АЛАШТЫҢ АРДАҚТАҒАН АЛМАСЫ ЕДІ
25.11.2016
1653
1

Сатыбалды Даумов – көрнекті ақын, жалынды журналист қана емес, өлке тарихын зерттеп, тарихи тұлғалардың өміріне әрдайым зейінмен, ыждағатпен қарап, жауапкершілікпен зерттеген жазушы да. Әлем әдебиетінің озық үлгілерін қазақ тіліне тәржімалаған аудармашы. Оның, әсіресе, қазақтың қыздары арасынан шыққан тұңғыш мұғалім Алма Оразбаева туралы жазған «Тауқыметті тағдыр» кітабы оқырманға ой салмай қоймайтыны айқын. Қоғамдағы әр түрлі дүмпулер мен өзгерістер кезінде ғұмыр кешкен тарихи тұлғалардың өмірі қарама-қайшылыққа толы болатыны рас.

Өйткені, қоғамдық-әлеуметтік реформаларды біреу түсінеді, біреу түсінбейді, біреулер сол өзгеріс­терге үн қосып, бел ортасында жү­­реді, біреулер жан-тәнімен қар­сы шығады. Ал уақыт зымырап аққан сайын жылдар шаңы шын­дықты тұмшалап, өз заманына үн қосқан қайраткерлердің өмірі сол жылдар шаңына көміліп жата беретіні бар. Содан да шығар, елі үшін күресіп, қарлығаштай су себуге талпынған, халқына аз да болса көмек етіп, сауатын ашқан жандар туралы әр түрлі қауесеттер, алыпқашпа сөздер де айтылып, жазылып та жатады. Осының бәрі тарихымызды танымағаннан дер едік. Біз сөз етіп отырған жазушы Сатыбалды Даумов та жоғарыда айтқан кітабында былай деген екен: «Жаңсақ пікір көбінесе біл­местіктен туады. Атын ғана есті­гені болмаса, бүгінгі ұрпақ Алма туралы шынында не біледі? Рас, Оразбаева жөнінде жазылған дүниелер сан жағынан аз емес. Оның есімі партия тарихына қа­тыс­ты еңбектердің бәрінде дерлік аталады… Бірақ солардың көп­шілігі – Алманың қызметіне қа­тыс­ты анкеталық деректерді шұ­бырта тізумен ғана шектелетін, былайша айтқанда, ауырдың үсті, жеңілдің астын ғана қалқитын дүниелер…». Ал сол тарихи тұлға­ның өмір жолын зерттеу үшін белсеніп кім кіріседі? Зерттеушіге қойылатын талап – ауыр, көмек – жоқтың қасы. Алма Дінмұхам­бет­қызымен бірге қызмет жасаған, қоян-қолтық жүрген жандардың көбі өмірден өткен. Алайда, осындай қиындықтар мен кездескен тосқауылдарға қарамастан зерт­теу­ші іске батыл, бел шешіп кіріс­кен. Сөйтіп, халқымыздың аяулы қызы туралы көп адам біле бер­мей­тін тосын деректерді тауып, оның өміріндегі трагедиялық жағ­­дайларды да батыл жазған. «Алма – жүрек сыздатарлықтай аянышты тағыр иесі», – деп бас­тайды жазушы. Шындығында да, ХІХ-ХХ ғасырлардың тоғысында, 1898 жылғы 28 желтоқсанда, Ішкі Бө­кей Ордасында туған оның өмірі де аласапыранға толы еді. Әкесі Дінмұхамбет Оразбаев кедей ұста екен. Отбасында төрт бала өсіп, тәрбиеленген – Қанипа, Ғатауол­ла, Алмабет, Мәдина. Ал­маның әкесі отбасын өзінің ауыр да адал еңбегімен асырап қана қоймай, бала тәрбиесіне де мән берген адам. Олай дейтініміз, қан­дай қиындық көрсе де, ұл-қыз­дарын оқытуға бар күшін салыпты. Қанипасы 1904 жылдың өзін­де Ордадағы орыс-қазақ учи­лище­сінде оқытушы болған. Заман ағы­мын бағамдаған әкенің ұрпақ­тарының білім алуына жағ­дай жасауының өзі – ерлік. Алма білім алған мектеп 1841 жылы Жәң­гір хан негізін қалаған оқу ор­ны еке­нін айта кеткен дұрыс. Ол білім алған кезеңде қазақтың бел­гілі ағартушылары С.Меңде­шов, М.Сәрсембиев, Н.Залиев­тер­мен бірге орыс және чуваш зиялылары да дәріс оқыпты. Олар ал­дың­ғы қатарлы идеясы мен демократия­лық ой-пікірі үшін Бөкей даласына жер аударылып келгендер еді. Міне, осындай ұстаздардан сауат ашқан Алма да алға қарай білімін жоғарылатуға талпынады. Сөйтіп, Симбирск қаласына сапар шегеді. Кедей­лік­тен қажыған әкесі бар қара­жатын түйіп, жетпегесін қа­рыз да сұрап алған. Оған Ордадағы мек­тептің инспекторы А.Горечкин қаражат жинап берген сыңай­лы. Оны Симбирскдегі мектептің басшысы, чуваш ағартушысы И.Я.Яковлевке жазған хаты растайды. Осы екі адамның көмегімен Алма Оразбаева мектеп жанынан ашылған педагогикалық курсқа шәкірт дайындайтын училищеге ақысыз-пұлсыз оқуға түскен. Қы­зын оқуға түсіргенмен, кедей әке елге қайтайын десе, қалтасын­да көк тиыны жоқ. Сол кезде көмекке тағы да Яковлев келген. Мектеп қаржысынан қарызға 7 сом береді. Бұның бәрін жазушы Сатыбалды Даумов чуваш жазушысы Мишши Юхманың еңбегінен кездестіріпті. «…Мен бала кезімнен бері өзімді оқытқан, бізбен көрші тұрған қарт мұғалімнің өзінің жастық шағы, Симбирскдегі чуваш мектебінде қалай білім алғаны, И.Я.­Яковлевпен, К.В.Ивановпен қалай кездескені туралы әңгімесін жадымда сақтап келемін. Мен ол кісінің алыстағы құм басқан даладан оқуға деген ынтасы Сим­бирскдегі мектепке жетелеп әкел­ген қараторы құрбысы туралы да көп естідім.
– Ол қазір қайда? – деп сұра­ғанымда:
– Ол өзінің даласына, туған өлкесіне кетіп еді. Мен тәрізді мұ­ғалима шығар, бәлкім, – деген жауапты естідім…», – деген жолдардан Алма Оразбаевамен бірге оқыған чуваш қызының естелігін оқи аламыз. Әрі қарай жазушы сол қараторы қыздың Алма Оразбаева екенін соңынан білгенін айтады. Алма Оразбаева өмірінің Симбирскдегі кезеңі өте жақсы жазылған. Иә, бүгінгі таңда ол туралы сөз қозғалған кезде боль­шевиктердің сойылын соқты деген айыптауларды да еститініміз шындық. Алайда, өзі жоғары қыз­метте жүрген кезінде туған халқы­ның, соның ішінде қыз-келін­шек­тердің тағдырына алаң­дап, көптеген жастарға қол ұшын соз­ған тұлға екенін ұмыт қалдыра береміз. Иә, оның өмірі қоғамдық-әлеуметтік төңкерістер кезеңіне тап келді. Ақ пен қызыл боп екіге бөлініп тұрған дүниенің қай жа­ғына шығуды таңдау небары
17 жас­тағы жас қызға оңай ти­ме­гені де рас. Оның Ленин бастаған компартия қатарына кіріп, большевиктер жағына шығуында да әлеу­меттік мән бар. Өйткені, жоқ­­шы­лықтан көзі ойылып, қу ке­дей­лік қайда барса да адымын аш­тырмаған кедейдің қызын осы жолға өмірдің өзі алып келген. Ол есін білгеннен әлеуметтік теңсіз­діктен жапа шекті, сондықтан оның дүниетанымы да таптық не­гізде қалыптасты. Өздерін кедей­лердің мұңын мұңдап, еңбекші елдің жоғын жоқтаймыз деп жар салған большевиктерге, олардың ұстанған бағытына құлай сенді. Сенбеске амал да жоқ еді. 17 жас­тағы балаң қыз түгілі, сақа саясат­керлердің өзі де жаңылысып жатпай ма? Алма Оразбаева өзінің терең білімі мен туабітті алғыр­лығы арқасында үлкен биіктерге де жетті. Сан ғасырлар бойы қа­лып­тасқан ескілік дәстүр, әмең­гер­лік салт, қыздарды қалыңмал­ға сату сияқты мәселелерді қарша­дайынан көріп өскен ол қазақ әйелдерінің мүшкіл халіне жаны ашыды, мәселе етіп көтерді. Бас­па­сөз беттерінде талай мақалалары жарық көріп, қараңғы елдің санасын оятуға тырысқан. «Мені адам етіп, қатарға қосқан Алма ғой, – деп отыратын көп жыл әлеуметтік қамсыздандыру министрінің орынбасары болып істеген Нұр­жамал Саналиева апай. – Әкем Сейсенғали сіңірі шыққан кедей еді. Тұрмыс тауқыметі қажытқан байғұс әке азын-аулақ қалың мал­ға қызығып, бес жасар кезімде ме­ні Сарыбай деген байдың еса­лаң­дау баласына атастырып қойса керек. Сол Сарыбай күш көрсетіп тартып әкетпек болғанда, Алма араша түсіп алып қалды. Ол менің он төрт жасқа жаңа ғана аяқ басқан кезім болатын. Сауат ашу мекте­біне де қолымнан жетектеп апарып өзі орналастырды» (С.Дау­мовтың «Тауқыметті тағдыр»). Иә, Алма атсалысып, белсене аралас­қан үлгілі істер аз болмаған. Әсір­есе, ұлттық қарулы күшіміздің тұң­ғышы, Қазақтың бірінші үлгі­лі атты әскер полкін құрған кездегі белсенділігі мен ұйымдас­тыру­шы­лық дарыны ерекше көзге түседі. Ауыл-ауылдан жиналған сауатсыз жігіттерге хат танытып, орыс тілін үйретеді, саяси сауатын ашуға күш салады. Қазақстандағы тұңғыш қызыләскерлер клубын құру кезінде полк комиссары жалынды ақын Бисен Жәнекешовпен бірге ұйымдастырудың бел ортасында жүреді. Бұл клуб Ордада 1919 жылғы 22 маусымда ашылған. Тоқсан жасқа келіп, дүниеден өткен Ермекқали Ниғыметов деген ақсақал ол туралы мынадай естелік айтыпты: «Ордада тұңғыш атты әскер полкі құрылғандағы бір кеш айрықша есімде қалды. Казарманың алдына кең сахна тартылып, Алма бастаған қыз-келіншектер кезек-кезек шығып өнер көрсетті, би биледі, ән салды. Ал бұдан бұрын мен Алманы бірінші рет 1917 жылы көрген болатынмын. Кілең жастар Қ.Меңді­хановтың «Малдыбай» атты пьесасын сахнаға шығарғанда, қалың малға сатылатын қыздың рөлін Алма ойнап еді».
Кітап беттеріне қызыға үңіле түс­сек, 21-ге де толмаған жас қыз­дың Қазақ әскери істері жөніндегі комиссариатының 1919 жылғы
17 маусымдағы №45 бұйрығымен Мәскеуге, Я.М.Свердлов атындағы Коммунистік университет жа­нын­дағы үгітшілер мен насихатшылар курсына оқуға кеткенін білуге болады. Осында ол Н.К.­Кр­у­пская, Инесса Арманд, Р.С.Зе­мля­чка, Е.М.Ярославский, В.В.Куйбышев сияқты партия қай­раткерлерімен танысқан. Сол кезден бастап, оның Н.­К.К­ру­п­скаямен де үздіксіз хат жазы­сып отырады. Сонымен қатар, қазақ өнеріне, қазақтың өнерлі жастарына жасаған қамқорлығы туралы да білмейтініміз өкінішті. Өзінің тұла бойы тұнған өнер екені за­мандастарының естеліктерінде көп айтылыпты. Қазақтың му­зыкалық мұрасын жинастырып, жүйеге келтіруде өлшеусіз еңбек сіңірген музыкант-этнограф Затаевичтің одан халқымыздың он әнін жазып алып, «Қазақ хал­қының 1000 әні» атты атақты жинағына кіргізгені де шындық. Олар: «Жайық», «Қосай», «Танысу жыры», «Зинешім», «Саржан», «Төрт пішен», «Ғиндаш», «Ай­нам­көз» және «Қоштасу» әнінің екі түрлі нұсқасы. Алманың даусы мен орындаушылық шеберлігіне Затаевич былай деп баға берген екен: «Алма Оразбаева – жас ха­лық мұғалімі, қазақ әйелін күң­діктен азат ету жолында күресуші көрнекті қайраткер. Тамылжыған нәзік (сопрано) даусы бар және әнді нақышына келтіріп, мейлін­ше әсем айтатын музыкаға аса қа­білетті жан. Оразбаева менің жұмысыма барынша ықылас білдірген және маған өте құнды деректер берген бөкейлік бірінші қазақ қызы болды». Елдің қоғам­дық, саяси-әлеуметтік өміріне қызу және батыл араласуы оны тек Қазақстаннан ғана емес, бүкіл Шығыс әйелдері арасынан шық­қан аса ірі тұлғаға, Коммунистік әйелдер қозғалысы қайрат­кер­лерінің біріне айналдырды. Оның атқарған қоғамдық жұмыстарына көз салар болсақ: КСРО Орталық Атқару Комитетінің, Бүкілодақ­тық Атқару Комитетінің мүшесі, РК(б)П Орталық Комитетінің жұ­мысшы және шаруа әйелдер ара­сындағы жұмыс жөніндегі ко­миссияның мүшесі, Қазақ АССР Орталық Атқару Коми­тетінің мүшесі әрі оның Президиум мү­шесі. РК(б)П ХІІ съезінде партия­лық және мемлекеттік құ­рылыс­тағы ұлттық кезеңдер туралы И.В.Сталин жасаған баяндама бойынша Алманың да жарыс сөзге шығып, батыл-батыл пікірлер айтқанын съездің стенографиялық есебінде басылған сөзінен көруге болады. Осыдан-ақ оның «қаза­ғым» деп соққан жүрегі мен қайсар мінезі менмұндалап тұрған жоқ па? 1924 жылы ол кеңес делегациясы құрамында коммунист әйел­дердің Берлинде өткен
ІІІ ха­лықаралық конференциясына қатысып, герман және халықа­ралық жұмысшы қозғалысының қайраткері, Германия Ком­му­нис­тік партиясының негізін қалау­шылардың бірі Клара Цеткинмен жақын танысады. Талабымен тауды бұзып, тасты жарған қазақтың жалынды қызы Алма Оразбаеваны БК(б)П Орталық Комитеті Қазақстаннан шақыртып алып, Саратовқа жұмысқа жібереді. Ол мұнда Нижне-Вольск өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі және әйелдер бөлімінің меңгеру­шісі болып бекітіліп, әрі өлкелік колхоз одағы төрағасының орын­басарлығы міндетін қоса атқарады. Бұл оның қызмет баспалдағымен өрлеуінің шарықтау шегі екенін ол кезде ешкім білмеген еді. Сара­товқа қызмет ауыстырғаннан кейін бір жылдан соң ол Комин­терннің тапсырмасымен Моңғол Халық Республикасына ұзақ уа­қыт­қа іссапарға кетеді. Бұл кезде оның жұбайы Иван Дмитриевич Каширин де Саратовтағы өлкелік ОГПУ-дің бастығы болатын. Жол жүрерде Алма екі жасар ұлына бас-көз болсын деп, Қанипа апасының Сақыпжамал есімді қызын үйіне әкеледі. Осы қадамының қателік екенін, өмі­ріне де қатер боп төнетінін қайдан сезсін… Иә, Каширин сатқын боп шықты. Алма іссапарға аттанысымен жас қызды біресе қорқытып, біресе алдап жүріп дегеніне жетеді. Тіпті, үйленіп те алады. Алма ұзақ жолдан үйге оралғанда төбесіне жай түскендей болғаны анық. Әлбетте, үй ішінде айғай да шы­ғады. Осыны пайдаланған Каширин Алманы «ақылы ауысты» деп ауруханаға салған. Аурухана дәрі­герлері бірнеше рет «Науқасты үйге алу керек. Жағдайы жақсы» деп хабарлағанмен туғандары да, Каширин де оны маңдарына жуытпаған. Олар тек Алмаға таға­йындалған жоғары мөлшердегі дербес зейнетақыға қызығып, бір-бірінің үстінен шағым жазумен болған. Сөйтіп, Алма Оразбаева 1931 жылғы маусым айынан бас­тап, 1948 жылдың көктеміне дейін аурухана кереуетіне таңы­лып, дүниеден өткен. Оның сүйегі Жамбыл облысы, Луговой стансасы маңына жерленген болуы керек деп тұжырымдайды жазушы.
Сатыбалды Даумовтың бұл кітабы қандай да болсын елімізден шыққан қайраткерлер мен тұл­ғаларды жоқтап, олардың есімін ұрпақ есіне оралтып отыруымыз қажет екенін ескертіп тұрғандай. Бір замандарда бүкіл Шығыс әйелдерінің көшбасшысы болған Алма өзінің отбасынан, сүйген адамынан опа таппай, қайдағы бір пасықтықтың, сат­қын­дықтың құрбаны болды дегей ойдың өзі жүрекке салмақ салатыны рас. Саяси санасы қалыптасып, қабі­лет-дарыны кемеліне келген шақта қазақтың қайсар қызының ғұ­мыры осылай аяқталды…

Гүлзада Ниетқалиева.

ПІКІРЛЕР1
Куралай 22.09.2017 | 21:27

Жарк етип сонген жарык жулдыздын омир-тагдырын эли де зерттей тусу керек тэризди. Осы тургыда енбектенип журген азаматтарга шексиз ризамын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір