Танысы бардың, шансы бар
03.02.2023
255
0

Қойдай момын екенімізді ара-тұра кісінеп, жылқы мінез танытқанда ғана еске түсіретін халықпыз ғой. Жанымды жылытқан жақсы жаңалыққа қуанып жүрдім. Қуанғаннан шәпкімді аспанға атып ұрдым. Үйлі болам, енді үкімет жасайтынын жасасын, асайтынын асасын, жейтінін жесін, дейтінін десін деп бірақ кестім. Үкіметім, мен сені әйелімнен артық көрем деп, сезімімді сразу сездірдім. Үйсіз-күйсіз жүргенде жарымды жақсы көріп, жаза басыппын деп ақталдым да. Өйтпегенде ше… үкімет қарамай қойғанда амалсыз әйелімді паналадым ғой. Енді, міне, айналайын үкіметім осы бір қисапсыз қиындықтан құтқарып, баспаналы етпекші. Сондықтан бетінен шөлп еткізгім келді. Сөйтсем, үкіметтің сүйетін жері жоқ екен. Шынымен де үкіметте бет жоқ болды. Оған қара жаяу халқыммен бірге миллион, миллиард рет көз жеткіздім.
Бәрін басынан бастайын. Армандағы алты бөлмелі үйге деген кезегімді көз ілмей күтіп жүрдім. Бір күні газет бетіне баспаналы болмақшы бақытты жандардың тізімі жарияланды. Тізімнен фамилия, аты-жөнін тауып алғандар жаппай тойлатты. Оның ішінде мен де бармын. Ол ол ма, баспаналы боламыз деп бәріміз банктен алақанға несие «түкіртіп», жаңа қонысқа жиһаз, кілемдер алып тастадық.
Қолымда тұрғын үй кезегі жарияланған сарғайған газет бар. Ол үйдің заңды құжаты сияқты. Мұндайда өзіңді жарты әлемді жаулап алған патшадай сезінеді екенсің. Біреу патшалығымды тартып алардай әлсін-әлсін тізімге көз салам. Сөйтем де, құрылысы бітпеген үйлерді сырттай қызықтап, тамашалап, айналама патшадай паңдана қараймын.
– Ауылдас, амансың ба? Алыстан шәпкіңнен таныдым. Шәпкің мына үйлердің шатырындай қызыл екен,– деді кимелей сұрақ қойып.
Ауылдасыма үйдің кілті қолымда тұрғандай газеттегі тізімді көрсетіп, қоқиланып қойдым. Сонсоң, өзім тамашалап тұрған жаңа үйді барып құшағым жеткенше құшақтап, сылағы кеппеген керегесін иіскеп, тіліммен жалап жібердім.
– Ей, ауылдас! Қағбаны құшқандай болдың ғой,– деді кекете, мұқатып.
– Өйтпегенде ше… мен үшін бұл Қағбадан да артық жұмақты мекен. Қанша жыл болды қатын, бала-шағаммен бір төсекте түнеп келемін. Аяғымды созып тастап жататын күн туды-ау! – деп үкіметті жерден ап, жерге сап мақтадым.
Ол болса:
–Туысқан, құшақтап тұрған үйіңде біреу жүр,– деп көзін терезеге тастады.
Расында да біреу жүр. Тіпті мені елер емес. Терезені тақылдатып, далаға шығуын өтіндім. Ол жақтырмағандай кейіп танытты.
– Не керек, ағасы?
– Үйім керек. Мынау менің үйім.
– Оны кім айтты, ағасы?
– Тізімде тұрмын. Көзіңді ашып қара, – дедім газетті бетіне тақап.
– Фамилияңыз кім?
– Шәндірбаев Шәнтілә! – дедім тілім тұтыға.
– Ал сен кімсің, қайдан келдің?
– Мен аудан әкімінің танысымын. Ағасының баласының әйелінің бөлесінің күйеуі – Жартыбастың сыныптасымын. Так что, мазамды алма, – деп терезені тарс жапты.
Ауылдасым маған, мен газетке қарадым. Сөйттім де екінші үйдің керегесіне барып жармастым. Жармасқанымды қайтейін, біреу айқай салды. Артыма қарасам, аудан әкімінің орынбасары.
–Жындысың ба, саусың ба? О заман да, бұ заман,үймен аймаласып тұрғаның қалай, ұят емес пе? – деді.
– Ұят емес, – дедім. – Біреудің үйін біреу тартып алған ұят емес те, үйді құшақтап тұрған ұят па екен? – дедім ыза кернеп.
– Әңгімені қой да, былай тұр. Бұл – менің екінші әйелімнің үйі. Сылағын түсіресің, – деп итеріп жіберді.
Жерге ыңқ ете қалдым. Не болса да тұрғын үйдің тізімінде бармын деп, үшінші үйге жүгірдім. Жүгіріп келіп мәдениетті түрде есігін қақтым. Есікті әп-әдемі ару ашты.
– Қызым, мынау менің үйім. Сенбесең газеттегі тұрғын үй тізіміне қара. 67-ші тұрған Шәндірбаев Шәнтілә деген ағаңмын. Бір атым, бір қатыным, бес балам бар. Үш банкке қарыз, төрт банкке қара бетпін, – дедім ентігіп.
– Біріншіден, қызым дейтіндей қандай қақың бар? Мен Сикоштың – үшінші әкімнің көңілдесімін. Пока, Сикош екеуміздің арадағы махаббат тарифымыз таусылғанша осында тұра берем. Так что, ары ойнаңыз, – деп есікті жауып алды.
Ызадан жарыла жаздап тұрғанда төртінші үйге көзім түсті. Болса осы үй менікі деп ашық тұрған есіктен алшаң басып кірдім. Ішіндегілер алашапанды ағайындар екен. Айқайды салып қуып шықтым. Өзбекстаннан келіп, үй иемденіп алған пысықтарға ашуландым. Сөйтсем, құрылыс жасап жүрген жалдамалы жұмыскерлер екен. Қысқасы, бұл үйде менікі болмай шықты. Олар қолымдағы тұрғын үй кезегі жарияланған газетті көріп, басын шайқады.
– Әкә, сіздің бұл жерден үй алуға ешқандай мүмкіндігіңіз жоқ. Өйткені сіз газетте тізімде тұрсыз. Үйлі болам десеңіз, үйдің тізімінен шығыңыз. Шығыңыз да әкім-қаралардың таныстары тізіміне тіркеліңіз. Сонда ғана сор маңдайыңызға бақ дариды. «Танысы бардың шансы бар» деген қазақ пен өзбекке ортақ мақалды білмейсіз ба? – деп көңілімді көң етті.
Тоқетері, енді маған әкімдердің таныстары тізіміне кіру үшін тәштай таныс табу керек. Қазақ қарға тамырлы ғой. Бір таныстың, бір шанстың болары қақ. Әзірге үміт үзбеймін.

ҚАНДАЙ ІС ТЫНДЫРАР ЕКЕМ, Ә?

– Әлгі, сенің атың кім еді… қазір мұнда жазып едім ғой, а, иә, таптым, Тәуекел! Қалың қалай? Үй-іш аман ба? Атам тың ба, атын өзі ерттеп, өзі міне ме?
– А, сіз естімеген екенсіз ғой, атамның қайтыс болғанына 20 жыл болды. Қазір атын о дүниеде пырақ қып мініп жүрген шығар, жиырма жыл бұрын өзіне атап сойып жібергенбіз.
– Ойбу, обал болған екен, ой, құрсын не деп кеттім. Иманды болсын! Сен маған көмек етші. Менің интернетім істемей тұрғаны… өзіңдікімен бір жасыл түймені баса қойсаң іс бітіп жатыр. Қалай, қолыңнан келе ма?
– Әрине, тіпті қиын емес қой, – деп ақылды мәшинеге жабыстым. Жылы жұмсақ сөзін сарқа айтып, жанымды жылытып-ақ, әкетті. Көзім тұнып, қос-қостан ашылған интернет терезелерінен ұзын тізімге тірелдім. Басында «Жыл мұғалімі» деген жазу бадырая қарайды.
– Тыңдашы Тәуіш-ау, 97-ші тұрған адамның аты-жөнін көрдің бе?
– Көрдім.
– Онда белгіле.
– Белгіледім.
– Енді төмен түс те, жасыл түймені шекесінен шертіп қалшы.
– Шерттім.
– Рақмет деді ма?
– Иә.
– Қош сау бол онда, сен елің үшін ұлы іс тындырдың. Жақсы күндерде кездес­кенше.
– Ойпырмай-ә! Ол қандай ұлы іс екен? Елдің баласындай елімді «нұрландыруға» бір тамшы пайдам тисе деп жүр едім… Іздегенге сұраған болды-ау мынау! Тегі, ұлы іс тындырған қандай ғажап өзі. Басым бақыттан айналғандай. Көрмейсің ба, әкім де қуанып қалды. Енді мені көрген жерде танып жүретін болды. Атамды да есінен шығармасы анық. Басқа-басқа мені таңдағаны да тағдыр шығар, – деген қиялмен тізімге қайта үңілдім.
– Дәл өзі. Жо, жоқ, мүмкін емес.
Қайта-қайта қараймын. Аты да, жөні де, тегі де – сол. Жаңылған жерім жоқ, бұл әкімнің әйелі. Біздің қарт мұғаліміміз. Сөзімен де, көзімен де сүйкімді апайым. Өтініп дауыс сұрап тұр. Әкім күйеуі абырой жинап үйренсе, әйелі уыстап дауыс сұрап машықтаныпты. Кезінде көзіне түсіп, бестік баға алу үшін қыр асып, тау шығатынбыз. Бір түрлі сағызша созып, әріптерін ауыстырып, фамилиямды атағанда, орнымнан ұшып тұратынмын. Мыңқылдасам да үштен асып, төртке жығылып, уһһ дейтінмін. Сондайда алдыма бір келерсің деп тістенетінмін. Міне, енді, жасыл түймені бас деп жалынып тұр. Не істеуге болады? Сабақ сұрап, сорпасын шығармаймын ғой. Әрине, түймені басып, дауыс бердім. Мектептен мен құтылғанмен, інім құтылған жоқ. Әлі он бір жыл мектепте тұтқында болады. Ол да бестік баға алуы керек. Кесірім тиер деп тимедім.
Арада уақыттар өтті. Телефондар шырылдады. Бір күні тағы да әкім көкем аты-жөнімді сұрап тұр. О дүниелік боп кеткен атамды қайта тірілтіп, атқа қондырып, саулығын білді. Амал жоқ қайта таныстым:
– Атам аман-есен жүр, аты да тың. Айтпақшы, сізге, мен жаққа қашан келеді деген сәлем айтты, – деп дүңк еткіздім. Сабазың сонда да танымады. Әкімдердің әдеті ғой. Бұл жолы қандай іс тындырар екем, ә? Сол қызық боп тұр.

Серікжан Мурасилов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір