Тәуелсіз елдің тұғырын биік еткен
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 25 жылдығында егеменді еліміз ғасырларға бергісіз үлкен тарихи жетістіктерге жетті. Қазақстанның геосаяси, геостратегиялық, геоэкономикалық орналасуы, тарихи өткені, этникалық құрамы, күрделі құрылымы, ірі аймақтар мен өркениеттердің жалғаушысы ретінде Еуразия кеңістігінде ерекше рөлге ие мемлекет екені күллі әлемге белгілі. Қазақстанның қазіргі және болашақтағы рухани тұтастығының күшеюіне байланысты аймақтағы геомәдени және геоөркениеттік күштердің стратегиялық тепе-теңдігіне алдағы онжылдықтарда маңызды өзгерістер енуі ықтимал.
Тарихтың қай кезеңінде болсын мемлекеттік дәстүрін сақтаған елде биліктің ең жоғары өкілінің басты міндеттеріне елдің ішкі-сыртқы саясатын жүргізу, ел мен жерді қорғау, сондай-ақ ұлттық сана мен ұлттық тәрбиені дамытуға бағытталған саясатты жүргізу жатады. Ұлттық сананы дамыту ұлттық тарихты ұлттың мүддесіне сай зерттеумен тікелей байланысты екені белгілі. Міне, осы тұрғыдан алғанда Тәуелсіз Қазақстанның іргетасы болып саналатын Қазақ хандығының құрылуын мемлекеттіліктің дамуы тұрғысынан қарастырсақ, онда ол жалпылама түрде Қазақстанның ежелгі тарихындағы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мемлекеттіліктерінің, ерте орта ғасырлардағы Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахандар мемлекеттерінің, одан кейінгі Алтын Орданың, ал нақты түрде Ақ Орда мемлекеттерінің тарихымен байланыстырамыз. Мемлекеттердің атауы әртүрлі болса да, оларға тән ортақ нәрсе, бір территория мен сол территорияда өмір сүрген ру-тайпалар мен тайпалық бірлестіктердің тегі мен тілі, шаруашылығы мен мәдениеті, діни-рухани өмірлерінің ортақтығы еді.
Қазақстанның күрделі сан ғасырлық тарихына үңілсек, ел болашағын ойлаған дарынды билеушілер мен тарихи тұлғалар мемлекет мүддесін, оның жан-жақты даму жолын айқындап, жүзеге асуына өзіндік үлестерін қосқан аңғарамыз. Атап айтсақ, Қазақ хандығының нығаюы мен дамуына, нақты территориясының қалыптасып, халқының көбеюіне, әскерінің күшеюіне қомақты үлес қосқан Қасым хан, Хақназар, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай хандардың алатын орны маңызды. Қасым хан өз кезеңінде «Қасым ханның қасқа жолы», Есім «Есім ханның ескі жолы», Тәуке хан «Жеті жарғы» деп аталатын далалық заңдарға негізделген дамудың ортақ жүйесін қалыптастырды. ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары ұлттық мемлекет құру идеясын негіздеп, халқына қызмет етуді парыз деп санаған, бар ғұмырын ел мүддесіне арнаған болатын. Билеушілердің қай-қайсысына тоқталсақ та, олардың ортақ мүддесі – елінің амандығы, шекарасының тұтастығы мен тыныштығы болған.
Бүгінде ата-бабаларымыздың сара жолының дәстүрлі жалғасы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақ-
стан Республикасының ішкі және сыртқы саясатын дамытуға, экономикасын тұрақтандыруға, шекарасының беріктігі мен территориясының тұтастығына, мәдени-рухани кемелденуіне қосқан үлесі қомақты деуге болады. Классикалық санаттағы қазақстандық мемлекеттіліктің атрибуттары тәуелсіздік жылдарында қалыптасты. Бүгіндері Қазақстан Республикасы – қазақ жерінде бұрын-соңды құрылған мемлекеттер ішінде мемлекеттілік белгілері толық әрі өзі мығым қалыптасқан бірден-бір ел.
Тәуелсіздік жылдары президенттік басқару жүйесімен өмір сүріп келе жатқан Қазақстан өзін тек жақсы жағынан көрсетті.
25 жыл ішінде мемлекетіміз үлкен жетістіктерге жетті. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған еңбегі ерекше. Біріншіден, Қазақстан басшысы – мемлекеттің негізін құраушы тұлға. Ол өз елін Кеңес Одағының күйреуі мен азиялық дағдарыстан, соңғы жылдардағы жаһандық құлдыраудан аман алып шыққан көшбасшы. Оның кемел саясатының арқасында 2007-2008 жылдардағы жаһандық дағдарыстан Қазақстан бірінші болып шықты. Екіншіден, Қазақстанның барлық көршілері азамат соғысы мен тұрлаусыз төңкерістерді бастан кешіп, тұрақсыздық орнаған кезеңде Н.Ә.Назарбаев қанды қақтығыстарға да жол бермеді. Керісінше, көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан бейбітшілікті сақтап, халқының өмір сүру деңгейін көтерді.
Республика Президентінің жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Мемлекет басшысының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты.
Тәуелсіз елдің КСРО-да қалыптасқан жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу үдерісі де біршама қиындықтармен дұрыс жолға қойылды. Президент тарапынан Мемлекеттік басқару жүйесінде нарықтық экономикаға көшудің 1991-1998 жылдар аралығында жаңа заңдар мен реформаны жүзеге асыру бағытында қажет құжаттар қабылданды. Нарықтық экономикаға көшу бағытымен айналысатын жаңа мемлекеттік басқару органдары құрылып, Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат жөніндегі комитеттер, Салық инспекциясы, Кеден және нарықтық экономикаға тән инфрақұрылымның бірнеше түрлері енгізілді. Сонымен қатар, биржалар, коммерциялық банктер, сауда үйлері, жеке меншіктік кәсіпорындар мен шаруашылықтар, жеке меншік пен мемлекет меншігі аралас ірі корпорациялар, акционерлік қоғамдар, холдингтік компаниялар құрыла бастады. Қиын дағдарыстарға қарамастан, бүкіләлемдік банктің бағалауы бойынша, Қазақстан Республикасы 2004 жылдан бастап табыс деңгейі ортадан жоғары мемлекеттер қатарына кірді.
Елбасының нақты реформалары мен мемлекеттік бағдарламалары барлық саланы, саясат, экономика, әлеуметтік қатынастар, халықаралық қатынастар, мәдени-рухани кеңістік пен ғылым-білім салаларын қамтыды. Ортақ тарихи кеңістікте қалыптасқан Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан Республикасы көшбасында тұруы да Президентіміздің саясатының арқасында екені баршаға мәлім.
Еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі 140-тан аса мемлекеттермен бейбіт келісімдер мен дипломатиялық байланыстар орнатуы, ол елдердің Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде мойындауы да Елбасының шебер дипломатиялық саясатының арқасында екені анық.
Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған стратегия болашаққа бағдаршам болды. Тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарын оймен бағамдасақ, тұғырлы мемлекет, үдемелі экономика, заманауи саяси жүйе, жаңа қоғамды қалыптастыру мен дамытудың дайын үлгілері болмағандығын байқаймыз. Тарихи дамуымыз үшін аса маңызды бағдарламалық құжаттың іргелі негіздерін дайындауды Елбасының көрегендігі мен парасатты шығармашылық ізденісінің жемісі, өзіне жүктеген үлкен жауапкершілік деп қабылдаған абзал. Әлемдегі дамыған Еуропа және Азия мемлекеттерінің тәжірибесін саралай отырып, болашақтағы Қазақстанның өзіндік даму үлгісін жасау даналық пен терең білімділікті, зерде мен ерік-жігерді жұмылдыруды қажет ететін дүние. Елбасы сарабдал саясаткер ретінде, есімін әлем таныған тұлға ретінде өз халқына ауқымды және нақты, мемлекет дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын іс-әрекеттер жоспарын жыл сайын ұсынып, ел болашағын жан-жақты кемелдендіру ісін қолға алды. Бұл саяси маңызы жоғары құжаттар еліміздің саяси, экономикалық, мәдени, халықаралық деңгейін жоғарылатып, үлкен белестерді бағындырудың нақты қадамдары болып табылады.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларын, оның ішінде «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» стратегиясының ХХІ ғасырдағы тарихи маңызы жоғары екендігін атап өту қажет.
«Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Елбасының жаңа Жолдауы мемлекетіміздің тарихында идеялық жағынан да құнды. Өйткені, сан ғасырлар бойы біздің ата-бабаларымыз тәуелсіздік пен еркіндікті, елді біріктіретін ортақ мақсат-мүддені көздеп, Мәңгілік ел болуды армандады. Ал осы аңсаған арманның жүзеге асып, орындалуы бірлікпен жасаған тұтас бір идеологияға негізделетіні анық.
Президенттің «Нұрлы Жол» – болашаққа бастар жол» Жолдауы Астанада 2014 жылы 11 қарашада Қазақстан халқына жарияланды. «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісіне Үкімет басшылары, Мәжіліс депутаттары, Президент Әкімшілігі, орталық және жергілікті мемлекет органдарының жетекшілері қатысты. Н.Ә.Назарбаев бұл жолдауын экономикадағы жаңа бағытқа арнады: «Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады… Бүгінде алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялаймын», – деп атап өтті.
«Нұрлы Жол» Жолдауы
Қазақстан қоғамы тарапынан Президент Н.Ә.Назарбаевтың туындап отырған қазіргі әлемдегі күрделі геосаяси және экономикалық жағдайға өз уақытында берген жауабы ретінде бағаланып отыр. Елбасының өзі атап көрсеткеніндей, қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалын төмендетпеу үшін экономикалық дағдарыстың алдын алу мақсатында қабылданған бағдарлама, «ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ, біз жақын келешектегі іс-әрекетіміздің жоспарын қазір жасап алуымыз керек. «Нұрлы Жол» – бізді елдік құндылықтардың қадіріне жеткізіп, асқақтата түсетін мәнді жол», – деді ұлт Көшбасшысы.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 5 институционалдық реформаларды жүзеге асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынды. «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бірге, жаңа тарихи жағдайларда дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру бойынша Ұлт жоспары болып табылады.
Елбасының бастамасымен тарихи санамызды қалыптастыру үшін 2003 жылы «Мәдени мұра», 2013 жылы «Халық тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламалары қабылданып, қазақ халқының тарихына қомақты зерттеу еңбектері мен ғылыми айналымға жаңа дерек көздері қосылған болатын. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстандағы тарих ғылымдарының сапалы серпіліс жасауына жағдай жасау; ұлттық тарихымыздың әлемдік даму өркениетіндегі орнын анықтау және де ұлттың жаңа тарихи әлемдік көзқарасын қалыптастыру; тәуелсіздік жылдардағы қазақ қоғамының жүріп өткен жолдарын ұғыну болып табылады.
Елде ұлттық, тілдік, конфессионалдық белгілер бойынша кемсіту жоқ. Ұлтаралық қатынастарды үйлестірудің бірегей тетігі болып табылатын Қазақстан халық Ассамблеясы ойдағыдай жұмыс істейді.
Бүгінде Қазақстан Орталық Азия аймағында демократиялық реформалар жүргізу жөнінде барша жұрт таныған көшбасшы болып табылады.
2016 жылы Елбасы
Н.Ә.Назарбаев «Әлем. XXI ғасыр» Манифестін жариялап, күллі әлемге паш етті. Осы құжатта көрсетілген қарусыздану бастамалары әлемдік қоғамға қажетті, уақтылы және өте актуалды болып табылады. Бүгінде әлемде қауіп төндіріп отырған қатерлі террористік топтардың пайда болуынан әлемдік қауымдастық үшін күннен-күнге апатты ахуал дендеп, әлем өте күрделі жағдайларға тап болуда. Сондықтан жаһандық қауіпсіздіктің жағдайын жасау үшін бүкіл адамзаттың күш-жігерін жұмылдыру қажет. Қазақстан бірінші боп қарусыздануға қадам басты. Ядролық қарусыз өмір сүруді таңдау Қазақстан үшін өмірлік маңызды қадамдардың бірі болды. Әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен бас тарту мен Семей ядролық полигонын жабу туралы еліміздің басшысының шешімін халық өте жоғары бағалады. «XXI ғасыр» Манифестінде бірқатар маңызды және негізгі жерлерін атап өтті. «XXI ғасыр: соғыссыз әлем» бағдарламасы бойынша жаһандық стратегия үш басты қағидатты мазмұндауды талап етеді: біріншіден, қарудың жаңа түрлерін дайындауға тыйым салу, екіншіден, ядролық қарудың барлық түрін сынақтан өткізуге тыйым салу және үшіншіден, мүмкін қадерінше қысқартудың ең жоғарғы жиынтық жұмыстарын жүргізу.
Қорыта келгенде, Қазақстанның ғасырлар бойы жалғасқан тарихы, күрделі этникалық құрамы мен құрылымы, геостратегиялық орналасуы (өркениеттердің тоғысқан жерінде орналасуы да) оның Еуразиядағы өзіндік ерекшелігі бар мемлекет екендігін көрсетеді. Көпұлтты мемлекетіміздің рухани біртұтастығын сақтап, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаңғыртуда, әлемді мойындатып, халықаралық қатынастар жүйесінде өз орнымызды айқындауда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қосқан үлесі өлшеусіз және болашақта Елбасының салиқалы саясатының арқасында Қазақстан Республикасы дамыған 30 елдің қатарына кіреді деген сеніміміз кәміл.
Нәзия Тәсілова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті.