Сары алтындай сыңғырлайды Алматым…
18.11.2016
1285
0

?????????????

Қызжібек ҚОЖАХМЕТҚЫЗЫ

АЛМАТЫМ КӨЗ ІЛМЕЙДІ
Алматымсың мың жасаған көркемім,
Көкірек көзі ашылып бір көрсе кім.
Тал бойынан шабыт шалқып жастарың
Ерлік туын тік көтерер ертеңін.

Рухымды аспандаттың еңселім,
Сан жүйріктің желбіреттің желкенін.
Саған деген әр қазақтың жүрегі
Айта алар ма махаббаттың өлшемін.

Мекенісің Алматым сен бірліктің,
Сазы бөлек саңлағыңнан сырды ұқтым.
Жұмбағы мол әлеміңмен сырласып,
Құндағыңды мадақтамас жыр ғып кім?

Мың жасаған түйсігі мол көреген,
Баурайыңды байлыққа елің бөлеген.
Ұлы арманға құлаш ұрып ұл-қызың,
Атың озып келді талай сөреден.

Хор қызындай құлпырады реңің,
Тағдырының дауылын кешкен жыр елім.
Сарайыңнан бұлақ көзі ашылып,
Зар ұйыған, нұр төгеді жүрегің.

Теңін тауып Қыз Жібек пен Төлеген,
Болмысыңды махаббатқа бөлеген.
Ақиқатты тұмшаламай тереңге,
Тарихыңды толғап көрсем көнеден.

Сан арысты тәрбиелеп ер жеттің,
Қанды, кекті өтті талай кермек күн.
Ажал сепкен қарғыс айтып жылдарға
Мәңгі олардың бесігі боп тербеттің.

Азап шеккен сол күндерден қаралы,
Қанға бөгіп жатты жаның жаралы.
Үдере көшкен үркердей жұрт көз жасы
Бейбіт күннің сәулесі боп тарады.

Талғамымды тамырлатып байытқан,
Саусағымнан саз төгілді ғайыптан.
Сезіміме шұғыла шашып сәулесі
Көкірегім тебіреністен айыққан.

Сенің гүлзар бау-бақшаңда, саяңда,
Қозы Көрпеш серуен құрған баянда.
Саңлауыңнан нұр себелеп, ой-арман,
Тәуелсіздік шапағына боялған.
Шымбұлақтың шыңдарынан көрер ме ең.
Алматымды кербез сұлу оянған.

Арқа сүйер асқар таулар айналаң,
Жеті өзенін кіндігіне байлаған.
Сары алтындай сыңғырлайды Алматым
Баурайында аққу күйі ойнаған.

Қиын күнде қайыспадың төзіммен,
Анамыздай аяладың сезіммен.
Түріп тастап күндіз-түні түңлігін
Мың жыл бойы күндерің жоқ көз ілген
Мың жыл бойы түндерің жоқ көз ілген.
Алматым көз ілмейді!

ПІРІМ ҚҰДАЙ
(машина ішінде туып, жолға лақтырылған баладан соң туған ой)
Я Алла желеп-жебе пірім Құдай,
Көңілдің күйі де жоқ бұрынғыдай.
Өмірдің сәтті, сәтсіз кездерінде
Өлеңге жайып салдым сырымды ұдай.
Құдайым дей тұрғанмен кешірімді,
Кешер ме жер көтермес кесірімді.
Бүгінгі есерлердің қылығынан
Адасып жүрген қайтем есілімді.

Бір Алла осы ма еді айтар әнім,
Өзіңе мұң-зарымды қайталадым.
Шет жайлап, қиыр кешкен қимасымды,
Бауырыма қалай басып, қайтарамын.

Мен қалай тірі жүріп жәй табамын,
Азғырып бастырмады-ау сайтан адым.
Белден белбеу, етектен де ұят кеткен,
Мен қалай қазағым деп айта аламын?

Көз құны сайқалдақтың сірә бардай,
Қоймады-ау қыз ұялып, ұл алаңдай.
Қара бала шекесі қарс айрылып
Құшақтап қара жерді сұлағандай.
Кінәсі нәрестенің сірә, бар ма-ай,
Тұрдың ба Аллам қарап сынағандай.

Салт-дәстүрім сыйымсыз сызат алды,
Сайқымазақ сиықсыз қыз атанды.
Өзекке өз бауыры тепкеннен соң,
Жат жарылқап атынан құжат алды.

Айналдырды «шеменге», аза көпті,
Кірбің түсті қабаққа, маза кетті.
«Тістегеннің аузында, ұстағаның қолында» – Ардағымды мазақ етті.

Деуші еді-ау қинамайды құлын құдай,
Аяусыз  тау мен тасқа ұрындым-ай.
Сыртым дүрдей, ішімді дерт жайлауда
Түсер ме екем қалыпқа бұрынғыдай
Ақырын бер, қайтейін, пірім Құдай.

Ұқсатсаң ұлағатты ұлы ісіңді,
Байыппен баптай алсаң жүрісіңді.
Азабы арылмаған сорлы қазақ,
Қалмашы айға шауып қылышыңды.

КӨБЕЛЕКТЕЙ ҰМТЫЛМАДЫ
ОТҚА КІМ?
Алыстағы арманыма алданып
Қала берем, мүмкін бәрі жалған ұқ.
Шуда бұлттар тың тыңдайды кеудемнен
Қапастағы қиялыммен жалғанып.

Сонау кезгі ғайып болып ғазал күн,
Амалым не, барымменен базармын.
Іші мұңлы сырты сырлы пақырмын,
Қарттық деген тырнағында тажалдың.

Көкжиекке көз жіберіп алдандым,
Тағдырымның дауылынан қармандым.
Сәби сезім қайрандады, сенделді,
Мұңлы әлем жолдарында арманның.

Өмір теңіз толқынының шындығы,
Бүркемеде тұрғандай бір сұмдығы.
Қанат керген қара түннен қаймығам,
Бақытымның желге ұшардай түңлігі.

Сырғып өтті сынаптай жас шақтарым,
Қызықпады бал тамызған баққа кім?
Көп күмәннің қойнауына көз жұмып,
Көбелектей ұмтылмады отқа кім?

ЕЛЕС
Көз жүгіртсең жүйрік ойда ноқта жоқ,
Уақытқа айта алам ба тоқта деп.
Бір елестен жаным менің жай табар,
Сездірмеген болғаныммен жатқа көп.

Қилы тағдыр бірін-бірі қайталар,
Лайланса самал желге шайқап ал.
Жегі құрттай жеп жатады жүректі
Сол елестен жаным менің жәй табар.

Сол елестен таралардай таң сағым,
Сол елеске сусап тұрар аңсарым.
Тұтқынында тамсандырды қанша күн
Тұмшалады, тұншықтырды қанша мұң.

Сол елестен кеудеде от, іш жалын,
Қонар ма әлде, кетер ме екен түс бағым.
Жүрегімді жалау етіп жаныма
Айға қарап мұң шағады құс жаным.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір