Қоқырбай және қызыл әтеш
ТАУЫҚ ЖЫЛЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, АҒАЙЫН!
Тауық жылында келіндер мен келіншектер тауықша «жұмыртқалап», әр шаңырақта қазақтың «қара домалақ» балапандары топырлап жүрсін!
Қайын атасы мен қайын енесін аса ұнатпайтын Қоқырбай қорасында тауықтарға «қоқиланып» жүрген қызыл Қоразына қызыға қарап:
– Шіркін!.. Қызыл әтеш қандай бақытты! Қырық шібиі болса да, миын «шірітетін» қайын атасы мен қайын енесі жоқ! – депті мұңайып
* * *
Әйелінен «қатты таяқ жеп» шыққан Қоқырбай ауласында тауықтарды қуалап жүрген қызыл Әтешті көріп:
– Ә, қу құдай! Маған Қораз құрлы бедел бермедің- ау!.. Ол қырық тауықты тырқыратып қуып жүреді. Ал мен, бір қатыннан қашқанда паналайтын жер таппаймын, – деп өкініпті.
* * *
Көңілдес көрші келіншектің үйінен шыққан Қоқырбай сол үйдің ауласында, сол келіншектің тауықтарын қуып жұрген өзінің қызыл Әтешін көріп:
– Әй, ақымақ, сен де осында жүрсің бе? Саған өзіміздің қырық тауық аз болды ма? – депті, қоразына ренжіген Қоқырбай. Сонда Әтеші адамша сөйлеп:
– Әй, Қоқа! Біз саған «оққағар» болып, қауіпсіздігіңді қамтамасыз етуге келіп едік. Енді бұл жерден бәріміз «туыс» болып қайтатын болдық. «Ит иесіне тартады» дегендей, Бөрібасарың осы үйдің қара Қаншығының қасында жатса, Муркаң әне, Ала мысықты айналдырып алды.. Бажалығымызды жуайық, Қоқа! – депті қызыл Әтеш «қоқақтап».
* * *
Бір кәрі әтеш жас шібиді ары қуып, бері қуып жете алмапты. Содан өзін-өзі жұбатып:
– Жас шібидің жеткізбегені де дұрыс болды. Менікі жәй үлкен тауықтарға қыр көрсетіп, олар: « – Е, мына әтеш қартайғанда тек қана жас шібилерге қарайтын болған екен ғой» деген қызғаныш тудыру емес пе, әйтпесе менен «қауқар» қайтқалы қашан… Қайран жастық- ай!.. – деген екен күрсініп.
* * *
Әтештер қарамастай болып қартайған Қара тауық жұмыртқаламақ болып, күлге аунап көрейін деп, көміліп жатады. Бір кезде үстінен қатты басқан ауыр салмақты сезеді. Қуанып кеткен Қара тауық көмілген күлден басын шығарып, жан-жағына қарап:
– Басып жатқан Қоқырбайдың қызыл Қоразы екен десем, Апырбай алқаштың арбасы екен ғой… – депті қапаланып.
Бәрі бар бізде, бәрі бар!
«Ағаларда» бәрі бар:
«Сол жағада» бәрі бар!
«Көк үйдегі» шіренген,
Шонжарларда бәрі бар!
Премьерде бәрі бар!
«Ірілерде» бәрі бар!
Жәй халықтың жағдайы –
Шығар-шықпас жаны бар!
Үкіметте бәрі бар!
Депутатта бәрі бар!
Олигарх, кәсіпкер,
Әкиматта бәрі бар!
Прокурорда бәрі бар!
Парақорда бәрі бар!
Ал жұртшылық несиесін,
Төлей алмай зар жылар!
Мұнай да бар, газ да бар!
Алтын – байлық– қазба бар!
Офшорларға миллиард
Аударады «Мырзалар!».
Полицей бар, Сот та бар!
Жазықсыздар сотталар!
Тыныштықты бүлдірер
Террористтік топ та бар!
Холдинг бар, Банк бар!
Триллионерлер анық бар!
Баспана жоқ, жұмыс жоқ
Тентіреген халық бар! Билік қашан халықтың,
Қамын ойлап, «жарылқар?..».
Аймұханбет Бейсембеков
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.