Інжу-Маржан
Мен ол кісіні аса танымайтын едім. Бірақ экраннан бет-бейнесін әлденеше рет көргем. «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде Сарбас ақынның рөлін шынайы сомдады. Кейіннен «Күлпәш», «Рэкетер», т.б. фильмдерге түскені бар. Ол бөлек әңгіме.
Әрбір ақындар айтысы өткен сайын ақ плашын жарастыра киген, өңі сұсты, сол бір кісі айтысқа қалмай келетін. Қазылардың дәл желке тұсына отырып алып, олардың көтерген ұпай санына байланысты әрекідік келіспеген кейіптегі даусын да нөпір халықтың арасынан естіртіп қоятын. Ол кез – ақындар айтысының дүрілдеп, Мэлс, Аманжол, Мұхаметжандар бір шаңды бір шаңға қосып жатқан уақыт еді. Әсіресе, М.Тазабековтің адамның он күн ойланса есіне түспейтін, қиыннан қиыстырған небір сүбелі сұлу сөздері мен кесек-кесек ойлары барлығымызға бас шайқататын. Дүбірлі дода біткен соң сәндеп қойған сақалы болғанмен, шашын тықырлатып алып тастаған, қияқ мұрт, қысық көзді, сырт қараған кісіге атаманнан аумайтын ақ плашты ағай Мұхаметжанның оқ қағары секілді қасынан табылатын. Айтыскер жігітті плашының етегімен көлегейлеп, ешкіммен сөйлестірмей ертіп кететін. Мен секілді талайлар осы бір адамның айтысқа, өнерге қатысы қанша екен, ең болмаса ақынмен суретке де түсе алмай қалдық-ау, деп ренжіген кейіпте соңынан қарап қала беретін. Сөйтсек, М.Тазабековтің айтыстағы бас бапкері ақ плашты ағай екен ғой. Оны кейіннен білдік.
Күндердің бір күнінде әлгі көкем әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі журфактың баяғы № 5 жатақханасының төменгі қабатындағы оң қапталынан жеке кабинет алып, Ұлттық университеттің тәртібіне жауап беретін бас маман болып орналасыпты. Жыға білмесек те, сырт пішініне қарап өзіңізге сай қызметті енді тапқан екенсіз деп қойдық ішімізден. ҚазҰУ-дің Т.Қожамқұлов бастаған сол кездегі басшылығы қандай уәдемен әкелгенін кім білсін, тәртіптің нағыз маманы келген соң, әсем қалашықтағы анау-мынау бассыздықтар пышақ кескендей тыйылды. Арада ай аунап, жылдар жылжып уақыт алмасты. Темірдей тәртіп орнатқан әлгі кісі журфактың деканы Бауыржан Жақыптың орынбасары болып шыға келді. «Апырай, бұл адамның журфакта несі бар екен», – деп одан сайын таң қалдық.
2009 жылдың қаңтар айында Қазақ радиосының директоры Ж.Ерманның 2-ші рет шақыруымен радиоға қайта жұмысқа тұратын болдым. Кіре беріс есікте баяғы жүзі таныс ағаймен тағы ұшырастым. Бас директор ол кісіні де радиоға қызметке шақырған екен. Сонымен, менің бүгінгі бас кейіпкерім Қошан Мұстафаұлы «Әдебиет және музыка» редакциясына қабылданып, «Інжу-Маржан» хабарын дайындайтын жүргізуші-редактор болып бекітілді. Сол күні екеуіміз ресми танысып, кешке қарай үйге бірге қайттық. Қошан көкем Гүлдаланың арғы жағында Панфилов дейтін ауылда тұрады екен. Біздің тұратын жағымыз да, бағытымыз да бір болып шықты.
«Жылқы кісінескенше, кісі сөйлескенше» дейтін сөздің қатпарының қаншалықты қалың екеніне Қошан ағамен танысып-білісіп, сырласа бастағаннан кейін мән бергенімді несіне жасырайын.
Қарашаңырақ Қазақ радиосында қауышып, аға мен інідей табыстық. Жұмыстан қайтқан уақытта аузын ашса жүрегі көрінетін ақ пейіл, парасатты жары Роза әпкемнің қолынан талай шай іштім. Дастархан басында шежіре, тарих, әдебиет пен өнер хақында алуан түрлі әңгіменің тиегін ағытып, бүтін болмысыңды баурап алатын Қошекеңнің қоңыр үні толқындағы тораптан мүлде бөлек боп естілді. Оның сырына үңілгіңіз келсе, Қазақ радиосындағы «Інжу-Маржан», «Терме» хабарларына құлақ түріңіз!
«Інжу-маржан» деп ат қойып, айдар таққан хабарының әліппесін бар қазаққа ортақ тұлға әйгілі Қабан жыраумен ашқан еді. Бүгінге дейінгі «Алтын қорға» өткізген 400 хабарының әлқиссасын осылай бастап еді.
Осы хабардың авторы Қошан Мұстафаұлының өз сөзімен айтсақ: «Көненің тарихы боп қоңыраулатып, құлаққа жағымды қобыз сарынындай жыраулық дәстүрдің, жыршылық-термешілік өнері жіп иірген ұршықтай дөңгеленіп, ХХІ ғасырға да иек артты. Ел басынан өткен үлкенді-кішілі оқиғалар, тарихи тұлғалар туралы деректер, ақылды, аталы сөздер, өнегелі
өсиеттер халық жадында өлең-жыр, аңыз-әңгіме болып сақталды. Ел аузында өмір сүрді. Осындай құнды мұраларымызды ұрпағына жеткізуші жыршы-жырауларымыз. Олар әдеби тіліміздің, тілдік қорымыздың баюына, қалыптасуына үлкен үлес қосты. Қазақтың қай жерін алсақ та, ән, жыр-термеден кенде емес. Ерлік, батырлық дастандар, лиро эпостар, шығыстың аңыз сюжеттерінен құралған хикаялар барлық жерлерде тегіс жырланған. Осындай жыр-дастандардан алдыңғы ата ұрпақ сусындап өсті. Қазақ халқы бағзы замандардан табиғатынан ойшыл, дана, көсем де шешен, батыр халық. Мұны жырауларымыздың жырынан, әдебиеттен қалған байтақ мұраларымыздан да көреміз. Соның бірі – жыр кеніші, таусылмайтын мөлдір бұлағы Жетісу өлкесі. Бұл өлке әнші-күйші, ақын, сал-серілерді ақиық қырандай түлетіп, балақ бауын босатып, талай бәйгеге қосқан саңлақтардың құт мекені. Жетісу ақын-жырауларының көш басында Қабыл Иса Қабан жырау тұрады».
Көрдіңіз бе, өзі де балақ бауын босатып, қияға шырқайтын қырандай қомданып, Қабан жырау жайлы толғай-толғай сыр айтып, даңқты жыраудың арғы-бергі тарихын қопарып, құм ішінен ашу тас аршығандай жыр-дастандарын жинады. Оны Жетісу мектебінің дәстүрлі мақам-сазына салғызып А.Әбдуалиев секілді бүгінгі жыршыларға айтқызды. Сиқырға арбалғандай радиоқабылдағышқа құлағымызды төсеп әлі тұрмыз. Бағдарлама аяқталып қалған екен. Кенет шыр ете қалған телефон үні ойымызды үзіп жіберді. «Шындығында мән бермейді екенбіз, Қабыл Иса бабамыз не деген телегей-теңіз жырау болған. Өзі кеткенмен бүгінге сөзі жеткен Қабан ақынды қайта тірілтіп, оның өнегелі өсиеті арқылы жаҺанданудың шылауына шырмалып бара жатқан баршамыздың санамызды сілкіндірген «Інжу-Маржан» хабарының «Айтаманы» Қошан Мұстафаұлына мың алғыс!», – деп, өз пікірін жеткізген тыңдарман сөзінен шынайы ықыластың нышанын сезіндік. Бұл – радиоға қоңырау шалған тыңдарманның тек алғашқысы ғана болатын.
Айтаман деген терминді енгізген ф.ғ.к., доцент Сағатбек Медеубекұлы. Ғалым 2012 жылы «Түркістан» газетінде Қ.Мұстафаұлы туралы жазған мақаласының тақырыбын «Айтаман» деп қойған болатын.
Шынында Қойшығұл Зарлиев Қазақ радиосының айтаманына айналды. Небір асыл-жауһарларды жарқыратып эфирге шығарды. Көне қиссаларды айта алған майталмандарды майын тамыза дәріптеді. Қабан жыраудан кейін дереу Жамбыл ақынның шығармашылығын хабарға арқау еткен Қошекең өзіне тән зердесі де, хабар сазының пернесі де бөлек екенін байқатты. Жүз жасаған Жәкемнің осыған дейін әрбір жыры жете зерттеліп, дамылсыз дәріптелгенімен, Қошан ағаның «Інжу-маржанынан» Сүйінбай шәкіртінің құнды дүниелерін басқа қырынан таныдық.
Жампоз жыршы Алмас Алматовты да тыңдаушысымен қайта табыстырған Қошекең еді. Уақыт ырғағымен Алматовтың аты-жөні радио эфирінен айтылмай қалған кезеңдер де болған. Топты көрсе кісінеп, шиыршық атқан тұлпардай қос құлағын қайшылап, шабыс тілеп тұрған сәтті кезінде Қошан ағамыз диктофонын көтеріп, Ақмешітке жөнелді. Барғанына орай, Қобыланды, Алпамыстан тартып Тұрмағамбетке дейінгі тегеурінді тұлғалардың тәмсілін толқын-толқын тулатып, таңды-таңды ұрып жырлаған Алмас жыраудан мол олжаға кенелді. Оның бәрі «Тұғыры биік сұңқар» деген атпен 6-бөлімге бөлініп, 30 минуттан Қазақ радиосының толқынынан тарады.
Жыр десе ең алдымен, Сыр өңірі еске түсері хақ. Бірақ Қошекең сырды да кешіп өтіп, кен іздеген кеншідей Қазақ даласының төрт бұрышын түгел шарлады. Тіпті, Түркімендер жаққа да барып қайту ойында бар екенін айтқан-ды. Оны уақыт көрсетер.
«Ілімді Қытайдан да алуға болады» дейтін өсиет қалдырыпты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.). Қайбір жылы тіл мен діннің қаймағы бұзылмаған Қытайдағы қандастарға да барып-қайтты. Кезінде қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасының олқы тұстарын осы Қошекең толықтырды десек, артық айтқандық емес. Мұқағали ақын бүкіл қазақ даласын құшағына сыйғызып, қалай еміреніп жақсы көрсе, Қошан Мұстафаұлы да ешкімді жері мен еліне, ру-тайпасына бөлген жоқ. Парламенттің төрінде отырған жыршы мен қал-жайынан ешкім хабарсыз, саяжайды паналап отырған жырауға да эфирдегі уақытын тең бөлді. Академиктермен халық қалаулыларын ел ішіндегі ескі әңгімені білетін қарапайым еңбек адамдарын да хабарына қатыстырды.
Төле би, Абылай хан, Қойгелді, Қабанбай, Райымбек, Сұраншы мен Саурық, Жанқожа батырлармен Таңжарық секілді ақындар жайындағы әрбір хабары елдік пен өрліктің, ақыл мен парасаттың байламын жеткізді. Осы аталған бектер мен би-батырлардың тек қана жеке басы айтылған жоқ. Солар арқылы арғы дәуірлердің бүтін болмысы ашылды.
Сүйегіне сөз сіңіп, тамырында өнер тулаған Қошан ағаның әу бастағы арманы – Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясында білім алу еді. Оған сан түрлі себептермен қолы да, жолы да жетпеді. Ауылдан келген арманы асқақ жігіттің ендігі бағыты – ауыл шаруашылық институына бұрылды. Ол жерде білім алған шағында ортекедей ойнақтаған оғыланның жанына небір дүрлер жиылды. Білекті де жүректі Қошекең өзі насихаттаған ерлер секілді, кереғар қоғамның кезеңінде ұлттық намысты ту етті. Куәгер курстастары ол күндердің қызығын сыр ғып шертіп, жырғып айтып жүр.
Қолына диплом алған жас маман, агроном болып Қаракемерден бір-ақ шықты. Домбыра шертер қолына тағдыр төреші секатр-қайшыны ұстатты. Күні-түн егіс алқабында жүретін бас маман Кегенде жыршы-термешілердің байқауы өтетінін естігенде байыз таппады. Ішкі сенімі үмітін ақтады. Терме-толғаудан төгілтіп, Ақан серіше ән салды. Қазылардың төрағасы Жәнібек Кәрменов Зарлиевтің өнеріне тамсанды. Сол бір өнер додасы Қошекең үшін руханияттың ауылына қайтадан жол салды.
Сол қалпы шаруашылық саласына бұрылып кетсе, сіз бен біздің Қошан Мұстафаұлын мүлде білмеуіміз де мүмкін еді.
Ауыл шаруашылығынан Қошекеңнің «Ауыз шаруашылығына» ауысқаны абырой болды. Қыр мен даланың емес, жыр-терме дейтін саланың агрономына айналған білгір маманның жемістері Қазақ өнерінің бақшасында жылдың төрт мезгілінде де пісіп тұрады енді.
Ал өзінен тараған ұл-қыздары да ұлағатты. Әсел қызы мен күйеубаласы Айдос та, ұлдары мен келіндері Дулат–Әйгерім, Азамат–Арай да бұл күнде бір-бір отау иесіне айналды. Өзі де, сөзі де әкесінен аумай қалған кенжесі Әбіш өнер жолын таңдап, Чайковский атындағы колледждің күйшілік класына қабылданды. Әке арманының бір орындалғаны осы болса керек.
Бүгінгі уақытта жыршы-термешілердің шырақшысына айналған асыл ағаның тынымсыз еңбегі еленіп, ел-жұртының да, Елбасының да құрметіне бөленіп, Тәуелсіздіктің 25 жылдық тойының тұсында «Құрмет» орденімен марапатталды. Марапат нағыз өз иесін тапты. Осындай өренді өмірге әкелген Әулиеата өңіріне де мың алғыс! Жаппар иеміз Мұстафа атамызбен Тұрған анамыздың да рухын көкте шалқытсын!
Қошан Мұстафаұлының әр жасаған хабарында іздеп тапқан інжу-маржандарын жарқырата шашып, дауылдатып айтқым келіп-ақ отыр. Әттең, газеттің беті санаулы, уақыт та өлшеулі. 60-тың арғымағына ер салған Қошан көкеме Құдай қуат берсін!
Бақыт Жағыпарұлы,
Қазақ радиосы,
Алматы студиясының тілшісі.