Рух әлемінің ақтаңгері
1969 жылы ару қала Алматыға қарақалпақ жерінен арман арқалап келген менің ҚазМУ-дің даярлық бөліміне қабылданғанымда, қуанышымда шек болмады. Себебі, ол жылдары журналист мамандығына талапкерлер шоғыры мол әрі талап та қатаң болатын. Сондай шақтардың бірінде жоғары курстарда туған топырақтан Қыдырбай Артықов, Сафуан Есенов сынды алдыңғы толқын ағалардың барын еститінмін. Марқұм ақжарқын, ақкөңіл Қыдырбай ағамен басталған таныстықтан кейін, туған ағаларымдай болып кеткен Маханбет Жәмеков, Сатымбек Рысбаев, Сәбит Байдалы табиғатында қарапайым, кішілігі кісілікке ұласқан, жылдар сілемінде журналистика айдынында өзіндік іздерін қалдырған таланттар шоғырынан. Солардың арасынан маған бір қарағанда тұйықтау, мінезі сабырлы, ақ сарылау келген Мәди Айымбетовпен тағдырлас, туыстас болудың сәті түседі деп сол шақта кім ойлаған. Ол мезетте Мәди ағамен ағаларымдай емен-жарқын араласып кете алмасам да, уақыт ырғағында баспасөз беттерінен шығармаларына қанық болып өскенім ақиқат.
Биылғы күз айының шуақты күндерінің бірінде Алматыдан батысқа бет түзеген алып лайнер түс мезетінде Ақтөбе топырағына табан тіреді. Аспан шайдай ашық. Негізгі мақсат – Ақтөбе өңірінің тумасы, жарты ғасырға жуық уақыт қазақ әдебиетінің проза жанрында қалам тербеп келе жатқан, бүгінде рух әлемінің ақтаңгеріне айналған Мәди Айымбетовтің жетпіс жасқа толған мерейлі тойының алдында ағамен туған топыраққа тағзым ретінде сапарлас болу. Осы жолсапардың тағы бір өзектілігі – ертеректе кіндік қандары тамған осы өңірден тіршілік тауқыметімен Үстірт ауа үдере көшкен ата-баба мекенін көзбен көріп, көргенді көңілге тоқу болатын.
Әуе кемесі айлағында бізді «Қазақстан» РТРК АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Отыншин Раукен бастаған бір топ азаматтар құшақ жая қарсы алды. Ертеңіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Асқар Шериязданов қабылдап, сол кезде іссапарда жүрген облыс әкімі, қазақ өнерінің шын жанашыры Бердібек Мәшбекұлының қаламгер ағасына деген ыстық ықыласын, жүрекжарды ілтипатын жеткізді. Түс ауа Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында жерлестерімен Мәди Айымбетовтің шығармашылық, қаламгерлік өмір жолына арналған кездесуі болды. Әдебиет сүйер қауым мен Ахмет Жұбанов атындағы педуниверситет студенттері мен жастарына лық толы залда талантына табындырған жергілікті өнерпаздар мен республикаға танымал қоғам қайраткері Амангелді Айталы бастаған ел ағалары мен облыс әкімінің бірінші орынбасары Асқар Шериязданов, өңірдің медиақайраткері, танымал қаламгер інілері Мейірхан Ақдәулет, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Өтеулиев сынды қалам иелері мол болды. Қаламгердің өмір өткелдері туралы «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы даярлаған «Дара тұлға, дара жол» атты деректі фильмде жазушының белгісіз қырлары мен сан қырлы сырлары ашылып, әдебиет алыптары Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Зейнолла Серікқалиевтармен сырлас, сыйлас болған кезеңдерден ұлағатты ойлар легі ағылса, қатарлас әріптесі жазушы Жарылқап Бейсенбаев, бүгінгі орта буын Қуаныш Жиенбаев, Сүлеймен Мәмет сынды замандас інілері автор қаламының қарымдылығын, туындыларының өміршеңдігін тілге тиек етті. Осы орайда академик Зейнолла Қабдоловтың Мәди әлемі жайлы: «Кешегі өзімнен дәріс алған үркердей бір шоғыр шәкірттерімнің қазақ әдебиетінің қасиетті қара табалдырығынан аттап, өркен жайғанына марқаямын да мақтан етемін. Сол шоғырдың легінде мына Мәдидің тұлғаланып қалғанына да мерейім өсіп тұр. Ол жазушылық өнеріне жан-тәнімен беріліп, талай қызықты тақырыптарға қалам тартты. Жас қаламгер алғашқы қадамынан өз замандастарының жан дүниесіне үңіліп, ұмытылмас образдар жасады. Әсіресе оның ел суреттерін қаламына қазық, қиялына азық етуі кім-кімді де тәнті етеді…» деген ұлағатты пікірі Мәди ағаның 50 жасқа толған сапарында елге бірге келіп, інісіне айтқан ақжарма ақ тілегі болатын. Кездесуде сонау жетпісінші жылдардан басталған қаламгерлік еңбектің ауыр жолында прозалық лектің басым дені туған жердің, өскен өңірдің қарапайым еңбек адамдарының күнделікті қоңыр тіршіліктері жайлы екендігі туралы өрнекті ойлар айтылды.
Осы сапардың ендігі бір сәтінде жазушы мен оның сапарластарыМәкеңнің ата-бабаларының кіндік қаны тамған, ыстық өлке Байғанин жеріне, Жем-Сағыз өңіріне бет бұрды. Аудан әкімі, сол өңірдің тумасы, абзал азамат Мамырғали Аққағазов бастаған азаматтар көш көрім жерден дәм-тұзын алып, ақ дастарқанын көтеріп, алдарынан шықты. Дастарқан басында кешегі бала шәкірт, бүгінгі дана шәкірт Мәдиге сексеннің сеңгірінен, тоқсанның ауылына бет алған, алпыс жыл бұрын білім бұлағынан сусындатқан қос ұстазы сол бір балалық шақтың бал күндерінің қызықты кезеңдерін тілге тиек етті. Сөйтсек, біз білмейтін бұйығы ағамыздың жас кезіндегі талай шығармаға арқау болатын хикаяттары молынан екен. Мұны біз ғасырлар сілемінде ұстаз бен шәкірт, қария мен аға арасындағы риясыз көңілден айтылған әңгіменің арқауына шәкірттерінің шығармаларындағы ауыл кейіпкерлерінің образын айнытпай берген тұлға талантына тәнті болған, өмірлерінде ұлылықты мұрат тұтқан үлкендердің батасындай қабылдадық.
Байғанин ауданының орталығы соңғы жылдары өзгеше көріктеніп, ауыл ажарланып, халқы молайып, ел ырысы еселеп артып келе жатқаны жайлы Мәдениет сарайында әңгімесін бастаған аудан әкімі әңгіме өзегін жерлес қаламгер ағасы Мәди Айтбенбетұлының шығармашылық жолына шолу жасап, сөз кезегін ауыл ақсақалдары мен көзкөрген, балалық шақтан таныс азаматтарға берді. Залда қаламгер ағамыздың қаламынан туған, шоқтықты шығармасының бірі «Құмөзек хикаяларының» кейбір көзі тірі кейіпкерлері де бар болып шықты. Жылдар сілемінде қаламгер қаламынан туындаған «Шыққа тұнған нұр», «Ол дәурен бір көрген түс», «Тылсым», «Күн-ғұмыр элегиясы», «Дүние-керуен» және тағы басқа кітаптары оқырман мейірін қандырған, қазақи әлемнің нұрлы шуағын айна-қатесіз көз алдыңа келтірген сүбелі шығармалар.
Елмен табысқан, туған жермен етене қауышқан осы сапарында қаламгер есейген, болашақ жары Розамен танысқан Жем бойындағы Жарқамыс мекеніне барар жолда, қаламдас, сырлас, сыйлас ағасы, атақты «Ақбұлақ» әнінің авторы Бәкір Тәжібаевтың Ана – Жер-Ананың бауырынан бұлқынып шығып, көз жасындай тамшылап жатқан бал бұлағына барып, кәусар суынан дәм таттық. Аудан әкімшілігі абзалы ағаларының 90 жылдығына бітеліп қалған бұлақ көзін ашып, жөндеу жұмыстарын қолға алған. Жалпы, қаламгерлер арасында Жарбұлақ өңірін «кіші Жазушылар одағы филиалы» деп атайды екен. Атаса атағандай, дәл осы топырақтан елімізге танымал Бәкір Тәжібаев, Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин, Қажығали Мұхамбетқалиев, Мәди Айымбетов сынды алымдары арынды, қаламдары қарымды, ойлары оқшау, адами әлемнің құндылығын бойларына сіңірген, тұтас бір галереясы бой түзеген екен. Құм көшкіні іргелеп келіп қалған құмды ауылдың құнарлы топырағынан шыққан арыстар ауылымен қимай қоштасып, ат басын «алтын құм» атанған атақты «Алтай батыр» ауылына бет түзедік. Екіндіде алыстан көзге көрінген «алтын құмды» бойлай жайлаған ел шетінен ауыл азаматтары Азаматы мен Аруын ән-жырмен, шашумен қуана қарсы алды.
Көркем тілмен күнделікті күйбең тіршіліктің келісті бейнесін сомдаған, қабырғалы қаламгер Мәди Айымбетовтің кіндік қаны әкесінің әскери қызметіне орай, тарихы бай Торғай өңіріне тамса да, ата-баба мекені, қасиетті Жем-Сағыз өңірі. Мәдиді университетті бітірер шағында дауылпаз ақын апамыз Фариза өзі басқаратын «Қазақстан пионері» газетіне қызметке шақырады. Қаламгердің осыдан кейінгі өсу жолдары «Пионер», «Қазақстан коммунисі» журналында жалғасып, Қазақ КСР-інің Баспа ісі, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі Мемкомитетінің бөлім бастығы, «Ғылым» баспасының бас редакторы, ҚР Жоғары Кеңесі Аппараты, Мәжіліс Аппараты бөлімдерінде басшылық қызметті, ҚР Парламент Сенаты Аппаратының редакциялық-баспа бөлімінің меңгерушісі қызметтерін ширек ғасырға жуық абыроймен атқарды. Қызметіне қылаудай қыр түсірмеді, ал әріптестерінен де осыны талап етті. Қызметі мен қаламы жарыса қатар жүрді. Күндіз мемқызметте қырандай қалғымаса, түн әлетінде қаламы алмас қылыштай жарқылдады.
Жетпіс деген ағалық жасқа толған Мәди аға мен Роза апамыз бүгінде ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырған, олардан балдан тәтті немерелер сүйген, бақыттың бал бесігінде тербетілген өнегелі жандар. Азаматын аялап, қыранының қаламын мәпелеп, шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған отанасының да бұл мерейлі тойы, шуақты күндері. Лайым, осы күндер ұзағынан, мол болсын!
Міне, табиғатынан талантты, бір көрген жанға томаға-тұйық, әйтсе де қаламының қарымымен талайларды тамсандырған, өскен жерге, туған өлкеге деген кіршіксіз балалық махаббатын жылдар сілемінде көзінің қарашығындай сақтап келген, мейірім шуағы мол, сыны мен сымбаты, іші мен тысы тұтастыққа айналған текті тұлға. Мәди Айымбетов осылайша табиғат пен тіршіліктің үйлесімін үндестірген, дүниелік құбылыстарды бөліп-жармай тұтас қарастыратын, жерді, елді сүюге үндейтін, өрнекті тілі еріксіз баурап отыратын, тазалық пен мөлдірлікті, ізгілікті үзбей қара сөзбен жырлап келе жатқан қазақ прозасының көрнекті өкілі, рух әлемінің ақтаңгері, қабырғалы қаламгер.
Құдайберген ТҰРСЫН,
Сүлеймен Демирел университетінің
профессоры, филология ғылымының докторы.