Қайырымдылық – қайырлы іс
18.03.2024
524
0

Музыка – күллі адамзатқа ортақ. Ең әсерлі, сиқырлы сұлу саз сөзсіз-ақ әсер ете алады. Ал бұл музыка өнері қамкөңіл жандарға бағытталса, жағымды қасиеті еселеніп кетері анық. Жамбыл атындағы филармонияның бұл мақсаттағы дәстүрге айналған игі іс-шараларының бірі – қайырымдылық концерттері.


Республикалық Наурыз мерекесіне арналған онкүндік шеңберінде 15 наурыз – қайырымдылық күнінде филармония өнерпаздары «Жүрек жылуы» атты көшпенді концерт ұйымдастырды. Түске дейін Облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығына барды. Іс-шараны филармонияның ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сабыржан Несіпбай мән-маңызын арттыра отырып жүргізді.

Филармония әншілері, ҚР Мәдениет қайраткері Ержан Әлімбетов, Мәдениет саласының үздігі Мақпал Қазыбекқызы, халықаралық байқаулардың лауреаттары Біржан Бәзілжан, Жанқожа Аяпов, Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы – этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің солистері Әшімхан Нұрғали, Тұрсын Арсен балаларға әннен шашу шашып, қуаныш сыйлады.

Сахнадан көріп жүрген әртістері өздері келіп, өнер көрсетуі балалар үшін есте қалар жарқын сәттің бірі болды. Балалар көзінен бақыттың ұшқынын көрген әртістер де шабыттанып, әндерін жүректен жүрекке жеткізе шырқады. Балаларды бір-біріне қамқор, жанашыр болуға шақырды.


Осы құрам түстен кейін «Центр домашней заботы» орталығына барды. Қазір шару тартқан қарияларымыз бір кездері елі, халқы, келешек ұрпағы үшін еңбек еткен. Сол қарияларымызды құрметтеу, сыйлау қасиеті  Жамбыл атындағы филармонияның дәстүрге айналған игі іс-шарасының бірі десек артық айтпаймыз.

Филармония әншілері сүйікті әндерімен қарттардың көңілін көтеріп, еткен еңбектері үшін алғыс білдірді. Ерекше ілтипатқа риза болған қариялар көздеріне жас ала отырып риясыз ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын беріп шығарып салды.

Меруерт Мәулетқызы,
журналист

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір