ҚЫЛКӨПІР немесе «АЛТАЙ САГАСЫ» АҚИҚАТЫ
Үстіміздегі жылдам зулаған алапат ғасыр ғылым мен техника заманы деп, ұлттық әдебиетімізден бас тартып, күйбең тірліктің күндегі қарекетінен аса алмай жүрміз. Жанымызға азық боларлық дүниеден тым алыстап кеткеніміз анық. «Ит жоқта шошқа үреді қораға, би жоқта құл жүреді жораға» дегеннің кебі келіп, бүгінгі күнде қолына қалам ұстағанның бәрін «жазушы» деп жар салып, шашын жайып шабыттанып өлең оқитындардың бәрін «ақынға» балап, әдебиеттің азапты жолын тым жеңіл сезініп кеткен сияқтымыз. Бүгінде жастардың жазғанынан тақырыбы, айтар ойы, жалпы мазмұны ұқсас шығармаларға шалынып жығыласың. Неге? Бұл, біздіңше, өзіңше ізденіп, оқығаныңнан «синтездің» жасалмауынан деп тон пішеміз…
Осы заманғы әдебиетіміздің тым жеңіл тақырыптарға бой ұрып, бойындағы нәрінен айырылып бара жатқаны жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Сол үшін де оқырманның танымын арттырып, рухын асқақтататын тарихи шығармалардың көптеп жазылуы болашақтан бұрын, бүгініміз үшін ауадай қажет секілді. Жақында қолымызға Тәуелсіздік жылдарында төл әдебиетіміздің дамуына үлес қосып, өндіріп жазған жазушылардың бірі Асқар Алтайдың «Сират» романы түсті. Романның осыған дейін кітап болып басылмастан бұрын үзінділері мерзімді басылымдарда жарық көрген болатын. «Қаладағы құтпандар», «Казино» повестер мен әңгімелер жинағы арқылы оқырманға ой салған жазушының бұл шығармасы да елеусіз қалмауға тиіс.
Асқар Алтай – өз эмоциясын игерген байсалды жазушы. Нені айту керек, қалай жеткізу керекті жақсы меңгергендіктен, өзінің түпкі айтар ойынан алыстамай, оқырманды да ойсыз сезімге бастырмай, бастан-аяқ жинақы өріп, шұрайлы тілмен шымыр баяндайды. Романда күні кешегі аталарымыздың басынан өткерген бұлыңғыр тарихы – Шығыс Түркістан Республикасының азаттық күресі жайында айтылады. Бір-біріне еш қатыссыз бірде-бір кейіпкер жоқ. Бір тараудағы қосалқы кейіпкер енді бір тарауда басты кейіпкерге айналып кетіп отырады. Сонысымен де оқырманды қызықтыра тартып, тың оқиға мен жаңаша тұлғалы кейіпкер тудыру арқылы өз уысынан шығармай, ширықтыра жетелеп әкетеді. Тарау сайын өзгеріп отыратын кейіпкерлер арқылы халықтың басынан кешірген ауыр тағдырын тереңнен ашуға күш салады. Сондықтан шығарма идеясы тарау сайын толығып, толысып оқырманға жаңа қырынан танылып, ой салып жалғаса береді. Бұл бір жағынан алсаңыз, жаңашылдық болып көрінетіндей. Өйткені, айтар ойы, әр тараудағы кейіпкерлердің басынан кешірген өмірі жалқы-жалқы, халықтың тағдыры жеке-дара.
Тибет асып, Үнді мұхитын кесіп, Түркияны тұрақтаған қара халықтың қасіреті, қаншама жылдар өтсе де көлбеңдеп, көз алдыңда айрықша көрініс береді. Такламакан, Гоби шөлінен елді бастап жаңылмай жол тапқан ерлер рухының беріктігіне шынымен бас шайқайсың. Елдің есендігі үшін шейіт кеткен жандарға қарап, «Қазақтың сүйегі қайда қалмаған» дегенге нық сеніп, жүрегіңнің басына қайғының қара қаны ұйып қалады. Қалай алғанда да қазақтың қаншама қасіретті, қайғылы тарихы суреттелсе де шығарманың өн бойындағы шындық, адастырмайтын ақиқат оқырманның жүрегіне сенім ұялатып, рухын асқақтатады. Бабалар жолынан жаңылмай мына біздерді де күрескер болуға үндейді. Туындыдағы ұлттық рухтың жоғарғы деңгейде барынша дәріптеліп, бірінші кезекте көрініс беруі оқырманды қызыға оқып шығуға еріксіз жетелейді.
Қазақтың дүниетанымында құлын байланатын желінің алты түрі бар екен… Романның осы аталған алты желіге бөлініп, одан соң барып арқауларға бөлінуі оқылуға ыңғайлы, әрі сол желі арқылы тарихи оқиғалардың өткен уақытын бағамдауға жеңілдік тудырады. Бұл желімен арқау қазақ романы жанрына тән жаңаша композиция құрылымынан да хабар беріп, ұлттық этнографиясынан да оқырманға терең мағына үстейтіндей…
«Сират» романы «Марқакөл мырзасы» атанған Алпысханның басынан кешірген ауыр тағдырынан басталады. 1928 жылдары басталған дүрбелеңде Марқа мырза мал-мүлкі тәркіленіп, арғы бетке қарай ауып, Алтайдың арғы бетін пана тұтып кетсе де, атажұртқа қарайласып келе береді. Келмей қайтсін?! Кеңес Одағы орнағанға дейін кіндік қаны тамған киелі мекен атасы Шонжырбай мен әкесі Жылқышының жайлауы мен қыстауы болыпты. Ол да бір қазақтың қалың елі бұлықсып, мыңғырған малы толықсып жатқан дәурен шағы еді… Одан кейін ақ патшаның жарлығы шығып, қолына қару алған қайран халық жосадай қырылып, қалғаны бас сауғалап шекара асады. Содан кейін де қазақтың басына бұлт үйіріледі. Ақыр соңы әкесі Жылқышының айтқаны айдай келіп, ел-жұртты «кәмпеске» деген ылаң жайлап, «ертең жер аударады» деген түні жалғыз ұлы Омар мен қатынын алып, тау асып кетеді. Бергі бетте қалған халық аштыққа ұшырап, тоз-тозы шыққан екен. Алпысханды да аңдыған жауы алмай қойсын ба, ақыр соңында шекара маңында «тап жауы» деп жазғырған қызылдардың тосқауылына түсіп, ұшына қорғасын байлаған қамшының бүйіріне тиген ауыр соққысынан ұшынып, ес жимай, қағынған дерттің құрсауында жатып фәниден озады.
Әкесінің артында тоғыз жасында жетім қалған ұлы Омарды да, он бір жасында Кеңес Одағының қызыл жендеттері ұрлап әкетіп, Мәскеу түбіндегі барлаушылар мектебінде оқытады. Қытайға қайтып оралғаннан кейін ақ пен қызыл қытайға қарсы соғысып жүрген Оспан батыр мен генерал Дәлелхан Сүгірбайұлы бастаған серкелерге сеп болып, жанкешті жандармен бірге тізе қосып, Алаштың азаттығы үшін жан аямай күреседі. Қытайдың қыспағы мен орыстың оқтаулы мылтығын місе тұтпай, соғысып жүрген Оспан Ісләмұлы мен америка консулы, барлаушы Дуглас Макернанның арасын жалғап, Шығыс Түркістан Республикасын азат ету үшін жансебіл ерлердің жолын жалғастырады… 1961 жылы атамекенге қайтып оралады. Дүниежүзілік олимпиада қарсаңында Ауғанстанға еріксіз айдалып жатқан боздақтар туралы Мәскеуге хат жазып, КГБ жендеттерінің қолынан мерт болады. Қалай алсаңыз да, ол кезде айтуға болмайтын Ауғанстан соғысы жайлы ауыз ашу, өзіңе-өзің ажал үкімін кесумен бірдей… Үш жүз жетпіс бір беттен тұратын романның қысқаша мазмұны осындай.
Бұған дейін Қытай қазақтары туралы кеңестік дәуірде алғашқы болып жарық көрген Қабдеш Жұмаділовтың романдары мен шағын әңгімелерінде суреттелген. Тарбағатай аймағында гоминдаң, ақ пен қызылдардың орнатқан үкіметі жайлы да, тәуелсіздік жылдарында атамекенге қоныс тепкен талантттардың да туындыларына арқау болды. Ал сөз етіп отырған романды оқырманға оқшау етіп көрсететін тұс – Қытайға қарсы тұрып, опа бермеген орыстарға ұрыс салып, көтерілістің бұрқ ете түскен нүктесі – Алтай аймағында өтуі. Расында да, Алтайдағы керейлер мен наймандардың Оспан батырға қосылып, алып империяға қарсы тұруы жанкештілік болатын.
Автор тың тақырыпқа түрен салды деп тағы айта алмайсың. Себебі, Алтай аймағындағы халықтың тау-тасты кезіп бас сауғалап, әр тарапқа босып кеткені баяндалатын Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Қабдеш Жұмаділовтың «Көкжал» секілді туындыларында, Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай» сияқты сүйекті романында сөз болған. Солай бола тұра автордың классикалық үлгіден бөлек тақырыпты ашуы, оны оқырманға беру, тіптен басқаша формада өрбітуі, романның құрылуы, жазылу үлгісі жоғарыда айтылған сөзімізді жоққа шығаратынына бек сенгіміз келеді.
Романды оқу барысында көнерген сөздер көптеп кездеседі. Аталмыш шығарманың тілдік қоры өте бай. Қазіргі жазылып жүрген туындылар өте қарабайыр тілмен жазылып, көркемдік бояуынан айырылғанын білеміз.Орта буын өкілдерін қойып, жастардың да көтерген тақырыбы көңіл қуантқанмен, шұрайлы тілі жоқ. Бұған авторлар себепті оқырманның ойы мен танымына таңып, өздерін ақтағысы келеді. Шынына келер болсақ, жазушының оқырманмен санасуында қаншалықты мән бар. Оқырманның ойына шақтап шығарма жазумен талант болып танылам деу біздің бүгінгі тәуелсіз қазақ әдебиетінің дамуына септігін тигізбейді… Қалай десек те, «Сират» романы қамтыған дүниелерді кез келген автордың тісі батып жаза алмауы мүмкін. Себебі де айқын – күрделі тақырып. Осы тұрғыдан алғанда, кез келген оқырманның да орайына жақпай қалар деген күдік те басым болар. Бірақ романның тілі арқылы автордың стилі айқындалып, айшықталуына жол табамыз.
Романда дір еткізетін детальдар жетіп-артылады. Кейіпкер Омардың ағасы Құмарбек қытайлардың тұтқынына түсіп қалған баласын жаттың қолында тірі қалдырмай атып кетеді. Жүйке-жүрегіңді ауыртатын ауыр көрініс болса да, қытай тұтқыны болып өмір бақи қиыншылық көргенше, өз әкесінің қолынан ажал тапқаны да орынды сияқты. Әйтпесе, ертең-ақ өсе келе өзге елдің туының астында саған қаратып оқ атпасына кім кепіл?! Құмарбектің қатал шешімін оқырман қабылдай алмауы мүмкін, бірақ автор Құмарбектің әрекеті арқылы бүгінгі күннің боямасыз тірлігін көз алдыңа елестетіп, ертеңіңе алаңдаушылықпен мойын бұрғызады. Ал біз өзіміздің шынайы өмірімізде шетелдіктерге бала сатуды сәнге айналдырғанымыз ойға оралады. Жатқа сатылған бала басқа ұлттың емес, бөтен мемлекеттің мүддесі үшін қызмет етуі әбден кәдік… Осындай елеусіз эпизодтар арқылы шығарманың ой салуы романның салмағын ауырлатып, ерекшелігін арттыра береді.
Оқырман алғаш қолына алғанда сирек кездесетін романның атауы «Сират» сөзіне сезіктене қарап, санасының сан саққа жүгіргенін түсінуге болады. «Сират» сөзі араб тілінен алғанда «қылкөпір» деген мағына үстейді. Ал қылкөпірдің діни наным-сенім бойынша адам баласының жаны жаннатқа барарда басынан өткеретін қиямет-қайымның азапты жолы екенін барша мұсылман біледі. Күнәлі мұсылман сол көпірден өте алмай, қып-қызыл отқа құлап азап шегеді екен. Орыс дейтін отарлау империясы мен қарсы шыққандарды қанды қасапқа салған Қытайдай алпауыттың арасында жансебіл рухты халықтың аман қалуы, тәуелсіздікке қол созуы шынымен де, қылкөпірден өткенмен бірдей. Шығыс Түркістан Республикасының күйреуі мен кейіпкерлердің басынан өткерген оқиғаларын оқып отырып, оқырманның көз алдына тозақ пен жұмақ арасын жалғайтын қылдай ғана көпір елестейтіні анық.
Романның екінші атауы – «Алтай сагасы». «Сага» сөзі аңыз дегенді аңғартады. Бұған дейін ежелгі Скандинавия мен ежелгі Ирландия халықтарының сагасы, аңыз дастандары дегенді естуіміз бар. Демек, автордың аталған шығармасын Алтай аңызы, Алтай жыры, Алтай дастаны деп тұшынып оқуға толық негіз бар. Қалай алсақ та, Оспан батыр бастаған Алтай аймағындағы қалың халықтың ішінен шыққан қайсар ерлердің жандәрмені біткенше, қара тері мен қызыл қанын төгіп соғысуы аңызға бергісіз ақиқат екені даусыз. «Батыр соғысу үшін емес, соғысты болдырмау үшін соғысады». Олай болса, «елім» деп ерлік көрсеткен жандардың жорықты жолын жыр деп жырласаңыз да, дастан деп дәріптесеңіз де болады.
Терістікте аюдай ақырған орыс пен шығыста айдаһардай аузынан ажал атқылаған қытайдың ортасында жылқыдай шыңғырып тірлік кешкен қазақтың бүгінгі халі де қуанарлықтай емес. Романның басты айтар ойы өткен тарихты таныту арқылы орыспен ойрандассақ та, қытаймен қидалассақ та, ендігі аман қалған жұртқа келешекте де төнер қауіп осы екеуінен келеді дегенді меңзейтіндей…Шығармаға арқау болған оқиғаларға қарап отырып, жазушының архив материалдарына шұқшиып, аз еңбектенбегені байқалады. Қытайдың қыспағы мен орыстың отарлау саясатын жүргізген қанды қол жендеттерге қарсы тұрған қайсар халықтың арасынан шыққан ерлердің ойдан шығарылған емес, шаһид кеткен тарихи тұлғалар болғаны да оқырманды өзіне тартып, туындының қызықты оқылуына бастайды. «Сират» романының тағы бір ерекшелігі – барлаушылар тағдырына тереңдей түсіп, солардың басындағы оқиғаларды індете отыра оқырманды беймәлім дүниелерге жаңа қырынан келуге мәжбүрлейді. Сонымен қатар, шытырманға толы барлаушылар туралы жазылған тың дүние де қазақ әдебиетінде жоқ деуге болады.
Әңгімемізді жазушы Асқар Алтайдың «Сират» романында қазықбау ретінде алынған бір ауыз сөзімен аяқтағанды жөн көрдік: «Ұрпағы үшін үркердей үріккен, қырылған жанкешті жұрт қана қалды. Еркін Ел жібек желідей ұзынынан үзілді, есіл Ер асыл арқаудай жұлынынан қиылды. Міне, Сират жалдаған сол ұлт жайында айтайық, жазайық, тек… кінә қоймайық!
Бұл ұлт қандай құрметтеуге лайық».
Қуат Қиықбай.