ҚАЛЛЕКИ ЖОЛЫ
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры ұжымы үшін биылғы маусымның орны бөлек. Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойымен қатар келген Қаллеки театрының ХХV маусымы Елорда төрінде ерекше салтанатпен тойланды.
Қаллеки театрының Астананың рухани-мәдени өмірінде алатын орны айрықша. Осыдан тура 25 жыл бұрын режиссер, қайраткер тұлға Жақып Омаровтың бастамасымен Бас қала төрінде ту тіккен мәдени ошақ бүгінде шығармашылық қанатын кеңге жайып, өнердің үлкен ордасына айналды. Мұнда қазақ театр өнері режиссурасының реформаторы, КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лаураеты, «Халық Қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетовтің, ҚР халық артисі Қадыр Жетпісбаевтың ізі сайрап жатыр. Ұлт театрының абыз ақсақалы Қалибек Қуанышбаевтай аңыз актердің аяулы есімі һәм тағылымды жолы әр көрерменін менмұндалап шақырады. Бұл жерде арғысы – Шәміл Жүніс, Рымкеш Омарханова, Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, Түймехан Атымтаева, Жанат Шайкина, Кеңес Нұрланов, бергісі – Нұркен Өтеуілов, Қуандық Қыстықбаев, Ержан Нұрымбет, Алтынай Нөгербек, Сырым Қашқабаев, Айнұр Бермұхамбетова бастаған талантты актерлер шоғыры шынайылық пен шеберлік егіз өрілген ғажап бір тандемде қызмет етеді. Бұл театрда әр жаңа маусым шымылдығын М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашып, жабатын тарихтан тамыр алған әдемі бір үрдіс бар. Ең бастысы – бұл театр ұжымы «өнердің тек қана мұзартын бағындырсам» деген шығармашылық қанағатсыздық, өнерге деген өлермендік сезіміне ие. Қаллеки театры бізге сонысымен бағалы, сонысымен ардақты.
«Өткен ғасырда, жалпы қазақ тарихында ұлтымызды дүниежүзіне танытып қана қоймай, әлемді ресми түрде мойындатқан үш адам бар. Олар: ғылымда – Қаныш Сәтбаев, қаламгерлікте – Мұхтар Әуезов, өнерде – Қалибек Қуанышбаев. Осы үш адамның есіміндегі ұлы деген сөзді біз ғана емес, бүкіл еуропа халқы мойындап қол қояды. Солардың ішінде дүниежүзілік масштабта ең алғаш мойындалғаны – Қаллеки–Қалибек Қуанышбаев». Профессор Тұрсын Жұртбайдың актер қарымына берген бұл бағасы бүгінде Қаллеки есімін иеленген өнер ұжымының ғұмырлық ұстанымына айналғандай. Олар да Қаллеки шыққан биікке ұмтылады, Қаллеки бағындырған бейнелі жолда тынбай тер төгеді.
Режиссер Әлімбек Оразбековтың сахналауында өнерсүйер қауыммен қауышқан, театрдың бойтұмарына айналған «Абай» трагедиясы – жоғарыда тілге тиек еткен пікіріміздің айғағы. Олай дейтініміз, Қалибек Қуанышбаев – Абай бейнесін ең алғаш сахнаға шығарған актер. Өткен ғасырдың 40 жылы әйгілі режиссер Асқар Тоқпановтың қолтаңбасында сахна көрген трагедияның қазақ театр өнері тарихындағы орны айрықша. Әсіресе, Қалибек Қуанышбаев нұсқалаған Абайдың аңыз бейнесі ішкі тереңдігімен өнерсүйер қауымды айрықша тәнті еткен еді. «Қалибектен кейін Абайды талай дарынды актерлеріміз ойнады, бірақ Қалибек – Абай біреу-ақ! Ол – Хантәңірінің биік шоқысында оқшау тұрған бейне». Асқар Тоқпановтың ұлы Қаллеки ойынына берген бұл бағасы талант табиғатына таразы болатындай.
Сахна өнерінде Қалибек Қуанышбаев шықан ең биік шың – Абай рөлі десек, бүгінде сол биікті бағындыруда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Нұркен Өтеуілов жемісті еңбек етіп жүр. Абай – қалпақпен қағып алатын, жүрдім-бардым қарайтын кезекші рөл емес, күрделі бейне. Алып бейнесін шығару актерден ішкі зиялылық пен тереңдікті талап етеді. Үздіксіз ізденіске жетелейді. «Мыңмен жалғыз алысқан» ақын бейнесінің сахнагерге артар зіл батпан ауыртпалығы да, ешбір атақпен өлшенбейтін абыройға бөлейтін құдіреті де қатар жүреді. Жас та болса Нұркен Өтеуілов осы жауапкершіліктің салмағын жете түсінеді. Өзін үнемі Абай шығармашылығымен сусындатып келе жатқан өнер иесінің кейіпкер бейнесін ішке сіңірудегі сол ізденісі әр сөзі мен әрекетінен, әр демі мен үнсіздігінен сезіліп тұрады. Сахнагердің сомдауындағы ақын бейнесі сол бір ішкі иірімдерімен, күрделі күңіренісімен бірден көз алдыңызда биіктей жөнеледі. Нұркен Өтеуілов кейіптейтін Абайдан Сіз ақын заманының надандық пен тоғышарлық қатар шарпысқан зарлы мұңын ғана емес, бүгінгі күннің қоғам келбетін де жазбай танисыз. Өз әлеміңізге іштей үңіліп, өзіңізше ой түйесіз. Бұл – ең бірінші классиканың құдіреті болса, екіншіден, актер ізденісінің жемісі деп бағалау керек.
«Абайды» бекер мысалға келтіріп отырған жоқпыз. Дәл қазіргі таңда қазақ сахнасында қаһарман бейнесін кескіндеуші актерлердің тапшылығы, типтік бейне алшақтығы жайлы түйткілдер жиі айтылып, жазылады. Әйтсе де, бұл түйткілдің Қ.Қуанышбаев театры актерлеріне қатысы аздау. Себебі, сайдың тасындай артистер ойынына біз куәміз: Толғанай мен Найман ананы кемеліне келтіре кейіптеген ҚР халық артисі Гүлжан Әспетованың, Абай болмысын бейнелілік биігіне көтерген Нұркен Өтеуіловтің, Абылайға айбын сыйлаған Қуандық Қыстықбаевтың, жалын жұтқан Жанна д, Арктың өр рухын өткір бейнелеген Айнұр Бермұхамбетованың, Гамлет боп күңіренген Сырым Қашқабаев сынды шымыр актерлердің шебер ойыны қай уақытта да көрерменін көркем ойлауға, терең пайымдауға жетелеп келеді. Қаһарманы бар театрдың қарымы да алымды. Бұл тұрғыдан келгенде, Қаллеки театрының бәсі биік, ұпайы түгел.
Театр шығармашылығы турасында сөз болғанда, репертуар мәселесі де назардан тыс қалмайды. Ширек ғасыр белесінде Қаллеки театры ұжымы төл классикамыздан (Ғ.Мүсірепов: «Ақан сері – Ақтоқты», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»; М.Әуезов: «Абай», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», «Қараш-Қараш»; Т.Ахтанов «Күшік күйеу» және т.б.) бастап, әлем классикасының да бірқатар жауһарларын (У.Шекспир «Гамлет», Ш.Айтматов: «Ана – Жер-Ана», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ақ кеме», «Аққудың көз жасы»; М.Фриш «Дон Жуанның думаны»; А.Цагарели «Гамарджоба!»;
Дж.Патрик «Қымбатты Памелла», А.Дударев «Кеш», А.Вальехо «Күн сәулесі түспеген», Ж.Ануй «Жалын жұтқан Жанна д,Арк»; И.Штраус «Жұбайлар жұмбағы»; Т.Жүженоғлы «Көшкін», В.Ежов «Бұлбұлдар түні» және т.б.) сахна төрінде жарқыратып көрсетіп келеді. Сол секілді, заманауи төл драматургтеріміздің де шығармалары: Ә.Таразидың «Үкілі жұлдыз», С.Тұрғынбекұлының «Мұқағали», Е.Жуасбектің «Үйлену», Р.Мұқанованың «Сарра», Қ.Жүнісовтің «Сәкен Сұңқар», О.Жанайдаровтың «Жұт», С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркек», Д.Рамазанның «Кенесары-Күнімжан», «Абылайханның арманы» және Р.Отарбаевтың «Көлеңкесіз жолаушы» новелласы мен жақында тұсауы кесілгелі отырған «Әміре» драмасы да көрерменнің рухани кемелденуіне қызмет етуде.
Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының шығармашылық ізденістегі тағы бір қыры – шетелдік режиссерлермен қоян-қолтық қарым-қатынасы. Бұл труппа үшін өз қазанында ғана қайнап, шығармашылық тұралап қалудың алдын алуға, өздерін өзге шеберлік шеңберінде сынап көруге жақсы мүмкіндік туғызуда. Мәселен, аталмыш театр сахнасында якут режиссері Сергей Потаповтың А.Чеховтың әйгілі «Шие бағы» туындысы негізінде сахналаған комедиясы соңғы жылдары сахна өнеріндегі үздік ізденістердің бірі ретінде көпшіліктің аузында жүр. Шие бағының тағдыры арқылы тұтастай ұлттық құндылықтарымыз бен ұлт тағдырына қатысты түйткілді мәселелер көркем тілде сахнадан тіл қатады. Драматургия мазмұнындағы құндылықтың құны азайып, адамдар бір-бірін тыңдаудан, ұғынысудан, бірін-бірі бағалаудан қалған, адами қасиеттерді аялап, құрмет тұтудан ажыраған бейберекетсіздікті режиссер сахнаға аллегория, гротеск тәсілдері арқылы сахнада ұтымды бедерлейді. Кейіпкер бейнесін сараптауға келгенде де режиссердің тосын форма табуға, классикалық туындыдан өз сүрлеуін бедерлеуге деген талпынысы айқын байқалады. Суреткердің онысы сәтсіз де емес. Ең бастысы, бұл қойылымда режиссер «қаллекилік» актерлердің жан-жақты қырынан ашылуына, сахналық үндестікте, біртұтастықта ансамбльдік жұмыс істеуіне мүмкіндік берген. Соның нәтижесінде бұған дейін кілең қаһармандардың рөлін бейнелеп жүрген Ескен – Сырым Қашқабаев көрерменге мүлдем басқа амплуада танылды. Ғайып – Қуандық Қыстықбев пен Балташ – Нүркен Өтеуіловтің шығармашылық тандемі де көп көңілінде жатталды. Сатылған шие бағы – құлдыраған құндылықпен параллель суреттелетін Фирс шалдың бейнесі Кеңес Нұрлановтың кейіптеуінде өз үдесінен шықты деп есептейміз. Сол секілді, Шие ханым бейнесіндегі Ақмарал Танабаева, Шарлотта – Айман Аймағамбет, Жарас – Шах-Мұрат Ордабаев, Дәрия – Алтынгүл Серкебаева сынды сахнагерлер бұл қойылымда өзге рөлдерімен салыстырғанда, өзіндік ерекшелік қалыптастырғаны бірден байқалады. Әйтсе де, қойылым жанры міндеттейтіндей, труппа тарапынан «комедия жасаймыз» деп актерлік ойынды кейде тіпті асыра сілтеп жіберетін тұстар да оқтын-оқтын ұшырасып жатты. Күлкіге қызмет етеміз деп, актерлердің күлдібадамдыққа, қайталау мен дарақылыққа бой алдырған жәйттеріне де ара-тұра куә болдық. Әйтсе де, бұл қойылымның жалпы суреткерлік сапасына нұқсан келтірді деп санамаймыз. Театр да тірі ағза ретінде үнемі әрекетте өмір сүргеннен кейін, аталған кемшіліктер алдағы уақытта іздене, зерттеле келе, өз жүйесін тауып, өткірлене түсетініне сенеміз.
Ал башқұрт режиссері Айрат Абушахмановтың драматург Олжас Жанайдаровтың пьесасы негізінде сахналаған «Жұт» драмасы дәл С.Потаповтың «Шиесіндей» қоғамда үлкен сілкініс тудырмағанымен, режиссердің нәубет жылдарының ақтаңдақ беттеріне, қаралы кезеңнің тауқыметті күндеріне үңілуге тырысқан ізденісі көңілге зор құрмет орнықтырған нәтижелі жұмыстардың санатында.
Қонақ режиссерлермен шығармашылық бірлікте бітеқайнасып, тәжірибе алмаса жүріп, төл туындыларына да әсерлі атмосфера сыйлап жүрген театр режиссерлері: Әлімбек Оразбек, Болат Ұзақов, Нұрлан Жұманиязовтың сахнаны сөйлетудегі еңбегі атап өтуге әбден лайық. Ал театрдың көркемдік жетекшісі ҚР халық артисі, режиссер Талғат Теменовтің Қаллеки театры сахнасындағы ізденістері Елорда ғана емес, алыс-жақын шетелдік көрермендердің де көзқуанышына айналып келеді. Атап айтар болсақ, 2015 жылы желтоқсан айында Мәскеуде өткен XII халықаралық театр фестивалінде Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» драмасының негізінде сахналанған Талғат Теменовтің «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық қойылымы «Золотой витязь» арнайы сыйлығына лайық деп танылып, ел абыройын асқақтатып қайтты.
ХХV театр маусымы да Қ.Қуанышбаев театры үшін табысты басталды. 2016 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған XXIV республикалық фестивальде якут режиссері Сергей Потаповтың суреткерлік сараптауында ұсынылған А.Чеховтың «Шие» комедиясы «Үздік спектакль» атанса, қазан айында дәл осы қойылым Орта Азия мемлекеттерінің «Қазақстан – Евразия жүрегі» атты VI халықаралық драма театрларының фестивалінде де топ жарып, Гран-При жүлдесін Қаллеки театрының қанжығасына байлады.
Мерейтойлық маусымын осындай жемісті жеңіспен бастаған Қ.Қуанышбаев театры ұжымы төл тарихына 25 жыл толтырған атаулы мейрамын да Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойымен ұштастыра отырып атап өтті. Салтанатты жиын барысында театр есімін иеленген абыз актер Қалибек Қуанышбаевқа бюст-ескерткіш орнатылып, театртанушы маман Сәуле Әбединованың «Театрға тағзым» кітабының тұсауы кесілді. 25 жыл белесінен театр тарихына тағы бір мәрте көз тігіп, соны сараптау жасалды.
«Бүгін шынымен де толғандыратын, адамға көп ой салатын, мамандығыңа терең үңілетін, «мен осы әртіспін бе, киелі сахнада жүруге қаншалықты құқым бар?» – деген сауалдарға әр актердің өзінің іштей жауап беретін күні. Біздің мына қарашаңырақ – театр осы ұлы бабамыздың атында. Ендеше, осы атқа лайық адал қызмет етуге тиіспіз. «Сахна – менің өмірім, сахна – менің тағдырым, сахна – менің тәңірім» деп өнер алдындағы жауапкершілікті сезінер болсақ, сонда біз бабаның жолын ұстаймыз, туын құлатпаймыз. Біздің ұжым оған әбден лайық». Театрдың ардагер актрисасы, ҚР халық артисі Гүлжан Әспетова тағылымды кештің түйінін осылайша түйді.
ТҮЙІН:
Әңгімеміздің әлқиссасын Қалибек Қуанышбаевтан бастап, сол негізде тарқатуымыз бекер емес. Қазақ сахна көгіне Абайдай алыптың көркем бейнесін тұңғыш шығарған актер қарымы ішкі тереңдік, қазақы бай құнармен астасып, замандастары арасынан оза шауып, жарқырай көрінді. Тіл өнерінде де Қаллекиден асқан актер болмаған деседі көзкөргендер. Мұның барлығы өнерпаз ізін жалғастырушы жастарға –
Қ.Қуанышбаев театры ұжымына үлкен өнеге, ғұмырлық тағылым. Қаллеки жолы үзілмейді!
Назерке ЖҰМАБАЙ,
өнертану ғылымының магистрі.
Астана.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.