Балаларға арналған топтама
20.01.2017
2317
0

Бүгінгі таңда қоғамдық мә­се­леге айналған және көп ата-ана­ның сұранысына ие болған ахуалдың бірі – балалар әде­бие­ті. Балалардың таным көкжиегін арт­тыруға бағытталған қазақша кітаптардың аздығы мәлім. Осы орай­да «Ана тілім – алтын қа­зы­нам» жобасының аясында жуыр­да ғана жарық көрген, жа­сөс­пірімдерге арналған та­ным­дық жеті кітапшаны атап өт­ке­ні­міз жөн. Ортақ бір қаптамаға са­лынған жеті кітапшада жеті түр­лі тақырыпқа қатысты әр ­түр­лі атаулар жинақталған. Сөз­дік қоры жұтаңданып бара жат­қан бүлдіршіндерге ұлттық та­ным-түсінігімізден хабар бере­тін түрлі атаулар ұсынылып, әр­бір атауға қазақ, орыс және ағыл­шын тіл­дерінде анықтама бе­рілген. Оған қоса, әр атау жат­тау­ға оңай тақ­пақ­тармен, жаңылт­паш, жұм­бақтар арқылы беріліп, бала­лар­дың назарын аударарлық фо­­т­осуреттермен топтастырылыпты. Демек, кітапшаны ұста­ған бала лексикалық қорын байы­тып, шет тілдерінен қы­зық­ты сабақ алмақ.

«Қазына» баспасының аталмыш тартуы балаларды ғана ем­ес, ересектерді де таңғал­ды­ра­­­тыны хақ. Жинаққа топтас­ты­рылған кітапшалар «Жануа­р­лар», «Құстар», «Балықтар», «Жәндіктер», «Ағаштар», «Туыс­тар», «Менің денем» деп аталады. Қарап отырсаңыз, ішінен адам­ның санасы қызығатындай түр­лі мәліметтерді кездестіресіз. Мы­салы, «Туыстар» деген кі­тап­­шадан туыстық атаудың бірі қал­­май жазылыпты. Мұны оқы­­ған баланың тілі шұбар­лан­байтынына кәміл сенеміз. Сонымен бірге, түлкінің төлі жаутаң еке­нін, аналығын жәутік деп ата­латынын біріміз білсек, бі­рі­міз білмейміз. Балалардың ер­те­гілерден оқып, тамсана қа­рай­­тын жануары елік туралы мы­нандай өлең жолдарын ке­зік­тірдік:
Қалқиған қос құлақты,
Теңбіл түрі көрікті.
Мекен жері бұлақты,
Білемісің… (Елікті).
Қазіргі таңда журналистер ара­сында, яки әлеуметтік же­лі­лер­де балабақшада жатталатын тақпақтардың баланың тіліне ауырлығы көп қозғалып жүр. Тұ­сауы кеше ғана кесілген мына жи­нақта әлгіндей қиын­дық­тар­ды жолықтырмағандай бол­дық. Осыған дейінгі жарық көрген «Ол кім? Бұл не?» атты энцикло­педиясы, яки әлемнің сан ті­лін­де жарық көрген «Әлемде талай қы­зық бар» да мыңдаған балаға жұм­бақ әлемнің құпиясын ашып, қиялын дамыта түскені анық.
Бүгінде баланың көзқа­расына, қалыптасуына пай­далы дүниелерді кітап сө­ре­лерінен көп байқай бермейміз. Байқасақ та, көп бөлігі әлем елдерінен алынған аудармалар. Ол аудармалардан, әрине, ұлт­тық  таным мен түсінікті кез­дес­тіру қиын. Кейінгі уақытта атал­ған күрмеулі мәселенің түйі­ні шешілейін дегендей. «Қа­зына» баспасынан шыққан мы­нау жеті кітапша сөзіміздің ай­қын дәлелі.

Күлпархан Қабаева.

Талғар қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір