Бүгінгі ұрпақ бейнесі – келер ұрпақ елесі
02.12.2016
4420
0

1. Әлқисса…

Пенде, шіркін, өмір сәулесін алғаш көргенде дүниенің бұ­ралаңға толы жолдары мен келешек мақсат-мұратын, арман-тілегін болжап, білген жоқ. Көзін ашты. Бір жарық әлемді көрді. Қара жер мен көк аспан­ның арасындағы ғажайып, әрі түсініксіздеу, жұмбақ әлем. Есейе келе, әркім өз сүрлеуімен қиялындағы болашаққа бет түзеді. Барлық мүмкіндіктер мен сәтсіздік атауы кез келген шақта, кез келген жаста, кез келген минөтте пайда болмақ. Мейлі, сен бала бол, мейлі, қа­рия бол. Адам адамға мүмкіндік бермегенімен, өмірдің тосын сыйы таусылған емес.
Жарық дүниеге «өмір сүр­сем» деп келген әрбір пенденің алысқа қараса, көрінетін үш асуы бар: балалық, жастық, қарттық. Сол үш асуды біреулер жәй ғана жүріп өтсе, біреулер бағындыруға талпынады. Әркім өзінше амалын жасап, әлек. Балалық пен қарттықтың арасы, түсінген адамға, сабақ пен сынаққа толы. Түсінбегенге, өмірі ақша жетпей, ұйқы қанбай өткен есіл ғұмыр. Балалық – адамды мына түрлі-түсті әлемге қошеметпен алып кіреді. Санамызды айналамен таныстырып, адамдық өмірге бейімдейді. Бұл кезеңде адамға бәрі мүмкін және кешірімді. Сондықтан да болар, ерекше сағынамыз. Ал қарттық – қошеметпен келген өмірімізден белгісіз бір нотада шығарып салады. Көңілде мұң, өзекте өкініш. Санада толған жауапсыз сұрақтар: не істедім? не қылдым? қайттім? Өмірдің басы – қуаныш, соңы –қайғы екені баяғыда-ақ айтылған. Бұл шындықты періште емес, пенде болған соң ба, мойындағымыз келмейді. Адами заңдылық. Тек, жалғыз ақиқат бар: бала­лық­қа қарағанда шынайылау, қарттықпен салыстырғанда зор мүмкіндіктерге толы шаққа аялдамайтын бірде-бір адам жоқ. Ол қай кезең дейсіз бе? Оны көбі біледі. Бірақ байқа­мауы мүмкін.
Балалық пен қарттықтың арасын жалғап тұрған өміріміз­дің өлшемін қалай өлшесек те, өз бағасына жете алмаспыз. Не­ге десеңіз, ол кездейсоқ сәттілік­тер мен адасқан сәтсіздіктерге, менмұндалаған сенім мен көзсіз ерлікке тұнып тұр. Бұл уақытта адамның қателесуге, қателігін мойындап, жаңаша шешім қабылдауға да хақы бар. Жақсы мен жаманның дәмін татып, өзінің қай жаққа жататынын белгілеп, бағамдайтын шағы. Жағымпаздық, жарамсақтық, жағымсыз әдеттерден ада болып, толық адам ретінде қалып­тасуға алғашқы қадамдар жасалатын кезең. Ешкім көріп, білмеген жаңалық ашып, әлемді таңғалдыратын да сол шақтың өкілдері. Ұлттың сапасын жақсартып, өрісін кеңейтетін де сол қауым. Жел қайда тұрса, сонда қарай тұра жүгіретін ессіз, кейде есті адамдардың қы­зығы мен қиыны қатар тұрған кезі. Әңгіменің ауаны қай шақ, қай кезең, қай уақыт туралы екенін сезіп отырған боларсыз, оқырман?! Иә, дәл өзі. Қателес­педіңіз. Жастық шақ.
Жас адам қай заманда болсын өз қоғамының негізгі бейне­сін көрсетеді. Демек, қоғамның жақсы, не жаман болмағы жас­тардан. Алдың­ғының алғысын алып, кейінгіге өнеге көрсете білсе, міне, бұл таза жеңіс. Ал керісінше болса, жағдайдың нақ қиындағаны. Кешегі Мағжан сеніп, Міржақып өлеңмен оят­қан жас – бүгін кім? Ертең кімге айналмақ? Әр за­ман­ның қоңы­рауын соққан жастар жәйлі бі­рер сөз айтып көрейік. Ой түю сізден…

2. Замана, бір қарашы келбетіме!

Жастар қай уақытта  да ер­кін­­дігімен, қырағылығымен, тәуекелшілдігімен көзге түскен. Бұл жастықтың басты критерийі болса керек. Әр дәуірдегі жас адамның портретін салыстырар болсақ, біраз айырмашылық көреміз: ұлттық мінездің әлсіз­денуі, не өмірге деген көзқарас­тың өзгеруі. Аталған қасиеттер өзгеріске ұшырағаны болмаса, барлық жастардың типтік бел­гісі, табиғаты бір. Абайша айтсақ: жастықта кө­кірек зор, уайым жоқ. Жастықтың сиқыры болар, қателігіміз өзімізге шындай, жас жігеріміз сарқылмастай көрінеді. Әлімізге қарамай «Эве­рестке» ұмтыламыз. Біреу «шамаңды біл» десе, шамданамыз. Жаңа дүниені жарылқап, ескімізді ескермейміз. Кейпіміз бала болса да, сөзімізді данаға ұқсатқымыз келеді. Білген адам­ға бұл да бір қызық дәурен.
Тіршіліктің қайнаған базары мына жүрген бізбен тарқап кетпесі хақ. Өмір бізден бұрын да болған, бізден кейін де бола бермек. Тарихтың даңғыл жолын жалғастыратын буынның болғаны, әрине, жақсы. Кейінгі ұрпақ болмаса, алғашқы пайда болған адамның ізі бүгінге жетпес еді. Осы жерде жастардың қоғам үшін ғана емес, тарих үшін де маңызы бар екеніне көзіміз жетеді. Қоғам үшін қандай маңызы болуы мүмкін? Мұның жауабы: жас адам жас­ты­ғын қандай амалмен, не істеп өткізгеніне байланысты болмақ. Француздың бір данышпаны «Жастық шақ – даналықты меңгеруге, ал кәрілік – оны қолдануға арналған уақыт» деген екен. Жас кезде адам ақыл­мен де, жалқаулықпен де дос болмақ. Ақылына ерік берсе, қартайғанда еш өкінбейді. Ал жалқаулығына ерік берсе, «әтте­ген-айдың» әнін айтады. Не десек те, жастардың қай қалыпта өсіп-өнетіні заманына қарай тартпақ. Мұны мен емес, Абай айтқан: адам баласын замана өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват. Иә, заманға қарап, бала өсер. Бірақ қоғамды адамдар құрай­ты­нын ұмытпайық. Қоғам тазаруы үшін адам түзелуі шарт. Қандай заман болсын, құбыла­дан адаспау керек. Мысалы, отаршылдық кезінде жарқылдап шыққан Мағжан, Міржақыптар да жас еді. Заманына тартқан жоқ. Ал бүгінгі тәуелсіз қоғам­нан Мағжан, Міржақып­тарды таба аламыз ба? Өте қиын сұрақ. Әлде, бар болып, өзіміз байқа­май жүрміз бе?! Ол да мүмкін. Кез келген заман өз түлегін қорғайды. Бұл – заңды.
Қай буынның болсын, өзінен кейінгі ұрпаққа көңілі толған емес. Бұл – тарихи шындық. «Жастар кітап оқымайды», «жас­тар бұзылып барадыны» Пай­ғам­барымызбен (с.а.с) тұстас болғандар да айтқан екен. Содан бері қаншама жыл емес, ғасыр бойы сол «оқымайтындар» мен «бұзылғандар» өмірдің көшін жалғап келеді. Жастардың  жіге­рін бұлай жасыта берудің қажеті жоқ шығар, сірә. Себебі, құр сөз­ден осы күнге дейін ғы­лым­да да, ілімде де нәтиже шыққан емес. Қазіргі қоғамда жастар әлемді таңғалдыруда. Қай елге сапар шекпеңіз, жас­тардың келбетіне қарап қайран қаласыз. Сөзімізге дәйек болсын, Германияның парла­мен­тарийлерінің ішіндегі ең жасы 19 жаста депутат атанған Анна Люрманн екен. Ал Британияда муниципиалды кеңестің ең жас мүшесі 18 жастағы Уильям Ллойд. Қарым-қабілеті бар, шектеу жоқ. Мұндай қоғамда 25-ке келіп, президент болсаң да жарасар ма еді?! Бұл – Еуропа. Қазақ­стан емес. Жастарды ұлтқа бөліп қарастыру, әсте бұрыс болар. Бі­рақ  жастардың  ой-өрісіне, көз­қа­расына, өмірлік ұстанымына ұлттық қасиеті, менталитеті әсер етпей қой­май­ды. Өзге тілдегі, басқа діндегі жастар қалай өмір сүріп жатыр? Таным-түйсіктері не дейді? Өмірлік мақсат-мұраттары қандай? Осы сауал­дардың ізімен шетелдегі замандастарымызды барлап қай­­­­­тайық­­­шы…

3. Барлау

Жастар – қай елде де жас бо­лып қала бермек. Тек, өскен ортасы, алған тәлімі мен салт-санасы бөлек демесеңіз. Олар­дың сөзі мен ойы, сезімі мен іс-әрекеті бізге оғаштау көрінуі заңдылық. Кейде олар адами тұрғыдан бізге қарағанда біраз артықшылықтарымен ерек­ше­леніп тұратындай.  Артықшылық деп отырғанымыз кемшілік бо­лып шығуы да ғажап емес. Мысалы, ағылшын жастары толық еркіндікке ие. Бала кезінен осы­ған үйренген. Барлық жағынан еркін. Баласы мен әкесінің диалогын сырттай тыңдасаңыз, қайсысы кіші, қайсысы үлкен екенін ажырата алмайсыз. Отбасыларында бала саны екіден аспаған соң ба, эгоистік қасиет тұнып тұр. Біздегі ұстаным: ата-анаға қарсы келмеу. Оларда керісінше, әке-шешелері балаларына қарсы шықпайды. Және «оқы, оқы» деп ешкім оны тоқ­пақтаған емес. «Оқуға түспей қалдың» деп біреу біреудің көзін шұқымайды. Өйткені, олар өмірдің мәні – білімде деп қа­былдаған жоқ. Қарапайым етік­ші болса да, тәп-тәуір қызмет. Өмірге бір сал­қын­қан­дылық­пен қарайды. Үйдегі қыздың жасы отыздан асса да әлі жас. «Үйленіп, балалы бол­мадым-ау» деп қайғырмақ емес. Бір-бір күшік асырап, өмірлерін жал­ғас­тыра береді. Ал аспан асты елінде бәрі басқаша. Өмірді қа­лай сүру керек екендігін елден бұрын солар білгендей. Қытай­лар оқу-білімге баса назар аударады. Ең нашар оқиды дегеннің өзі Конфуцийдің бір нақылын жатқа біледі. Мысалы, ол айтады «он бес жасымда мен білімге бет бұрдым. Отыз жасымда ба­ғынышсыз тұрмысқа қол жет­кіздім. Қырық жасымда күмән­нан арылдым. Елу жасымда көктің еркін таныдым. Алпыс жасымда шындық пен өтірікті ажырата бастадым. Жетпіс жасымда жүрегімнің қалауына ере бастадым». Өмір сүрудің боямасыз философиясы. Қытайлар отбасы құндылықтары жағынан өзімізге жақын. Ата-анасының көзінше ерсі қылық көрсетіп, ауыр сөздер айтпайды. Ең­бек­қорлық басым. Білімнің кү­шімен әлемге танылудың үлгісін көрсеткен де солар. Қолына сағат тағып жүрген жастарының бәрі уақыттың қадірін біледі. Ағылшындардағыдай еркіндік жоқ. Тәрбиесі қаталдау. Еңбекке жақын болғанымен, ұлтшыл емес. Кез келген минөтте бір-бірін сатып кетуі ықтимал. Ертең үшін өмір сүрмейді. Бәрі бүгінімен ғана.
О баста аспан жер болмағаны секілді, біз де ешқашан ағыл­шын, не қытай бола алмаспыз. Оларға қызықпаймыз да, қыз­ған­баймыз. Тек, жастары­ның бет-бейнесінен ортақ дүниені көре алмадық. Қазақ жастары ағылшынға да, қытайға ұқса­майды екен. Неге дейсіз бе, өз бейнемізге бір қарайықшы.

4. Өзім туралы

Бүгінгі қазақтың келбеті кітаптағы қазақ бейнесімен нақ бірдей емес. Арадағы жүйткіген жылдар көп дүниеге әсерін берді. Айналамыз құбылып, санамыз жаһандануға икемделе бастады. Осы өткен уақыттың зияны болар, қазақтық қасиеті­міз бүгінге түгел жеткен жоқ. Абай айтпақшы: «заманға жаман күйлемек, замана оны илемек». Заманымызға қарай жүріс-тұрысымыз да, сөйлеген сөзіміз де ұқсап барады. Таза қазақты­ғы­мыздың өзінжаңа­шылдан­дырып алдық. Бұл құ­былыс қазақ жастарының психологиясына көлеңкесін түсіруі әбден мүмкін. Бірақ қоғамда қандай дауыл тұрса да адам бойында өз ұлтының бір түйір болсын қасиеті қалады екен. Оны жас­тар­дың күнделікті іс-әрекетінен байқадық.Қазіргі өскелең ұрпақ әлі де әкенің ашуынан именіп, ананың қаб­а­ғын бағады. Үйдегі бала саны аз болса да бауырмал болуға тырысамыз. Ақшаның керек екенін білеміз, бірақ оған малдану мақсат емес. Қытайлар сияқты аз ұйықтап, көп жұмыс істей алмаймыз. Себебі, ол қасиет қанымызда жоқ. Қызы­мыз­дан ұят, ұлымыздан намыс кеткен жоқ. Тек, мейірім жетіс­пейді. Бір-бірімен жарыса бой көтеріп жатқан балалар мен қарт­тар үйі осыған дәлел. Бәрі­міз бірдей білімге құштар емес­піз. Асқан білімдарлықтан көңіліміз қалғандай. Неге дейсіз ғой… себе­бі, білімі Ресейдің жастарын он орайтын замандас­тарымыз өзге тілге мықты, өзі­ні­кіне шорқақ. Мұның елдің мақтаны­шы емес, ұлттық трагедия екенін жасыра алмаймыз. Қалың қазақ ішінен ғылым саласында төрт аяғын тең басқан жас қазақты кездестірсек, өз көзімізге өзіміз сенбеуіміз мүм­кін. Жастар өнерден де кенде қалып жатқан жоқ. Тек, шын өнерлінің баға­сын біліп, қо­шемет көрсете алмай жүрген өзіміз болармыз. Өмірде «үмітті ақтау» деген дүниеге ерекше мән береміз. Қай жерде, қай елде жүрсек те анамыздың «ұят боладысы» әрқашан ойымызда. Оқу оқысақ та, ақша тапсақ та сол «үмітті ақтау» үшін. Тек, өзіміз отау құрып, үй болғанда ғана «үмітті ақтап» болғандай сезі­неміз. Бітті. Ата-ана алдын­дағы мін­деттен құтылғандай­мыз. Шын мәнінде солай ма? Жауабын ойланып көріңіз…
Орыстың ойшылы Петр Капицаның мынандай бір сөзі бар: қателесуден қорықпайтын кездің бәрін жастық дер едім. Қазіргі қоғамның өрескел қа­теліктерін жастыққа жаба бер­геніміз дұрыс болмас, сірә. Адамда сана-сезім, ақыл, мінез дегендер болмаушы ма еді?! Бірақ ешкімнің қателікті танып барып, жасамайтыны хақ. Қа­зіргі уақытта да жастардың өз қасиеттерін жоғалтып жүргенін көріп, кейде ішіміз ашиды. Сөзімізге тұздық болсын, 1997 жылғы «Парасат» журналына бір оқырманның қазақ жігіт­теріне жазған хаты шығыпты. Сол мақаладағы мына сөздерге назар аудармасқа болмады.
– Ғасыр аяқталуға үш-ақ жыл қалды. Біз келесі ғасырдан көп дүние күтеміз. Көңіліміздегі көп күдіктің, қатпар-қатпар қай­ғының сейілер уақытын асыға тосудамыз. Әрбір қазақ қы­зы­ның қиялында бір-бір Тө­ле­ген, бір-бір Қобыланды, Алпамыс бар. Жібегіңе жүн түткізбе, Құртқаңа некесіз бала сыйлама, қым­батты қазақ азаматы. Гүл­баршының базарда шарап сатып тұр. Есіңді жыйып, еңсеңді кө­тере­тін кез келді.
Осыдан 19 жыл бұрынғы айтылған сөз болса да, бүгінгінің күйін шертіп тұр. Бәріміз өз заманымыз жәйлі жақсы естелік айтқымыз келеді. Қоғамның желкенін ұстап тұрған жастар болған соң, амал жоқ, қарайлай­сың. Қазақ жастарының бойынан табылып жатқан олқылық­тар басқа халықта да бар. Бірақ біз өзге емес, қазақпыз ғой. Сон­дықтан да болар, заманымыздан өмірге қазақы түйсікпен, қалыпты көзқараспен қарайтын жастарды іздейміз. Осы ретте Жұматай Жақыпбаевтың бір шумақ өлеңі еріксіз еске түседі:
Шартараптарға шашатын
кейін даңқы нұр,
(Шарапатың мені де
келіп шарпығыр).
Киімі алтын кісіні емес,
сені іздеп,
Сені іздеп жүрмін,
сері мінезді алтын ұл!
Қазақ пен шетел жастарының күй-қалыбын, мақсат-мұратын байқап, бағамдағандай болдық. Олар жәйлі қандай шешімге келмейік, тек бір тараптың пі­кірі болып қалмақ. Өмірде нені мақсат тұтып, қандай қағиданы ұстанатыны хақында әр ұлттың өз перзенті сөйлесін.

5. Сөйлесе, жастар сөйлесін!

– Өмірлік ұстанымыңыз қан­дай?
Елдос Тоқтарбай,
қазақ, 23 жаста:
– Менің өмірлік ұстаны-мым – «ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» (Ахмет Байтұр­сынұлы әкемнің сөзі).
Неъматуллох Шоалиев,
тәжік, 25 жаста:
– Алдымен, жалған сөйле­меу. Біреудің меншігіне қол сұқпау және үлкендерге қарсы келмей, оларды сыйлау. Қысқа­сын айтқанда, менің қолым мен сөзімнен ешкім зардап шекпеуі тиіс. Басты ұстанымым осы.
Пері Алмазова,
қырғыз, 24 жаста:
– Қалаған нәрсең жәйлі арманда, барғың келетін жерге бар, ақылыңды, ой-шабытыңды, руханиятыңды еркін ұста. Өмір­лік ұстанымымды өлеңмен өрсем: адам боп келдім өмірге, адам боп кету парызым. Өмірде адам болып жаралған соң, жа­нымыздағы адамдықтың ақы­лын оятқан дұрыс деп білемін. Ақыл мен парасатты қатар ұста­ған адам озады.
Зағида Нұрғалина,
башқұрт, 22 жаста:
– Ұстаным – бұл біздің күнделікті сүйенетін дүниеміз. Басты құндылығымыз. Ол болмаса, біз осы күнге дейін нақ осы дәрежемізбен жетпес едік. Мен үшін мына ұстанымдар аса маңызды деп білемін: кез келген уақытта өз мүддемізден бас тарта алуымыз керек. Әрбіріміз бір-бір ойшылмыз. Осыны ұмытпайық. Айналамен белгілі бір гармонияда болу артықтық етпейді. Кербездік қасиетке ие бола білу де қажет. Мұның бәрі менің өмір сүруімнің негізгі тетіктері десем болады.
– Жақсы өмір сүру үшін не істер едіңіз?
Елдос Тоқтарбай:
– Жақсы өмір сүру – адам­ның өзіне байланысты. Алдыма қойған мақсат, мұратыма жету үшін еңбектену, сол жолда бар­лық қиындықты бастан өткеру, тағдырдың қарсы соққан дауылына қасқайып мінез таныту – бақыт. Өмір сүрудегі басты қағидам – адамгершілік деген асыл қасиеттен ауытқымау.
Неъматуллох Шоалиев:
– Жақсы өмір сүру үшін от­басыңмен бірлікте бол. Өмірдің түрлі қиындықтарына мойымау да септігін тигізеді. Және өзінде бар қасиетке, бар қабілетке риза болу керек. Өз-өзіне риза болмаған адам ешқашан ойын­дағыдай өмір сүре алмайды.
Пері Алмазова:
– Жақсы өмір сүрудің алғаш­қы амалы ғылыми жұмыс­тармен айналысып, құдайға құлшылық қылудан басталуы шарт деп білемін. Елге ақ пейілмен қыз­мет етіп, артыңнан өлмей, өш­пей­тұғын бір жарық қалдыру да біл­ген адамға бір ғанибет. Жал­ғандыққа жақсылық жасап, адам­дардан, тек жақсылық кү­тіп ғұмыр кеше білу ерлікке пара-пар.
Зағида Нұрғалина:
– Менің ойымша, жақсы өмір сүруімізге барлық жаңа бағыттарды, технологияларды пайдалана отырып, өзіміздің адами құндылықтарымызды қоғамға аша түсуіміз әсер етеді. Және ұлттық қасиеттеріміз бен барлық қабілет-қарымымызды бақытты болашақтың жолына құрбан ете білуіміз керек. Құр­бандық болмай, қалағаныңа қол жеткізу қиын.
– Жастар қоғамның негізгі бет-бейнесін көрсете ала ма?
Елдос Тоқтарбай:
– Жастар – қоғамдағы үлкен күшті көрсетеді.
Неъматуллох Шоалиев:
– «Жастар» деймісіз… өзім­нің қатарластарым жәйлі ой қозғап, сөз айту оңай емес. Дегенмен, қай қоғамды алмаңыз, басты пульті – жастар болып саналады. Бірақ қазір көбіміз виртуалды әлемде өмір сүреміз. Шынайы­лыққа бетпе-бет қарай алмаймыз. Мұндай буыннан қандай қоғамның келбетін көруге болады, айтыңызшы?!
Пері Алмазова:
– Әрине, жастар қоғамның бір мүшесі болғандықтан бейне­сін толық ашып бере алмаса да, көрсете алуы мүмкін. Оны жастардың жүріс-тұрысынан, сөй­леген сөзінен, өзін-өзі ұстауы­нан байқаймыз. Жастар қаншалықты білімді, иманды болса, сол нағыз рухани қоғам­ның келбетін көрсетпек.
Зағида Нұрғалина:
– Мен шын ниетіммен сене­мін. Бірақ бұл үшін кез келген қо­ғамда жастарды теріс әрекет­терден сақтайтын адамдар болуы керек-ау. Аспандағы құстың өз ба­лапанын қорғай­тыны секіл­ді…

6. Тыңдар құлақ болса…

Әр ұлттың жастары өз мәде­ниетінің сырын айтып, күйін күйлемек. Кітаби тілмен айтсақ, әркім өз шындығын жақтайды. Тарихи заңдылық. Жастар ғана емес, күллі адамзат атаулы Жер Ананың бетіндеміз. Түріміз бен тіліміз басқа болғанымен, бәрі­міз бір заманның перзентіміз. Тарих  алдындағы баршамыздың қарызымыз бір: өз заманымызды кейінгіге таза кейпінде тап­сыру. Бірақ мойнымыздағы осы қарызды ойлап, қайғырып жүр­ген кім бар? Ағылшын мен немі­сіңнен ондай әрекет күтпей-ақ қой. Жапон мен қытай өз бас­та­ры­­мен әуре. Орысқа мүлдем мойын бұрма. Қазақ пен қыр­ғыз­дың қай әлемде жүргенін біл­мейсің. Келер ұрпақ бүгін­гінің өтеуін кімнен сұрайды? Әрине, ХХІ ғасырдың жасампаз жастарынан. Сол жастар басқаға жаны ашымаса да, өз ұлтының ертеңгі мұрагеріне айыпты болып қалмауды ойлауы керек шығар. Жастық шақ кімге болса да ойнап-күлсін деп берілген жоқ. Жастығында бар ерік-жігерін қолдана алмаған адам – күнәһар. Қандай да бір заманда сұрау сұралады: жас кезінде қытай жастары не істеді? Қазақ жастары не істеді? Кім нені мақ­сат тұтты? Осы бір шешуші ке­зең­де басқадан ұпайымыз төмен болып қалса, келер ұрпақ­тың қарғысы бізге. Қара басымызды ойлап, екі-үш күн өмір сүрерміз. Бірақ мәңгі емес. Заманауи тіл­мен айтар болсақ, көліктің тіз­гі­нін мас күйде жүргізуге бол­май­ды. Өзгемен өзімізді са­лыс­тырып, келбе­тімізге бір қа­рап, кем-кетігімізді түзеген, әрине, дұрыс. Бірақ байқамай, әдейі біреудің қаңсығын таңсық қылып алмасымызға кім кепіл?! Ешкім. Ондай-ондай тарихи қа­телік­терге, жастар, бой ал­дыр­мағаны­мыз жөн. Келер ұр­пақтың алдында бірдеңе деу үшін де абырой керек шығар…

Маржан ӘБІШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір