«Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығына арналған салтанатты шара өтті
13.01.2024
2050
1

Биыл қазақ руханиятының қара шаңырағы «Қазақ әдебиеті» газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай Алматы қаласындағы «Достық» үйінде салтанатты шара өтті. Айта кетейік, қазақ руханияты мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан басылым 1934 жылы 10 қаңтардан бастап оқырманға жол тартқан болатын.

Басылымның мерейтойына арналған шараның шымылдығы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзімен ашылды. Министр ғасырға жуық тарихы бар басылымды мерейтойымен құттықтай келе, көпшілікке Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.

«Сіздерді «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

Бұл – ұлт баспасөзінің айтулы белесі. Ғасырға жуық уақыт ішінде газет қалың оқырманы бар беделді басылым ретінде қалыптасып, төл тарихымыздың жаршысына айналды. Алғашқы сандары «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!» деген ұран сөзбен жарық көрген апталық әрдайым осы үдеден шыға білді. Басылым ұлттық құндылықтарды, қазақ қаламгерлерінің туындыларын кеңінен дәріптеп, руханиятымыздың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді.

Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов сынды арыстарымыз негізін қалаған «Қазақ әдебиетінде» біртуар тұлғаларымыздың қолтаңбасы қалған. Газет бетінде әрдайым елдік мәселелер көтеріліп, ұлт болашағына қатысты салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады.

Төл әдебиетіміздің алтын дәуірін қалыптастыруға зор еңбек сіңірген апталық алдағы уақытта да өзіне жүктелген мәртебелі міндетті мінсіз атқара береді деп сенемін», — делінген ҚР Президентінің құттықтауында. Сондай-ақ, Аида Балаева газет ұжымына Мемлекет басшысының арнайы сыйлығы ретінде автокөлік кілтін табыстады.

Салтанатты шара барысында «Қазақ әдебиеті» газетінің мерейтойына орай тәуелсіз еліміздің өркендеуі мен дамуы жолында қосып келе жатқан абыройлы қызметі үшін «Еңбек ардагері» медалімен газетте қызмет еткен зейнеткер журналистер – Исраил Сапарбай, Әмірхан Меңдекеев, Қайырбек Асанов, Жұмабай Шаштайұлы, Әлия Бөпежанова, Еркін Жаппасұлы, Гүлжамал Темиреева марапатталды. Сондай-ақ, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен газет тілшісі Мөлдір Райымбек марапатталса, министрдің алғыс хатымен газетте суретші-дизайнер болып қызмет еткен зейнеткер Төлеген Ильяшев, «Қазақ газеттері» серіктестігі Бас директорының кеңесшісі Жүсіпбек Қорғасбек, «Рамазан Групп» компаниясы басшысының кеңесшісі Думан Рамазан, «Қазақ әдебеті» газетінде 24 жыл корректор болып еңбек еткен Кенжехан Нүсіпова, республикалық қоғамдық және діни-танымдық «Дүрбі» газетінде беттеуші-дизайнері Елубек Базарбеков және «Қазақ әдебиеті» газетінің дизайнерлері Данияр Қабаев пен Марат Тұрсынов марапатталды.

               

Гауһар Түстікбаева, «Қазақ газеттері»

Суреттерді түсірген-Юрий Беккер

ПІКІРЛЕР1
Аноним 14.01.2024 | 12:11

Бұл министр 2010-2014 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары болған. Сол кезде ол Астана қаласының тіл дамыту басқармасында, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында атқарушы болып жүрген жемқор Ербол Тілешовтың жымысқы әрекеттеріне көз жұма қараған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір