Алаш пен «Түркістан» мұраты
13.01.2017
6486
0

Жүз жыл бұрын қазақ даласында орасан зор өзгерістер болып жатқан еді. Патшаны тақтан құлатқаннан кейін ұлан­ғайыр алып империяның саяси билігі де, бұл елдегі жағдай да күрт өзгеретінін ұққан Алаш зиялылары тезірек қамдану кере­гін түсінді. Осылайша ғасыр алдын қазақ даласы зор өзгеріс­тер­ді бастан кешіп, өздерінің тәуел­сіздік туралы арманына бір қадам жақындай түскендей еді. Ол арман – Түркістан мұх­тарияты және Алаш автономиясы негізінде жүзеге асты.
1917 жылы Қазан төңкерісінен соң, 22 қарашада Ташкентте Кеңес билігі орнап,Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрыл­ғаны, өлкедегі биліктің кеңестер қолына өткені белгілі бо­ла­ды. Алайда, 14 мүшесі бар бұл үкіметтің құрамында жергі­лік­ті мұсылман халықтарының бірде-бір өкілі жоқ болып шық­қандықтан, бұған жауап ретінде «Түркістан өлкесі  мұсылмандар кеңесі» 26 қарашада Қоқан қаласында 4-Түркістан өлкелік төтенше мұсыл­ман­дар съезін шақырады. Үш күнге созылған съезд нәтиже­сінде Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы деп жариялайды. Саяси билік Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіні жөнінде қаулы қабыл­данады.
Түркістан автономиясы мен желтоқсанда құрылған Алашорда үкіметі Орта Азия тарихында елеулі орын алып, большевиктерге оппозициялық күш ретінде қарсы тұра білген еді. 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістері алып империяның құрамында жатқан елдердің ұлттық және саяси қозғалыстарының күшеюіне алып келді.

Бұл жағдайды саралап отырған Алаш зиялылары да ұлттық мемлекетті құру арма­нына

жақындай түсуге болатынын ұқты.
Қазақ қайраткерлері Түркістан Алаш автономияларын сақтап қалу жолын­да көршілес әскери және саяси күштермен, мемлекеттік құ­ры­лымдармен дипломатиялық қарым-қатынастар жүр­гізді.
Бұл жүз жыл бұрынғы жағдай еді.
Газетіміздің алдағы сандарында қос автономияның қазақ халқынының тағдырындағы ролі, ұстанған бағыты, бағдары туралы арнайы толғайтын боламыз. Биылғы жылдың алғашқы санында құрылғанына ғасыр толған ұлттық автономиялар туралы аз-кем сөз қозғауды өзімізге парыз санадық.


Болат Мүрсәлім,
алаштанушы

«Алты миллион қазақты
бір мемлекеттік құрылымға біріктіруге тырысты»

