ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ және СОҒЫС
Өткен ғасырдың 60-80 жылдары қазақ әдебиеті, нақтылап айтқанда, қазақ прозасы тақырыптық ауқымдылығымен, идеялық тың ізденістерімен ерекшеленіп, көркемдік-шығармашылық жағынан да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгендіктен «алтынмен зерленген» тамаша кезең болғаны белгілі. Дәл сол аралықта қалыптасқан кез келген әдеби жанрлардың қай-қайсысын алсаңыз да, бүгінгі күні «жаһандану» дәуірінің табалдырығына жақындаған тұста қазаққа ғана тән ұлттық құндылықтарымызды қалайда сақтап қалсам деген өрелі қазақ ұрпағының ұлан-ғайыр рухани мұрасы.
Ұлттық әдебиетіміздің прозалық шағын жанры әңгіме екені белгілі. Көлемі шағын болғанымен, тартымды сюжетке, типологиялық кейіпкерді айшықты бейнелеуге құрылған әрі әлеуметтік тұрғыдан салмағы мол әңгімелер өз деңгейі жағынан ірі әдеби жанрлардан кем түспеуі үшін автордан үлкен жауапкершілік, терең ойлылық және биік талғампаздықты талап етері анық.
Әрине, осы ретте өз тақырыбымен, өзінің ойлы ізденімпаздығымен, өзіне ғана тән стилімен қазақ әңгімесіне жаңаша леп әкелген талантты жазушы Сайын Мұратбеков еске түседі. Сайын қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезовтің «жыл келгендей жаңалық сезініп», шығармашылық шеберліктерін сүйсіне бағалап, жазушылық келешегінен мол үміт күттірген талантты жас қаламгерлердің бірі болды. Оның «Менің қарындасым», «Райгүл», «Қылау», «Алғашқы қар» және т.б. әңгімелері басылым беттерінде жария болысымен-ақ, қалың оқырманның жүрегіне жол тауып, жан-дүниесін сырлы сезімге, жылы шуаққа бөлеген болатын.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ ауылының тұрмысы, соғыс тауқыметінің қиыншылығы, күнделікті көріп жүрген адамдардың күйініш-сүйініші мен қайғы-қасіреті жайында жазылған туындының бірі – «Жеңеше». Әңгіменің басты кейіпкері – Қамар, ал осы әңгіменің баяндаушысы – Шойқара (оның атынан әңгімелеуші – автор).
«Біздің колхоздың бойдақ малы Аяққұмды қыстайды.
Бұл – аудан орталығынан жүз елу километрдей қашықта жатқан құмды өңір. Бірақ құм дегенге тақырайған шағыл құмдар емес, сексеуіл, жүзген, еркек шөп өскен біркелкі құба жалдар. Жазға салым қоңыр бұйра мүк басқанда осы жалдар – күншуақтап бұйыққан жас қозыларға ұқсайды» /С.Мұратбеков. – Шығармаларының екі томдығы. – Алматы, Жазушы, 1986, 1т., 178 б./. Осылайша басталған шығарма, әп дегенде-ақ,үлкен шеберлікпен дәл, әрі шынайы суреттелген табиғат көрінісін көзалдыңызға елестетеді.
Сезімтал, жаны жақсылыққа құштар автордың «Жеңешесінде» кейіпкерлері мен оларды қоршаған орта табиғат арасында үндесе үйлескен байланысты байқайсыз. Шығармасының кейіпкерлері өздерін қоршаған табиғаттың төл перзенті болғандықтан, олардың бітім-болмысын, мінез-құлқын, психологиялық көңіл-күйін табиғатпен астастыра, сабақтастыра суреттеу арқылы таныта білу жазушы шығармашылығының өзіндік ерекшелігі болып табылатыны айқын.
Әр жердің өз атауы болады. Мәселен, сөз болып отырған қыстау Жылыбұлақ деп аталады. Себебі, аязды да суық қыс айларының өзінде бұл жерде буы бұрқырап, «көмейіне күлкі тығылған сияқты бүлк-бүлк етіп қайнап жатқан мөлдір бұлақ бар». Ол жұрттың бәріне аян.
«Бірде жер астында барлау жұмыстарын жүргізген бір экспедиция: осы арада жерасты теңізінің кіндігі бар екен дегенді айтыпты. Шынында да Жылыбұлақ теңізге кіндік болса болар. Кейбір бұлақтарға жүз қара мал кеп, бірден бас қойғанда тақыл-тұқыл боп тартылып қалатыны бар, ал Жылыбұлақ әлденеше жүз мал – тек тұмсықтары сыйысып тұрса болды – айнала жапырлап кеп бас қойғанда да ол қың етпейді» /сонда, 179 б./.
Бұдан әрі осы Жылыбұлақтың суын ерекше аңсайтын екі адам бар: бірі аға шопан Мақсұт ақсақал болса, екіншісі – түнгі күзетші, жесір әйел – Қамар екендігі баяндалады. Автор қазақ үшін шай ішудің бір рахат сәт екендігін оқырманды иландыра, қызықтыра сипаттайды. Мақсұттың кемпірі – Салиха шай ішуді жақтырмайды, оның себебі: соғыс жылдарында шай мүлдем жоғалып, көңілі әбден суып кеткендіктен, ол соғыс біткенде де оны ішпеуді әдет етіп кеткен екен.
Балалық дәурені қазақы ауылда өткен адам үшін мына бір көрініс өте таныс болса керек: «Міне, дастархан жасалып, буы бұрқыраған сары самаурын ысқыра демігіп ортаға келді. Сол сәтте-ақ қаймақ қатқан қызыл күрең шайдың хош иісі бұрқ ете түсті. Бүкіл киіз үйдің іші көзге көрінбес, тек жүрекпен сезінер әсемдікке бөленеді. Тамаша бір шақ қой бұл!» /180 б./. Жылыбұлақтың суын қайнатып, шайын ішкенше Мақсұт шал ешкімді, ештеңені жақтырмайтындай, қабағы түсіп отырады да, ал екі-үш шыны аяқ шай ішкеннен кейін маңдайы жіпсіп, терісі кеңи бастайды. Сонсоң әңгіме тиегі ағытылады.
…Өткен өмірі жайлы ұзақ әңгімеге кіріскен Мақсұт шалға Салиха: «жә, қойшы әрі, не болса соны айтпай» десе де, ол әңгімесін одан әрі жалғастыра отырып: «Білсін, біздің қандай ауыр азаптарды бастан кешіргенімізді. Мынау Қамарға, мынау Шойқараға қараң өшкір сол заман қорқынышты ертегі емес пе. Бұлардың қазіргі бақытты заманына не жетсін, шіркін!», – дейді /180 б./.
Жалпы, бір айта кететін жайт: әңгіменің жас жігіт Шойқараның атынан бірінші жақта баяндалуы – біріншіден, «Жеңеше» әңгімесіне лирикалық сипат берсе, екінші жағынан, әңгіменің әлеуметтік салмағын арттырған. С.Мұратбеков өз туындысын «мен» арқылы тек лирикалық нақышпен ғана емес, сондай-ақ, табиғаттың сұлулығын, жомарттығын, адам өмірі үшін қаншалықты қажет екендігін әсерлі тілмен айшықтай отырып, психологиялық пейзаж сипаттарымен байыта түсіп, биік көркемдікке жеткізген. Автордың бірқатар әңгімелерінің көркем шығарма дәрежесіне көтерілуінің сыры олардың ұшқыр ойлы фәлсапаға, биік адамгершілікке, шынайылыққа, әсерлі де шуақты сезімге негізделгенінде болса керек.
Аяққұмда қыстайтын қойға ие – үш адам. Мақсұт ақсақал мен Шойқара қойды кезектесіп, әрқайсысы екі күннен бағады. Ал түнгі күзет Қамар жеңгейдің үлесінде. Шойқараның қолы сәл босаса, бас алмай кітап оқиды. Ол бұны әдетке айналдырған.
Бірде Шойқара түні бойы қой күзеткен Қамар жеңгей алаңсыз ұйықтасын деп ойлап, жылы киініп, сыртқа шыққан. Кенет үй ішінен естілген күңгір-күңгір сөзден Қамар жеңгейдің даусын танып, ол үйге кірсе ұйықтап жатыр деп ойлаған жеңгейі төсек үстінде отыр. Қолында әбден сарғайып тозған күйеуінің ескі суреті. Соғысқа аттанған күйеуіне өзінің өкпе-назын айтып отырады.
« – Мен бейбақты ғой, жападан-жалғыз тастап кеттің. Күт мені, келемін деп аттандың ғой. Келгенің кәне. Сарғайып әлі отырмын. Жолыңа қарай-қарай екі көзім төрт болды, не өлі, не тірі деген хабарың жоқ… Қолы сәл дір-дір етті» /183 б./.
Қамардың жарына деген сағынышы, тағдырына деген өкпе-наласы, оның ішкі толғанысы келтірілген үзінді-ішкі монолог арқылы жеңгейдің күйін көзімен көріп, көңілімен түйсінген Шойқараға қатты әсер етеді. Ол іштей Қамармен бірге қиналады, оны аяйды. Әйелдің сол сәттегі психологиялық жай-күйін оның қолындағы ескі сурет, қолдарының дірілі сияқты көркем детальдар айшықтаған.
Қамардың еске салуымен Шойқара бір сәтке соғыс кезіне тұспа-тұс келген балалық шағын еске алады. Өзі туралы, расында, маған қай уақыттан бастап «ес кірді» деп ойлайды бала кейіпкер. Күн суық, далада жел соғып тұрды. Терезе алдына шығып, апасының жұмыстан оралуын күтіп отырдым дейді ол. Сонда қарным қатты ашып, бетімді терезеге басып жылағанымда маған «ес кірді» дейді бала.
Жоқшылық адамды ерте есейтеді. Осындай бір жүдеп, құлазып отырған сәтте үйге Қамар жеңгей кіреді. «Жыламаңдар, балапандарым. Апаларың қазір келеді», – деп жылауын қоймаған балаларды өз үйіне ертіп апарған. Сөйтіп, үйінде қалған жарты таба нанды бөліп берген. Нанды қомағайлана асаған балаларға әуелде күлген, сонсоң бойын аяныш сезімі билеп, мұңайып отырып қалған. Сол күні жеңгейдің шай қайнатып, тұз салып, құр қара су ішкені де есінде Шойқараның.
Шешелері таңның атысынан күннің батысына дейін колхоздың жұмысында жүреді, ал Қамар жеңгей бес балаға ие болады. Өзінің тамағы мен нанын балаларға берді. Іш тартқан адамды бала жақсы сезеді. «Біз сенің үйіңе өзіміздің үйіміздей еркін кіретінбіз. Сенің жұмыстан әбден шаршап, қалжырап қайтқан кезің, я жайнаңдаған қуанышты шағың менің көз алдымда болушы еді.
Сол жылы қыста станциядан шанамен колхоздан астық тарттың. Бірде ат құлағы көрінбес алай-дүлей боранда оралдың. Аяғыңда тар етік еді. Келген бойда шешпек болдың, бірақ мұз болып қатып қалған етік шешілмеді. Ақырында, апам етікті пышақпен тіліп, әзер дегенде шешті…» /184-185 б.б./.
Тылдағы адамдардың, оның ішінде, әйелдердің, жасөспірім балалардың да күнделікті өмірі қаһармандыққа тең ауыр еңбек пен қайғы-қасіретке толы болады, тіпті бір адамның бір күндік өмірінде осы екі жағдай кезектесе алмасып жатады. Әңгімені оқи отырып, ауылдағы еңбек адамдарының шыдамдылығына, өзара адами шынайы қарым-қатынастарына қарап тәнті боласың. Шығармада баяндалған әр алуан өмір құбылыстары, кейіпкерлердің іштей есеюі, ақыл толтыруы, олардың мінез-құлықтарының өрістеп өзгеруі «Жеңешеде» айқын көрініс тапқан.
Қайбір күні пошташы қыз үшбұрыш хатты көрсетіп: «Сүйінші, Қамар! Биле!», – деп айғайлағанда қуанып кеткен Қамар аяғына оралған көрпені жұлып тастап, тыпырлап билей берген-ді. Бұл жарының ең соңғы жазған хаты болса керек. Соғыс бітіп, аман қалған ер-азаматтар біртіндеп елге қайта бастайды. Майданға оның күйеуімен бірге аттанған Балташтың айтуына қарағанда жеңгейдің күйеуі ұрыс кезінде аз ғана топпен жау қоршауында қалып қойыпты. Қамар болса әлденеге емексіп, ертеңінен үміт күтіп, күйеуін әлі күнге тосады.
Бірде Шойқара мазасы болмай ауырып жүрген Қамар мен апасының екеуара сөзіне куә болады:
« – Турасын айтсам ренжіме, – деді апам.
– Жоға, неге ренжиін.
– Ендеше, тілді алсаң, күйеуге шық. Сен тірі адамсың ғой, өміріңді қор қылма.
– Әй, әпке, осы ма бар айтқаныңыз… Осыдан соң көп ұзамай малға күзетке кеттің…» /186 б./.
Келтірілген диалогтар көркем шығарманың қажетті шарты бола отырып, туындының желісін ширатады, әрі кейіпкерді сомдауда маңызды роль атқарады.
Түнгі күзетте жүрген Қамар жеңгей бірде «Екі жиренді» айтты. Оның орындауындағы әннің біртүрлі өзгеше айтылғандығынан, Шойқараның қиялына әр түрлі елестер келеді: жаңа қоныстарға қарай жосылған көп жылқы, ал олардың соңында – жарау сәйгүлікке мінген, қарына құрық ілген құндыз бөрікті аққұба қыз және қияқ мұртты жас жігіт…
Дегенмен, әннің соңғы жолдары мүлдем басқа сарынға ауысқан.
Беу, қарағым…
Сағынып сарғаямын санаменен, –
деген кезде оның көз алдына Қамар жеңгейдің өзі елестейді. Ішкі ойын, аңсағанын, аһ ұрып сағынғанын сыртқа шығарғандай.
Әңгімелеуші Шойқара – лирикалық кейіпкер ретінде түнгі күзетте жүріп шер мен запыранға, мұңды сағынышқа толы жан сырын әні арқылы сыртқа шығаратын Қамарға деген ыстық ықыласын, оған деген сый-құрметін білдіру үшін белсенді сипат танытады. Қайткенде де соның шынайы тілекшісі болуға тырысып бағады. Оның: «…Несін жасырайын, жақсы ағам менің есімде жоқ. Тіпті, қандай екенін көз алдыма келтіре де алмаймын. Көрмеген адамды қалай елестетейін. …Туғаннан ес білмегенім үшін сәбилігім кінәлі ғой…» /183 б./, – деген сөздері жеңгесінің қайғысына қатты қиналған Шойқараның ішінде жинақталған ойларынан туындаған сөз ағыны – лирикалық толқын-тебіренісі болып табылады.
Ол төсекте дөңбекшіп жатып, туысқандық сезіммен: «Қамар жеңгей әйелімен ажырасқан немесе әйелі қайтыс болған біреуге тұрмысқа шықса, түнгі күзеттен құтылар еді» деп ойлайды. Осы тілекті құдай ойда жоқта берді. Кешкі шайға отыра бергенде бұл үйге келіп-кетіп жүретін Салиха шешейдің бауыры Тілепберген кірді. Өзі шырттай киінген.
Тілепберген – мысық мұртты, томпақ бетті сары шал. Өзі өте ширақ. Шай ішкен соң, екі беті қызарып, көздері ойнақшып шыға келді. Жас адам осылай қараса өте кешірімді. Ал алпыстан асқан шал солай етсе біртүрлі жиіркенішті…
«Қамар жеңгей де шайын қанып іше алмады. Шынысын ертерек төңкеріп, түнгі күзетке кетті. Ертеңінде күн бұлыңғыр болды. Сондықтан қой далаға шығарылмай, далаға көп шөп шашылды.
Тілепберген ең қарымды ашаны таңдап алды. Мақсұт ақсақал, Қамар жеңгей және мен көтерген шөпті көтеріп алып, жеп-жеңіл шашып жүр. «Мына шал қайтеді-ей» деп маған қарап, көзін қысып қойды Қамар жеңгей» /192 б./.
Иә, жасы ұлғайғанмен Тілепбергеннің көңілі жас. Бұл күнгі тірлік малға шөп шашумен өтті. Тілепберген Қамар жеңгейге сыр білдірмейді. Тіпті, арнайы келген шаруасын да ұмытып кеткендей. Қамар жеңгейдің де көңілі еш алаңсыз.
Түстен кейін Әспет дейтін тракторшы шанамен жем әкелген. Ол арғы бетте жүрген Қамар жеңгейге тура тартты. «Сүйінші, жеңеше, сүйінші!» дейді. Басқалар болса ештеңеге түсінбейді. Әспет:
« – Мұнан былай жаман сатқақ деп ұрысқаныңды қоясың ба? – дейді. – Ал, жарайды, қояйын», – деп күлді Қамар.
«Жеңешедегі» басты кейіпкер – Қамардың соғысқа аттанған жарына жүрек кілтін, жастығын, махаббатын, өмірінің базары мен ажарын құрбан еткенін көреміз. Әңгімедегі қарапайым қазақ әйелінің бейнесі арқылы бойындағы зор адамгершілікке қоса, сүйген жарға деген адал, шынайы әйел сезімі де шебер суреттелгенін байқайсыз.
Қамар дүниеге де қызықпайды. Мәселен, Тілепберген «…азды-көпті малым бар. Өлгенше не ішем, не кием демейсің», – дейді алғашында, ал кейіннен ол: «Айт шын жағдайыңды…» деп тақылдап қоймаған соң, Қамар өзінің жұбайын кебенек кигізіп, соғысқа аттандырғанын, сондықтан еш жаманшылыққа қимайтынын, әлі де күтетінін айтады. Оның жауабына әбден ызаланған Салиха шешей ауыл советінің бастығы, марқұм Смағұл шал өздерің естіртерсіңдер деп әкеп берген бір қағазды ұсынады. Ол – Қамардың күйеуінің өлгені туралы қаралы хабар екен. Соған күйінген әйел: «Аһ!» деп өкіріп жылап жібереді. Қолын ербеңдетіп, қағазды лақтырып жібереді.
Сайын оқиғаны өзін әсерлі, суретті тілімен айшықтап, жүрекке жеткізеді. Жай ғана емес, елжірете жеткізеді. Себебі, оның туындыларында психологиялық лиризм басым. Күрделі, үлкен оқиға болмағанымен, жазушы қаламынан шыққан шығармалар фәлсапалық терең ой-тұжырымымен, байыпты пікірімен ерекшеленеді және осыған орай, шағын әңгімелерінің өзі парасатқа, ізгілікке толы көркем шығарма деңгейіне көтеріледі.
Жалпы С.Мұратбековтың шығармашылығы туралы ой қозғағанда оның өзіне ғана тән қасиеттерін тағы бір айтып өткеннің еш артығы жоқ. Өйткені, кез келген қаламгердің жеке өз басының қадір-қасиеті, мінез байлығы, жүрек жылуы мен жан тазалығының өз шығармашылығына айтарлықтай ықпалы болатыны даусыз. Осы тұрғыдан келгенде С.Мұратбеков – нағыз талант иесі. Ол – өз кейіпкерлерін белгілі бір типтік биікке көтеріп, әрқайсысын өзіне тән мінез-құлық ерекшеліктерімен айшықтай білген, ең бастысы, айналасын, туған жері мен елін адал да таза жүрегімен сүйген,рухы биік, ірі азамат – аса дарынды қаламгер.
Теңізбай Рахымжанов,
ф.ғ.д., профессор.