Мәңгілік Ел – қазақтың асыл мұраты
02.12.2016
1144
0

Азат ел болдық. «Көрпемізге қарай көсілетін» еркін өмірге  қол жеткіздік. Қазақ деп кеуде қағып, марқаятын шағымыз да, бұл. Бірақ біз азатпыз ба? – деген сауал кесе-көлденең алдыңды орайтыны бар. Әлде біз азаттықтың қадір-қасиетін сезіне алмай жүрміз бе екен?! Өзге емес, өз қандасың өз ана тілін шұбарласа, кімге шағымыңды айтарсың. Құлдық санадан әлі де ішкі жан дүниеміз түбегейлі  арылып болмағандай көрінеді. Менің ойыма бір оқиға оралып отыр. Бұл биыл Бурабайдың әсем табиғат аясында Қытайдан қонаққа келген қандас жазушы Көбен Асқарұлымен болған арадағы әңгіме еді.

Жазушымен емен-жарқын әң­гіме азаттық жайлы өрбіді. Сонда ол:  «Қазақ елі алғаш тәу­ел­сіздік алғанда екі адамның ер­екше қуанып, толқыныста бол­ғанын көрдім», – деді. Бірі, әрине, әкесі екен. Тоқсанның тұ­ғырына жетіп қалған әкесі өзінің басынан өткен қиын-қыстау күндерге шолу жасайды. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болудың» жай-жапсарын айтады. «Көңілім менің көк дөнен дегендей қазақтың бөлек ел болған қуанышын барып көрмесем де, көңілім барып қайт­қандай екен» деп толғаныпты қайран ақсақал.
Асқар Татанайұлы деген ол адам алаш танитын ірі тұлға екен. Кезінде  алашордалық қайраткер­лер­ге де пана болып, қамқорлық қолын ұсыныпты. Қытайдағы «мәдени төңкеріс» жылдары  әде­биет атаулыны өртеп, жаққанда ол  200-ге тарта жыр-дастанды қайтыс болған жұбайының қа­бі­ріне көміп, сақтаған екен. Шо­лақ белсенділер қабырғасын сын­дырып,  он жыл бойы тепкі көр­сетсе де, кітаптарды жасырған жерін айтпаған.
Отызыншы жылдары Шәкә­рім ұсталып, оның баласы ақын қолжазбаларын Үрімжіде Кәрім Дүйсебаев  деген адамға  береді. Ал Кәрім Дүйсебаев Асқар Та­та­най­ұлының  ұстазы болып шық­ты. Өзі ұсталар алдында бар қол­­жазбаны  шәкірті Асқар Та­танай­ұ­лына табыстайды. Өзге ел­де тепкі көрген қазақтың бір да­насы қуанса, қуанғандай екен.
…Әкесі еске түскесін бе, мұ­-
ң­айып өткен күндерді еске алған қаламгер Абылай  алаңында те­рең бір дем алып, сол ақ түйенің қар­ны жарылған күнгі екінші қуан­ған адам жайлы әңгімесін жал­ғады.
– Өзім қызмет ететін редак­цияға келсем,  жиналыс  өткізейік деп жатыр екен. Мені әріптес досым Ғалымбекке жіберген еді.  Неге жұмысқа шықпады деп ой­ладық. Үйіне барсам,  ағыл-тегіл жы­лап отыр екен. Себебін сұра­дым. Ол өзінің жиырма жыл өмірін түрмеде өткізіп, қиындық­ты да бастан өткеріп, артынан ағаттық кетті деп темір тордан босатқанын айтты.
Сосын: «Отбасылы болып, қыз­метке де қол жеткіздім. Мен бә­рін ұмытайын-ақ деймін. Бірақ бір оқиғаны ұмыта алмаймын», – деді Ғалымбек.
Одан әрі ол өз басынан өткен мына жайды жайып салды.  Бір күні дүкенге келсе, адамның қа­лың кезегі бар екен.  Өзі қалжың­дасып жүретін моңғолды ту сыртынан келіп, итеріп жібереді. Омақаса құлаған моңғол орнынан тұрып жатқанда: «Жаман моңғол сен де қазақтан ілгері кезекке тұратын болғансың ба?» деп күстәналайды. Сонда ол: «Әй, Ғалымбек, сен зиялы адам емес пе едің. Мен төбеме бес жыл шәй қайнатқан моңғол болсам да, менің жеке мемлекетім бар. Сенің ше?» дегенде Ғалымбектің жанарына жас тығылып, ұяттан жерге кіріп кете алмай, кезектің ең соңына барып тұрған екен.
Қазақ елі азаттық алған күні сол моңғол Ғалымбекті тауып алып: «Бүгін сен менімен теңел­дің», – депті. Ғалымбек осы оқи­ға­ны айтты да, өзінің ата жұрты жеке ел болғанына масаттанып,  қуа­нып отырғанын жеткізеді.
