БУЛГАКОВТЫҢ ӘКЕСІ ТАРАЗДА ТҰРҒАН
Бұл мақаланы жазуға театртанушы Жаңагүл Сұлтанованың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Булгаковтың музей-үйі. «Қорқынышты пәтер» (24.08.2016) деген Мәскеуден жазған мақаласы себеп болды. Орыстың белгілі жазушы-драматургі Михаил Булгаков көпшілікке «Иттің жүрегі» («Собачье сердце»), «Шебер және Маргарита», «Ақ гвардия» романдары және де көптеген қызықты әңгімелері мен тартымды пьесалары, «Минин және Пожарский», «Қара теңіз» операларының либреттосының авторы ретінде кеңінен танымал. Жазушының біраз туындылары желісінде бірнеше көркем фильмдер де түсірілген. Оның туған қаласы Киевте, кейін еңбек еткен Мәскеуде музей-үйлері бар. Қаламгердің жазған дүниелері шет тілдеріне аударылып, көп тиражбен жарық көрген. Жазушының орыс әдебиетіне қосқан зор үлесін оқырмандар соңғы кезге дейін мақтанышпен атап, мадақтап жатады. Сол Булгаковтың өгей әкесі дәрігер Иван Павлович Воскресенский тағдыр тауқыметімен, бізге белгісіз базбір себептермен Киевтен Қазақстанға жер аударылып, қазіргі Тараз қаласында біраз жылдар еңбек еткені, оған киелі қазақ топырағының бұйырғаны жайлы біреу білсе, біреу білмес. Түу сонау Украина елінен шеттетіліп, тағдырдың тайғақ жолына кезіккен дәрігер И.П.Воскресенскийдің Әулиеата өңіріндегі өмірі мен тағдыры жайлы тірнектеп жинаған мәліметтерді көпшілікпен бөлісуді жөн көрдік.
…Біздің Тараз қаласының қарақұлақ қариялары, медицина ардагерлері өткен жүзжылдықтың 40-60 жылдары облыстық ауруханада Иван Павлович Воскресенский деген білгір, білікті дәрігер-терапевт болғанын еске алады. Ол бірер жыл участкелік дәрігер болып қызмет етіп, кейін зейнеткерлікке шыққанша терапия бөлімінің меңгерушісі болып сол емдеу орнында абыроймен қызмет етіпті. Ол туралы естеліктерді «Жамбыл облысының медицинасы: кеше және бүгін» (Алматы, «ҚазАқпарат», 2009, 384 бет) деген кітап-монография дайындау барысында там-тұмдап тірнектеп жинап, ғаламтор-интернет арқылы да біраз мәліметтер іздедік. Бірақ дәрігер И.П.Воскресенский жазушы М.Булгаковтың өгей әкесі екенін ол кезде білмеген едік.
Бір жолы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ғалым-профессоры, филолог Апутан Ғапарұлы Шуканов телефон шалып, біздің «Жамбыл облысының медицинасы» атты кітаптан дәрігер Иван Павлович Воскресенскийдің есімі бірнеше жерде келтірілгені жайлы айта келе, ол әйгілі орыс жазушысы Михаил Афанасьевич Булгаковтың өгей әкесі (отчимы) екенін хабардар етті. Міне, біз күтпеген қызық факт! Сөйтіп, Апутан ағамыз дәрігер И.П.Воскресенский жайлы тереңірек іздену керектігі жайлы ой қозғады.
Тарихқа тереңірек үңілсең нешебір күтпеген оқыс оқиғаларға, тың мәліметтерге кез боласың. Әулиеата өңірінде кезінде кім болмаған, кімдер тоқтамаған, кімдер еңбек етпеген?! Қазан революциясына дейін бұл қалада әлемге әйгілі ғалым-академик, гельминтология ғылымының негізін қалаған мал дәрігері, паразитолог, Социалистік Еңбек Ері К.И.Скрябин алғаш еңбек жолын бастап, зерттеу ісі мен ғылым жолына осында түскен. Белгілі әскери қолбасшы, мемлекет қайраткері Михаил Фрунзенің әкесі Василий Меркіде медицина фельдшері болып еңбек етіп, жергілікті елдің денсаулығын сақтауға атсалысып, сол жерде дүние салғанын, сол жердегі ескі бейітте жерленгені белгілі. Көрнекті орыс жазушысы Галина Серебрякова және күміс көмей польяк әншісі Анна Герман біраз жыл Таразда тұрған. Немістің белгілі суретшісі Брюммель де осында біраз жыл тұрып, творчествосына серік еткен. Қазақ халқының белгілі біраз қайраткерлері де Әулиеата жерінде айдауда болған…
Болашақ жазушы Михаил Булгаков 1909 жылы Киев медицина университетіне оқуға түседі. Бірақ кенеттен басталған Дүниежүзілік соғыс оны қысқа мерзімде 1916 жылы тәмамдауға мәжбүр етеді. Сондықтан сол жердегі қалалық әскери госпитальда еңбек жолын бастап, жарақаттанған әскерлерді емдеуге қолғабыс етеді. Бірер уақыттан кейін Смоленск губерниясының түкпіріндегі Никольск деревнясындағы шағын емханаға қызметке жіберіледі. Жас дәрігер Михаил Афанасьевич күн демей, түн демей тәжірибе жинап, жергілікті халыққа аянбай еңбек етеді. Кейінірек Вязьма қаласының ауруханасына ауысады. Осы жылдары ол дәрігерлікпен қатар газет-журналдарға мезгіл-мезгіл мақалалар жазып, ел көзіне түсе бастайды. 1920 жылдан бастап ол дәрігерліктен мүлдем қол үзіп, алғашқы жылы Владикавказда, кейін Мәскеуге келіп таза шығармашылықпен айналысады.
Бізге жеткен мәліметтер бойынша, Киевте тұратын Булгаковтардың отбасының достары көп болатын. Солардың бірі – дәрігер Иван Павлович Воскресенский еді. Ол 1906 жылдан бастап отағасы Афанасий Ивановичтің емдеуші дәрігері бола жүріп, көпбалалы Булгаковтар отбасына жақын кісі болып, бірер жылдан соң мүлдем сіңіп кетті. Тіпті, жастық леппен морфийге әуестеніп, келе-келе оған тәуелді бола бастаған жас дәрігер Михаил Булгаковты 1917 жылы есірткі-нашақорлықтан емдеп, қатарға қосқан да И.П.Воскресенский болатын.
«Дәрігер Иван Павлович Воскресенский, орыс дәрігерлері арасында сирек кездестін жақсы қасиеттердің бірі – кедей отбасындағы науқасқа шақырумен келгенде ақша алудың орнына керекті дәрі-дәрмектерге өзі тиын-тебен беріп, қамқорлық жасайтын, бұрынырақ Маньчжурияда әскери дәрігер болған жан болатын… Дәрігер Воскресенский жақын, өз адамымыз еді», – деп жазады зерттеуші Лидия Яновская дәрігер И.Вос-
кресенский жайлы. Болашақ жазушының әкесі Афанасий Иванович қайтыс болғаннан кейін жеті баласы бар анасы Варвара Михайловна біраз қиындықтарға ұшырап, 1918 жылы отыз жастағы Иван Павлович Воскресенскийге тұрмысқа шығады.
«Иван Павлович өте сабырлы, парасатты кісі еді. Ол Варвара Михайловнаны және біздің барлық отбасымызды сыйлайтын. Ол көп сөйлемейтін, бірақ кішіпейіл, жұмсақ мінезді, ішкі дүниесі бай, пейілі кең сұңғақ бойлы, қағілез жан болатын… Науқас кісінің шағымын жинап, мән-жайды анықтап, тамағын зерттеп, өкпесін тыңдайтын. Өзімен бірге әрдайым ойыншық, конфеттер ала келетін. Ол кедейшілік, ашаршылық, басқа да қиындықтар мол жылдар еді… Біз оны жатырқамай, Чеховпен салыстыратын болатынбыз», – деп жазады Т.Л.Кавецкая. Ал И.В.Кончаковская: «Тұп-тура Чехов. Сондықтан да көпшілік оны «чеховский доктор», – деп атайтын дейді. Булгаковтар отбасы өгей әкелеріне құрметпен қарайтын. Оған мысал келтірер болсақ, ағайындылардың бірі Николай Афанасьевич (жазушы Михаилдің туған інісі) Воскресенскийге 1922 жылы жазған хатында: «С Вашим образом у меня связаны самые лучшие, самые светлые воспоминания как о человеке, приносившем нашему семейству утешение и хорошие идеи доброго русского сердца и примеры безукоризненного воспитания. На словах мне трудно выразить мою глубокую благодарность за все то, что Вы сделали маме в нашей трудной жизни, нашей семье и мне на заре моей учебной жизни», –деп ағынан жарылады.
Киев қаласында дүниеге келіп, сонда дәрігер болып еңбек етіп жүрген Иван Павлович Воскресенскийді тағдыр қалай ту шалғай жатқан Қазақстанға, оның Әулиеата шаһарына айдап келгені, оған не себеп болғаны бізге беймәлім. Мүмкін, ол сол кездегі Кеңестік сайқал саясаттың құрбаны болғандардың бірі болған шығар. Мысалы, сол кезеңде атышулы жазушы А.И.Солженицын 1950-ші жылдары Мойынқұмдағы Көктеректе мектеп мұғалімі болып, мәскеулік хирург Е.И.Восковская, ленинградтық профессор, дәрігер-лаборант А.М.Рапопорт (оның қан құрамынан алкоголь мөлшерін анықтайтын тәсілі көпшілкке белгілі) Әулиеата қалалық ауруханасында біраз жыл еңбек еткендері кешегі тарихтан белгілі емес пе?
– 1950-ші жылдарының басында қазіргі Жамбыл облыстық ауруханада Иван Павлович Воскресенский деген жасы біразға келген мосқал, бойшаң, бет келбеті келіскен, сымбатты дәрігер-терапевт еңбек етті. Қойған мұрт-сақалы өзіне жарасып, көркін ашып, тартымды, көрікті етіп көрсететін. Біраз жыл терапия бөлімшесін басқарды. Сырт пошымы, бет-бейнесі кітаптан көріп жүрген жазушы-дәрігер Антон Чеховқа қатты ұқсайтын. Оны көпшілік білімділігіне, білгірлігіне қарап қатты сыйлайтын. Бір байқағаным, ол ашылып, өзі туралы, саясат туралы әңгіме қозғамайтын. Әңгімесі сыпайы, салмақты – жалпы медицина тақырыбы, клиникалық тәжірибесі жайлы болатын. «Көп оқыған, білімі терең, өз ісінің шебер маманы», – деп әріптестерім, аурулар сыртынан мақтап жүретін. Шын мәнінде ол өте зиялы, таза аристократ еді. Зейнетке шыққаннан кейін де ол Жамбылда тұрып қалды. Кейінірек қартайған шағында ол тоқпан жілік саркомасынмен (сүйек рагі) науқастанып, бірнеше рет ауруханаға жатып, ем-дом алып жүрді. Тіпті, бас дәрігеріміз үйіне барып ем жасайтын арнайы медбике тағайындағанын да білеміз. Ақыры сол обыр-рактан дүние салып, қалалық ескі зиратқа жерленгені есімде. Бірақ ол қай жылы екені есімде қалмапты, уақыт деген тоқтаусыз өтіп жатыр ғой… Оның үстіне жасым да келіп қалды, – дейді облыстық ауруханада көп жылдар еңбек еткен белгілі дәрігер-хирург, бұл күндері жасы 90-ға келген еңбек ардагері, республикамыздың еңбек сіңірген дәрігері Евгения Львовна Константинова.
– Облыстық «Знамя труда» (20.09.2014) газетінде жарияланған дәрігер Воскресенский туралы жазылған мақалаңызды оқып, риза болып қалдық, рахмет, доктор. Менің шешем Любовь Федоровнаны сіз зерттеп жүрген дәрігер П.И.Воскресенскийде ертеректе емделіпті. Оны өзі «бір өлімнен мені сақтап қалап еді» деп есіне түсіріп жатыр. Біздің есімізде қалғаны, 2-3 жастағы баламыз ғой, әлгі әдемі сақалды доктор бізге келгенде «Ленин ата келді» деп ерекше қуанып, жүгіріп алдынан шығатынбыз. Жылы шырайлы, мейрімді дәрігер біздің қолымызға бір-екі конфеттен ұстатып, жылы, шипалы алақанымен басымыздан сипайтын. Аурухана мұрағаттардында, музейінде Михаил Булгаковтың әкесі дәрігер П.И.Воскресенский жайлы материалдар жоқ па екен? Қай жерде жерленгенін білуге бола ма? – деп телефон шалды республикалық «Караван» газетінің облыстағы тілшісі журналист Галина Выборнова.
Бірер күннен кейін менің әлгі орыс тілінде жазылған мақалам ғаламторда жарияланып, түу сонау Киев қаласындағы жазушы М.Булгаковтың музей-үйінен сұраныс түсті. Жерлес жазушысының әр қадамын, әр атқарған ісін зерттеп, қадағалап, қолға іліккен материалдарды тірнектеп жиып жатқан елдің азаматтары қандай керемет, шіркін! Жүрегің жылып, еріксіз бас иесің…
Михаил Булгаковтың өмірін зерттеген жазушы Виктор Некрасов 1965 жылы жазған мемуарында былай деп қалам тартады: «Киевтегі Андреев беткейіндегі №13 үйде бұрындары Булгаковтар тұрған үйде архитектор В.П.Листовниченконың қызы Булгаковтардың отбасы мен балалары есінде екенін айта келе, «Мишка Булгаков… сонда қолынан еш іс келмейтін дәрігер-венеролог қазір белгілі орыс жазушысы ма?» деп қатты таңғалды. «…Шешесі күйеуі қайтыс болғаннан кейін балаларынан бөлектеніп, Андрей шіркеуіне қарсы үйде тұратын дәрігерге қосылды. Ол өте салиқалы, зиялы, адами қасиеті жоғары кісі болатын. Ол таяуда Алматыда жасы келіп, сүйек рагынан ақтық сапарға аттаныпты (біздің ойымызша автор немесе еске алушы Әулиеата мен Алматыны шатастырған болу керек – С.О.)».
Көрнекті орыс жазушысы Михаил Булгаковтың өгей әкесі дәрігер Иван Павлович Воскресенский өмірінің соңғы кезеңі біздің Әулиеатада өтіп, мәңгілік тыныштықты қазақ топырағынан тапқаны жайлы біз білетін сыр әзірше осындай.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымының докторы, профессор.
Тараз қаласы.