оқушысы» деп жазылған. Сыдыртып оқып шықтым. Ұнады.Міне, сырласатын жазушы табылды. Аталған адреске хат жолдадым. Шымкенттен жауап келді. Біздің Жарылқасынмен таныстығымыз осылай басталды.
Ақын ғұмырнамасынан:
«Тұрмыс тауқыметі жас ақынды ерте есейткен. Алдымен анасы, артынша әкесі өмірден өтеді. Мектеп бітіргеннен кейін алысқа ұзап бара алмай, 1972 жылы Шымкент педагогика институтының тіл және әдебиет фа-
культетін бітіреді. Жарылқасын Боранбаев сол жылдардың өзінде облыс жұртшылығына танымал болады. Ол дәуір – қазақ әдебиетіне қандары бойларына сыймай тасыған, жас дауыстары жұртты елең еткізген бір шоғыр таланттың келген жылдары еді.
Солардың қатарында студент Жарылқасын да 1971 жылы Алматыда өткен Қазақстан Жазушылар одағының 6-шы құрылтайына қатысады.Құрылтайға қатысқан студент делегаттар топ болып суретке түсіпті. Жарылқасын мұрағатында сақталған сол суреттегі Кеңшілік, Сағат, Баққожа болса бүгіндері арамызда жоқ. Күні кеше ғана топырлап қатар жүрген жігіттер! Беу, дүние, жалған-ай!
Алғашқы өлеңдері «Көктем тынысы» атты ұжымдық жыр жинағына енеді. Содан бастап «Жанартаулар», «Мәңгілік өмір», «Гүлдесте», «Жаздың жылы жаңбыры», «Мазасыз әлем», «Дүние дүрмек» атты жыр жинақтары шығады. Тұңғыш поэмасы «Домалақ ана», мазары өзінің туған ауылы іргесінде қалқиып тұрған әйгілі әулие ана аруағына арналады. Әулие ана мазары кеңестік кезеңде жел мен жаңбырдан мүжіліп қараусыз қалып, ауыл жұрты жиналып жөндегені бар еді. Сонда жұмысшыларға шидеңдеп су тасыған балалардың арасында осы Жарылқасын да жүрген».
Жетпісінші жылдар. Студентпіз.Жарылқасыннан үйленгені жәйлі хат келді. Шымкентке жазғы каникулда бардым. Алғашқы жары /бүгінде марқұм/ Гүлдана екеуі құрқылтайдың ұясындай бір бөлмелі жер үйде тұрады екен. Екеуінде бір кереует. Ата-анасы өмірден ерте өткен студент Жарылқасынның тұрмыс тауқыметін шегіп жүргенін көрдім. Бірақ бір жақсысы, жанып тұрған жас ақын досымның мына төңірегіндегі тұрмыс тауқыметіне тұмсық шүйіре қарайтыны қуантты. Жарылқасын үшін басты байлық – өнері, өлеңі екен. Тұлабойы толған оптимизм. Қайран, жастық! Ертесіне екеуміз, арамызда Ысрайыл да бар, Шымкенттің жас ақындарымен сыраханаларды жағалап дуылдап жүрдік.
Қазақстан жазушыларының VI съезіне тұңғыш қатысқан жас
ақын-жазушылар: (солдан оңға қарай) Смағұл Елубаев, Баққожа Мұқаев, Шөмішбай Сариев, Сағат Әшімбаев, Жарылқасын Боранбаев, Жолбарыс Әбішев, Кеңшілік Мырзабеков (1971 ж.).
Ақын ғұмырнамасынан:
«Жас ақынның өлеңдеріне ондаған әндер жазылды. Жарылқасын композитор Марат Ілиясовтың «Қазақы дастарқаным» деген әнінің мәтінін Наурыз мейрамына арнаған. Бұл әнді алғаш орындаған, марқұм Мәдина Ералиева еді. Аяулы әнші «Менің бағымды ашқан осы ән» деп жүруші еді. Ән мектеп оқулығына енгізілген. «Сен екеуміз» әнін Роза Рымбаева шырқап жүр.
Жарылқасын Боранбаев барлық ақындарға тән тағдыр жолының көптеген соқпақтары мен бұралаңдарын, қиыны мен қызығын, бақыты мен мұң-шерін басынан өткерді. Ұзақ уақыт ата жұрты Созақ өңірінде еңбек етті. Осы кезең оның шығармашылық өмірінің бір өнімді жылдары болды. Созақта айтулы азамат аудан әкімі, бүгінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қуаныш Айтахановтың қамқорлығын көрді. Әкім оны аудандық газетке бас редактор етіп тағайындады.Таланттың қорғансыз жандүниесін зерек басшы бірден байқайды. Қуаныш Айтаханов басшы болып тұрған жылдарда Созақ өңірінде экономикалық өрлеумен қатар, рухани серпіліс те болды. Оны біз Қуаныш Айтахановтың ақын досының 60 жылдығына Астанадан Сенаттан жолдаған мына лебізінен байқаймыз:
«…Сіз 20-дан астам жыр жинақтары мен тарихи-танымдық кітаптарды жарыққа шығардыңыз. Алты жыл Созақ аудандық газетін абыроймен басқардыңыз. Сізге сол үшін «Ана тілінің саңлағы» атағы берілді.
Сіздің қазақ тарихындағы көне Созақ жерінің орынын танытудағы еңбектеріңіз бір төбе. Қазақ халқының рухани діңгектері – Баба Түкті Шашты Әзіз, Қарабура, Ысқақ баб, Саңғыл би, Едіге, Асан қайғы жайлы түбегейлі зерттеулер жүргіздіңіз. «Тарихтың таң шапағы» атты кітап жаздыңыз. «Қазақ хандығы» қорын құрдыңыз, оның төрағасысыз. Елімізде тұңғыш рет Шолаққорған кентінде қазақтың алғашқы хандары – Керей мен Жәнібекке арналған ескерткіш белгі тұрғызуға мұрындық болдыңыз.
Сіздің есіміңіз елеусіз емес. Шерхан Мұртаза мен Мырзатай Жолдасбековтер өздерінің кітаптарында сіз туралы жылы пікірлер жазды.
Сіздің жұбайыңыз Ләззат Омарова да белгілі жазушы-қаламгер, Т.Айбер-генов атындағы сыйлықтың лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының «1999-2000 жылдардағы ең үздік жазушысы» делінген белгілі қоғам және мемлекет қайраткерінің осыдан 10 жыл бұрынғы хатында.
Халық жадында Мұхтар Әуезов айтқан мынадай қанатты сөздері қалыпты. Ол «Созаққа барсаң күйшімін деме» деген. Бұны ұлы жазушы шертпе күй шебері Сүгірдің күй тартысын көргенде, қатты таңырқап, әрі құрметтеп айтқан екен. Мұқаңды таңырқатқан Сүгір күйшінің ел ішінде есте қаларлықтай атына заты сай не бір мекеме-мектепке, не болмаса өзінің туған ауылына аты берілмеген екен. Осы жәйтке қынжылған ақын Жарылқасын Боранбаев Келіншектау етегіндегі Жыныс ауылынан ашылған жаңа мектепке директор болып тағайындалғанда, осы мектепке Сүгір Әліұлы атын бергізуге бел буады. Алайда, не жергілікті басшылардан, не облыстан қолдау таппағандықтан жаңа мектеп көпке дейін атаусыз тұрады. Ақыры ақынның табандылығымен ерінбей есік жағалағандығының арқасында сол кездегі Премьер-Министр Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен мектепке Сүгірдің аты беріледі.
Тарихы тым терең, қасіреті мол қарт Қаратау мен көне Созақ өңірінің шежіресіне ақынның ынтасы қатты ауады. Ақсүмбедегі Дешті Қыпшақ дәуірінен қалған аса құнды жалғыз жәдігер – Ақбикеш мұнарасын алғаш көргенде ақын былай толғайды:
Он бесінде туған айдай,
Қызбысың сен құралайдай?!
Мұнараға айналдың ба,
Құпиялы күндерге орай?..
Ақ желекке ораныпсың.
Жел желпіген бу ма қалай?
Қыз балаға жарасатын,
Бейкүнә бір мұң болмағай?!
Сәукелелі сұлуға ұқсап
Бір көш жерден шығар жандай.
Шың басында тұрсың жалғыз,
Өте алмас жан бір қарамай.
Мыңжылқының мұзарты да,
Көз қадайды құмар қанбай.
«Ақбикеш» деп ел атапты,
Салтанат, сән бір болардай.
Көкірегінде көрген жанның,
Мәңгі солмас гүл жарардай.
Сол кезеңдерде Жарылқасын тарихи-танымдық тақырыптарға бет бұрып, жас мемлекетіміздің өткен тарихы мен оқиғаларына, кейбір тарихи тұлғаларға деген өзіндік көзқарас қалыптастыруға ден қойды.
Ел ішіндегі қариялардың айтуымен, Шудың Арқаға, Бетпақ тұсынан өтетін өткелектегі «Таңбалы тасты» көргенде тарих қойнауы оның алдына тағы бір құпия есігін ашқандай болды. Тап осы жерде мемлекеттігіміздің бастауы – алғаш Қазақ хандығы құрылыпты деген шежіреге байланысты Шу өңіріне қатысты тың әрі мол материал жинастырады. Сол кезеңдерден бастап күні бүгінге дейін «Қазақ хандығы» тақырыбына үнемі өзіндік көзқарасы мен ой-пікірін, зерттеуі мен тұжырымдарын жариялап, атсалысып келеді. Елдігіміз бен мемлекеттігіміздің алғашқы басты тұлғалары – Керей мен Жәнібекке арналған республика бойынша тұңғыш орнатылған Шолаққорған ауылы-лындағы монументтің ашылуына мұрындық болды. Оны белгілі мүсінші-дизайнер, марқұм Аманжол Найманбаев жасаған болатын.
Бұдан басқа «Асан қайғы», «Қожа Ахмет Иассауи», «Ысқақ баб», «Баба Түкті Шашты Әзіз», «Қарабура», «Саңғыл би», «Едіге», «Тарихи тұғыр», «Қара шаңырақ қалған жұрт», т.б. мақалалары мен жеке жинақтарын ел назарына ұсынып отырды. Созақ өңірінен шыққан Құлыншақ Кемелұлы, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, т.б. қаламгерлердің де өмірі мен шығармашылықтарын үздіксіз зерттеп, жариялаумен болды. Құмкент щаһарынан шыққан ат-ы алты алашқа мәшһүр болған Шәді Жәңгіров туралы 2014 жылы «Білім» баспасынан «Шығыс шайырларының соңы – Шәді ақын» атты тарихи танымдық кітабын шығарды.
Осылайша бір кездегі ақын-ұстаз Жарылқасын Боранбаевтың шығармашылығы әрі тарихшы, әрі публицист, әрі зерттеуші-шежіреші деңгейіне көтерілді. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шығарылған «Қазақ көтерілістерінің тарихы» атты көп томдықтың «Созақ көтерілісі» аталатын 21 томын Жарылқасын Боранбаев жазды.Байқап отырғанымыздай, ақын туған өлкесінің тарихын тануға бой ұрған. Оңтүстік тарихы тұнып тұрған өлке ғой. Аттап жүрсең алдыңнан әулиелер шығады.Осынау қасиетті жерде өмірге келген қалам иесі қарап отырсақ, тарихшы болмауы мүмкін емес сияқты. Тарихқа бойламауы, насихаттамауы мүмкін емес сияқты. Бүгінде бір ғана Жарылқасын жинаған, жазған тарихы мұралардың өзі ұшан-теңіз. Оқып шетіне шыға алмайсың. Осының бәрі туған өлке өткеніне деген махаббаттан туса керек. Жарылқасын тірнектеп жиып, жариялаған деректерге көз жүгіртіңіз. Ысқақ баб, Баба Түкті Шашты Әзіз, Байдібек би, Домалақ ана, Қожа Ахмет Иассауи, Қарабура, Асан қайғы, Едіге, Жәнібек – Керей, Шәді ақын. Бәрі де Алаш үшін аяулы есімдер. Немесе кешегі Созақ көтерілісі. Осы есімдер мен оқиғаларды зерттеу, насихаттау Жарылқасын Боранбаев өмірінің алтын арқауына айналыпты. Туған жер тарихын тірілтуге толағай тер төгіпті. Осының бәрін ол ақындық, педагогикалық қызметпен қатар алып жүре біліпті.
Педагог Боранбаев бастамасымен қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі Қазақстан аумағында ғана емес, алыс-жақын бүгінгі шетелдегі қазақтар диаспорасы арасында да кеңінен насихатталды. Атап айтқанда, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресейдің Тюмень аумағындағы, Моңғолиядағы қазақтар қалың орналасқан өлкелерде Жарылқасын Боранбаев лекция оқып, көшпелі семинарлар өткізуге мұрындық болды. 1989 жылы Түркістан қаласына Тайқазанның қайтарылуына орай өткізілген қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің республикалық семинар-кеңесін басқарды».
Осы ғұмырнамаға мектепте ұзақ жылдар бойы әдебиеттен сабақ берген ұстаз-ақын Боранбаевтың Жансейіт Түймебаевтай шәкіртінің болғанын қосуды жөн көрдік. Иә, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, белгілі мемлекет қайраткері, дипломат Жансейіт Түймебаев 1972-75 жылдары Шымкенттегі №12-ші орта мектеп қабырғасында ақын-ұстаз Жарылқасын Боранбаевтан сабақ алған. Жансейіт Түймебаевтың әдебиетті жақсы білетінін біз оның ҚР Білім және ғылым министрі кезінде байқағанбыз. Содан кейін осынау айтулы қайраткер Қазақстанның Түркиедегі елшісі қызметін атқарған жылдары оның қолдауымен қазақ әдебиетінің ондаған туындысы түрік тіліне аударылды. Түркие ұлттық кітапханасында «Қазақ әдебиеті» бұрышы ашылды. Бұл қадам, яғни ел мен елді елдестіру үлгісіндей қадам бізді таң қалдырды. Мектеп қабырғасынан, ұстазынан келе жатқан әдебиетке деген үлкен махаббат болмаса, кім біледі, елші бұндай қадамға барар ма еді, бармас па еді?!
Бүгінде ақын-тарихшы Жарылқасын Боранбаев досым 70-ке толды. Екеумізді таныстырған, табыстырған әдебиет екенін айттық. Сол киелі өнерге күллі ғұмырымызды арнаппыз. Шамамыз келгенше қазақтың сөз өнеріне адал болуға тырысыппыз. Шамамыз келгенше ұлт руханиятына үлес қосуға ұмтылыппыз. Адами достығымыз жарты ғасырға созылыпты. Аз уақыт емес.Осы жылдар ішінде арамызға зәредей қылау түспепті. Оның себебі, Жарылқасынға Жаратушы ақындық арынды талантына қоса жайсаң да,дарқан мінез берген. Ол үнемі төңірегіне жарастық, жасампаздық нұрын шашып жүретін азамат. Осынау оның жадыраңқы өміршең рухы жанындағы жары Ләззаттан ғой деп ойлаймын. Өзі де қаламгер Ләззат ақынды аялай біледі. Ләззат Омарова бірнеше прозалық жинақтың авторы, талантты жазушы. Екеуі тағдырдың тәттісін де, ащысын да бірге татып келеді. Бірақ мойыған емес. Тек осы бір соңғы жылдары ғана шыр айналдырған сырқат болмаса… Жарылқасынның жанын жабырқататын сол сырқат қана…
Жанарға жасын ілінер,
Жанымды менің тек түсін.
Жақындадың ба деп үңілер,
Жүзінде мұң бар жетпісім…
Он сегіз мың ғаламның,
Құдіретіне таңқалдым.
Не етем беріп бағамды,
Жар болсын өзі Алланың…
Шашын ақ қырау шалған ақын досым жетпістің есігін осылай деп қағыпты. Жақа, берілме, бұл тауқыметті де жеңіп шық дейміз. Ғұмырыңа – саулық, шығармашылығыңа – шабыт, отбасыңа – бақ-береке тілейміз!
ПІКІРЛЕР1