Көктем шақырады…
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиевтің 24 томдық таңдамалы туындылар жинағы «Ан Арыс» баспасынан жарық көрді.
Бұл – рухани-әдеби әлемдегі үлкен жаңалық. Тұмағаңның көп томдық таңдамалы туындылары алма ағаштың гүліндей жұпар шашып, қыздың жиған жүгіндей жұтынып, жасанып тұр. Қанатына көктемді қондырып, Алматыға биыл да қайтып келетін құстардың қатарында менің Тұмаш ағамның жыр құстары да сызылтып ән салады. Оның өлең-айдынынан аққу ұшып, қаз қонғалы да алпыс жылдан асыпты. Алаш анасының құрсағынан Ақын деп аталатын құдірет иесі болып туған ол қазақтың қасиетті жырындағы қайталанбас құбылысқа, дара мектепке айналды. Тау өзенінің ағысындай таза, хас тұлпардың шабысындай арынды, шертпе күйдің қағысындай нәзік өлең иірімдері өлеңсүйгіш қауымды бірден баураған.
«…Сонау 50-ші жылдары Қасымнан айрылып, есеңгіреп қалған қазақ жұртын жалт қаратқан «Студент дәптері» атты жұп-жұқа кітап еді. Ол кезде оқтау жұтып қойғандай омыраудың отыз түймесі түгел түймеленіп, сыптықтай болып сықиып тұратын ақын пақырдың адам болып кісі бетіне тіке қарап, әзіл-қалжың айтқанын алғаш сол кітаптан көріп едік…», – дейді қазақ қара сөзінің қара нары, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы. Тұманбай ақынның жырлы дәурені, нұрлы дәурені «Студент дәптерінен» басталған. Сол жинақтағы: «Ай да бүгін аласарып, төбемізден төнеді, сәулешімді ұлықсатсыз қайта-қайта көреді. Көлегейлеп жабар едім албыраған жар жүзін, Бірақ менің өзімнің де көре бергім келеді» дейтін жалғыз шумақтан тұратын шынайы сезім жыры махаббат пен көктем жыршысының даңғылға айналар соқпағының басы еді. 1960 жылы 25 желтоқсанда Қазақ мемлекеттік университетінде өткен поэзия кешінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов жастар шығармашылығы туралы ұзақ сөз сөйлеп, ұлағат танытқан. «…Өнердің жаңа, жас қайраткерлері келіп, қазақтың музыка, поэзия өнеріне жаңа бір жыл кіргендей жақсылық әкеле жатқан сияқты…
Тұманбай Молдағалиев өлеңдерінің ішінен «Алматы таңы», «Көктем», «Асыл ұстазға», «Немере сыры», «Хат» деген өлеңдері ұнатып оқыған шығармаларым» – деп, ұлы Мұқаңның өзі бала қыранның қанатын сылап көкке самғатып жібергендей әсерге бөлейді.
Тұманбай Молдағалиев ағыл да тегіл сезімнің ақыны, махаббат пен көктемнің жыршысы. Оның жыр құстары қанатын әппақ нұрларға малып аспаныңда қалықтайды, айдыныңда жүзеді. Өмірі өлеңбаянына, өлеңі өмірбаянына айналып кеткен Тұмағаң жырының жұлдызы жарық. Оның ақтарыла, алғаусыз айтқан жан сырлары қазақтың қанша буын қаракөзінің сезімінің қыл пернелерін басты, махаббатын мәпеледі, арманын аялады. Өлеңнің өрен жүйрігі желдің сыбыры, жапырақтың дірілінен бастап адам жанына бақыт нұрын құяды, қуаныш сәулесін сыйлайды. Тұманбайдың тұнық жырлары сырлы ақынның сиқырлы әлеміне ұласып сырласыңа айналады. Өлең бақыты деген осы шығар. Ұлттың ұлы ақынына айналған ақын жырлары қазақ деген жұрттың жанымен тұтасып, туысып кеткен.
Тұлпарлар шапқан жерлерде,
Сұңқарлар ұшқан жерлерде.
Мен де ұшып көрдім өзімше
Қанатым бардай кеудемде, –
деп тебіренді Тұманбай ақын. Сенгіш те шыншыл, адал да ақжарма өлең табиғаты оқырманды да сендірмей қоймайды. Сол табиғат ұлтыңның ұятына, Алашыңның арына айналып жүре береді. Ақын мен өлең көкірек көзінде біртұтас ұғымға айналып кетеді.
Тұяғың тау мен тасқа кетілмеген,
Бітпейтін бір шабыстың шетін көрем.
Аяулы Абай ағам соңына еріп
Өзім де шауып жүрген секілденем…
Тұманбай ақын тұлпары жыр аламанында жұлдыздай ақты. Ақындық жаратылыс, көктемге ғашық көңіл, зулап жатқан өмір оның өлең айдынына аялы толқындар сыйлады. Сұмырай соғыс, жетімдік, елдегі аналар мен жеңгелерге қолғанат болған кезең Тұманбай ақындығының алғашқы шоғын үрлеген, үімітіне үкі қадаған тақырыптардың бірі. Тағдыр тауқыметі жылдар өткен соң ақын санасында жыр болып жаңғырады.
Жеңеше, шылым шекпе деп,
Айтуға саған хақым жоқ.
Тағдырмен шықтың жекпе-жек,
Жиырмаңда жесір қатын боп.
Өлеңмен бірге сен де шарасыз күй кешесің. Соғыс жалмаған жеңешенің жастығын, тарғыл тағдырын аялағың келеді, жүрегің шым-шым етіп тұма жырды тағы да саялағың келеді.
Ақиық Алатаудың ақ самалындай аңқылдап, ақ бұлағындай жарқылдап Тұманбай жыры байтақ жазирамызды кезіп кетті. Туған елінің әні мен жырына, сәні мен нұрына айналудан артық қандай бақыт бар дейсің, ақын үшін? Алғашқы қадамынан-ақ ағалары алақанына салып, қатарластары қол соғып оның жыр-тұлпарының кекілін тараған, жалынан сипаған.
Әбділда Тәжібаев ағасы: «…Бұл Тұманбай – таңғажайып ақындығымен қоса, таңғажайып адам. Ол адамды сүю үшін, оған сену үшін туған» десе, ақын ағасы Қалижан Бекхожин: «…Біздің поэзиямызда үлкенді-кішілі алуан әуенді ақындар бар. Сол әуендердің арасынан аса бір назды нәшпен, нәзік сырмен есетін лебіз – Тұманбай Молдағалиев жырлары. Өлең әлеміне алғашқы үн қосқан албырт шағынан бастап-ақ Тұманбай өзінің лирикалық тебіренісімен өлеңсүйгіш жас қауымды, біз секілді ақын ағаларын да айрықша сүйсіндірген жан. Тұманбай – поэзиямыздың көрнекті, мерейлі ақыны», – деп өзі де мерейленіп, мейірленіп пікір айтады. Сол ағалардың қай-қайсысын да қастер тұтатынын, рухына тағзым етіп, әруағын аялайтынының шет жағасын көзбен көрдік. Ағаға аяулы іні, ініге ізгі аға бола білді Тұмағаң.
…Бірде Дихан-баба Әбілевтің 100 жылдық мерейтойын өткізу үшін Тұмағаң бас боп ұлылардың бесігін тербеп, кіндігін кескен Баянауылға барғанбыз. – Менің бұл өлкеге сан рет жолым түсті. Дихан ағамның өзіне еріп келіп екі рет 70, 80 жылдық мерейтойларында сөз сөйлеп, өлең арнап едім , – дейді Тұмағаң. Сол сапар: «…Атыңнан айналайын Жасыбай көл, сен енді мен келгенде тасымай көр»… – деп той иесі өзі секілді шабыттанып, шалқып жүрді.
…Тұмағаңның соңғы сапары Қарағандыда өткен Қасым тойы. «Қасым ағам тойына міндетті түрде барамын. Өлеңімді де оқимын, әйбәт өлең жазып қойдым, ей, жиынын да өзім басқарысамын, – деген Тұманбай аға. Қасым ағаның тойында Күлтәй апамызды ертіп жасарып, жарасып жүрді. Кент тауының етегінде ақшаңқан ордада облыс басшысы берген арнайы түстік аста төрде отыруға тиіс Тұмағаң жоқ болып шықты. Әкім-қаралар қаз-қатар тігілген киіз үйлерден ақынды іздеп шапқылап кетсін! Отырыс орталана бере тауып әкелді Тұмағаң мен Күлтәй тәтені. «Бұқар жырау ауылы» деп жазылған киіз үйге кіріп барып едім. О, Тұм-аға, жоғары шығыңыз, – деп бәйек болсын, әйбәт жігіттер екен. Әнін салды, табағын тартты, қымызын сапырды. Осы елдің ең үлкен үйі Бұқар бабамыздыкі шығар деп отыра беріппіз мына Күлтәй екеуміз. Бірақ әйбәт болды, ей», – деп қояды жарықтық. Тұмағаңның осындай әулие мінездері де бар еді.
…Әкетпейді қай жаққа бұл қанатты ой,
Жасар дейсің бақытқа кім балап той.
Мен өлеңім арқылы жұлдыздардың
Арасында жүремін бір қарап қой, –
дейді Тұманбай ақын бір өлеңінде. Жылдар өткен сайын ақын жұлдызы жарқырай берері хақ.
Тұмағаң өлеңін талдау, оның «Хаттар, хаттар», «Кәмила», «Алатау қызы» бастаған лирикалық поэмалары жөнінде әңгімелеу, сапар саздары немесе арнау жырлары жайлы сөз қозғау бұл мақаланың міндеті емес деп ойлаймын. «…Өмір қандай сан-салалы болса оның жырларының тақырыбы алуан-алуан. Ең бастысы – ол адамшылықтың жыршысы, адамның қамқоры, адамды сүю арқылы оның бойындағы ұлылықты танушы. Ол өзі де ұлы таланттардың қатарына кіреді», – дейді ақынның аға досы, академик Серік Қирабаев «Жырдың жарық жұлдызы» атты мақаласында. Әркімнің өз Тұманбайы бар десек, соның бәрінің түйінді ойы Серағаң пікіріне сыйған.
Қазақ жырының ғажайып қазынасы Тұманбай Молдағалиевтің көптомдығы қолымызға тиді. Соған сүйінші сұрағымыз келген. Осы таңдамалы томдардың шығуына бас болып, ақын атындағы қор құрып, перзенттік парызын түсінген Дәурен інімізге де Алланың нұры жаусын!
Тағы да «Құстар әнін» тыңдап, көктеммен қауышасың! Тұмағаң көктемі шақырады:
Сағынышын сарнатып мұңы батпан,
Құстар ұшып келеді жылы жақтан.
«…Басын таудан бастайды тау өзені»
Тау өзені жарықтық тұнып аққан.
Жаздың таңын жыр еткен шерлі күзді,
Көз алдымда ағаның кеңдігі ізгі.
Тұманбайды шақырған сол бір көктем,
Шақыратын секілді енді бізді.
Ұйқыңды ұрлар Алматы кешіменен,
Сырласпасаң бақыттан кешігер ең.
Қайтқан құстың ілесіп қанатына,
Біздің көлге қонатын көшіп өлең.
Жарық нұрлар жанымды жебегенде,
Көгерем бе білмедім, көнерем бе?
Иран бағы секілді Көктөбеде –
Хор қыздары қосылып сол өлеңге.
Қол бұлғаса кей-кейде мұнарлы айдын,
Айға ұшқандай айнам-ай, шығандаймын.
Бір асыл ән жанымды тербетеді
Тұмасынан сімірсем Тұманбайдың.
Жарқын жаздың алдында нұрлы көктем,
Жапырағы жанының дір-дір еткен.
Өлеңінде өмірдің өзегі бар –
Ақ дүниені сүйетін шын жүректен.
Тұлпарларын кермеге байлататын,
Бұлбұлдарын ақ таңмен сайрататын.
«Әйбат ақын» деуші еді бізді көрсе –
Ең бірінші өзі еді әйбәт ақын.
Өзегінде өлеңнің өрті бардай,
Орнын оның өтерміз толтыра алмай.
Гүл ашатын әйтеуір көктем сайын –
Тұмаш ақын біз көрген сол Тұманбай.
Самал ессе тербелер өлең-терек,
Саясында қыз-жігіт көлеңкелеп…
Тұмағаңның тұмасы кезіккенді
Шақырады сол көктем сәл ертерек.
ПІКІРЛЕР1