МӨЛДІР СЕЗІМ, НӘЗІК ЖАН ИЕСІ
Өзі «сахна шебері» атаған кейіпкері, марқұм Әшірәлі Кенжеұлын қастерлей еске алып, тебірене толғай мақала арнаған автор – көрнекті әдебиет және мәдениет қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әшекең – Әшірбек Сығай да бұл пәниден озған. Алдыңғысына сөз бағыштап, соңғысы «сөз қалдырған» кешегіміз тұлғалардың рухтары пейіште шалқысын.
Аңқылдаған, арсалаңдаған, ақкөңіл Әшірәлі Кенжеұлының арамыздан кеткеніне де тура он үш жыл толыпты-ау! Өтіп бара жатқан тұрлаусыз да, тоқтаусыз уақыт жылдамдығына не дерсіз? 2001 жылдың 19 қыркүйегінде дарынды сахна шебері осынау опасыз жалған дүниені елу бес жасында тастап жүре берген екен. Иә, небәрі елу бес-ақ жыл ғұмыр! Неткен өкінішті! Нағыз жан-жақты толысқан, кемелденген кезінде аққан жұлдыздай зу етіп бұл пәниден өте шыққан қайран Әшірәлінің кісілік келбеті турасында үндемей қалу мүмкін емес секілді. Еш адамға залалы жоқ, үлкен-кішіге инабатты, аузын ашса жүрегі көрінердей адал да әділ Әшірәлінің адамгершілік, азаматтық қасиеттерін ешкім де жоққа шығара алмас. Демі таза еді. Тәрбиелі еді. Шамшыл емес, шыншыл-тын. Жағымпаздық, жарамсақтық, жағымсыз әдеттерден ада-тын. Өзгенің сәтсіздігіне дәл өзінікіндей күйінетін. Дұшпанына да (егер ол бар болса, бірақ олсыз өмір қайда?) достық қолын созып, ынтық жүрегін ұсынар мөлдір сезімді, нәзік жанды азаматыңыз осы Әшірәлі болар. Ол – Адам еді. Сосын да, үлкен Актер болды. Адал да арлы адамнан ғана ақберен әртіс шығарын өнегелі өмірімен де, жалынды өнерімен де дәлелдеп өткен осынау ғазиз жан туралы қанша тебірене айтып, толқи жазсаңыз да атқарылар сырымыз бен жырымыз шексіз болмақ.
Бір оқу орнында, бір ұстаздан тәлім алған, бүлдіршін бозбала шақты бірге қызықтап, қара нанды қақ бөліп жеп, қара суды бір ыдыстан кезек ішіскен асыл дос ортамызда орның бөлек еді-ау! Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының қыркүйек айы еріксіз еске түседі. Өнер оқуына келген өрімдей қыз-жігіттер қазіргі қазақ консерваториясының алдындағы көгалда «әйда» ауылдағыдай асыр салып жаттық. Құманның (Тастанбековтың) он екі тілді шағын сырнайшасы тынымсыз безек қағады. Қуақы Мұратжан Мұқажанов болса әзіл-оспақтың тиегін ағытып, күлдіргі шумақтарды судай сапыруда. Әлия, Қарлығаштар сызылта шырқаған халық әуендері де буынымызды босатып, көңілімізді ерітіп барады. Дауысы гүжілдеген сұлу да қара мұртты, сұңғақ бойлы бір бозбала күлкісін тия алар емес. Күлкісі қандай сүйкімді еді. Әлсін-әлсін қуана қол соғып, айналасындағыларға серпін беріп қояды. Көнелеу ақшыл плашы мен сұрғылт түсті кепкасы есімде қалыпты. Әшірәлімен алғашқы таныстық осылай басталған-тын. Сөйтіп, осыдан қырық сегіз жыл бұрын он төрт жеткіншек оқуға түскенбіз. Жартысы ұл, жартысы қыз, сол топтан сегізіміз ғана кәсіби өнердің соңына түстік.
КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Хадиша Бөкееваның және К.С.Станиславскийдің көзін көріп, дәрісін тыңдаған шәкірті В.Н.Беляковтың алғашқы тәрбиеленушілері, қазіргі Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков, еңбек сіңірген өнер иесі, профессор Рахилям Машурова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, өнерді өлердей сүйген Ғайникамал Байқошқарова… Иә, осы аралықта сол сегіз кісіден бесеу-ақ қалғанымызды өкінішпен мойындамауымызға шара жоқ. Мезгілсіз сөнген шырақтай жалп етіп, беймезгіл аққан жұлдыздай жалт етіп, дәл қырық тоғыз, яғни мүшел жастарында бұл пәниден өте шыққан Ерсайын Дүйсенбинов пен Қарлығаш Қабижанованың, небәрі елу бес жасында бақилық болған Әшірәлі Кенжеұлының есімдерін еске бір алмай қалай ғана сөз бастарсыз… Жуықта радио толқынынан Ерсайын жайлы арнайы хабар жүргіздік. Бұйыртса, Қарлығаш жөнінде де сыр қозғаудың сәті келер деп ойлаймыз. Адасқан арландай өнер бағын сырттан торып, әр түрлі себептермен сахнадан шеттеп жүрген талантты өнерпаз Мұратжан Мұқажанов тағдырынан да біреу хабардар, біреу бейхабар.
Жә, сонымен бүгінгі күнгі толғаудың жөні басқа, ағайын! Алпыстың сегізіне толған ақберен азамат жайлы жақ ашпау мүмкін де емес. Иә, Әшірәлі Кенжеұлы да жаңағы жоғарыдағы үркердей топтың ортан қолдай біреуі, бірегейі еді. Сабақтасымыз, замандасымыз, тұрғыласымыз, әріптесіміз, қысқасы, өзіміздің Әшірәліміз, бүкіл сахна сүйер қауымның Әшірәлісі еді. Бұрындары үлкенді-кішілі сахна қайраткерлеріне қызмет көрсету – зерттеушілік, сыншылық парызымыз болса, қазіргі қалпымызды студенттік жылдарымызда аядай бөлмеде айқаса жатып, құшақ жазыспаған күндер мен түндерді бірге өткізіскен адал дос алдындағы борышымызды орындауымыз деп түсінеміз. Иә, солай. Ол екеуміз бірге оқып едік. Өнер оқуын айтам. Институтты, Өнер институтындағы қиқулы да қызықты заманымызды еске аламын. Ол кездері Құрманғазы атындағы қазақ консерваториясы Өнер институты деп аталатын. Таза музыка мамандарын даярлайтын оқу ордасының тікелей атын өзгертіп жіберген де сол, қазақ өнеріндегі үркердей ғана талантты топтың бастарын қосқан (шағын да болса) әйгілі театр факультеті болса керек. Сол шағын факультеттен шаңытып шығып, бүгінгі театрларымыздың шабыт отын тынымсыз үрлеген санаулы түлектер – ұлттық драма өнеріміздің айтулы қайраткерлері. Шүкір, сол кезгі титтей факультет, бұл күндері дербес өнер ордасына, Қазақтың Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясына айналған. Өріс кеңейген. Ауқым үлкейген. Әйтсе де, «Ашаршылықта жеген құйқаның ауыздан дәмі кетпес» деген мәтелдің мағынасына мән бермеуіміз жараспас.
Кішкене жылғалардан, шағын көлшіктерден құралған алып мұхиттай шайқалған кең байтақ қазақ елінің шырайлы сахна өнері оның ондаған-жүздеген қайраткерлерімен өлшенбек, бедерленбек. Ұлттық өнерімізге өзгеше белгі, өзіндік рухани өрнек салып, халқымыздың эстетикалық ахуалының кемелденуіне отыз жылдан астам өлшеусіз үлес қосып келген Қазақстан Республикасының халық артисі Әшірәлі Кенжеұлы да дәл сондай көпшілікке танымал, айтулы сахна шеберлеріміздің бірі болатын. Сонау шәкірт кездерінен-ақ, ақкөңіл-адалдығымен, пәк аңғалдығымен өз дос-жарандары арасында Атымтай жомарттығымен айрықша беделге ие болған абыройлы кісінің сахна тіршілігіндегі де таза табиғаты оның шығармашылық тұлғасынан да атой салып жатары заңды-тын. Ен далада еркін қыдырған жүзіңді аймалап сүйер ерке самалдай жаңға жайлы жуас мінез, бітімді бет-әлпет, келісімді кескін-келбет, арғы, ішкі жан сарайынан ақтарыла төгілген әсем де барқыт, қоңыр үн төбесінен қанша қабат кірпішпен бастырып қойсаң да жатуы қиын қайратты, тым қайратты қалың қара шаш, баяғы бозбала кезінен бір өзгермей, танауының астында сұлап жатқан қияқтай сүйірлене біткен сиқырлы да сұлу сәнді мұрт күні бүгінгідей жадымда. Ол мәңгі ұмытылмас та.
Бұл сырты ғой, сырты ғана сөз еткеніміз. Нәзік өнер адамының ішіне үңілдік пе, кезінде. Әлем екен-ау, тұтас бір тұнып жатқан әр түрлі… Сыр жатыпты-ау көкейінде сан алуан, әрқилы. Әрекет иесіне, сахнада тартыс туғызып, жоқ жерден күрес ашып, психологиялық мезеттерде айтысып-арбасып, көзқарас, қимыл-қозғалыс, ым-и шаратпен бүтін бір айқас алаңын көз алдыңа әкелер актерлер әулетіне тек сырттан қарап, аулақтан, алыстан назар тастар болсаңыз, ол ендеше, мамандық ерекшелігіне, оның қат-қабат құпияларына пәлендей ден қоймағандығыңыз. Сахна – сезімтал жандардың мекені. Сергек жандардың өрісі. Ал сезім иелері секемшіл әрі сыршыл, сыншыл келеді. Әркез жүректері жыршыл, көкіректері күйге толы. Күйсандық дерсіз, сырсандық дерсіз бейнебір. Сәкен ағам, Сейфуллин атам жырлаған сыр сандық есіңізде болар. Текке жырламаған ғой, ақын оны! Әсіресе, ұлы шайыр Сейфолланың Сәкені, босқа сөйлеп, қайран сөзін қор етер ме әрнеге. Сол сырсандық иесі де, сол күй сандықтың қожасы да актер болған қашан да. Актердің ары – өнері. Осы орайда оны үш жағдай қинаған кезінде. Біріншісі, баяғыда «ә» деп ауылдан аттанғанда, Абай базарды мекендеген ел-жұрт ағайын-туыс, әке-шешеге «агроном болып оралармын» деген уәдесі бар-тын. Екіншісі – сырлы сахнаның керемет құпия машықтарын Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Хадиша Бөкеевадан оқып-үйренді. Ол кісі болса, өзімен қызметтес болып, бір шаңырақ сатында қатар еңбек етіп келді. Көрермен қояр темірдей қатты талап тағы бар. Ауылға оралмады, уәде табан астынан бұзылды. Бүкіл ауылдастары агрономдықты актерлікке айырбастап кеткен жерлестеріне қалай қарайды?.. Қит еткен қадамын қадағалап отырмасына кім кепіл? Оның үстіне актер өнерінің әліппесін оқытып үйреткен ұстазы қабаттаса, қанжығаласа, үзеңгілес үнемі өзімен қатар жүрді. Демек, сыншысы өкпе тұсында. Ал үшінші жағдайдың жөні мүлдем бөлек. Ол – көрермен алдында кешкісін берілер әр күнгі шығармашылық есеп еді. Ол өмір бойына жалғаса берер айнымас әдет, өзгеше әлем-тін. Шәкірттік тұстағы сахна талабынан бертінгі академиялық театр талғамы көш ілгері екендігі бұлтартпас шындық-ты. Сонау дипломдық қойылымда Ж.Б.Мольердің «Сараң» комедиясында Гарпогонның «ит терісін басына қаптап» ойнаған талантты шәкірт-актер Әшірәлінің тамаша шеберлігі күні кешеге дейін жалғасын тауып жатты. Комиссия мүшелері жас өреннің ойын-өрнегін бір кісідей мойындасып, сонда-ақ, бір ауыздан мақұлдасқан. Емтихан комиссиясының төрағасы, Халық артисі Әзірбайжан Мәмбетов жас жігіт беталысын тәуір бағалаған-тын. Кезінде
Х.Бөкееваның өзін оқытқан Санкт-Петербургтегі ақиық актер, марқұм В.Меркурьев «Жарайсың, Әшірәлі» деп, сонда-ақ оған жылы шырай көрсеткен. Жайдары, ақжарқын, аңқылдақ адал жаратылысты жиырма үш жасар Әшірәлінің қайдағы бір сараңдықпен семіп қатқан, қытымыр да қатал жанды, қартамыс адамның сахналық кескінін табиғи кейіптей алуы, сол кездері әлі тәжірибе арттырып үлгермеген жас өрімге, әрине, оңай жүк болмағаны өз-өзінен белгілі.
Ол театр ұжымына сыйлы болды. Сүйкімі, кісілігі, кішілігі зор еді. Өмірге, өнерге адал ниетпен зер салды. Гастрольдерден шет қалып көрген жан емес-тін. Қазақстанды тегіс аралады. Мәскеу, Өфе, Қазан, Тәшкен, Нөкіс түгелдей адақталды. Тіпті, Парсы, Франция, Алмания жерлеріне де табаны тиді. Бәрі де сахнаның арқасы еді. Үлкенге іні, кішіге аға бола білген есіл Әшірәлінің замандасы, тұрғыласы, әріптесі Әнуарға (Боранбаевқа) деген пейілі алабөтен еді. Қайран Әнуар бір аяғынан айрылып, қос балдаққа тәуелді болып қалғанда Әшірәлі оны бір сәт те жалғызсыратқан емес. Жеңіл көлігіне салып алып, Әнуар қайда бастаса, оның сонда жүретінін талай рет байқағанбыз. Аузынан әзілі үзілмейтін, езуінен күлкісі кетпейтін Әнуардың әрқилы еркеліктеріне сабырмен қарап, шынайы достықтың үлгісін көрсетуден танбаған Әшірәлі парасатын бүкіл ұжым жатқа білсе керек. Бертінде денсаулығы кеміп, жасының егде тартуына байланысты, сахнадан сырттап, тіршілік харекетінде жалғызілікті болып қалған Хадиша апасының қас-қабағынан да көзін алмаған адал шәкірттің бірі Әшірәлі еді. Қабатында Хабиба, Шолпан, Бикендерге де ілтипат көрсетуді ұмытпайтын. Шәкірт кезінен елгезек мінезді, жақын тұтар адамына елжіреп тұрар Әшір-
әлінің тура аузынан түсіп қалғандай Азамат баламызды көрген сайын «тәубә» дейміз. Шүкіршілік етеміз. Әшірәлінің өзі өлердей жақсы көріп өткен Айнұры мен Айжаны да қандай әсем қыздар болып өсті десеңізші! Үшеуін де көзінің ағы мен қарасындай көруші еді ол. Не дерсіз тағдырға? Олардың қызығына тоймай кетті жалғаннан. Немерелі-шөберелі болып, шалқып отыру бақытын тағдыр оған бұйыртпады.
Азамат пен Айжанның көрер жарығы қоймаған болар. Қаннен-қаперсіз жүрген Әшірәліміздің табан астынан нілдей бұзылып шыға келгені бар емес пе? Бұған дейін өзара қиылыса қарасып, қол ұстасып жүрген парталас бойжеткенмен арадағы нәзік байланыстарды жақсы білетін бөлмелес жігіттер Әшірәлінің бұл тосын қылығына таң қалыстық. Театрға таяуда ғана тұмсығын тыққан үшінші курс студентінің ет пен тері аралығындағы жай ғана желігі болар деп топшылағанбыз алғашқыда. Қателесіппіз. Кереку жағынан гастрольдік сапардан оралған құрбымыз мүлдем өзгерген. Көбінше үнсіз. Артық ауыз сыр шашпас тұйық мінезге тап болған. Арсың-гүрсін, ашық мінезді, айқын жүзді көпшіл досымыз секунд-сағат сайын біздерден алыс тартып бара жатқандай көрінді. Тобымыздан жырыла қашып, сегізінші ықшамауданға қатынайтын троллейбустарға (әй-шәй жоқ) тұра жүгіретін әдет тапты. Сөйтсек… Сөйтсек… аңқылдақ досымыз Торғынның тұзағына әлдеқашан түсіп-ақ қалған екен. Сөйтіп, бір бойдаққа кеміп шыға келдік. Үйлі-баранды болып, көңілін демдеп алған асыл азамат, арқалы актер маңдайымыздағы бірден-бір қара шаңырақ М.Әуезов атындағы театр сахнасын ұзақ жылдар бойына шығармашылық думанға бөледі. Сахналық мехнаттың ащы теріне тұншыға малшынды. Өнер айдынында дәл өмірдегідей өршелене малтыды. Өнерден басқа ойы жоқ-тын. Кейіпкерлерінің қуаныш-қайғыларына дәл өзінікіндей ысытпалап өтті. Сахнадағы сенгіштігі, нанғыштығы қайталанбас мінездер еді. Аңғалдығы, адалдығы жөнінде мүлдем оқшау тұрар Әшірәлі болмысын жиі сөз етуіміз табиғи нәрсе. Амал қанша? Амал қайсы дейміз бәріміз де мұңайып. Сөйтеміз де, шыңырау ой орманына үнсіз сүңгиміз әрдайым. Әрине, ой ойды қозғайды. Қиялды түртеді. Пенде біткенді пікірге, белгілі бір түйінге жүгіндіргендей болады. Көңілдің көк дөнені, сонау өзінің балалық бал дәуренінде табанын тасқа талай тілгізіп, қара жолдың май топырағын көкке көтеріп, ауыл шетін қою шаңға талай көмген жасөспірім Әшірәлінің туған жерін, төл мекенін еске салатындай. Сол ел-жұрттың бас көтерер атпал азаматтарына өтініш айтқызатындай.
Осы тұста Оңтүстік Қазақстан өлкесінің басшыларына, Сарыағаш ауданының жетекшілеріне жеткізер сәлемдемеміз де жоқ емес секілді. Күлбілтелемей әңгіменің турасына көшсек, оның ұзын-ырғасы мынадай: «Құрметті Әшірәлі Кенжеұлының жерлестері! Оңтүстік елінің жаны дархан ақберен азаматтары! Өздеріңіздің жерлестеріңіз, есімі елге белгілі, Қазақстанның халық артисі, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының бел актері марқұм Әшірәлі Кенжеұлының дүниеден өткеніне 2014 жылдың күзінде (19 қыркүйек, 2001 жыл) он үш жыл толды. Жарық жалғаннан тым ерте кеткен талантты кісінің рухани мұраларымен ұрпақ мақтанар кез әлі алда. Аядай ғана ауылдан шығып, өзінің табиғи төл өнерімен алты алашқа аты мәлім болған жерлестеріңізді Сіздер де зор мақтаныш тұтатындарыңызды жақсы білеміз.
Жүзден аса сахналық бейнелер сомдап, көркем фильмдерге түсіп, ондаған таспаларды қазақшаға аударып, туған тілімізде шешен сөйлеткен шынайы суреткердің отыз бес жылдық ерен еңбегін азсынуға ешкімнің де дәті жетпесі анық. Қозы Көрпеш, Абай, Шоқан, Демесін, Айтөре, Қайырбай сынды алуан мінезді жандардың кейпінде көрермен көңілін сан мәртебе жібіткен арқалы актердің есімін ел есінде қалдыру – адамшылығымызға, әділдігімізге сын. Ол – өнер адамы. Әлбетте, оның ешкімге де материалдық жағынан көмек көрсетіп, (жол салдырып, үй тұрғызып дегендей) көзге түсе алмағаны рас, оның есесіне ол ел-жұртына рухани қуат, ұрпаққа тәлім-тәрбие, таусылмас тағылым тастап озды дүниеден. Осының бәрін ескере келе, біздердің, өнер қайраткерлерінің сіздерден сұрайтыны – Қазақстанның халық әртісі, марқұм Әшірәлі Кенжеұлының туған топырағындағы (орталығы – Абай базар) бір мектепке немесе Мәдениет үйіне және бала кезінде өзі екі санын шапаттап, талай шапқылап, шаңдатқан көшелердің біріне әйгілі жерлестеріңіз, көрнекті актердің аты-жөнін беріп, оның есімін мәңгі есте қалдыру шарасына тікелей ұйытқы болсаңыздар екен. Қазақстан өнер қайраткерлерінің көбі осы айтылған ұсынысқа оң қарайтынына титтей де күмәніміз жоқ».
Иә, талант тағдырлары қашан да ұқсас. Ол Римде де, Анголада да, Алматыда да бірдей. Талант жер талғамайды, ел таңдамайды. Абай базарда туған Әшірәлі дарыны Алматы, Астана түгілі, Алмания, Алжир тұрғындары үшін де жәй нәрсе болмақ емес. Өйткені, өнер күші – жойқын да жасампаз. Ол – адамзат біткенге ортақ һәм мәңгілік.
Әшірбек СЫҒАЙ.