Азаттық жолындағы «Алмас қылыш»
27.01.2017
1986
0

Экраннан «Алмас қылыш» жарқ еткеннен-ақ, ұйқыдан оянғандай дүр сілкініп, қаһарман тарих­тың жай ғана бақылау­шы­сы емес, тікелей қатысушы­сына айналғандай күйде боласыз.

Алғашқы минуттарда-ақ, көрермен «тарих­тоғысында жеке шаңырақ көтеріп, егемен ел болу жолында аянбаған ата-бабаларымыздың төгілген қаны текке кетпеуі, асыл арманы далада қалмауы керек» деген елшілдік ой түйеді. Тегінде, біз шетелдіктердің жалбақтаған мақ­тауына немесе жеңіл бөстіртпесіне зәру емеспіз. Олардың, өкінішке қарай, біздің ұлт­тық ар­тық­шы­лықтарымызды білмегендіктен немесе қаса­қана түрде тек қана дастархан дархан­ды­ғымен дәріптейтіндерін көзіміз көріп те жүр.
Жаңағылар   дүние жүзінде  территориясы­ның көлемі жағынан тоғызыншы орынды иемдену үшін қонақжай көңілдің мүлде аздық етерін, әрине білмейді емес. Атамекенге көз­де­рі­нің сұғын қадаған жауды түбегейлі жеңу үшін, тіпті арыстан жүректі аталарымыздың жан-жақтан қамаған басқыншыларды білектің кү­ші, найзаның ұшымен тайсалтып, тізерлетуі де аздық етер еді. Қарулы күшке данышпандық пен еңбекқорлық қосылғанда барып, өз есеңді ешкімге  жібермеу, қолыңдағыны қымтап ұс­тап, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету мүмкін болады.
Иә, бүгінгі егемен еліміз иесіз бос жатқан, қу-медиен далада пайда бола қалған жоқ. Азат­тықтың азапты жолы біртұтас ұлт ретінде сақталып қалу жолындағы қиян-кескі  соғыстар ғана емес, зор қажыр-қайратты талап еткен ерен еңбектің  және өмір сүру өнерін меңгерудің өшпес шежіресі. Бұл орайда кейбіреудің Ұлы дала перзенті – қазақтың жасын санамалап әуре болуы қисынсыз да күлкілі жәйт.
Көрермен осылайша тарих қойнауына бой­лай отырып,мемлекетіміздің бастауы – Қазақ хандығының осыдан бес жарым ғасыр бұрын қаншалықты азап пен арпалыс үстінде дүниеге келуінің куәсіне айналады. Өткен жылы аталып өтілген 550 жылдық мерейтойдың көптеген қандастарымыздың ата тарихқа көзін ашып, көкірегін оятқанын іштей түйсінеді. Соған орай, Рүстем Әбдіраштың  жаңа жыл қанатында өнер көшіне қосылған «Алмас қылыш» фильмі жеңістерге де, жеңілістерге де толы жаңа тарих­тың жарқын толғауы деп бағалауға әбден лайық.
Рас, аталмыш кинофильм жөнінде интернет желісіндегі пікірлер ала-құла. Қазіргі бейпіл заманда бұған таңдану әбес: олардың көпшілігінен, мақтаса да, даттаса да, бір сәттік көңіл-күйдің  желпінісі сезіледі. Сонымен қатар, тарихи туындылардың жұтаңдау қоржы­нына салынған ұжымдық өнер «жемісін» бірден таразыға тартып, оның салмағы мен бағасын ғана емес, тіпті дәмін алып, жұғымдылығына шейін төрелік айтуға тым асығушылар бар. Бұл соңғылары көркем фильмнің сәтті қадамына қуанбақ түгілі, оны мүлде жоққа шығарудан дәмелі.
Өкінішті, әрине.
Дана қазақ «Біткен іске – сыншы көп» дейді. Менің бір танысым студент кезімізде «пәленше жазбайды ғой, егер жазса, Әужекең мен Мәдеш секілді талай ақынды далада қалдырады» деп бөсетін. Амал қайсы, пәленшекесі сол күйі жаз­бай кетті. Ал Әужекең де, Мәдеш те қазір оқыр­ман мойындаған ақындар. Ендеше, та­рих­қа шындап бет бұрып, оны өнер тілімен толғау­ды енді ғана қолға алғанда, жаңағыдай «жанашыр, ақылман» пікірлер де баяғы таныс­тың балаша «былдырлағаны» секілді қисынсыз-ақ.
Оларға не дауа, бірақ?! Өздері ештеңе жасамайтындар ғана, өзгенің өнер мен өмір бәйгесіне қосқан Құлагерінің қашан сүрінгенін аңдиды. Ендеше, «олай емес, былай болса-дан» аспайын­дарды қоя тұрып, тағы да экран алдына ора­­лайық… Көз  алдымызда XV-ші ғасыр: Шыңғыс­­ханның алып империясы жеке-жеке ұлыстарға ыдырап, тақ  үшін аяусыз күрес басталған ке­зең. «Ақ орда» билеушісі Барақ ханды өлтіріп, дәргесіне жығылғандарды озбырлық пен билеп-төстеген Әбілқайыр Шайбанидың күні сөнуге таяу. Көшпелі жұрттың үміті Керей мен Жәнібек сұлтандардың үстінде.
Алайда, еркіндік алып, жеке ел болу – азап­тың азабы… фильмдегі азаттық үшін ойраттармен болатын қиян-кескі шайқастар өздерінің шынайылығымен бірден баурап алады. Техни­калық арнайы күшейткіштердің әсері көрер­мен­ді шытырман оқиғалардың қалың ортасына араластырып, ата-бабаларымыздың жан­­кеш­­ті қаһармандығына ризашылықпен бас игізеді. Әне, Шу бойына ағылған сансыз адам мен мыңғырған мал нөпірі іргелі елдің тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, ел ағалары Керей мен Жәнібек сұлтандардың батыл шешімдері мен ержүрек  қимылдары, тіпті нақпа-нақ, қадай айтылған сөздеріне шейін болашақ қазақ хандарының мәртебесін асыра түседі. Жалпы, қазақ сахнасы мен киносы шеберлерінің об­раз­ға кірігулеріне кейбір фильмдердегі режиссерлік шешімдер мен сценарийлердің селкеу түсіретін тұстары болмаса, қазақ  актерлерінің шеберлігін мойындамау қыңырдың әрекетіндей болмақ.
«Алмас қылышта» авторлары көрнекті қаламгер Смағұл Елубай және Тимур Жақ­сы­лықов пен Рүстем Әбдіраш болып табылатын тарихи драманың сценарий желісінің де шебер сабақталатыны аталмыш кинотуындысының сәтті шығуына сенімді арқау  болғанын көреміз.Соған орай, әсіресе Досхан Жолжақсынов бас­таған өнер шеберлері: Қайрат Кемалов, Ерке­бұ­лан Дайыров, Иісбек Әбілмәжінов, Аян Өтепберген және басқаларының бас кейіп­кер­лердің бейнелерін нанымды сомдағанына шын жүректен разы боласыз. Ал суретшілер мен дизайнерлердің біліктілігі тарихи көріністер мен кейіпкерлердің сыртқы болмысынан айқын аңғарылады.
Жаңа фильмнің танымдық, төл тарихымызды кітапты өгейсіткен «келешегімізге» таныстыру, яғни ағартушылық қызметі де ерекше. Рас, олардың бірқатары өзіміздің «Кө­ш­пенділер», өзгенің «Шыңғысхан» мен «Құбылайхан» тарихи фильмдерімен таныс. Сондықтан төл туындымызды, мұны өздері қаласа да, қаламаса да, жаңағы кинолармен салыстырмай тұра алмайды. Бірақ тап осы жастар ғаламторда «Алмас қылышқа» тебірене баға беріп, өздері үшін ел тарихына қатысты жаңалық ашқандарын, драманы тамашалай отырып, шынайы отаншылдық сезімге беріліп, туған қазағы үшін мақтаныш сезімге бөлен­ген­дерін ашық жазуда. Бұл жайында өз көз­қарасымызды  ішімізде бүге тұрып, біз пікір­лерін сұраған жастардың да фильмге оң баға бергенін айту парыз.
Сонымен біз «Алмас қылышты» көре отырып, ерлік пен елдіктің, оның ұрпаққа деген ұлағатының және ел «келешегінің» бабалар аманатын терең түйсінуінің куәсіміз. Бұған, әрине, республикамыздың Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша терең мәнді тарихи драманы дүниеге әкелген «Қазақфильм» акционерлік  қоғамы ұжымының шығармашылық ізденісі мен зор қажыр-қайратының, туған Отанымыздың жауынгер өткеніне деген сүйіспеншілігінің арқасында ғана қол жеткені даусыз.
Асылы, соңғы  жылдары еліміздің  мәдениеті мен өнерінен туған ұлтымыздың дара табиғи болмысы мен таза жан-дүниесін кең насихаттап, ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу үрдісі айқын  аңғарылады. Мұның, әрине,  халқымыз­дың рухани саласына төл өнеріміздің қалың ор­та­сынан қайнап шығып, тұнығынан сусын­даған Арыстанбек Мұхамедиұлы секілді қай­раткер азаматтың басшылық жасап отырға­ны­ның жемісі екені де даусыз. Демек, «Алмас қы­лыштай» кесек те, көркем дүниелер көбейе түсіп, көрермен көзайымына айналады деуге толық негіз бар, ал бұдан ұлт  мәдениеті мен өнерінің мәртебесі биіктей бермек.

Болат Жүнісбеков,
жазушы-журналист.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір