Жер бетінен күншуақ іздеп жүрмін
18.11.2016
2018
0

Таңдайыңда ұя салған сенің мың сан бұлбұлың,
Қонып жатыр-ау мың баққа…

Иә, Төлеген Айбергенов жырлағандай дәстүрлі өнер саңлағы Ғарифолла Құрманғалиевтің таңдайына мың сан бұлбұл қонған дарын иесі екенін бүгінгі таңда оның шәкірттері дәлелдеп жүр. Сол шәкірттерінің бірі, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жезтаңдай әнші Сәуле Жанпейісова. Ұстаз жолын қуған Сәуле қазақтың қара домбырасын арқалап тек өз елімізде ғана емес, Париж, Мәскеу, Тбилиси, Тегеран, Амстердам, Бельгия, Норвегия, Германия, Моңғолия, Бішкек, Ташкент, Душанбе, Ашхабад, Красноводск, Украина, Польша, Түркия сах­­­наларында да бұлбұлдай сайрап, қазақ дәстүрлі өнерінің туын биікке көтеріп келеді.

Сәуленің ұстаздық, әншілік қасиет­те­рін жоғары бағалаған азаматтар, әрине, көп болды, бола да бермек. Дәстүрдің, қа­зақ өнерінің сондай жанашырларының бі­рі – Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бай­бек. Ол Алматы қаласында «Алатау» дәс­түрлі өнер театрының ашылуына орай дәс­түрлі ән өнерінің мектебін басқару тіз­гінін дүлдүл әнші Сәуле Жанпейісоваға ұс­татты.
Ұлы істерге көмек болған жандардың
Мүмкіндігін, бүкіл сұлу болмысын
Жамандықтан қорғап қалса Ер кісі,
Мұның өзі – парасаттың белгісі! –
деп Кү­ләш Ахметова жырлағандай, дәстүрлі өнер­­ді, қазақтың халық әндерін ұмыт қалу­­дан қорғап қалғысы келетін парасатты ел азаматтары әлі де болса бар екені Сәу­ленің кеудесіне қанат бітірсе керек, дәл осындай дәстүрлі өнер мектебін Астана қаласынан да ашып, шәкірттер тәр­бие­леуді қолға ала бастады. Шүкір, екі бірдей қа­ладан ашылған қос дәстүрлі орталықта да қазақтың қара домбырасын үйренуге ниет еткендер саны күннен-күнге артып ке­леді. Осының өзі-ақ қазақ әндері мен күй­лерінің өміршеңдігін айтпай-ақ сұра­ған жанға ұғындырып тұрса керек…
Әншілікпен бірге басшылық қызметте жүр­ген Сәуле қазақтың дәстүрлі ән өнерін зерт­теді, ұстазы Ғарифолла Құрманғалиев се­кілді шәкірт те тәрбиеледі. Кезінде «Қа­зақстан» ұлттық телеарнасында «Бұл әнді бі­лесіз бе?» атты бағдарламаны жүргізіп, өзін журналистік қырынан да көрсеткен Сәуле Жанпейісованың шәкірттерінің бірі, әнші Қарақат Әбілдина да бүгінгі таңда ұстазы секілді «Хабар» арнасында «Бене­фис-шоу» бағдарламасын жүргізіп, кө­рер­меннің көзайымына айналып жүр.  Сон­дай-ақ, Өмірқұл Айниязов, Ғалымжан Жол­­­­дасбай, Айгүл Қосанова, Айгүл Елші­баева, Елдос Еміл секілді шәкірттері де өнер айдынына өз ерекшеліктерімен, өз қол­таңбаларымен келгенін құлағы есті тың­дармандардың барлығы да біледі.
Қазақтың ән өнеріндегі 5 мектепті де те­рең меңгерген Сәуленің әншілік, ұс­таз­дық, ғалымдық келбеттерінен бөлек тағы бір қыры – оның сазгерлігі. 2000 жылы сол кез­дегі Атырау  облысының әкімі Иман­ғали Тас­мағамбетовтің шақыртуымен Д.Нұр­пейісова атындағы Атырау музыка ак­а­де­мия­сында 4 жыл басшылық қызмет етеді. Осы уақыттар аралығында атырау­лық­тарды әнімен баурап алған Сәуле жайлы жергілікті ақындар поэзия тілінде де үн қата бастады. Светқали Нұржан:
Естілгенде Сәуленің жайсаң әні –
Май самалы билейді майсадағы, –
деп жырласа, әнші-сазгер Төлеу Үш­қоңы­ров:
Бір қыз көрдім үкідей үлпілдеген,
Әнге салса көмейі бүлкілдеген, –
деп ән-жырға арқау етті. Ал ақын Гүлзада Ниетқалиева Сәуленің Ақ Жайықпен қош­тасуын:
Ақ Жайығым, Айнам-ай, Айдыны бай,
Ақ шағала қанатын жайды құлай:
Ән мен өлең жетім боп өр өлкемде,
Ойламап-ем торлар деп қайғы бұлай, –
деген өлең жолдарымен бейнеледі.
Ақ Жайықпен қоштасып, Алматыға оралған әнші қыз біршама уақыт сол жерде тұрақтап, 2012 жылы Жамбыл облыстық фи­лармониясына басшылық қызметке кел­ді. Туған жердің топырағы Сәуле қыз­дың сазгерлік қабілетінің ашылуына үл­кен септігін тигізді. Атыраулық ақын­дар­дың жырына арқау болған үлкен дарын иесі енді өзі келіп қазақ поэзиясына­қы­ран­д­ай шүйлікті:
Жансын деп жақсы орталарыңда маздап ән,
Қалсын деп жақсы көңілдер ойды қозғаған.
Тік тұрып қарсы ал, о, туған елім тілектес,
Тілектестікпен қойныңа кірді өз балаң.

Келді ол саған белдер мен сансыз қыр басып,
Төбесін көкке жеткізу үшін сырласып.
Күн санап сенің көркеюіңді тілеген,
Жүрек қой саған, жүрек қой саған бұл ғашық, –
деп жырлаған Төлеген Айбергеновтің «Ор­таңа келді өз балаң» деген өлеңіне ән жаз­ды. Елі мен туған жеріне бірдей ғашық қос жүректің сезімдері бір-бірімен үйлесім та­ба білді. Қыран қанатына ілінген ақын­ның тағы екі бірдей өлеңі бар. Оның бірі қа­зақ сахнасына «Ақ жаңбырлар» болып жау­са, енді бірі «Ақ қайыңдар» боп сазгер ба­қытын көк пен көпке жайды. Саз си­қы­ры бойын билеп-төстеп, Сәуле өзінің кім екенін білмекке талпынып жүргенде жү­ре­гінен тағы бір ән мөлдірей төгіле жө­нел­ді. Бұл жолы әнші-сазгер Ақұштап Бақ­ты­герееваның «Кіммін мен?..» өлеңіне көзін сүзді:
«Мама, сен кімсің?» деп қойды да,
Асылды қызым кеп мойныма.
Сұрақпен қатырды басымды,
Онсыз да шаршатқан ой мына.
Ұзақ күн сұрақпен не түрлі
Осылай мазамды кетірді.
Жыр менен баланың арасы
Екі оттың ортасы секілді…
«Мен кіммін?» деген сауалға жауап тап­пай, ақынмен бірге екі оттың ортасында қалған әнші Сәуле өзінің сазгерлік қасиетін мойындап, ақиық  ақын Мұқа­ғали Мақатаевтың «Бала ғашық», «Япыр-ай», Гүлзада Ниетқалиеваның «Фариза-жыр биік» өлеңдеріне ән жазып, биікке самғады. Сонда да гауһар жырға тоймаған сазгер енді киелі Жамбыл өңірі ақын­дарының поэзиясына үйір бола бастады. Үйір бола жүріп ішінен ең әдемілерін, құнарлыларын таңдап, өз әндеріне тұмар ғып тақты. Мәселен, жуалылық ақын Бауыржан Үсеновтің «Шағала арман» атты өлеңі Сәулеге де шаңқылдап алдан жөн сілтей бастады:
Әуелі мен,
Шықсам да қыран ұшқан тау елінен.
Шабыт алып, жыр құрап тебіренем,
Қоршай жүзген балықтар әуенінен.
Осылайша Сәуле өлеңнің әр сөзіне тереңінен мән беретін талғампаз сазгерге айналып шыға келді. Өлең – тұмар секілді. Ән оны іліп алып, биікке көтеріп ұшып кетеді. Егер ән тым биікке көтерілсе оның демі, жылуы бүкіл елге, халыққа жетеді. Сәуленің еліне, жеріне деген үлкен құр­меті, әсіресе ақын Бауыржан Жақыптың «Тұғыр» өлеңінде ерекше жарқырап көрінеді. Ол осы бір әнін қайда барса да жанынан тастамайды. Қай қалаға барса да кеш соңында ұжым болып осы бір әнді шырқай жөнеледі:
Сендей ел жоқ мынау Жердің бетінде,
Қазақстан – сенсің менің аспаным.
Сенсің менің таусылмайтын дастаным.
Бұлағыңдай бүлк-бүлк еміп төсіңді,
Еркебұлаң сапарымды бастадым.

Сендей жер жоқ мынау Жердің бетінде,
Көрген жоқпын сендей сұлу жер керім.
Көлбеңдеген көк көйлекті көлдерің
Аққу жүзіп суға салған өрнегін.
Бұл ән тек ақын мен сазгердің ғана емес, бұл бүкіл Жамбыл өңірінің Елімізге, Отанымызға берген қымбат бағасы, гимні іспеттес шығарма. Сондықтан да болар, бұл ән «Сендей ел жоқ мынау Жердің бетінде» деп хормен шырқала бастағанда-ақ халық өзіне беріліп жатқан осындай құрметке зор ықылас танытып, орындарынан көтеріліп қол соғып жүр. Ал ән мен әншіге бұдан артық қандай қошемет болсын. Бұл – сахнада ән сап тұрған әншіден басқасы біле бермес керемет сезім.
Сазгер Сәуле бұдан кейін де сазгерлік әлеміне жасаған саяхатын тоқтатпады, керісінше үдете түсті. Оған тағы да жам­былдық ақындардың жырлары себеп болды. Маралтай Райымбекұлының «Айнамкөз», «Жас ғасыр, жаңа замана», «Игілік», Ерлан Жүністің «Ақын-пойыз», Талғат Талапұлының «Сәуле-сарын», Серік Томановтың «Қайран өлең», Арғынбай Бекбосынның А.Пушкиннен аударған «Қара шәлі», Үміт Битенованың «Наурызым» өлеңдері де Сәуленің сазгерлік талантын шыңдай түсті. Ол Маралтай ақынмен бірге жас ғасыр, жаңа заманмен Доспамбет болып табысып, Махамбет болып танысып, Абай болып санамызға енбек болады:
…жастығым асау, сабыр ет,
Намыссыз болсам – нағылет!
Көк байрақ арман –арым ед,
Арманың өлсе – ақырет!
Озбасын төрге әбілет!
Азат боп кірдік, я, Алла,
Алшаңдап басып мақтана,
«Алаш» деп жазып қақпаңа
Жас ғасыр, жаңа замана!,–
деген жолдар арқылы Алаштың дана­лығын, еркіндігін әнге бөлеп, қазақтың рухын биіктете түспек болады.
Ал Серік Томановтың «Қайран өлеңінен» сазгер өзін көрді, ақын құсап Сәуле де бәрін тәрк етіп, ән құшағына енді:
Өліп қайта тірілдім,
Өлекселік екен менің бұрынғым.
Қайран өлең опа таппай өмірден,
Құшағыңа жетіп сенің жығылдым.

Сенсіз өмір жарытпады өмір боп,
Енді көңіл қалықтады жеңілдеп.
Қайран өлең, сенсең, саған жеткенше,
Өлексемді сүйреп жүрдім кебіндеп.

Айдаһарға айдайсың ба – өзің біл,
Қай жаһанға айдайсың ба – өзің біл.
Әмір де – сен, тәңір де – сен мен үшін,
Өзің барда өлмесімді сезіндім.
Міне, осыдан кейін барып ақын мен сазгердің жүрегін екі бөліп қарай алмайтынымызды анық сезінеміз. Ақын үшін өлең тәңір болса, сазгер үшін сол өлеңдегі сөздер тәңір боп, «маған ән жаз!» деп тұрғандай күйді ұқтырады.
Мына таң кешегіден тұнық қандай…
(Күйімді менің осы кім ұққандай?!).
Жер бетінен күншуақ іздеп жүрмін,
Сазына бұл дүниенің шөлім қанбай.
Ақын Талғат Талапұлының «Сәуле-сарын» өлеңі де ақын мен сазгер жүрегінің бір арнаға кеп тоғысатынынан хабар беріп тұр. Яғни ақын да, сазгер де жер бетінен күншуақ іздеп жүр. Олай болса, қазақтың дарынды қызы, дүлдүл әнші Сәуле Стаханшылқызының жеке өмірі де, сахнадағы ғұмыры да шуақты болсын! Қараша айының 29-шы жұлдызында Рес­публика сарайында өтетін оның «Әнім саған аманат» атты жеке ән кешінің өнерсүйер қауымға берер сыйы мол болсын!

Гүлсара БАЙДАНОВА,
журналист.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір