Жеңіс Кәкенұлы – жеңімпаз
Былтырғы жылы қараша айының соңында Лондонда «Open Eurasian Literature Festival & Book Forum — 2016» атты V халықаралық әдебиет фестивалі өтті. Қазақстандық «Bestseller KZ» әдеби агенттігін құрушы Бақтыгүл Маханбетова фестивальге бақ сынау үшін бірнеше номинация бойынша қазақ жазушыларымен қатар, белгілі суретші Жеңіс Кәкенұлының графикалық туындыларын қоса ұсынған болатын.
График суретші Жеңіс Кәкенұлы жазушы Айгүл Кемелбаеваның «Қоңырқаз» атты әңгімесіне 20 шақты иллюстрация салды. Ортаазиялық талантты жастар қатысқан байқауда «Иллюстрация» атауы бойынша қазақ суретшісі Жеңіс Кәкенұлы биік тұғырдан көрініп, жүлделі II орынды иеленді.
Иллюстрация – шынайы әдебиеттің шырайын кіргізіп, көркем шығармаға шебер интерпретация жасайтын суретшілердің еркін кеңістігі. Жазушы мен суретші тандемі кез келген ұлттық әдебиет үшін үлкен құндылық болып табылады. Қазақ әдебиетінде бұл жанр тым кенже дамып келеді. Жеңістің жетістігі келешекте бұл саланың күрт жандануына септігін тигізіп жатса, нұр үстіне нұр. Бұл суретшінің қолтаңбасымен ұлттық құнары айқын көп дүние туды.