«Жырақта жүрсек те, ел деп ел­жіре­ген жүректерде  сағыныш­тың  лүпілі үздіксіз соғатынын білсең ғой. Мені қартайған ша­ғым­да азат елдегі Абылайдың ақ ордасын көруге деген құштарлық жетелеп әкелді осында» деген еді сөзінің соңында қандас қаламгер Көбен Асқарұлы.
Мен осы оқиғаны жиі еске алатын болдым. Бұл азаттық біз­ге оңайлықпен келмеген-ау деп  ой түйдім. Тарихтың қатпар-қатпар қабаттарына зер салғым келді. Биылғы Қазақ хандығының құрылуының мерейлі жылы көк түрікті ел етемін деп жанталасқан қағандар мен хандар жайлы да сыр тартпаққа ниеттендім.
Шынында да, Көк түріктің көк байрағын желбіреткен Білге мен Күлтегін қағандардың  қыран құстай қанаттарын қомдап, шыр­қау биікке ұмтылғандағы асыл армандары не еді? Осы бір тарих тағылымынан сыр шертетін  са­уал әлі күнге барша алаш жұртын мазалаумен келеді. Тарихтың тереңіне зер салып, тұңғиықта жатқан сырларды ақтарғымыз-ақ келеді-ау. Бірақ Күлтегіннен жеткен тарих бертінде басқаның мұрағатында шаң басып, сөре­лерде қалып жатқанын несіне жасырамыз. Білге мен Күлтегін­дей қағандардың ақылшысы болған Тоныкөк бабамыз қандай дана болған деген ой келеді. Бар тарихты тасқа қашатып, кейінгі ұрпағына қалдырған да сол емес пе?!
«Мен бай халыққа хан болып отырмадым. Ішінде тамағы, сыртында киімі жоқ, аянышты, тө­мен халыққа хан болып отырдым. Сонша құрап, біріккен ха­лықтарды от пен су етпедім, олар­мен тіл табысуға ұмтылдым. Адал халқы мен адал қоғамдар бар жерде мен жақсылықтар жасадым» деп артына ұлағат сөз қал­дырған Білге қаған ел-жұрты­ның азат  болуын қаламады дей­сіз бе?! Аттың жалын тартып мі­ніп, үкілі найза ұстаған сол ба­ба­лар бүгінгі алашының қан­дай ел болғанын көрсе, қайтер еді.
«Түн ұйықтамадым, күндіз отыр­мадым» дейтін сөзді айтқан асыл бабалар бодандық қамытын киген елінің азаттық алып, Нұрсұлтандай бір ұрпағының қаған тағына отырып, жұртын өрге сүйрегеніне бір марқаймас па еді, шіркін!
Тарихта Білге қағандық құр­ған кезде жиырма жыл бейбітші­лік орнады дейтін деректер кез­деседі. Ағайынды Білге мен Күл­тегіндер басқаның жерін жау­лауды көксеген емес. Өз елін аман сақтауды ғана мақсат мүдде еткен сияқты көрінеді. Бұл бертінгі алаш хандарының дені ұстанған саясат екенін де жоққа шығармасақ керек.
Бүгінде біз мерейлі шежірелі оқиғаны атап өтетін – Қазақ хандығының құрылуы  астарында да Білге мен Күлтегін салған даңғыл жол сайрап жатыр. Се­бебі, Күлтегін мықты батыр, жау­­жүрек адам болған. Бірақ ел мүддесін бәрінен биік қойған ол өзінің ағасы Білгені қаған тағына отырғызды.
Ал Керей мен Жәнібек ше? Тағы да тарихтың тағдыр жолы қайталанады. Жәнібек сұлтан өзінің ақылды, көреген хан бола алатынын білсе де, жеке бастың қамын алдыңғы орынға қойған жоқ. Ағасы Керейді алғашқы қазақ ханы етіп мерейін өсірді.
Демек, сонау сақ пен ғұннан басталатын шежіре жолда ел тізгінін ұстаған қағандар да, хандар да түнде ұйқы көрмей, күндіз күлкі көрмей, қызыл қандары төгіліп, қара терлері сөгілгенінің астарында азат та, мәңгі тыныш ел болу мақсаты жатқанын кө­реміз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәң­гілік Ел» идеясының хандар мүддесімен үндес келетіні де содан ба деп қаласың.
Мәңгілік ештеңе болмайтынын айтып, пікір қосатындар да жоқ емес. Бірақ қағандар мен хандардың «мәңгілік» жайлы ұғымы философиялық категория. Мұның ислами астардан да бөлек екенін  айтқан жөн. Иә, мәңгілік ештеңе жоқ, оны бір Алла ғана біледі.  Дегенмен, қа­зақ өркениетінде ауызға алынып жүрген «Мәңгілік Ел» идеясы  ғасырлар бойы  өмірлері жаугер­шілікте өткен алаш жұртының  тыныш дүние кешуді үкілі үміт еткен бағзы заман арнасынан нәр алатындығында болса керек. Бұл қарапайым екі адамның «мәңгіге дос болайық» дейтін серттесуі тәрізді нәрсе. Өле-өлгенше дос болып қалуды қалайтындардың  қол алысуы іспеттес. Ендеше, мәңгілік ел деген ұғым да  бұл тір­лік бітіп, дәм-тұз таусылғанша елдігімізді биікке көтеріп, азат күн кешейік дейтін асқақ сезімге барып ұласады.
