Қаламгерге құрмет
Жуырда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ҚР халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов атындағы мемориалды кабинеттің ашылу салтанаты өтті.
Кешке қазақтың белгілі ақын-жазушылары, танымал ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ЖОО-ның ғалымдары мен оқытушылары, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды аталмыш кітапхана директорының орынбасары А.Х.Жүсіпова құттықтау сөзбен ашты. Сондай-ақ, қаламгердің қызы Жанат Нұршайықова кітапхана ұжымына, жиналған көпшілікке алғысын білдірді.
Шара барысында филология ғылымының докторы, Нұрдәулет Ақыш, филология ғылымының кандидаты, ақын,
Ә.Қайырбеков, Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты М.Тоқтағазин, жазушылар: Мыңбай Рәш, Уақап Қадырханұлы, Ахметжан Ашири, Ә.Нұршайықовтың 60 жыл бірге жүрген досы, Шымкенттен келген Нұрмұхан Әжметов, Қайсар Әлім, т.б. қаламгер жайлы естелік айтты.
Мемориалды кабинеттің ашылу салтанатынан кейін ҚР халық жазушысы
Ә.Нұршайықов атындағы «Адам және әлем» атты жыл сайын болатын шығармашылық байқаудың лауреаты Мадина Өмірбек кештің екінші бөлімін жүргізді. Кейін Жадыра Сейдештің қаламгердің күрес пен шығармашылыққа толы ғұмыры жайында дайындаған бейнехабары көрсетілді.
(Ә.Нұршайықов туралы фильм «Жүрек жарды» (автор Жадыра Сейдеш, КТК, 2010), Әзілхан Нұршайықовтың жауынгерлердің қаны мен тері сіңген «Абай» кітабын майданнан алып келіп авторы – М.Әуезовке табыс ету оқиғасы арада жарты ғасыр сала қайта қайталанғаны белгілі. Бұл да соғыс, бұл да майдан, тек бұл – Ауған соғысы. Еш жазушы ойлап таппаған, өмірдің бұралаң жолы айналдырып келіп, өзі құрастырған екі кітаптың, екі адамның тағдыры, қайталанған оқиға. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын да» өрімдей, 18 жастағы жауынгерлер қолдан-қолға табыстап, жарысып оқығаны жайында жас та болса соғыс отын кешкен Ауған соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі Пірмашев Қожахмет әңгімеледі.
Алғаш рет 2012 жылы қаламгердің отбасы бастамасымен «100 кітап» жобасы аясында ҚР халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың 90 жылдығына және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдығына орай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы Ә.Нұршайықов атындағы жыл сайын берілетін стипендияны тағайындау мақсатында ғаламтор арқылы студенттер мен жоғарғы сынып оқушылары арасында «Адам және әлем» атты әдеби шығармашылық байқау жариялады.
Содан бері бұл байқау аталған факультеттің жыл сайын өткізетін әдеби-мәдени дәстүріне айналып отыр. Алғашқы екі жылда сайыс тек жазушы Әзілхан Нұршайықовтың шығармаларына арналған болса, кейінгі жылдары байқауға еркін тақырыптағы прозалық көркем шығармалар (әңгімелер), өлеңдер, көркем публицистикалық шығармалар (очерк, эссе) қабылданып келеді.
Байқау өткізілген 4 жылда барлығы 252 үміткер 425 шығармамен сайысқа түсті. Нәтижесінде әр жылдары жүйрік шыққан жеңімпаздар диплом мен 1, 2 және 3-ші дәрежелі стипендияларға және ынталандыру сыйлықтарына, ардагер жазушының факсимилесі қойылған кітаптарымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Ғылыми Кеңесінде марапатталып отырды. Осы шараның қалай басталғаны жөнінде бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.
«Қазақ тілі қандай ғажап десеңші, шіркін! Ол тек қазақтардың қауымдасу құралы ғана емес. Сонымен бірге, ол – даналық тілі, адам ойының қайталанбас ғажап ой-өрнегі, жан сезімінің жарқыраған інжу-маржаны. Қазақ тілінің даналығы мақал-мәтелдер мен Абайдан басталса, оның өзге сұлулығын ұлтының өзегін өртей қуантып, қызықтыра, қызғанта паш еткен Әуезов пен Мүсірепов дер едім» деп ой толғайды қаламгер Әзілхан Нұршайықов. Әрі қарай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті студенттері Динара Қайролла, Лена Қыдыралина, Назерке Зияділдә жазушы шығармаларынан үзінді оқып, ән-күймен көпшілікті сүйсіндірді.
«Тәрбие екі түрлі: «жұдырық және жүрек тәрбиесі. Жұдырықпен сіңірген тәрбие жүз жылда да жұқпайды. Жүрек тәрбиесі жүз жыл балталасаң да бұзылмайды», – деп жазады жазушы. Ендеше, жүректен шыққан туынды жүректерге жетіп, үлкендік пен кішіліктің, ізгілік пен сүйіспеншіліктің, адалдық пен адамдықтың, даналық пен даралықтың дәнін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетіні анық.
Бүгінгі ҚР Ұлттық кітапханасында ашылып отырған осы шағын бөлме «Сүйікті қазақ халқы! Мен сенің ұлың болғанымды мәңгілік мақтаныш етемін» деген Әзілхан Нұршайықовтың халқына деген шексіз махаббатының жаршысына айналып, аясына сөз өнерін қадірлейтін оқырмандарын жинай беретініне сенеміз.
Ж.Нұршайықова,
Г.Ә.Мұсаева,
Р.И.Дүйсенбаева,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ оқытушылары.