Атымды адам қойған соң…
Заман өзгеріп, жаңа өрістерге қадам басқан сайын адамзаттың алдынан сан-сала проблемалар андыздай шығып, шешуін күтіп жатқанын көріп-біліп жүрміз. Солардың бір парасы адамның, тұтас адамзаттың рухани түлеу, жетілу жайларын қамтиды. Осы жайында мәдениеттанушы Әлмира Наурызбаева ханыммен ой бөліскен едік.

– Ғылыми-техникалық революцияны дамытуға үлес қосушылар мен ой еркіндігі, адамзат игілігі үшін күрескен алыптардың, ірі-ірі әдеби және мәдени үдерістердің басы-қасында болған ұлы тұлғалардың есімі арқылы есте қалған өткен ғасыр мен XXI ғасырды салыстырар болсақ, қандай өзгешеліктерді байқар едіңіз?
– Менің ойымша, бұл сұрақтың шеңберін бірден анықтап алған жөн.
«Ғасыр» ұғымын да, оның шеті мен шегін де тек шартты түрде түсіну қажет болар. Әрбір ғасыр – алдыңғы ғасырдың жалғасы. Солардың қай-қайсысы да адамзат өмірінің ұдайы ілгері жылжуымен және өзгеруімен байланысты өзіндік сипаттарға ие болады. Алдыңғы дәуірден қалған сипаттар өзгеріп, өшіп немесе керісінше дамып отыруы мүмкін. Сондықтан мен тұтас дәуірлерді оп-оңай салыстыра беруден аулақ болғанды қалаймын. Бұл тұрғыда тек өз пайымымды айта аламын және соның өзін де ақтық ақиқат деуден аманмын.
Бір жағынан ХХ ғасыр тұтастай алғанда қарапайым адамзат болмысының рухани дағдарысқа ұшырау ғасыры. Екі дүниежүзілік соғыс, жергілікті соғыстар, қан-қасап төңкерістер, отаршылдыққа қарсы қозғалыстар, жаңа мемлекеттердің ыдырауы мен құралуы – ХХ ғасырдың тарихи мән-мәтіні. Екінші жағынан, бұл – мемлекеттер мен халықтар өмірінің барлық салаларындағы жаһандық үдерістерге тікелей әсер еткен ғылыми-техникалық қарқындау ғасыры. Әлемдік соғыс атаулының кең құлаш жаюының өзі соғысушы елдердегі әскердің техникалық мүмкіндіктерінің қарыштап өсуіне байланысты. Бұған адамның техникаға тәуелділігін қосыңыз. Сөйтіп, адами рухтың дерті белең алды. Ал мәдениетте адам баласының адами қасиеттерді сақтай алу мүмкіндігіне деген сенімі өзін қоршаған дүниені өзгерте алуымен алмастырылды. Көптеген философтар, ғалымдар, жазушылар, суретшілер бұл туралы жатпай-тұрмай ой кешті. Бұл дағдарысқа, әсіресе, ерекше алаңдаушылық білдіріп, оны өзінің сырқаты санаған батыс мәдениеті болды. Онда әуелі адам бойындағы «Құдай өлімінің», ал содан соң адамның өзі өлуінің де нышандық мәні белең алды. Дегенмен, ХХ ғасыр өзіне түрліше сауалдар қойып, өз пайымдарына күмән келтірген болса, ХХI ғасыр, менің ойымша, бұл туралы қам жемейді де.
ХХ ғасыр адамын ойландырған ар-намыс, құндылық мәселелері бүгінгі таңда назардан тыс қалды. Қазіргі уақытта адамның адамгершілігі, ізгілігі, парасаттылығы туралы мәселелер тіпті күн тәртібіне қойылмайтын болған. Біз қазір қандай болсын көркем шығарманың кейіпкерімен қоса қайғырмайтын, тіпті шынайы өмірдегі адамның қайғысына да селт етпейтін жандармен бірге өмір сүріп жатырмыз.Бүгінде адамның әлеуметтік-биологиялық мәні өзгеріске ұшырауда. Яғни, адамды оп-оңай шыны түтікте жасауға, жынысын өзгертуге, кез келген ағзасын ауыстыруға болады. Адам өмірі құндылық болудан қалып барады. Адам баласы бірте-бірте биоробот ретінде қабылданатын сыңайы бар. Адамдардың бір-бірін өлімге оп-оңай қия салатыны да осыдан емес пе екен деп те ойлаймын.
– Ұлттық өзектен, ділден алыстау маргиналдық пен нигилизмге соқтыратыны белгілі. Соңғы уақытта жалпы қоғамның, әсіресе, жастардың бойкүйездікке, енжарлыққа ұрынуы да қазақы болмысымыздан біртіндеп ажырап бара жатқанымыздың белгісі секілді. Осы көрініс ұлтымызды аздыра ма, тоздыра ма? Сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл мәселе де өте ауқымды және оған толайым жауап беру мүмкін емес. Сонда да ең маңыздысын атап өтуге тырысайын.
Кез келген халықтың менталитеті мәдени-тарихи, әлеуметтік-саяси және экономикалық дәуірдің ауысуына байланысты өзгереді. Біздің бүгінгі жағдайымыз да біркелкі емес: құлдырау да, өзгерген жаңа жағдайға бейімделу де бар. Әрі-сәрілік пен көзқамандық – бұл өзгерістерге дағдылана алмаған немесе икемделуге қабілетсіз әлеуметтік топтардың басында міндетті түрде болатын үрдістер. Ал олардың қабілетсіз болуы объективтік те, субъективтік те себептерге байланысты. Объективтік себептер – қалыптасқан менталитет (діл) ерекшеліктерінің жаңадан іске асырылып жатқан нормаларға, ережелерге, мәдени құндылықтарға сәйкессіздігі. Ал субъективтік себептер – білімнің, тәрбиенің, сана-сезімнің төмен деңгейі, өзін жеке тұлға ретінде көрсету қабілетінің әлсіздігі. Сонымен қатар, бейімделу – жай ғана көндігу емес, жеке тұлғаның өсуге, ілгері басуға деген саналы әрекеті, өзін-өзі тануы. Бұл міндетті түрде мінез-құлқының ұлттық сипатын жоғалту деген сөз емес.
Өкінішке қарай, адами қасиеттердің азғындауы бізге де келіп жетті. Біз жаһандық дүниеде өмір сүреміз, сондықтан айналамызда болып жатқан үдерістер бізге де әсер етпей қоймайды.
– Ұлтты танудың басты қағидасы не деп білесіз? Сол ұстанымыңыз бойынша бүгінгі қазақ мәдениеті мен өнері төңірегінде не айтар едіңіз?
– Ғылымда ұлт, халық, ұлыс және т. б. мәселелер туралы көптеген пікірлер айтылады.
Мен үшін адамның ана тілін білуі ғана емес, не туралы ойлайтыны және қалай ойлайтыны әрі өзінің ойын ана тілінде қалай жеткізетіні өте маңызды. Өйткені, тіл адамгершілік категориясына жатады. Бұл ретте адамның мәдениеттің құндылығы болып есептелетінді қалай бағалайтыны және оған қатысты нендей әрекет жасайтыны маңызды. Жер құндылық па – оның қадірін, бағасын біл: ағашты қырықпа, гүл өсір, тіпті жерге түкірме. Өз үйіңді жақсы көресің бе – кіреберісті ластама. Біздердің барлығымыз бір шатыр астында тұрамыз ғой. Өз қалаңды, ауылыңды жақсы көресің бе – оның жайлы болуына атсалыс. Өз елің мен Отаныңның патриоты екеніңе сендіргің келе ме – онда ең болмағанда ұятты істер мен әрекеттер жасама. Өкінішке қарай, бүгінде құн мен құндылықтың орны ауысқан.Телеарналарды қоссаңыз болғаны, мәдениетте жүріп жатқан үрдісті оңай бағамдауға болады. Бәріміз көріп және бетпе-бет келіп отырған жағдаяттарды түгел баяндап жату артық болар.
Бүгінде өнерде әрқилы үдерістер жүріп жатыр. Бір салада өсу, енді бірінде өркендеу бар. Өз пікірім қаншалықты орынды екенін білмедім, бірақ атап айтқым келетіні – бұқаралық мәдениетте өрескел құлдырау орын алғаны айдан анық. Қоғам жадағай, арзан күлкіге батып барады. Өйткені, комедиялық жанрдың өз эстетикасы болатыны мүлдем естен шыққан. Сондықтан да комедиялық категориясы адамның, тұлғаның, тіпті ұлттың абыройын аяқ асты етуге айналды. Комедия атаулы агрессия эстетикасының қалыптасуына бағытталып отыр. Отбасындағы, достар, әріптестер арасындағы, ең ақырында ұлтты біріктіретін сыйлы қарым-қатынастардағы дәстүрді мансұқтаушы және жоққа шығарушы жадағай топас қалжыңдардан аяқ алып жүргісіз.
– XX ғасыр өз берерін берді. Дегенмен, сол кездің қайсыбір рухани құндылықтары бұл ғасырдың сұранысын өтей алмайтынға ұқсайды. Сіздіңше, XXI ғасыр адамзат болмысына қандай жаңалықтар әкелуі мүмкін?
– Мен тек бір нәрсені ғана айтам: ХХ ғасыр – адамдар әнді көңіл үшін, шын жүректен айтқан ғасыр. Ал қазір тек ақша үшін, атақ үшін айтылады. Мен, бір есептен, кәсіби әншілер туралы айтып отырмын. Бүгінде дүйім жұртты жинап алып, киелі сахнаға музыкалық және эстетикалық талғамы төмен, даусы жоқ жастар шығады. Егер ән – халықтың жаны болса, онда қазіргі әндерді тыңдаған біздің жан дүниеміз бос, кеудеміз қуыс деген сөз.
– Қабырғамызды қайыстырар басқа да жайлар бар-ау деп ойлайсыз ба?
– Бір кезде М.Әуезов шағын, бірақ мән-мағынасы зор туындысы «Көксеректі» жазды, онда біздің дәстүрлі көшпенді өміріміздің жойылуын, қазақ халқының еркін рухының өлу трагедиясын көрсеткен болатын.
Ал содан көп кейін жазған шығармасы – «Өскен өркен» романында ол кеңестік кезеңде Дәулетбақ сияқты адамдардың типі қалыптасқанын көрсетті. Суреткер романындағы бұл бейне адамның ойын, рухын және еркіндігін тұншықтыратын аппараттың шенеунігіне айналған адамның осындай азғындауынан сақтандыру ниетінен шықты. Ал қазір тап осы Дәулетбақтардың күні туып тұр. Шынымен-ақ енді біздің ұлттың бет-бейнесін солар айқындамақ па!?
– Бізбен ой бөліскеніңіз үшін рахмет!
Әңгімелескен
Гүлім НҰРЛАНҚЫЗЫ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.