ТАҒДЫРЛЫ ТАЛАНТ ЕДІ
Бағзы заманнан айдынды Арал топырағы көкірегіне сәулелі ой ұя салған маңдайы кере қарыс майталман таланттардан әсте кенде болған емес. Соның бірі де, бірегейі, бойына біткен бүкіл қабілет-қарымын туған халқының рухани қажетіне сарқа жұмсаған сара таланттың бірі – Зейнолла Шүкіров болатын. Ол 1927 жылы 16 ақпанда Қызылорда облысы, Арал ауданының бұрынғы Қаратүп колхозындағы (қазіргі Ескібөген елді мекені) балықшы отбасында дүниеге келді. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде жазатайым түйеден құлаған жас баланың қалған өмірі науқас торына шырмалып өткен еді.
…Дәл қазір менің есімде жоқ. Табанды тікенге тілдірген, боз көйлектің етегін бұтаға ілдірген қара сирақ кезімде болса керек. Қолыма тау халықтары жазушысының бірінің кітабы түскен.
Менің қаршадай кездегі ой-санамда сонан төмендегідей үзік-үзік жолдар қалыпты: «Күндердің күнінде мұзарт шыңның басына қалықтаған қыран құс та, жорғалаған жылан да шықты. Тіршілік – күрес. Амал жоқ, ол екеуінің бір-бірімен күресуіне тура келді. Әжептәуір уақыт бірімен-бірі алысып, жұлысқан соң қыранның бір қанаты сынады. Жыланның түгі кетпеді…».
Осынау бір даналық сөз ойыма оралған сайын есіме «қазақтың Островскийі» атанған көрнекті қаламгер, арынды ақын, дарынды прозаик Зейнолла Шүкіров түседі. Былайғы уақытта біздер күрескер деген сөзді ел үшін, жер үшін тер төккен, шаһит болған жандарға бағыштап жатамыз. Өмірі қайсарлықтан қуат алған, тас бауыр тағдырмен жағаласып өткен Зейнолла есімін біздер күрескер қаламгер деп айшықтасақ айып па?
Қаршадай шағынан тағдырмен тайталасқан қайсар қаламгердің бүткіл ғұмыры тар төсекке таңылумен өтті. Сонда да мойнына мінген науқастың алдында мойыған жоқ. Қайта сілтеген сайын жүзі жарқылдайтын нар кескендей нағыз қаһарман жан еді ол.
Босат, аурухана!
Бір минут енді жатпаймын.
Далаға кеткім келеді,
Тас қабырғаға шақпай мұң.
Дәрі де құрсын татпаймын,
Аңсаймын шіркін, сахара самал ауасын,
Арманым – дала, ат – қайғым, –
дейді ақын бір өлеңінде.
Зекең жанына батқан науқастан бір сәт сергіген тұстарында алдымен өзінің Арал-анасына асығушы еді. Осындағы ағайын-туыс, дос-жаран, ақжарқын аға, елгезек інілерімен есендескен бойы теңіз жағасындағы «Құмырсқалы» жақтағы жағажайға жайғасатын. Мұндай кездері ақын жанына ертіп шыққан інілеріне жыр оқытып, аудан өнерпаздарының әндеріне құлақ құрышын қандыру оның қанына сіңген қастерлі қасиеті еді. Сонан күн ұзағына жағажайдың тайыз суын шолпылдатып, жанына бір рахат табатыны тағы бар еді.
Шынын айту керек, Зекең тумысынан Аралдың ақберен жыршысы атанған жан. Сонау 1955 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көрген «Менің достарым» атты тұңғыш жинағынан бастап қашан қаламы қолынан түскенше қалың қауымға ұсынған отызға жуық поэзиялық туындыларының баршасы дерлік Арал тақырыбына бағышталған еді.
Сүйем сені Сырдың елі,
Сүйсе Пушкин Еділді, –
деп қазақ жырының абызы Әбділда ақын жырлағандай, Зейнолла Шүкіров те өзінің кіндік қаны тамған қасиетті Арал аймағының ақиық шайыры болатын. Ол бұл жердің ауасын сіміріп, ақ құмына аунап өскен періште перзенті еді. Сол бір даңқты дағдысынан, күн тірліктен түн тірлікке аттанғанша айныған жоқ. Ақтық демі ақынды тіршілік тінінен айырғанша Арал оның асқақ жырына айналды. Арал ол үшін жырдың қайнар көзі, шабытының шаңқай тұсы болды.
Кіндігім бірге Аралмен,
Теңізден тыныс алам мен.
Ақпейіл анам секілді,
Алдымда жатыр далам кең.
Сырласып жібек самалмен,
Желпінсе жүрек жаңа әнмен.
Теңізше жаным кең шалқып,
Теңізше толқып қалам мен…
…Аспаны қандай Арал кең,
Күрсініп неге алам дем.
…Бір жұлдыз болып жанам мен, –
деген еді Зекең.
Өзі өстіп жырлағандай ол жыр көгінде мәңгілік жарық жұлдыз болып қалған жан.
Аралдың басына алпысыншы жылдары төніп келе жатқан экологиялық қасіретті қаламгер күнілгері сезген еді. Бұл жайында ол сол жылдары жарық көрген «Ғажайып құмыра», «Тоғысқан тағдырлар» атты кітаптарында, жетпісінші жылдардың басында оқырман қауымға ұсынған «Қиын түйін» романында тереңнен толғап, жан-жақты жазған болатын.
Зейнолла Шүкіров есімін еліміздің еңбектеген баласынан еңкейген қартына шейін жаттап өсті. Ол оқырман қауыммен, былайғы жұртпен қоян-қолтық араласып, өзінің ақжарқын мінезімен, адами биік қасиетімен дараланған даңқты жан еді.
Зекеңнің үйіне қашан барсаң да қонақтан босамайтын. Досқа бай жан еді, олар әр түрлі мамандық иелері. Партия, кеңес қызметкерлері, совхоз директорлары, колхозшы, балықшы, жұмысшы… Тіпті біз сияқты мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан жастар да, студенттер де көп болатын. Әдебиетте де оның ағалы-інілі достары көп болды. Мысалы, Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Бек Тоғысбаев, Қабдікәрім Ыдырысов, Зұлқарнай Сахиев, Нәсреддин Сералиев, Молдахмет Қаназ, Серік Сейтмағамбетов, Қомшабай Сүйеніш, Еркеш Ибраһим, Естай Мырзахметов және басқалары. Соның бірі Мұқағали Мақатаев сияқты атышулы ақын болатын. Мұқаң Қызылордаға келген бір сапарында Зекеңнің сол кездегі пәтерінде бір-жар күн аунап-қунап, ол жайында кейінірек тамаша жыр жазды.
Оқырман демекші, туған халқының қайсар қаламгері Зейнолла Шүкіров 1979 жылдың қызыл шұнақ аязды желтоқсан айында елу екі жасында қайтыс болып, сүйегін Қызылордадан туған жері Арал қаласында жерлеуге әкеле жатқан қаралы автокөліктер тізбегінің жолай Сырдың арғы жағасына бір сәт кідіруіне тура келді. Бергі беті Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кенті болатын.
Мен ол кезде сол аудандық газетте қызмет атқаратын едім. Аудан басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, қарақұрым қалың оқырмандар нөпірі сүйікті ақынның асыл сүйегімен бергі жағаға шыққанда қаралы митинг ұйымдастырып, қимай қоштасқаны әлі есімде. Ақынға деген оқырман, халық сүйіспеншілігін сонда көрдім алғаш.
Өткен жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінің кезекті санынан жазушы Мамытбек Қалдыбаевтың халқымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы туралы көлдей мақаласын көзім шалды. Сонда батыр Баукеңнің сонау жылдары қонаққа барғанда дастарқан басына алдымен жазушы Бек Тоғысбаевты оздырып тұрып: «кейбір қаламгерлер Қызылордада тұратын Зейнолла Шүкіров есімді жас ақынды «оқымаған, сауатсыз, бар білімі екі-үш кластық» деп күстәналап жатқанда, ол туралы он беттік көркем очерк жазыпсың. Түсіне білген адамға бұл да ерлік», – деген екен.
Сол сияқты, адамзат басындағы өмірге деген құштарлық, жан-жағындағы адамдарға деген сүйіспеншілік ақынның әр жырынан атой салып тұрушы еді. Өмірінің соңғы сәтіне дейін қолынан қаламы түспеген дарынды ақын, талантты тұлға өмір бойы аурумен алыса жүріп, оқырмандарына отыздан астам жыр және прозалық кітаптарын, «Апама жездем сай», т.б. драмалық шығармаларын қалдырған еді.
Осы күндері эфир мен көгілдір экран арқылы жиі шырқалып жүрген әйгілі «Сыр сұлуы» әніне әрбір қазақ баласының құлағы түрік болса керек. Бұл әннің әуенін ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқов, сөзін Зейнолла Шүкіров жазған болатын. Жарты ғасырдан бері жалпақ қазақ даласын тербеткен бұл әннен басқа «Неге жаным шығарып сала алмадың», «Қалқатай», т.б. әсем әуендердің мәтін авторы Зекең еді.
Биыл тоқсан жастың төріне шыққан аяулы ақын, қарымды прозашының мерейтойы аталып өтпек. Соған орай, Аралдағы мәдени және демалыс паркі деген аты бар да, заты жоқ жердегі әбден азып-тозған, арзан материалдан жасалған, елеусіз тұрған мүсінін өзінің атындағы қала орталығындағы қаланың мәдениет үйінің алдына қойса, құба-құп болар еді.
Зекең 4 сыныптық білімімен медицина, тарих және басқа ғылымдардан жан-жақты сусындап өскен жан еді. Ол өзіне қажетті дәрі-дәрмекті дәл тауып, тіпті медбикелерге үйретіп отыратын. Оның жиырма жылдан астам баспа тартпасында «ұйықтап» жатқан «Сыр бойы» атты кең тынысты кітабы «Тұмар» баспасы арқылы екі мыңыншы жылдың бас шенінде оқырман қауыммен қауышқанын біздер жақсы білеміз.
Ол аударма саласында да жемісті еңбек етті. Оған бір ғана мысал, орыстың тамаша ақыны Федор Тютчевтің жырларын ана тілімізде тәржімалады.
Бұл күндері Қызылорда, Арал қалаларында ақын атындағы зәулім кинотеатр, ескерткіштер, үлкен көшелер бар. Оның есімімен облыстық жасөспірімдер кітапханасы, № 20 Бөген орта мектебі аталатынын қайтіп мақтаныш тұтпассың.
«Бір жұлдыз жанам мен,
Бір жұлдыз болып қалам мен», –
деп жырлаған ақынның рухы сөнбейді.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
ақынның шәкірті.
Қызылорда қаласы.