– «Алашорда» үкіметі және Түркістан автономиясының қазақ мемлекеттілігін құрудағы ролі қандай болды?
– Қос үкіметтің: Алашорда мен Түркістан мұхтариятының, ав­тономия құруға ұмтылған құ­рылымдардың қазақ мем­ле­кет­тілігін құрудағы ролі – орасан. Айтап айтар болсақ, ұлт­тың өзін-өзі басқаруы, ұлттық бір­лік, ұлттың территориялық жағ­дайын анықтау сияқты негізгі үш мәселені шешуге тырысты. «Әлхам­ду­лил­ла, алты миллион қазақпыз» деп, өздері жазғандай, алты миллион қазақтың басын бір мем­ле­кеттік құрылымға бірік­тіруге, қа­зақтың территориясын анық­тау­ға, қазақтың өз билігін құруға ұмтылды. Сәйкесінше, больше­вик­тер кейін өздері автономия құр­ғанда бұл қос құрылымның нә­тижелерімен санасуға мәжбүр бол­ды. Соның арқасында Қазақ Со­веттік Социалистік автономия­сы кейін республика болып құ­ры­лып, бүгінгі тәуелсіздікке дейін жетті. Осы екі автономиялық бас­тау­дың біздің тәуелсіздікке де зор ық­палы болғанын айтуымыз керек.
– Қос автономия мемле­кет­тік биліктің қандай моделін жасауға ты­рысты?
– Түркістан мұхтарияты тез ара­да көп мәселелерді заңдық тұр­ғы­дан шешіп, жариялап жіберді. Әуе­лі Қоқан қаласында олар бү­гін­гі күнмен салыстырып қар­а­сақ, Парламенттің ролін атқаратын елу­ден аса мүшесі бар Мәжіліс құр­ды. Кейін сол мәжілістің не­гі­зін­де Үкімет жасақтады. Үкіметтің бас­шылығына М.Тынышпаевты лайық көрді. 1918 жылдың 1 қаң­тарынан Мұстафа Шоқай билікті қол­ға алғанын білеміз. Және сол бі­рінші жолы-ақ Түркістан мұх­та­рия­ты өзінің автономия екенін рес­ми жариялап үлгерді. Тура сол Қоқандағы съезд кезінде бүкіл де­легаттар Түркістанды тәуелсіз мем­лекет етіп жариялауды ұсын­ған болатын. Бірақ оған Мұстафа Шо­қай бас болып, жанындағы сері­гімен бірге екі адам қарсы бол­ды. Бұл Мұстафаның тәуелсіздікке қар­сылығы деп түсінбеуіміз керек, Мұс­тафа Шоқайдың саяси тактикасы ретінде қарастырғанымыз дұрыс. Өйткені, Түркістан мұхтария­ты тәуелсіз ел болған жағдайда ары қарай өмір сүрудің қиындығын кәсіби саясаткер ретінде жақсы түсінді. Тура сол жағдай Алашор­да­ға да қатысты айтылады. Бұл Мұс­та­фаның да, Әли­хан­ның да тәуел­сіз­дікке қарсылығы емес, сол кез­­дегі саяси жағдайды терең, кә­сі­би тұрғыда түсінгені деп білуіміз ке­рек.
Олар биліктің қандай моделін жа­сады деген сауалға келер бол­сақ, республикалық бас­қару­ды қолдады. Алашордаға дейін, ай­талық, түркі дәуірін, Алтын ор­да­ның билеуін айтпаған күннің өзінде,Қазақ хандығында мо­нар­хия­лық жүйе сақталған болатын. Төре тұқымдарынан ауысқан хан­дық билік Кенесарыға дейін жал­ғасты. Алашорда мен Түркістан ав­тономиясы биліктің басқару­шы­сы халық арасынан сайланатын, оның қандай тұқым екеніне, кім­нің мұрагері екеніне қара­май­тын, заңды сайлау негізінде, жал­пы­халықтық съездер арқылы, жа­­нама түрде болса да сайлаулар ар­қылы жасақталатын билік мо­де­лін жасады. Және негіз­інен Пре­зиденттік республика құруды көз­деді. Олар екі моделді қатты са­лыстырды. Бірі – Ұлы­б­ри­та­ния­ның, екіншісі – АҚШ-тың би­лігі. Біреулері АҚШ-тағы сияқ­ты бір Президент басқарсын және Штаттар құрамы болсын деді. Екін­шілері «Жоқ біз Ұлыбритания мен Үндістанның байланысы сияқ­ты, Ресеймен қарым-қатынас жа­са­уы­мыз керек» деген көз­қарас­та болды. Ол кезде Алашорданың, Түр­кістан автономиясының билі­гін­де жүрген Алаш арыстарының бар­лығы Еуропада, Петербургте, Мәс­­кеуде оқыған азаматтар, дү­ниежүзілік тарихты, дүниежүзілік саяси құқықтық теорияларды, мем­лекеттік басқару моделдерін жақ­сы  білетін, әрі  кез  келген қа­зі­р­гі саясаткерлерден кем біл­мей­тін. Олар Еуропада кең таралған рес­публи­ка­лық моделді  жақтады. Әділ сай­лау өтетін, халықтық бас­қаруы бар, Парламенті мен Үкіметі жа­сақ­талған модельдерді үлгі етті.
– Тәуелсіз ел есебінде, мемле­кет­тілігі мен ұлттық тұтастығы байыр­дан жалғасқан жұрт ретінде, бү­гінгі күні осы қос автономияның заң­ды мұрагеріміз деп айта аламыз ба?
– Қазіргі тәуелсіз Қазақстан бас­қаша сипатты мемлекет. Бірақ со­ған қарамастан біз өзімізді сонау сақ-ғұндардың, түркілердің, бер­гі қазақ хандығының тарихи мұ­­рагері деп санағандықтан, Алаш автономиясының,Түркістан автономиясының заңды мұра­гері­міз деп айта аламыз. Оған тарихи және құқықтық жағынан да толық негіз бар. Себебі біз қазір сол территорияда отырмыз, сол халықпен осы жаңа сипатты мемлекет құрдық, демек біз өзімізді Алашорда мен Түркістан автономиясының олардың заңды мұрагеріміз деп есептеуге тиіс­піз.
– Қазақстанның шекарасын заң­дастыру сол кезден басталды дейміз. Оған Алаш қайрат­кер­лерінің сіңірген еңбегі қандай?
– Қытаймен арадағы шекара бұ­рыннан, Ресей патшалығы мен Қы­тай келісімімен анықталған бо­латын. Қазақстанның шекарасын анықтауда, 1920 жылдары Алаш қай­раткерлерінің ең­бегі сіңді. Соның нәтижесінде біз Ресеймен арадағы шекараны анықтап алдық. Негізгі ең қиын шаруа­ның бірі – осы Ресеймен варадағы ше­кара еді. Бұл жерде Әлімхан Ер­мек­товтің, Ахмет Байтұр­сы­нов­тың, оларға жөн сілтеп отырған Әли­хан Бөкейханның еңбегі ұшан-теңіз. Және бір мәселе, бұл ше­кара Алашорда автономияс­ы­ның кезеңінде емес, Алашорда та­ратылғаннан кейін,Қазақ ре­волюциялық комитетінің  уағында ат­қарылған шаралар. Қазақ авто­номиялық социалистік республикасы енді ғана құрылатын, Ленин мен Калинин қол қоятын декрет­тің шығар тұсындағы, 1920 жылғы та­мыз айында жасалған шаруа. Ал Орталық Азиядағы шекаралар сәл кейінірек, 1924-25 жылдары, Таш­кенттегі Алаш зиялыларының Орын­борға ауысатын тұсында, тағы да Алаш тұлғаларының қаты­суы­мен анықталды. Сол кезде Сұл­танбек Қожанов бастаған қай­раткерлердің біразы Ташкенттің Өзбекстанның құрамында қалып қойғанына қарсылық көрсеткен болатын. Дегенмен, қалай бол­ған­да да ше­кара бөлінісіне жоғарыда аты атал­ған қайраткер­лер атса­лыс­қа­нымен, түпкілікті шешім сол кез­дің өзінде Мәскеудің қо­лын­да бо­ла­тын. Алаш қайраткер­ле­рінің шекараны анықтаудағы орасан еңбегін айтуымыз керек, сонымен бірге түпкілікті ше­шім­нің Мәскеу­ден қабыл­данғанын  да мойын­даған дұрыс.


Реттену керек

Қазақты жаңа бәйгеге үкімет басқалармен қатар қосып отыр.
Қатарындағы жұрттар комитеттер түзеп, істің тізгінін өз қолдарына  алғанда, қазақ  комитет жасай алмай, қарап отырса, қалып қойды деген осы болады. Ескі үкімет қатардан жарамсыз деп шығарып тастағаны сонда ақталады. Тең болсақ екен деп едік, теңгерді. Теңеген жерде кем шықсақ ұят болар.
Азамат алаш балалары, ақсақал қария даналар болып  елдің тыныштығы, бүтіндігі үшін комитетке дұрыс адамдарыңды  сайлап, тезірек комитет жасамай, ел билігін ескілердің қолынан ала алмайсыңдар. Комитет жасауға көлденең тұрып, кешіктіремін деушілер болса, дереу облосной я уезной комитеттерге жеткізу керек. Комитетті қалай жасау жайын кейінде басылған граждан комитеттері туралы Торғай облосной комитетінің шығарған положениесінен қануға болады. Бұл положение Торғай облысы үшін шығарылған. Бірақ басқа осының жоспарымен істесе, теріс болып шыға қоймас. Комитет жасап, жұрт реттеліп алса, неше түрлі халыққа, мемлекетке керек істердің бәрін оңай һәм шапшаң істеуге болады. Сондықтан комитет жасауда мән көп. Неғұрлым тез жасасаңдар, соғұрлым тез игілігін  көресіңдер. Асығу керек.

«Қазақ» газеті, 1917 жыл.

Бетті әзірлеген Қарагөз Серікқызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір