Нұрқасым бейнесі
20.01.2017
1919
0

Жазушы Нұрқасым Қазыбекұлы тірі болса, 80 жасқа толар еді. Артына көркем әңгіме-повестерді, жүздеген көсемсөз, ой-толғамдарын, деректі әңгімелер қалдырған қаламгер бейнесі уақыт өткен сайын айқындалып келеді.

Қазыбекұлы туралы көп тү­сі­ні­к­теме беру артық. Бүгінгі қазақ­тың қалам тартып жүрген ұлдары мен қыздары, баспа бетін парақ­та­ған саналы оқырманы оны та­ни­ды. Соңғы буынға келер болсақ, көп нәрсе көмескі тартып барады… Телевизордың тетігінен қолы бо­самайтын, компьютердің кнопкасына кіндігі жабысқан, айфоны алақанынан аумайтын бүгінгінің «білгіштерінің» танымауы әбден мүм­кін.
Бала демекші, дәл осы ұрпақ­тың тілін сындырып, қазақ өмі­рі­нің  қалпын құратпай ұғындыра­тын әрі әдеби, әрі танымдық тамаша дү­­ние «Дала өрнектері» деген кі­та­бы оқырман қолына жол тарт­қа­лы 22 жыл болыпты. Көрнекті ақы, Мемлекеттік сый­лықтың ие­гері, халық жазушысы Мұзафар Әлім­баевтың «Балдыр­ған» жур­налының Бас редакторы кезі, бірде ол кісі Нұрқасым Қазы­бек­ұлы­на: «Қаламыңнан туын­даған дү­ниелеріңде ұрпаққа ке­рек­ті құн­дылықтар өте мол. Сен бала­лар­ға да тартымды базарлық бере ала­сың. Көшпенді өмірдің өрнек­тері, қазақ жерінің қыры мен сыры менмұндалайды. Бояуы қанық шұрайлы тіл сенен көптеп табыла­ды. «Балдырғанға» табиғатқа тән ұласпалы әңгімелер жаз!», – дей­ді. Осы­лайша бастал­ған жұмыс Мұз-аға журналдан кеткенше бір үзіл­мейді. Кейін қырағы көзі қия­дан шалатын тағы бір ірі ақынымыз Қа­дыр Мырза-Әлі сол «Балдырған» бет­­теріндегі әңгімелердің басын бірік­­тіріп өзі басқарып отырған «Ба­­лауса» бас­пасынан «Дала өр­нек­терін» 45000 дана таралыммен жарқ еткізеді.
Қаламгердің жарық көрген көп­теген еңбектеріне көз жүгірте ке­ле «Тұсаукесер» («Жазушы», 1972 жыл), «Шалғайдағы мек­теп» («Жазушы», 1974 жыл), «Бейтаныс» («Жа­лын», 1976 жыл), «Ағайын» («Жалын», 1982 жыл), «Ауылдағы ағайындар» («Жазушы», 1988 жыл), «Сын охотника» («Советский писатель», 1990 год) қатарлы көркем әде­­биет саналатын қомақты шы­ғар­маларын айтуға тұрарлық. Та­­­ғы бір елеулі кітап деп, әдеби сын, әдеби портреттер, эсселерден жи­­нақталған «Ой таразы­сын» («Жазушы», 1991 жыл) қосуға бола­ды. Осы кітаптағы Шығыс Түркістан қазақ әдебиеті мен Моң­ғолиядағы ағайындар әде­бие­тін терең зерттеп-зерделеген ма­қа­лалары қай қырынан алып қа­ра­саң да бағалы.
Бүгінде шетел қазақтары туралы айтып-жазу, барып-келу екінің бі­рінің қолынан келгенімен, тәуелс­іздікке дейінгі заманды көз алдыға келтіре отырып қарасаң, сон­дағы тәуекелдің өзі нағыз ер­лік­ке толы қадам екені бесенеден бел­гілі. Қазыбекұлы алыстағы бауыр­ларына бүйрегі бұра отырып, отандық әдебиеттен бойы ас­паған, орыс орманынан мал­ты­ғып шыға алмай жүрген сандаған сабаздардың санасына бауырмал­дық сәулесін түсіргені анық.
Әрқандай бір саяси байланыс­тар қалыптасып еларалық қарым-қа­тынастардың нығаюы үшін оның арғы жағында мәдени, әдеби ауыс-түйістің басты роль атқа­ра­ты­ны анық. Жазушы осы жа­ғы­нан­ да елден ерте қимылдап, Қы­тай­дағы белгілі қаламгерлердің қы­тайы, ұйғыры бар, қазақтан Рах­метолла Әпшеұлы, Жақсылық Сә­­митұлы, Жұмаділ Маманұлы, Ораз­хан Ахметұлы, Оразанбай Егеу­байұлы, Жұмабай Біләлұлы, Әк­пар Мәжитұлы, Бұлантай Дос­жа­нин секілді 18 жазушының ең­бегінің басын құрап «Сә­лем­деме» («Жазушы», 1989 жыл) деген кітапты шығарады. Осы жинаққа әң­гімелері енген Ж.Сәмитұлы, Ж.Маманұлы, О.Егеубайұлы қа­тар­лы қаламгерлер кезінде Қа­зақ­станға оралып, дәм-тұзы таусылып, үшеуі де марқұм болды. Бай­­­­­қасақ, атамекен аспанында жү­­рек сөзін естіртіп, елге деген ің­­кәрлігін оятуға осы еңбек­тер­дің зәредей болса да пайдасы ти­меді деп айта алмайтын шығар­мыз?!
Осыдан соң «еруліге қарулы» де­гендей, Үрімжідегі «Шыңжаң ха­лық баспасы» Н.Қазыбекұлына қолқа салып, баспа директоры  С.Най­­манғазы көрнекті жазу­шы­лардың таңдаулы әңгімелерінен кітап құрастырып беруді тапсырады. Жүрегі таза, жүрісі ширақ жаз­ған құлда шаршау болсын ба?! Осының  арқасында «Сәлемдемеге» жауап ретінде «Орамал» өмірге келеді («Шыңжаң халық баспасы», 1990 жыл, Үрімжі).
Былай қарағанда білінбе­гені­мен, осы екі кітаптың өзі екі ел ара­сындағы 40 жыл бойы қатып қал­ған мұздақтарды ерітуге өзін­дік себін тигізді. Оқырман қауым жоғарыда аталған есімдерді білді, шы­ғармаларынан ой түйді. Сон­дық­тан да шығар, қытай жағы бір топ ақын-жазушыларды өздеріне шақырып, іссапарға ұсыныс етті. Бір қызығы, сол кезде дипломатия­лық, әдеби қарым-қатынастарға жол ашқан, міндетін тың­ғылықты ат­қар­ған, істің басы-қа­сын­да жү­ріп мұ­рын­дық болған Нұр­­қасым Қазы­бек­ұлы ар­найы жасалған әлгі тізімнен сырт қалып­ты.
«Орамалдың» ресми ал­ғы сө­зін­де «Әңгі­мелер жи­нағын Қа­зақ­стан Жазушылар одағы сын бө­лі­мі­нің кеңесшісі Нұрқасым Қа­­зыбеков құрастырған. Қа­зы­бе­к­ов­тың әдебиет ауысу жағында қос­қан бұл үле­сіне айрықша ал­ғыс ай­та­мыз!» деген жол­дар бар. Міне, осы­ның бәрі бір кез­де саяси сал­қын­дық­­тан қиы­лып, тұйық­­талған тамырларға қайтадан қан жүгіртіп, қазақтың қара шаңы­рағын биік­тету жолындағы жетіс­тіктер болып табылады.
Қытай түрмесінен босап шы­ғып еркіндік алған атақты жазушы Қажығұмар Шабданұлының 1978–86 жылдар арасында санаулы жылдар бостандықта болғаны бел­гілі. Сол кезде жазушының көп том­дығының алғашқы екі кітабы Құл­­жадан келген Жапар Жа­бық­байұлы арқылы Нұрқасым Қа­зы­бекұлының қолына тиеді. Қуа­ны­шын жасыра алмаған Нұр-аға бір­ден арапша-төте жазудан ки­рил­лицаға аударып, әдеби газе­тімізге алып барады. Саясаттың үрейі, әл­де танымның тарлығы ке­дергі кел­тірген шығар, басуға құлықсыз болған соң «Жалын» жур­­налының редакторы Мереке Құлкеновке апарады. «Қылмыс­тың» үзіндісін жылы қабылдаған «жалындықтар» 1990 жылғы екі санына жариялап, жұртты бір елең ет­кізген болатын. Амал қанша, сол Қа­жығұмар Шаб­данұлы артынан тағы да 15 жылға сот­талып, жазған кіта­бы­ның жа­рық көруі шектеле­ді.
Осыдан біраз жыл бұрын Дү­ние­жүзі қазақтары Қауымдастығы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп Қажығұмардың 80 жыл­дық мерей тойын атап өтті. Халық­ара­лық «Алаш» әдеби сыйлығын өзінің қатысуынсыз берді. Әне, сон­дай талантты үлкен жазушы­ның қарашаңырақтағы алғашқы на­сихатшысы Нұрқасым еді. Мұ­қа­ғали Мақатаевтың 80 жыл­дық мерейтойы Қарасазда дүрілдеп өтті. Жиналыста сөйлеп тұрған жазу­шы Бексұлтан Нұржеке аға­мыз сөз арасында сәл тыныстап: «Бай­қасам, бүгінгі басқосу шарасында Нұрқасым Қазыбекұлы кө­рінбейді… Мұқағали туралы айт­қанда ешқашан ұмытпауға тиіс­ті кісінің бірі – Нұрқасым Қа­зы­бекұлы! Алғаш рет қолжаз­ба­ларын реттеп баспаға дайындаған, шығармаларын індете зерттеген сол азамат болатын!»  деп көп­шілік­тің алдында биік мінбеден айтты. Міне, сол сөзді өз құла­ғымызбен ес­тіп, денсаулығына байланысты Қа­­расазға бара алмай қалған аға­мыз Нұрқасымға айтып келген біз едік.
Кейде біз мінез бен әдеби шы­ғар­машылықты араластырып жі­береміз де, не бірыңғай мақтай жө­­нелеміз, не елеусіз етіп назардан тыс қалдырамыз… Мінез қой­ға мінер қой торыда ғана болмайтын шығар. Ал жүйрікте өте-мөте тұлпар текті таланттар да мінездің кө­кесі болғанын көріп жүрміз… Ай­тайын дегенім, ұнатпаған нәрсе көр­се бетің-жүзің демей, сөйлеп тас­тайтын жазушы мінезі көп адам­ды тура қаратпай тастайтын.
Осыдан аттай жиырма жылдың алдында «Жұлдыз» журналының №12 санында Н.Қазыбекұлының «Біртүрлі адам» деген 20 беттен тұратын әңгімесі жарық көрді. Бас­ кейіпкері Еренжан Нұрбаев деген ақын және жазушы Досбол. Осы әңгімені оқып отырып, өзіме ете­не жақын, таныс өмірді көз ал­дыма келтірдім. Өте нанымды әрі шынайы. Еренжанның айтқан­дары Қожанасыр әпендінің сөзі секілді болғанымен, филосо­фия­лық ой толғамдары көп кездеседі. Өзегі сатираға толы, өткір мәсе­ле­лер сабақтасып жатыр. Мен қазір­дің өзінде Еренжан секілді үш ақынды күнде көріп жүрмін, тіпті анау бір ағамыз… сол Еренжанның өзі болуы әбден мүмкін. Досбол бол­са, жасырып жабар несі бар, ау­­маған Қазыбекұлы Нұрқа­сым­ның өзі. Шынында да бір түрлі адам­дар… Осы әдебиет, өнер деге­ніңіздің өзі сол тектес Біртүрлі адамдардың қолымен жасалатыны шындық. Олардың үні құ­мы­ғып шығып, үлесінен құр қа­лып жатса, ол оның біртүрлі бол­­­ған­ды­ғынан. Бұл әңгімесі өзіндік қол­таңбасы бар көлемді прозаның кө­сілген шебері екенін дәлелдеп тұр­ғандай. Еренжан секілді бір­түрлі адамды көре білген Нұрқа­сым­ның да жанында біртүрлі оқ­шаулық бар. Осы «біртүрлі адам» жазылғалы да ширек ғасыр болыпты, көтерген тақырыбы сол маңыз­дылығын жойған жоқ. Бүгінгі таң­дағы талантты жазушы Ерболат Әбікеннің «Пәтер іздеп жүр едік» деген әңгімесі сол өмірдің заң­ды жалғасы. Қазақ қалам­гер­лері­нің мұң-мұқтажы, көркем әде­­биеттегі бейнесі. Нұрқасым Қа­­зыбекұлы, Ерболат Әбікенұлы… болып жалғаса беретін секілді.
Жазушы Нұрқасым Қазы­бек­ұлы (қазірше мен қосып атайтындай атақ-дәрежесі, сыйлықтары, орден-медальдары болмай тұр. Ол­да болса, сол баяғы бір­түр­лі­лі­гі­нен шығар) көркем әдебиетімен қоса белгілі және белгісіз болып келген тарихи тұлғалар туралы қа­лам тартып, бүктелген беттердің қыр­тысын жазып қымбат мағлұ­мат­тар беріп кетті. «Шипагерлік баян» секілді теңдессіз тарихи энцик­лопедиялық кітапты мұра еткен Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы Қазақстанда бірінші болып, мәлімет беріп жұртты жаңа­лықпен шүйіншіледі. Бір кездегі Қа­зақстан Мұсылмандарының бас қа­зиы болған Садуақас Ғылма­ни­ды, одан өзге Құрманғали Халид, Халифа Алтай, Жабықбай Бұл­ғын­шыұлы, Бұқара Тыш­қан­баев се­кілді ондаған арыс­­­­­­­­тарымыз ту­ра­лы айтып та, жа­зып та кетті. Мі­не, сол бір ұлттың ұмыт болып ба­ра жатқан қайраткерлері жө­нінде «Тасада қалған тағ­дыр­лар» (Алматы, «Білім» баспасы, 2003 жыл) деген атпен әр адамның үс­те­лінде жататындай етіп жақсы кі­тап сыйлады.
Бір қызығы, басын бастауын бас­таса да, соңына шығып сорпасын ішер кезде сырт қалып сыр­ғанап кетіп жатады. «Менің тұзым жеңіл» деп отырушы еді жарықтық, сол рас шығар. Қажығұмар Шаб­данұлының «Қылмыс» романы­ның алғашқы насихатшысы, Өтей­бойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» тарихи мұра­сы­ның тұңғыш жариялаушысы бо­ла тұра көбінде аталмай қала бе­реді. Мұқағали Мақатаев өлең­дерінің жүйеленуі жөнінде қалам тарт­қан жанкүйерлігі ескеріл­мей­ді.
«Қазақстан-Заман», «Түр­кіс­тан» газеттерінің бетін парақтап оты­рып қарасақ, көрнекті жазушы Қалтай Мұхамеджанов аға­мыздың жанынан Нұр-ағаның ізін анық көреміз…
Нұрқасым Қазыбекұлының есте қаларлық ерекшеліктерінің бірі, алты алаштың баласын ала­ла­май бауырына тартатыны. Шы­ғыстағы Шыңжаң деп аталатын жер­дің Тянь-Шаньнан Алтайға дейінгі, Бұратоладан Боғдаға дейін­гі қалам ұстаған қазақтың осы елдегі еңбегінің жарық көруіне жанын салып, қол ұшын бергенін жақсы білеміз. Шыққан кітап­та­рына пікір жазып, жылт етері бол­са, жарыла қуанып жар салды. Осы күнде елдің үлкен азаматтарына айналған Дүкен Мәсім­хан­ұлы, Құл-Керім Елемес (өзім де со­ның ішіндемін) секілді ақын­дарға қолдаушылық танытқаны бүгінгідей көз алдымызда.
Жазушының «Мен туған үй» деген мемуар роман жазып жүр­генін жақсы білетін едік. Үзін­ділері «Жалын», «Қазақстан әйел­дері» журналына, «Түркістан» га­зетіне жарияланып жүрді. Кейін «Біз оралман емеспіз» деген атпен жа­рық көрді. Онда өткен ХХ ға­сырдағы Қытай-Қазақ  терри­тория­сындағы аумалы-төкпелі жағ­дай­дан сөз қозғайды. Ғасырға со­зыл­ған оқиғаларды қамтитын ро­ман өзегінде бізге беймәлім де­рек­тер, саясаттың қитұрқылығы, сай­қал сатқындар, обал-сауапты біл­мейтін мейірімсіз билік, қалт-құлт еткен қарапайым халық, тір­ліктің текетірес тентек мінез­дері, Қазыбек молданың әкелік парыздары, бала Нұрқасымның қалыптасуы… бәрі-бәрі бой көр­сетеді. Бұл кітапты оқыған адам осыдан ғасыр бұрынғы аумалы-төкпелі заманның бүге-шігесін жақсы білетін болады (ақын, пуб­лицист Жанарбек Әшімжанның аталарының бастан кешкен ер­лік­тері де сонда сөз болады). Қа­лам­герлікте қажырлы еңбек еткен, әдебиетте әдемі із қалдырған, елге ет­кен еңбегі ертеңге жетер жазу­шы­ның бірі осы кісі деп айта ала­мыз. Мүмкін бір мезгіл көмескі тар­тар, айтылмай тасада қалар… бірақ тіл, дін деп тәуелсіздікті мейлінше қастерлеп жазып өткен Нұрқасым ағаны саналы ұрпақ ар­хивтен аршып қажетіне жаратып отырары анық!

Дәулетбек Байтұрсынұлы,
ақын.

ПІКІР ҚОСУ