Нұролла Сағатбаев. Қалып қойған қараусыз қараша үйлер…
15.09.2021
937
0

 Тәуелсіздік – тірегім

Түсе   бермес   көрікті   ой   көзге   күнде,

Жетпей   жатса   жеріне   сөз   жетім бе?

Өз   Отаның    өзіңе   жат   көрінер,

Шүлдірлеуді   қоймасаң   өзге   тілде.

 

Қуан,  қуан   керегең   керілгенге.

Дәстүрінен   текті   ұрпақ   жерінген бе?!

Сенесің бе   қымбат   зат  бар   дегенге,

Ана   тіл мен   өз   туған   жеріңнен  де.

 

Бағасына   жете   алсын   кімдер,  ненің…

Құндылығы   ұлтыңның  –  тіл  мен  жерің!

Бірін   сатып,  біреуін  айырбастап,

Қақысы   жоқ   жасауға   білгендерін.

 

Жүріп   жатыр   санада   таныс   егес,

Үйреншікті   секілді    дауыс, елес.

Жемқорлықты   шақыртып   ар   сотына,

Жауап   алар   уақыт та   алыс   емес.

 

Көнер   емес   серттесіп,  сөз   беруге, 

Көз   алдыңда   дүние   өзгеруде.

Өз   тіліңде   әкеңмен   ұғыса   алмай,

Тарлық   көру   мүмкін  бе   өз   жеріңде.

 

Тозған   тобыр   болғандай   тұрақ   кімге?..

Шығады  алдан   осындай    сұрақ  күнде.

Қай   халықтың    жұлдызы   жанар   екен? –

Жүз  отыз   ұлт   сөйлесе   бір-ақ   тілде.

 

Көтермесең   ауырды   білек   тала,

Жер    сатылып, түсердей  тіл   отқа  да.

«Отырғаның    жөн, –   дейді кейбіреулер, –

Тыныштығын   басыңның   тілеп  қана»

 

Қарай   алмай   халыққа  бетің   шіреп,

Жүрмекшісің    қашанғы    жетімсіреп?!

Аңсаттырып   бір   келген   Тәуелсіздік,

Қолдан   ұшса,  қонбайды-ау   екінші   рет.

 

Табиғат     қоймасы

 Жалғыздықта    тарамайтын    бойға    асы,

Көпшіл   жомарт   болғаныма    мақтанам.

Менің    жаным   – табиғаттың    қоймасы,

Барша   байлық,  қазынаны    сақтаған.

 

Мен   дейсің бе   дүниеден   тарығар,

Әлде   көңіл   бірдеңеден   кемшін бе?

Қарауымда   жаңбыры   бар,  қары   бар,

Ыстығы  мен   суығы   да   еншімде.

 

Құйыны   да   таба   алады   керегін,

Ұйытқыған      мінезіне   қарамай.

Бұлттарына   орын   тауып   беремін,

Қонам    десе,  пейілім   кең    даладай.

 

Тау,  орманы   мекендейді   жанымды,

Өзен,  көлі,  аңы  менен  құсымен.

Қуат   алам   үндерінен    жағымды,

Тілін   ұғам,  бояуларын   түсінем.

 

Қысы,  күзі,  көктемінен,   жазынан 

Қол   үзбейді   жусан   менен   тобылғы.

Тасы,   құмы,  топырағы – қазынам,

Солар   менің   толтырады    жоғымды.

 

Бәрін   жақсы   көргендіктен   болар шын,

Ешбірін  де  өкпелеткем    жоқ   әлі.

Қай   кезде   де   тағдырларын   солардың,

Өз   басымнан   қоя   білдім    жоғары.

 

Менің   жаным  –  табиғаттың    тұрағы,

Тарихымыз   басталады   әріден.

Бар   өмірім   осылардан   тұрады,

Адамдарша    сөйлесемін   бәрімен.

 

Қарсы   аламын   күліп   құба  таңын  да,

Ерте   оянып,  күнге   жақын    жүремін.

Тамырдағы    тулап  ыстық   қаным да,

Сол   арқылы   соғып   тұр ғой   жүрегім.

 

Өмір  үшін  күресу

Көргем    талай    көресінін   мұндайдың,

Құқайына    қанып    болғам    бұл   жайдың.

Әлде    кімнің   аспандатып    атағын,

Әлде    қашан  әнге    айналған   мұң,  қайғым.

 

Көлбеңдеген   суреті   көп,   сөзі   кем,

Өткенімді    ойлап   жатып,  көз   ілем.

Өксігі    жоқ   өмір   жасап   шығардым,

Қаны   тамған   қасыреттің    өзінен.

 

Мінезі    ұқсас   дала   менен   қаланың,

Орындатпай   тынбайды   әсте   талабын.

Анда-санда    келетін   бір   тірліктің,

Қуанышын    сезіне   алмай   қаламын.

 

Көрсетем   деп   елге   түзу   бетімді,

Өнерімді    тұншықтырдым.

Не   тынды?..

Жақсылықтың     тасасына   тығылып,

Жаманшылық   аңдып   тұрған   секілді.

 

Ішіндемін   алай-дүлей   сезімнің,

Үнсіздіктен   келеді   ұдайы   безінгім.

Күлкілері    оятады   ұйқымнан 

Ең   бақытты    менің   бала   кезімнің.

 

Дауыл   күнгі   тағдырындай   кеменің,

Мен   өзімді   теңізшіге   теңедім.

Арпалысып    толқындармен    тулаған,

Өмір   үшін   күресумен   келемін.

 

Анаға тағзым

 Талайдан    бері    көрінбей   кетіп…

Шалғай    – жер.

Жеткенім   осы,  жанарым    жасты,

Маңдай  –  тер.

 

Өңімдегідей    түсімде   көрдім,   ардақтым,

Жатырсың   бірақ    ішінде   «темір   шарбақтың».

 

Қашанда   болсын  шала   ғой   ісі   баланың,

Жүз   жасасам  да,  өз   ұлың   болып   қаламын.

 

Өткенімді   ойлап   мұңайып,  кейде    жасимын,

Зиратыңа   келіп    тағзым   жасап,  бас   идім.

 

Ұмыта   алмадым,   өткелі   жылдар,  көп   болды,

Сапарыңа   соңғы   шығарып   салған   көктемді.

 

Жанымның    жасыл  бағынан   ұшып   сен   кеттің,

Көзімнің    жасын   көк-ала   бұлттан   селдеттім.

 

Жыр   қылып   бүгін   көкірек   шерін   төгемін,

Жотасына   шығып,  сен   жатқан  «қызылтөбенің».

 

Жарығын    шашып,   тұрса  да   қанша   басыңда  ай,

Өзіңе   деген   сағынышым    жүр ғой    басылмай.

 

Өкінулі   әлі   артыңда   қалған   ұл,  қызың,

Жаға   алмадық   деп   кезінде   үміт    жұлдызын.

 

Күндерімді   аңсап   мейіріміңе   бөленген,

Арқамды    сүйер   іздедім   тірек   өлеңнен.

 

Желімен   қырдың   жас  пенен   терім   тез   кепті,

Мәңгілік   қайтып   оралмасыңа   көз   жетті.

 

Сезесің бе,   ана,  тұрғанымды   келіп   қасыңда,

Тұп-тура   алпыс  жетіге    толған    жасымда…

 

Менің  дауысым

Жасып  қалмас   үшін  мендік  жігерлі   үн

Дауысымды   еркіндікке   жібердім.

Тар   кеуденің   қуысында   қалдырсам,

Өмір   бойы    өкінумен    жүрермін.

 

Таласатын   биігімен   шынардың,

Дауысымды   заңғар    шыңға    шығардым.

Көкіректе    жатса   жүрек    бұлқынып,

Оған    қайтіп    жауап   қатпай   шыдармын?..

 

Елеңдетер    сол   болған   соң   қолдағым,

Тынысымды   тіптен   терең    толғадым.

Дүниеге   тосын    естілмесін    деп,

Жырға   қосып   дауысымды   жолдадым.

 

Тепе-теңдік   қалпын   сақтап   жер,  көктің,

Әнге    бөлеп,  көк   аспанға    өрлеттім.

Өзгелердің   әуеніне    қосылып,

Өз   үнімді   өзім    естіп   көрмеппін.

 

Мейлі,   менің   болмаса   да   сау   ісім,

Көлденеңнің   көтермейді    дауы   сын.

Өзіне  тән   ырғағымен,  мәнімен

Көмейімнен   ұшып   шықты   дауысым.

 

Жеткенінше   қырналып   та,  жонылып

Желмен   бірге    жоғалады    көп    үміт.

Қайтар,   бәлкім,  жаңғырмастан    өзіме

Міз   бақпайтын   жартастарға    соғылып.

 

Менің   дауысым    артық  та   емес   өзгеден,

Айтып    жеткізе   алмайтұғын   сөзбенен…

Жай   отымен   шарпысуға    дайын   ол,

Мақсатына    жету   үшін    көздеген.

 

Күйдіре   алмас  оны   аптап,   ыстық   ең,

Үсіте   алмас   жабылса  да    қыс   кілең.

Аққу,  қаздар   барады   алып   дауысымды,

Көктей    өтіп   көк   теңіздің   үстімен.

 

Жүзі  жарқын,  жаны  таза   адалдың…

Соны    қолдап,  қорғамасам,   маған  –  мін.

Адастырып   кетпесе   екен,    тілегім,

Жүрегіне   апарар    жол    адамның.  

 

Ауылым   көшіп   барады…

Қанат   қағып,  талпынып   өрге   кілең,

Ойында   өсіп,   қырында   ер   жетіп   ем.

Топырақ    қалып   орнында   төбе-төбе

Ауылым   көшіп   барады   жер   бетінен.

 

Келешегін   күйттеумен   көзге   қанық,

Талқысына   тағдырдың   төзгені   анық.

Ауылым   көшіп   барады ,  амалсыздан,

«Болашағы   жоқ»  деген   сөзге   қалып.

 

Шұғыласын    шығыстан   жамыратқан,

Атушы   еді   бір   кезде   жадырап   таң.

Бес,  алты   үйдің   сұлбасы   қараяды,

Елу, алпыс   кешегі   шаңырақтан.

 

Ай,  жылымды   жеткенде   санаттырып,

Жанарыма   жас   толды   қарап   тұрып.

Еске   түсер   ештеңе  көрінбеді,

Балалықтан  –  жарысқан   балақ   түріп…

 

Ақшатаудың    жайлаған   етегін   кең,

Кеткенде  алыс  өкіндім   мекенімнен.

Елі   кетіп, жұтаған  жұрттан   көрдім,

Жаһандану   дегеннің  не  екенін   мен.

 

Қанша  екені   бегісіз   ғұмыры   да,

Қалмас   ешкім   ілінбей   құрығына.

Жұтынғанда  жартысы    жалғаныңның,

Жұқ    болмайтын   секілді   жұмырына.

 

«Қалу   үшін   аман-сау   қолқаң,  басың, –

Деп   тұрғандай, –   жүретін  жол   таңдасын»…

Теңгесінен   таба   алмай  тентіреді   ел,

Жиырма  бірінші   ғасырдың   қолтаңбасын.

 

Кезең   болса   кездейсоқ    құр   өтпелі,

Кешіре   де   кетер   ем   бір   өкпені.

Қалып   қойған    қараусыз    қараша   үйлер,

Мұңды  қозғап   жіберді    жүректегі.

 

Жайлау     қалды    иесіз,  шайыры   – құт.

Қайдан   қонсын   басына   қайыр,   үміт.

Ауыл    дейтін   аяулы   мекенімнен

Қалғанымды   енді    ұқтым   айырылып.

 

Өткенді   ойлап  ах   ұрам,  аласұрам…

Сыздатады   ұйықтатпай   жарасы   жан.

«Қайта   келсем   орынын   таба  алам ба?..»

Деп   қорықтым    қараған   арасынан…

 

Жаратқанға  не    жаздық   жазалыдай,

Кетуменен   болды  ғой   мазаң   ұдай.

Кеңдігімен   жеріңнің  жанды   сақтап,

Көшіп-қонып   күн   кешкен  қазағым-ай.

 

Келешегі   көрінбей   көзге   қанық,

Талқысына   тағдырдың   төзбеді   анық.

Ауылым   көшіп   барады   қала   жаққа,

«Болашағы    жоқ»  деген   сөзге   қалып…

 

Бүгінгі  күннің  мәңгүрті

Сыртынан    көрсеткенмен    күле   кейпін,

Біреудің   іштегісін    біледі,   ей,  кім?!

Көбейіп   келе   жатыр   жатбауырлық,

Жақсылық    жақынына   тілемейтін.

 

Құрықтай     қол   ұсыным,   бойы   – мына.

Сөйлессең –  сөзі   ала,  ойы   құла.

Туғанын    жалғыз   болып,  міндетсініп

Асылған   ата-ананың    мойынына.

 

Түспеген   қанатының   түгі   түлеп,

Қараңғы   санасының   түбі  – түнек.

Миына   дендеп   кірген   мәңгүрттіктен,

Күтетін   ертеңінен   үміті  жоқ.

 

Жүректі   ауыртады,  сыздап   қайғы.

Жаныңа   суық    қабақ   сыз   жақпайды.

Құлаққап   киіп   алып,   бедірейіп,

Беттері    бүлк   етпейді,  міз бақпайды.

 

Абырой   әперсін   бұл   жат  іс   кімге?

Болған соң    шата   тұқым,   шатыс    тілде.

Өткенін  бабасының   қайдан   білсін,

Жері   үшін   найзаласқан   ат  үстінде.

 

Қаққанда   есігіңді       қараша   нақ,

Жаныңды    қала  алмайсың   арашалап.

Азалы    күйін   тартар    қобыз-кеуде,

Ызылдап    соққан   желден    қара   шанақ…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір