Байлық – бардың барын шашса, қайырымдылық қайда қалады?
Дүниежүзіндегі ең бай адамдар мен қарапайым жандардың айырмашылығы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Әлем халқының 1% құрайтын байлардың жиған-тергені қалған 99% халықтың байлығымен бірдей дәрежеге жету қаупі бар деген дабылдың қағылғаны және бар. Жер бетіндегі халықтың бір ғана пайызы, яғни аз ғана бөлігі болса-дағы, қалған 99%-дың жалпы жиғанына тең байлыққа ие болғандардың жауапкершілігі, қайырымдылығы, тіпті ысырапшылығы туралы арнайы зерттеулерді жекелей жасаса, қандай деректерге кез болар едік деген ой келеді. Себебі, жер-жаһанның байлығы мен игілігі бір басына бұйырған бай-манаптардан өзге, кедей-кепшіктердің бар екені және олардың тым көп екені белгілі жайт. Жер бетіндегі әрбір тоғызыншы адам тамақ тауып жей алмайтын жағдайда, ал, 1 млрд.-тан аса тұрғын күніне 1,25 АҚШ долларына ғана күнелтуге мәжбүр. Солай бола тұра, жер бетіндегі кедей мен байдың аражігі күннен-күнге алапат қашықтыққа алыстап барады.
Адам адам болғалы жер жүзінде де алтын-күміс, мал-мүлкімен өзгені таңдай қақтырған қаншама ауқатты жандар өткен дүниеден. Бағзы заманнан дәуір ауысты, демек, адамзаттың байлыққа қатысты түсінігі де өзгерген болар-ау деп шамалаймыз.
Қазақ қазақ болғалы да ата-бабадан мирасқа қалған мал-мүкамалына өз ғұмырында жиып-тергені қосылып, мыңғыртып мал өргізгендер көп болған шығар-ау! Жалпы, қазақ ұғымында байлық өлшемі мен байлықты бөлісу өлшемі жайлы әңгіме көп.
«Тезек төренің артында орасан көп байлық қалған. Атап айтқанда: «700 жылқы, 110 түйе, 90 сиыр, 190 күміс жамбы, 2500 алтын тіллә, 100 бума қытай шәй матасы және сондай, бірақ алтын зерлі 25 буда қытай шәй матасы, 110 құндыз терісі, 15 фунть қытай алтыны, тағы да үш тұлып қытай жамбысы, 15 кілем, 100 түлкі терісі, патша үкіметі сыйлаған алтын қылыш, тағы басқа да толып жатқан асыл тастар мен алтын бұйымдар және көптеген бағалы заттар»… «Мен өзім жағдайы бар, бай адаммын. Бұл жөнінде Ұлы жүзде маған тең келетін бірде-бір қазақ жоқ», – деген Тезек төренің байлығы жайлы бұл деректі Мүбарак Үмбетаевтың «Сүйінбай айтыстары және өмір шындығы» кітабынан оқыдық.
Осыншама мал-мүлікке ие бай-манап қазақ даласында көп болғаны белгілі. Ал олар сол дүние-мүлкін, байлығын қалай, қандай мақсатта пайдаланған? Байлығының қызығын қалай көрген? Біз білетін әңгімелерде той мен асқа байлардың ерекше шашылатыны жайлы деректер айтылар еді. Жасау-жабдығын түгел алтындап, итаяғын ғана күмістен жасағаны үшін, қызының өкпелеп, әке назасына қалатыны жайлы шындыққа бергісіз аңыздар мен дақпырты ғасырдан ғасырға жеткен той мен астағы шашылған байлық пен барлықтың да әңгімесі күні бүгінге дейін айтылып жүр.
Иә, қазақ даласында бай көп болған. Біздің білгіміз келетін байлар туралы деректен бұрын, сол жиған-тергенін өзгелермен теңдей бөліскендердің жайы. Маман байдың қайырымдылығы мен білім іздеген өрендерге жасаған қамқорлығы туралы әңгіме күні бүгінге дейін айтылып жүр. Ондай байлар қазақ даласында, шүкір, сансыз көп болған. Солардың жиынтық бір бейнесі іспетті Атымтай Жомарт туралы әңгімелердің өзі қаншама?!
Ыбырай Алтынсариннің Атымтай Жомарт туралы әңгімесінде қайырымдылық пен ысырапшылықтың жайы былай айтылар еді: «Бірде жылу жинап жүргендер Атымтай Жомартқа барады. Сөйтсе, Атымтай Жомарт бір үзік жіпті далаға тастағаны үшін күтушісіне кейіп отырған көрінеді. Бір үзік жіпке сонша ренжігенін көргендер, одан көмек сұрамай-ақ кетуге ыңғайланады. Алайда, Атымтай Жомарт оларды тоқтатып, бұйымтайларын сұрайды. Жылу жинап жүргендердің айтқанын құлақ қоя тыңдаған Атымтай Жомарт олардың сұрағанын асыра берген екен. Айран-асыр болған олар: «Сіз жаңа ғана бір үзік жіпке бола сонша кейіп отыр едіңіз. Енді біздің өтінішімізді орындап, сонша байлығыңыздан мол үлес бере салдыңыз. Мұныңыз қалай?», – деп сұрайды. Сонда Атымтай Жомарт «ысырапшылдық пен қайырымдылық – екеуі екі бөлек нәрсе» деген екен», – деп келетін еді ғой.
Бүгінгінің күнінде байлықтың, қайырымдылықтың және ысырапшылықтың аражігін қалай айырып жүргенімізді елеп-екшеген кім бар екен?
Байлықты, барды көрсету осы екен деп, қанша қазақ бүгінде барын шашып, жаппай ысырап жасап жүргенін тізе бастасаң, жаның ауырады. Байлардың өзін ысырып қойып, күллі Қазақстан халқының статистикасына үңілсең, халықтың банктерге қарызы 1,8 триллион теңгеге жеткенін бағамдайсың.
Бағзыға үңілсең, байы мен байға жетеқабылы да қолында бар көмегінен айнымаған заман біздің бастан да өткенін білесің.
«Ақ Жайық» журналында тарихшы Жаңабек Жақсығалиев келтірген екі деректі сол қалпында бергенді жөн санадық…
«Қызылорда қаласынан 20-30 шақырым жерде Сұлутөбе деген жер бар. Сол стансаның жанындағы 1 май деген ауылда Мұстафа Шоқайдың туыстары осы уақытқа дейін тұрады екен. Сол ағайындары тарихшы-ғалымға біраз қызықты деректер айтыпты. Кімде-кім ауылдан Ташкентке бара қалса, сонда білім алып жүрген шәкірт Мұстафаға соқпай өтпей, жолықпай қайтпаған. Таңданарлығы сол, ағайындары жылда Ташкентте орыс гимназиясында өте жақсы оқып жатқан Мұстафаның оқуына сүйсініп, бәрі бір-бір қара малдан береді екен. Сол ауылда жиналған малды бір кісі Ташкентке базарға апарып сатып, соның ақшасын Мұстафаға жеткізіп отырған. Оқуы сәтті, жақсы жүрсін деп ағайындары осылай қолдау жасаған. Ол кезде оқу қиын болған. Мысалы, шәкірт ауылдан кеткеннен кейін, ауылға қайтадан жылдап келе алмаған. Қатынас өте қиын, сондай жағдайда қаржылай кқөмек берудің мәні өте үлкен екені өзінен-өзі түсінікті…
1922 жылы ауылдың баласы, білім іздеген, жан-жаққа ұмтылып ізденіп жүрген Сәбит Мұқанов Орынборға кеңестердің үшінші съезіне келіп, сол жолы Сәкенмен танысқан екен де, содан Сәкен ұсталып кеткенше екеуінің арасындағы қарым-қатынас үзілмеген. Сәкеннің көмегімен Сәбит Орталық Атқару Комитетіне мүше болып сайланған. Содан кейін Сәкен оны алып қалып, оқуға түсірген, өзінің үйінде пәтерде тұрғызған. Сәкен Сейфуллиннің Орынборда Деев көшесінде 8 бөлмелі пәтері болған екен, соның 2 бөлмесінде өзі тұрған да, қалғанына ауылдан келген, оқу іздеген балаларды жатқызады екен. Келер жылы Сәбит елге барғанда Ғабитті алып келіп, Ғабит екеуі Сәкеннің үйінде тұрған. Бұл жөнінде Сәбит те, Сәкен де жазған»…
Бір кездері оқу іздеген әрбір қазақ баласы Алматыға туысын жағалай келетін. Екінші, үшінші атадан туыс жақындарының үйіне келіп, сонда жатып, оқуға құжат тапсырған. Бүгінгінің күнінде екінші, үшінші атаны қайдам, өз ағайыныңның үйіне қонаққа барарда телефондатып рұқсат сұрайтындар жеткілікті. Сөйте жүріп, Батыстағы өзге елді туысқаншылдықтан, ағайындықтан ада болды деп «төрелік» айтатын мінезімізден арылмағанбыз.
Ал оқуға, бала оқытуға деген қазақтың ынтасы өзгермегені – өзгермеген. Осы күні де баласының оқуы үшін қолындағы барын беруге даяр ата-ананың көп екенін ілгерідегі бір сұхбатында Рахман Алшанов айтқан еді. Тек бала оқытудағы ынта мен балам білсін, елге пайдасын тигізсін деген үміттен көрі, «көштен қалмай, елдің баласы алған дипломды алып шықсын» деген бір мінездің пайда болғанын да жасырмай айту парыз.
Бүгінде адам мен адам ғана емес, ел мен ел де бір-бірінен байырақ болсам дейді. Не үшін? Олардың тапқан қаржысының көп бөлігі қайда жұмсалады?
Біз өмір сүріп отырған сандық дәуір, компьютер дәуірі байлық туралы түсінікті ғана емес, қоғамды да өзгертті. Заманауи технология бізді – дүниежүзі халқын бір-бірімен тым жақын байланыстыра түсті. Ендігі жерде кедейдің кедей болғаны, ішерге – тамақ, киерге – киім таппағаны – оның ғана емес, күллі дүниежүзі тұрғынының басты мәселесіне айналды. Себебі, кедейшілік бар жерде – аштық, ауру, жоқшылық бар. Баяғының заманындай емес, дүниенің бір қиырында отырып, екінші бір бұрышындағы жағдаймен етене таныс күйге өткенбіз. Бүгін дүниенің мына бұрышындағы жағдай, мәселен, аты белгісіз ауру деп алайық, әп-сәтте сенің қасыңа зымырандық жылдамдықпен жетіп келуі мүмкін. Байлар мен кедейлердің арасалмағы тым алшақтап кетті деп дабыл қаққандар, жер бетінің асты-үсті байлығының аздаған адамдардың ғана игілігіне жұмсалып кетпеуін айтудайын айтып-ақ жүр. Оған байлардың өзінің көзқарасы ше?
Дүниежүзіндегі ауқатты адамдардың бірі Марк Цукерберг пен оның жұбайы Присцилла Чан Facebook компаниясы акциясының 99% кірісін қайырымдылыққа жұмсайтынын айтқан болатын. Олардың дүниеге жаңа келген қызына арнап жазған хатында Цукерберг пен Чанның бірігіп құрған бұл қайырымдылық қоры «адамзаттың потенциалын дамыту мен тең құқылықты қамтамасыз ету» үшін жұмсалатынын айтқан. Сонымен қатар, дүниежүзіне мәшһүр тағы бір ауқатты отбасы: Бил және Мелинда Гейтс қоры ортақ сомасы 4 миллиард доллар болатын қаржыны қайырымдылыққа жұмсағаны белгілі. Бұл қаржының көп бөлігі кедей елдерде миллиондаған адамдарды ажал құштыратын ЖИТС, полиомиелит және құрт ауруы ауруларын емдеуге бөлінген. Цукерберг пен Чан қайырымдылыққа жұмасаған қаржының бір бөлігі Эбола дертімен күресуге арналған шараларға кеткен. 2010 жылы Гейтс пен Баффетт әлемнің ең бай адамдарына өз жиған-тергендерінің ең болмаса жартысын қайырымдылыққа жұмсау жөнінде үндеу жасайды. Сол уақыттан бері «Giving Pledge» («Бөлісу туралы уәде») үндеуіне жүзден аса миллиардерлер атсалысқан.
Демек, Қазақстанды қайдам, дүниежүзіндегі байлардың байлыққа деген түсінік-танымы өзгеріп келеді.
Цукербергтің қайырымдылық жасау туралы ниеті белгілі болған кезде, ФБ бетінде шығыстанушы, журналист Ғалым Боқаш та пікірін білдірген болатын. «Жаңа технологиялар заманының байы да жаңа форматта ойлайды. Жаңа заманның байы «Балалы болдым, өмірдің қызығы осы бала ғой, 99 пайыз дәулетімді перзентіме мұра етіп қалдырам, мен көрмеген қызықты көрсін, мен көрген қиындықты көрмесін» деп сөйлемейді. «99 пайыз дәулетімді баламның болашақ замандастарына қайырымдылық ретінде қалдырам. Балалардың өз мінез-табиғатына сай индивидуалдық білім алу тәсілдерін және айықпас дерттерді емдеу жолдарын жетілдіруге жұмсаймын. Балам бақытты адамдардың ортасында өссін» дейді. Әлбетте, өз еңбегі һәм қабілетімен осыншама ен байлық иесі атанған адамның бұл сөзі «көмір мен мұнай заманының» шіріген байларына да, қырсық кедейлеріне де ұнамауы мүмкін…» деген Ғалым Боқаштың пікірімен толықтай келісесің.
Еліміздегі байлар қайырымдылық жасамайды деуден аулақпыз. Және еліміздегі байлық пен байлар туралы түсініктің де сан алуандығын айта кеткен жөн. Өз еңбегімен, маңдай терімен ақша тауып, ол тапқан ақшасының қомақты бөлігін қайырымдылыққа жұмсау – бүгінгі заманның жаңа ауқатты адамының парызы демесек те, барымен бөлісу жаңа заман адамының бір мінезіне айналып келеді. Және ондай жас өз арамызда да бар. Тіптен, біршама деуге де болады.
Мәселен, 2015 жылы ғана қазақтың жап-жас бағдарламашысы Асхат Мырзабаев өз еңбегімен тапқан 2 млн. долларды обыр дертінің дауасын табуға арналған зерттеулерге бергені көпшіліктің есінде шығар. Демек, қайырымдылық жасау әдеті қазақтан ауып кеткен жоқ. Ендеше, қайырымдылық пен байлықты жаңаша түсінетін, қабылдайтын буын бізде де өсіп-жетіліп келеді.
Бірақ біздің бастағы әңгімеміз байлар мен қазақтың байлық туралы түсінігінде еді ғой. Күндер өте әлемнің ең алпауыт байларының қатарына енбесе де, солардың үлгісімен, өз еңбек, маңдай терімен тапқан табысының қомақты бөлігін өз ұрпақтарының замандастарына қылдай қылып бөліп беруге жан-жақты даяр байлар толқыны бізде де қалыптасар деген үміт бар.
Қ.СІМӘДІЛ.
ПІКІРЛЕР3