«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ГАЗЕТІНІҢ БҮГІНІ МЕН ЕРТЕҢІ
Қандай да болсын халық республикаға айналуы үшін ең әуелі публика кезеңінен өтуі керек. Бұл дегеніміз, халық ең алдымен, публика болып қалыптасу керек, әрбір мәдени құбылыс, қайсыбір қоғамдық жаңа идеяны біртұтас бұқара болып, публицистикада жабыла талқылап үйренуі керек деген сөз. Ағылшын Сомерсет Моэм кезекті мақаласында, француз жазушыларының бір-біріне телефон арқылы романдарын оқып және оны сағаттап, ежіктей отырып талдайтұғынын жазады. Қазақ әдебиетінде де көлемі кесектей романдар мен романға бергісіз поэмалар жазылып жатыр. Бірақ біздің аспанымыз мақтадан жасалған сияқты, дыбысты жұтады да, мелшиіп тұра береді. Атадан балаға рухани эстафетаны жалғап келе жатқан «Қазақ әдебиеті» газетінің де орман-оқырманы күрт селдіреп, сиреп қалуына не себеп? Аталмыш газеттің мектеп қабырғаларында қазақ әдебиеті сабағында көрнекілік ретінде қолданылмауы қалай? Газеттің «Проза», «Поэзия», «Ардың ісі» (сын) бөлімдерінен оқыған шығарма, өлең, мақалалардан алған әсерінен немесе түйсікке тиген «әттеген-ай»-лардың түрткісімен жазылған оқырманның бума-бума хаттары неге редакцияға жолданбайды қазір?
Осы сұрақтардың төңірегінде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған бекетіндегі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінен сөз сұраған едік.
Ләззат Қалбайқызы:
– Шындығына келгенде, мұғалім қуатын қағазға сарқып, шығармашылық потенциалы жоғары оқушылармен жұмыс жасауға мүмкіндік ала алмай отыр. Оқушылар арасында «Қазақ әдебиеті» газетінен бөлек, жалпы газет оқылмауының себебі, мұғалімдердің ішінде де ала қағазға шұқшиып отыратындары кемде-кем. Біз сабағымызға керекті ғана тақырыпты тауып, қиып аламыз. Болғаны –осы.
Қазіргі көркем әдебиет, әдеби газеттер оқымайтын балалардың тілі қысқарған үстіне қысқарып, телеграфтық үлгіге көшті. Бәлки, қысқалықты сүйетін мына дәуір қазақ әдебиетінде қысқаша жазудың қас шебері О Генри, А.П.Чехов сынды суреткерлерді туғызғалы тұрған шығар, кім білсін?!
Марат Нұрғалиұлы:
– Алаш арысы Х.Досмұхамедов: «Әдебиет тілінің қаруы – баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген адам шошынарлық сұмдық қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді. Мектеп пен баспаның тілі шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел. Бұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды», – деген. Көрдіңіз бе, қарапайым ғана мектеп қандай күшке ие екенін!? Сол мектептің жаны – ұстаз. Пайғамбарымыздың құдси хадистерінде: «Қоғамды өзгертуге қауқарлы екі адам бар: бірі – патша, екіншісі – ұстаз», – деуі тегін емес. Негізінде, көп дүние тікелей ұстазға байланысты. Талантты балалар жоқ емес, бар. Тек соны тану үшін мұғалімнің өзі аз-кем шығармашылық прогрестен хабардар болмағы мақұл. Дарынды балалардың көкірек көзін кең ашып, дұрыс жолға қойғанымыз ләзім. Бұл орайда, «Қазақ әдебиеті» газеті маусым сайын жорналшы болғысы келетін оқушылар арасында эссе сайысын, жазарман балаларға әңгіме жанрында байқау, ақындықтан үмітті жастарға мүшәйра ұйымдастырып, үздік туындыларды жоғарыдағы газетте жариялап, ұстазына бір жапырақ сертификат беріп отырса және көркемдігі төмен бола тұра жолданған шығармаларға редакциядан: «Сіздің шығармаңызды жариялай алмаймыз. Әлі де іздене түсіңіз», – деген сынды бірауыз жауап келсе, оқушы мен мұғалімнің, мұғалім мен редакцияның арасында көркем байланыс орнар еді.
Жадыра Қаржаубайқызы:
– XXI ғасырдың ең басты құндылығы – уақыт. Құндылықтар ауысқан мына заманда, газеттің қажырлы еңбегі ақпарат порталдарының жылдамдығына төтеп бере алмай қалғандай, тіпті. Оқушыларға сауал қоя қалсаң, санасынан бұрын саусағы іске кірісіп, «google» шешейден көмек сұрайды. Ақпарат қаншалықты оңай келген сайын, соншалықты тез ұмытылатынын білсе де, осылай жасайды. Т.Жұртбайдың: «Интернет ақпарат береді, ақпарат – білім емес. Интернет мағлұмат береді, мағлұмат – ғылым емес» дегені ақ сөз. Шауып келе жатқан аттың алдына қасқайып тұра қалсаң, таптап кетеді. Оны ырқыңа көндіру үшін атпен бірге біраз жер шауып, жайымен сулығынан тартып, өзіңе қажет бағытқа бұра бастайсың ғой. «Қазақ әдебиеті» газеті де заманның ағымына сай қозғалып-ақ келеді. Былтыр сайтты жаңалап, газеттің форматын кішірейтті. Ендігі сайттың құрылымын іш пыстырарлық, тым салтанатты қып құрмай, жасөспірімдердің сана призмасына салып, көз тартып, көңіл қызықтырарлық қылса және газеттегі мақала тақырыптарын ұғымға жеңілірек етіп алса, оқырман артады білем.
Кезекті қоңырау үні сылдырлап қоя берісімен, кең дәлізді бетке ұстап, аяғым аяғыма жұқпай сыртқа шықтым. Көп мүжілген көне жолмен өріп жүрген көк өгіздей өңкиген мәшинелер қаз қатар тізіліп тұра қалысыпты. Кенет, жолдың арғы бетін ала, әсем үлгіде салынған шағын мини-маркеттің атауына көзім сүрінді. «Тайга». Минөт-мезіретте санамды сұғанақ ой сапырып, есіме тайганы мекен ететін ақсусар дейтін аң сап ете қалмасы бар емес пе. Ақсусардың табиғатынан терісі аппақ болады және үстіне кір жұқтырмайды. Түгі бүлініп, қылшығы қисайғанның орнына өлгенді артық санайды. Аңшылар оның сол мінезін пайдаланып, батпаққа қамап барып ұстайды екен. Денесіне кір жұқтырмау үшін аңшылардың қолына өзі барып түсетін көрінеді. Жаратушы Ием жан-жануар атаулыны дүниеге әкелгенде, әрқайсысына жан сақтайтын, қауіп-қатерден құтылатын, тірлікке қажетті бір қасиет сыйлаған ғой. Жүзден бұрын жүзік көзге түскен заманда адамзат арының айнасы іспетті, ақсусар қасиетті «асыл сөзіміздің» жан-айқайын есіту үшін мына қоғамға қанша құлақ жапсырсақ екен?
Ғабит НҰСҚАБАЙ,
Қ.А.Иассауи атындағы ХҚТУ-дың филология факультетінің IV курс студенті
ПІКІРЛЕР1