Зарығып күттім мен сені, Зағип боп күттім нұр үшін…
03.02.2017
1904
0

Күмән
Сіз, сезесіз бе, қанатын гүлдің,
Олар да ұшқан түс болып.
Зерлі әрпіндей жанатын қырдың,
Сөйлем боп сұлу ішке еніп.

Жүрекке сосын тіл қатқан олар,
Мұз қатқан болса ертердей.
Баяны бөлек бір бақтан олар,
Байып бір күйді шертердей.
Үлбіреп тұрған қыз болып сосын,
Ауызға үріп салардай.
Үзуге қимай біз келіп сосын,
Үздігіп ол да қарардай.

Тұрды екен жасы көңілдей мөлдір,
Жүрекке қайсы тама алмай.
Кімді аңсап сәтке мұңайды ол бір,
Қасына кімнің бара алмай?

Жұбатып тағы көріп пе едіңіз,
Сол гүлді көркем көзіңізбен, сіз.
Жарыңызды неге ерітпедіңіз?
Күмәнданамыз өзіңізден біз…

Тәуелсіздік
Жап-жасыл ғана реңі
Дүрк берген оттай көз ұшым.
Талпынып дыбыс ұшады –
Тулаған таңда сөз үшін.
Бостандық деген бұп-бұйра бозжусан
сынды сағыныш,
Аңқасы кепкен азат күн –
Бейбарыс-таңның өзісің!

Зарығып күттім мен сені,
Зағип боп күттім нұр үшін.
Тірегім өзің деп білдім,
Деп білдім әмсе тынысым.
Сен сонда мені білдің бе, шаттықтан
көзде көл шайқап,
Құлдыраңдап жүрдің құлақта
Тұяғың шашып күміс үн.

Толқын да толқын ғазалды
Көктеп бір өткен құс үндім.
Алқып бір шыққан жасымды,
Алғыс қып саған ұшырдым.
«Бойлаған менің тағдырыма бір бақыт»
дедім – сұраса ел.
Тамырымда сосын ойнаған
Бір тәтті күй деп түсіндім.

Бозторғай үнін дірілсіз,
Есіттім қырдан;
Гүлге мен –
Сүйініп оқи беріппін
Сүйкімді, ғажап тілде өлең.
Мен көрдім сонда жасыл нұр –
малынып тұрды мұратым.
Мен көрдім сосын сен болып,
Балбалды жасы бүрлеген.

Уыстап сүйдім сәбидің
Күлкісін мөлдір – ғажап тым!
Сонда екен бәрі – сүйсіне бердім,
Сонда екен бәрі ләззаттың.
Сол сәтте толқып тұрса дей бердім,
тұрса дей бердім сендік нұр
Маңдайында ғана қазақтың!

Жетім
– Көшеде қалды?
– Нешеде қалды?
– Тастанды бала есебі.
– Не қадір қалды шеше де әлгі?
– Өзге ұлтқа тиген деседі.

Шар етті бала.
Шалқайды қоғам.
Бүлік етпейді деп кім білген?
Өліп кетсе де түк емес-ті оған.
Тарады тобыр бір-бірден.
Өмірдің мәні «шыр» ету ме екен,
Жоқ ондай ауыр сөз әлі.
Тағдырын оның білетін бе екен –
Жетімдік қолын созады.

Таңдайда омырау дәмі қалса ғой,
Тағы қалса ғой от құшақ.
Бүгін бе, ертең жаны қалса ғой,
Тағдыры тепті доп құсап.

Сойнан мұндай сормаңдай емен,
Күресін қалды: ана көкек боп.
Ақыны қаза болғандай өлең,
Барады жетім бала жетектеп…

Мезгіл әуендері
I
Сәуірде гүл қыз боп,
Сол қыздар жұлдыз боп жанатын.
Сезімдер әуен боп,
Әуендер құс болып қағады қанатын.
Уақыттың сыңғыры –
Күлкісі арудың тым қысқа-ақ,
Момақан бейнелі бір күйде қыр, қыстақ.

Бір сүрлеу жетелеп,
Бір үміт дәл кімді күттірді?
Мен сені ойлап ем,
шаттықтан жанарда шық күлді.
Көкейде мың сырнай – мың үміт қиқулап,
Тәкаппар дүние тамырында күй тулап.
Көгілдір көк теңіз. Құс биі – көз алдым,
Сол биді,
Сол күйді
Жазуға сөз алдым.
Сөз алдым тағы да көктемнің әні үшін,
Көктемде сөйлейтін қазақтың жаны үшін,
Жазуға сөз алдым.

ІІ
Жауқазын бүр атты,
Қырларда гүл өрді,
Белдерде қиқулар керуен боп.
Даланың кеудесін күйге орап жіберді,
(мен мұндай салтанат көргем жоқ!).

Бұлақтар тым тентек өрен боп бүлінді,
Тал-терек шегінді жардан тез ақылды ап.
Бұлттар көшетке су тасып жүгірді,
Мың тамыр жөнелді лезде ысып, лапылдап.

Дүние құлпырар дүрк беріп жүз өңмен,
(О, өмір, сен неткен перделі ең!).
Жылқылар адырға беттейді күзелген,
Шұрқырап сыңайлы бір-бірін көрмеген.

Сағыныш ұрығы себілген дала бұл,
Көктемді қарсы алар сан сезім үлбіреп.
Сәуірде осылай есіне алады ұл,
Есіне алады езіліп бұл жүрек!

Қозыбай Құрман

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір