Тарихшы танымындағы қазақ
«Талайды өткердік, өткенге салауат, келешек ғажайып, келешек ғаламат! Ар-ождан, ана тіл, өнеге-салтымыз, ерлік те, елдік те ұрпаққа аманат!». Тұңғыш Әнұранымыздағы осы бір жолдар түсінген адамды біраз ойға жетелейді. Рас, тәуелсіздігімізді енді алған тұста өткенімізге салауат айтып, келешегімізге зор үмітпен қарадық. Тізгініміз өз қолымызға тиді, қазақтың айы оңынан туды деп қуандық. Алдымызда «ғажайып, ғаламат келешек» күтіп тұрғанына сенімді болдық. «Ана тіліміздің абыройы артады, салт-дәстүріміз қайта жанданады» деген үміт те мол еді. Арада 25 жыл өтті. Бүгін сол үміт жанды, сенім ақталды деп айта аламыз ба? Тарихшы ретінде бүгінгі қазақ пен бұрынғы қазақтың айырмасы неде деп ойлайсыз?
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Зиябек ҚАБЫЛДИНОВПЕН арадағы әңгіме осы төңіректе өрбіді. «Ширек ғасыр ішінде ұлтымызға тән ерлігіміз бен елдігімізді ұрпақ бойына сіңіру қолымыздан келді ме? Өткенін түгендеп, өшкенін қайта жандандыру үшін қазаққа бүгін не керек?» деген секілді бірқатар мәселелерге тарихшы көзімен қарап көрсек.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ
– Қазақ халқы тарихтың талай тосқауылдарын бастан өткерді. Құрып кетудің аз алдында қалса да, қайта тұрып, еңсе тіктеуге тырысты. Алайда, өзі төтеп берген талай сынның салдарымен әлі күнге дейін күресіп келе жатқан жайы бар. Ол аз болғандай, жаңалыққа талпынам деп даралығын ұмыт қалдырып бара жатқан бүгінгі ұрпақ бойындағы ұлттық рух пен ұлттық болмысты қайта жаңғырту жолында тарихшылар қандай еңбек сіңіре алады?
– Қазақ үш жүз жылға жуық бодандық қамытын киген, жетпіс жылдай кеңестік кезеңнің шырмауында шідерленіп отырған халық еді. Сол тұстары халқымыздың ежелден бері тұрмысына сіңісті болып кеткен әдет-ғұрпы феодалдық патриархалдық сарқыншақ қалдығы деп айыпталып, құртыла бастады. Елінің жоғын жоқтап, ішкі шерін мұңдаған, оқыған көзі ашық азаматтардың біртіндеп көзін жоюға көшті. Тоқырау жылдарынан кейін әлеуметтік дағдарыс қоғам өмірінің барлық салаларына батпандап кірді. Ұлттың күретамыры – ана тіліміздің жетімсіреп, өз жерінде өгейдің күйін кешуі, қазақ мектептерінің жабылуы, білім беру жүйесінің әлсіреуі, қазақ мәдениеті тынысының тарылуы, көп ғасырлық тарихымыздың бұрмаланып, бұлыңғыр күй кешуі, ата дәстүрінің ұмыт қалуы қазақ жастарының мәңгүрттенуіне әкеліп соқты. Кезінде жер әлемді тітіренткен бөрі байрақты түріктер ұрпағы айтарлықтай ұсақталды. Азғындық жайлаған қоғамның уын татқан аналардан, иммунитеті әлсіреген ұрпақтар дүниеге келіп жатты. «Мәңгүрттік» сана қанымызға мықтап сіңіп, ерімізді ез етті. Мағжан ақын айтқандай: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» болуы тиіс жастар орыстың арағын ішіп миы уланды. Дінге күшті шабуыл жасалды. Халық өзге ұлттардың теріс мінездерін қабылдай бастады. Тың игеру жылдары Қазақстанға бірнеше ұлт өкілдері келді. Олардың арасында қылмыскерлер, түрмеде отырғандардың теріс мінездері жергілікті халық бойына сөзсіз шымшымдап сіңе берді.
Рас, тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде ұлт тамырына қайта қан жүгіргендей болды. Егемендіктің аты егемендік. Дербес ел атанып, етегімізді жиып, бүтінделдік. Ұлттық құндылықтары тіріле бастаған халқымыз өз болмысын қайта жаңғыртуға тырысуда. Сегізінші сыныпқа арналған мектеп оқулығының авторы ретінде қазір мектеп оқулықтарында қазақтың байырғы болмысын қайта қалпына келтіруге әрекет жасалып жатқанын айтқым келеді. Мәселен, «Қазақ халқының ұлттық болмысы» деген параграфқа, «Далалықтардың мінез құлқы» деген бөлімше арнадым. Онда қазақ халқының мейірбан, қайырымды келетінін, адамгершілік пен ізгілікті ұстанатын текті халық екендігін нақты деректермен дәлелдеп көрдім. Ол үшін Француз саяхатшысы Ш.Е.Ужвальд де Мезе-Ковездтің: «Адамгершілік қасиеті жағынан қырғыздар (қазақтар) ақжарқын, аңқылдақ та ашық, көңілді, адал және өте қонақжай болып келеді» деген жазбаларын, орыс зерттеушісі С.Броневскийдің: «Қазақтар ағайын-туысқандарына өте қайырымды келеді, олар қолында барымен бөліседі, бір-біріне мейірімділік танытып, көмегін аямайды. Қонақты шақырылған және шақырылмаған деп бөлмейді. Үйіне келген кез келген адамды тамақтандырып жіберуді өздерінің міндеті санайды» деген ойын; сонымен қатар, американ дипломаты әрі саяхатшысы Скайлер Юджиннің: «Қазақты біле келе, оларды сүймеу, тіпті сыйламау мүмкін емес. Орта Азияда болғандардың бәрінің ойы «қазақтар өзге тайпалардың бәрінен артық» деген ортақ пікірге келіп табан тірейді…» деген деректерін жас ұрпақ назарына ұсына келе, олардың бойындағы ұлттық болмысымызды қайта жандандыруға үн қостым.
– Енді ЖОО-ларда «Қазіргі заман тарихы» оқытылады деген бастамаға тарихшы ретінде көзқарасыңыз қандай?
– Егемендік алғалы бері қазақтың тілі, ділі, діні, тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті, білім жүйесінде айтарлықтай оң өзгерістер орын алды. Бірақ үлкен олқылықтардың бірі: жоғары оқу орнында сақ дәуірінен басталып, ұлт-азаттық көтерілістермен, Алаш қозғалысы тарихымен жалғасатын ұлттық тарихымыздың сызылып тасталып, оқу курсына қазіргі заман тарихы дегенді енгізгені дұрыс деп ойламаймын? Білім және ғылым министрлігінің үш тілділікті енгізуі, қазақ тілін жою амалдарының бірі деген қоғам арасында қауіп те жоқ емес. Бұл өте өзекті мәселелер.
– Анығында тәуелсіз елдің тарихы қалай жазылуы керек еді? «Біз кім едік?» деген сауал қойып, ұлттық ерекшеліктеріміз бен дәстүрімізді жандандыруға тырыстық па? Шындығында тәуелсіздіктің қадірі біз үшін қандай?
– Қоғам өмірінің барлық салаларында жүргізілген реформалардың нәтижесінде оң өзгерістер орын алып, еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанымен, тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне толық жете алдық деп айта алмаймын. Кеңестік тоталитарлық жүйе санамызды уландырғаны соншалық, деколанизация, декоммунизация, отарсыздандыру үрдістері жүрген жоқ. Сондықтан осы бағытта біз көп жұмыс жасауымыз керек.
«Біз кім едік?» дегенге келсек, қазақ қашанда еркін халық болды. Бабаларымыз дәулетті, жаужүрек, төзімді, қонақжай, үлкенді сыйлайтын қасиетке ие еді. Олар намысты жоғары қоятын, ұят деген сөздің қадірін білетін. Осы қасиеттерді қазақ қайта жаңғырту керек. Алдымыздағы болатын «Экспо – 2017» көрмесінде бүкіл әлем басқа ұлттарды емес, қазақты көруге келеді. Сондықтан өзгелерге еліктемей қазақи қалыбымызды сақтағанымыз жөн.
Орта Азиядағы өзге төрт рес-публика ұлттық құндылықтарын жаңғыртуды ертерек қолға алды. Ал біз өзге ұлт өкілдерінің көптігінен «Ұлттар лабораториясына» айналдық. Егемендікті алмай тұрғанда елдегі қазақтың үлесі 40 пайызға жетер-жетпес еді. Қазіргі күні Ресей бізге ақпараттық, саяси, әскери және диаспора арқылы ықпал жасағысы келетіні жасырын емес. Тілімізге, білім жүйесіне, ғылымға ықпал етпек ниетпен бірігіп Қазақстан тарихы оқулығын жазайық деген ұсыныс та айтты. Тіпті енді Еуразиялық Одақ құрып, біріккен парламент, біріккен шекаралық күштер, біріккен ортақ валюта енгізейік деп жатқан жайы бар. Сондықтан Орта Азиядағы төрт республикамен салыстырғанда, біздің жағдайымыз күрделілеу болып тұр.
Ал еліміздегі еуропалық нәсілдер орыстар, орыстанып кеткен басқа ұлттар, оның ішінде кәрістер Қазақстанды өз Отаны ретінде сезіне алған жоқ. Әлі күнге қазақ тілін керек қылмай, орысша сөйлейді. Басқа жерден сыртқы күштер келіп референдум жасап жіберсе, олар Қазақтың егемендігіне қарсы шығып, басқа елге қазақтың жерін бөліп алып беруге дайын екендігіне көзім анық жетіп отыр! Бүгінгі таңда бір кездері Қазақстанға өте ауыр жағдайда келген кәріс ұлтының әлеуметтік жағдайы өте жақсы. Алайда, олар көбіне орысқа жақын, қазақтың мүддесіне қарсы сияқты көрінеді маған. Олардың бойынан елге құрмет, сүйіспеншілік сезімі байқалмайды. Өздеріңіз білесіздер, біресе Ресейге қосылайық дейді, біресе референдум жүргізбекші болады, біресе Украинаға барып сепаратистерді қолдайтын күштерге қосылады…
– Олардан өзі тұратын елге, жерге деген құрмет сезімі неліктен байқалмайды? Кінә кімнен?
– Біріншіден, ақпарат құралдары арқылы ұлттар арасына іріткі тудыратын ақпараттар күннен-күнге көбеюде. Екіншіден, бізде идеологиялық жұмыс дұрыс жүргізілмей жатыр. Үшіншіден, солтүстік, солтүстік-шығыс, орталық Қазақстанды қазақтарға толтыра алмадық. Бұл өңірлердегі қазақтардың үлес салмағы облыс орталықтарында 50 пайызға жеткен жоқ. Мәселен, Қызылжар қаласында қазақтар 28 пайызды құрайды. Осыны қалыпқа келтіруіміз керек.
Шынында неге өзге этнос өкілдерінің қазақ ұлтына, оның тіліне деген құрметі жоғары емес? Себебі, біз мықты, текті, білімді халық екенімізді басқа халықтардың алдында мойындата алмай келеміз. Ең кедей кім? Қазақ! Баспанасыз жүрген кім? Қазақ! Жалақысы аз кім? Қазақ! Ал түркі тілдес халықтардың тілі, ділі, салт-санасының ұқсастығы болар, қазаққа деген құрметі ерекше.
Біз бәрінен бұрын ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударуымыз қажет. Басқа ұлттарды былай қойғанда, қазақтың өзін өз егемендігіне қарсы қоятын, мәселен Соловьев тәрізді тележүргізушілердің бағдарламасын жарыққа шығаруға жол бермеуге тиіспіз.
– Қорыта айтқанда, бүгінгі қазақ қандай халық?
– Өкінішке қарай, биліктің саясаты мен ақпараттық жүйенің, идеологияның дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан қазақ қорқақ, жалтақ ұлтқа айналды. Намысшылдық, тектілік қасиеттерінен көпшілігі айрылды. Оның орнына екіжүзді, жағымпаз, айтқан сөзінде тұрмайтын суайт, бірін-бірі жалған мақтайтын арсыздау, өсек-аяңға жаны құмарлардың саны артып келеді. Қоғамда жемқорлық, ұрлық күшейген. Шенеуніктер болса Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында бірін-бірі құрметтеп, мемлекеттік ордендер алып жатыр. Осындай айтулы мерекеде ауыл жақтағы мықты мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбегі неге ескерілмейді? Шалғай елдегі орасан қарапайым халық орден мен атаққа лайық емес пе? Олардың атқарып жатқан жұмыстары таудай, алатын жалақысы қылдай! Теледидардан қарап отырсақ, барлық марапат премьер-министрге, депутаттарға, әкімдерге беріліп жатыр. Билік пен халықтың ортасы алшақтап кетті. Негізінде орден, медаль, атақ дегендер қарапайым еңбек адамына берілу керек емес пе? Министр, депуттардың жағдайы онсыз да жақсы. Олар мемлекеттің күтімінде. «Көйлектері көк, тамақтары тоқ», жалақылары жоғары. Жасыратыны жоқ Сенат, Мәжіліс депутаттарының, әкімдердің әйелдеріне, балаларына, нағашыларына, жиендерінің атына жазып қойған бизнестері бар.
– Дәл қазір қазаққа не керек деп ойлайсыз?
– Сонымен бірге, демография мәселесін дұрыс жолға қою керек. Бізде кәрі қыздар болмауы тиіс. Ол үшін шешендер мен татарлар тәрізді, басы бос қыздарды әлеуметтік жағдайы жақсы, ақылды, мықты азаматтарға екінші-үшінші әйелдікке берген дұрыс деп ойлаймын. Қарагөз қарындастарымыздың шетел азаматының етегінен ұстауына жол бермеуіміз, жетім балаларды шетелдіктерге сатпауымыз керек. Жетімін жылатпаған қазақ даласында жетімдер үйінің көбеюі де біз үшін қасірет.
Солтүстік, Солтүстік-шығыс Қазақстандағы қазақтар санын арттырмасақ, қазақтың үлесін көбейтпесек, қазақтың материалдық жағдайын жақсартпасақ ертеңгі күні біз егемендігімізден айырылып қаламыз. Себебі, үйсіз-күйсіз жүрген, жалақысы төмен, отбасы құруға шамасы келмеген, әлеуметтік жағдайы нашар, күйі қашқан қазақ Отанын қалай қорғамақ? Ал бүгін орден, медаль, атаққа ие болып жатқан қалтасы қалың, шетелде материалдық жағдайын жасап қойған шенеунік ертеңгі күні өзі де, баласы да Отанын қорғамайды. Мен оған кепілдік бере аламын!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айнара АШАН.