Қаламгерге көрсетілген құрмет
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Орал қаласы мен Тасқала ауданының Құрметті азаматы, ақын Айтқали Нәріковтің мерейлі 85 жасқа толуына орай, Батыс Қазақстан облысында атаулы іс-шаралар өтті.

Атап айтқанда, қаламгердің туып-өскен Оян ауылында облыс мектеп оқушылары қатысқан Айтқали Нәріков оқулары қорытындыланып, үздіктер марапатталды. Орта мектепте ақын Айтқали Нәріков атындағы қазақ тілі мен әдебиеті сыныбы ашылды. Мектеп музейі жанынан ақын шығармашылығына арналған зал жасақталды. Аудан орталығындағы Мәдениет үйінде «Жылдар жаңғырығы» деп аталған шығармашылық кеш өтті. Аудан әкімі Талғат Шәкіров дәстүрімізге сай ақынның иығына шапан жауып, ат мінгізді. Туған жерден басталған іс-шаралар шоғыры Орал қаласында жалғасты. Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында ақын оқырмандармен жүздесті.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ақын Айтқали Нәріковті арнайы қабылдап, лайықты сый-сияпат көрсетті.
Орал қаласындағы облыстық халық шығармашылығы орталығындағы «Қаламгер ғұмыр» шығармашылық кешіне халық өте көп жиналды. Жергілікті өнер ошақтарында қызмет істейтін тарлан таланттар ақын өлеңдерін өзек ете отырып, театрландырылған қойылыммен көпшілікті риза етті. Кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, көрнекті ақын Ғалым Қалибек мерейтой иесін құттықтап, «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағының куәлігі мен төсбелгісін табыс етті. Айтқали ақынды Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан арнайы келген қаламдас інілері Бауыржан Құрманқұлов пен Ғалым Әріпов құттықтап, сый-сияпат табыстады. Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев жиналған жұртшылық алдында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқыды. Ақын құрметіне орай ұйымдастырылған іс-шаралар жұртшылық тарапынан өңір өміріндегі елеулі оқиға ретінде бағаланды.
Мәрлен ҒИЛЫМХАН,
Батыс Қазақстан облысы