Түсінген адамға бұл кәдуілгі шексіздік әлем философиясы. «Мәңгілік Ел» идеясының басты нышаны да – шексіздік символикасы арқылы бейнеленеді. Бұл нақыш қайдан алынды деген сауал мені де ойландырғаны бар. Оның жауабына жақында ғана қанықтым. Жергілікті тарихи-өлкетану музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Алма Құнанбаева Қорғалжын жерінде табылған белгісіз бір адамның қабіріндегі бітіктастардың бірінде жаңағы шексіздік нышаны нақыш­тал­ғанын айтты.
Бұл қарапайым адамның қабірі емес. Ел билеген тұлғаның ке­сенесі сияқты. Жергілікті ға­лым­дар Жәнібек ханның моласы емес пе деген ой айтып отыр. Себе­бі, осы Қорғалжын жерінде Жәнібек-Шалқар, Керей және Сұлтанкелді деген көл аттары бар екен. Қазақ жер-суға жайдан-жай  ат қоя салмаған. Астарына үңілсек, жаңағы болжам дөп шығатындай. Бірақ бұл болжам ғана екені рас. Қазір жаңағы шек­сіздік нышаны бейнеленген тас  еліміздің тарихи зерттеу институттарына жолданған көрінеді.
Бір атап өтерлігі, бұл кесене Жәнібек-Шалқар көлінің оң­түстік жағалауында орын тепкен. Қорғалжын ауылынан он шақты шақырымдағы бұл қабір кесенені кезінде аңшылар кездейсоқ тапқан екен. Қабырғалары құлап, әбден мүжілген кесене күйдіріл­ген кірпіштен тұрғызылған. Ал кірпіш қабырға шынылы қалың қабатты жасыл тастармен қап­талған. Онда әр түрлі бедерлер нақышталған. Шексіздік нышаны да осы бітіктастардан көрініс табады.
Қазір зерттеп жатқан археолог ғалымдар кесене құрылысын­дағы бедертастардың Алтын Орда­ның астанасы – Сарайшық пен Әмір Темірдің елордасы – Самарқандта да қолданылғанын айтады.
Сонымен бірге, мұндай  тас бедерлер Қорғалжыннан екі жүз шақырым  жерде орналасқан Ұлытаудағы Жошы хан  мен Алаша хан кесенелерінен де табылыпты. Демек, бұл алаш хандары­ның көксеген асыл армандарына саятын символдық нышан емес пе деген де ой келеді.
«Көп қан төгілді, мен төкпе­сем, дұшпан менің қанымды төгетін еді. Халық жер емшегін еме алмады, қала кент сала алмадым. Елдің басы бірікпеді, тен­тегі-тебісі көп болды» деген хан Абылай  да үш арманына жете алмай кете барды. Қай қаған, қай хан алашын азат ел ете алды. Бұл бақыт Нұрсұлтан Назарбаевқа бұйырған екен.
Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың  «Мәңгілік Елі» өз арнасын бағзыдан алатыны тегіннен-тегін болмаса керек. Тоныкөк бабамыздың қабірінде жазылған: «Түрік жұртының мұраты – мәңгілік ел» деген сөз жаңаша сипатта  жаңғырып жатқаны жақсылықтың нышаны. Сосын да оның миссиясы хандар ұстанымымен үндес ке­ліп, мақсат-мүддесі де жаңа заманның лебі болып еседі.
Ол – азат елдегі бірлік пен татулықты сақтау. «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деп  ынтымағы жарасқан елін көргісі келетіні әр қазақ үшін жанына жат ұғым болмайтыны тағы бар.
Білге мен Күлтегін қағандар өз үндеу сөздерін тасқа қашатып мұра етіп қалдырды. Керей мен Жәнібек те сайын далаға үстемдік етіп, қазақ деген халықтың болашағына сара жол салды. Ал Нұрсұлтан ше?
Ғасырлар тылсымымен үндес­кен тарихтың даңғыл соқпағын бір биік межеге жеткізді. Қазақ деген мемлекеттің ұлан-ғайыр өлкесін белгілеп тұрған шекарасын нықтап берді. Қағандар мен хандар қару ұстап, қызғыштай қорғаған ел берік қолға тапсырылды. Бұл қазақтың көшін алға сүйреген Нұрсұлтан Назарбаев есімімен айшықталады.
Біз бүгінгі азат елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтуымыз қажет. Бұл бабалар қанымен келген хандардың асыл арманымен жалғасып, қара халықтың тіле­гіне жалғасқан жаңа күн. Білге қаған айтпақшы: «Басы барлар­дың басын игізіп, тізесі барлар­дың тізесін бүктірген» кім де­сеңіз, ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Шынында да, елдің аман­ды­ғынан асқан ештеңе жоқ екен. Азаттығымыз ұзақ, алашымыз аман болғай!

Бақыт СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Ақпарат саласының үздігі.
Ақмола облысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір