Денсаулық экономикасы: Орташа өмір жасы
Ұлт саулығы экономикасы – Қазақстанның болашақта дамуына әсер ететін экономикалық бәсекелестік, даму және халық денсаулығы арасындағы өзара байланысты зерттейді. Экономикалық өсуді және бәсекелестікті талдаудың әлемдік тәжірибесі бойынша, кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігі көптеген факторларға, соның ішінде халықтың денсаулығына байланысты. Қазір денсаулық мәселесімен медицина мамандары, әлеуметтанушылар ғана емес, сонымен қатар экономист-ғылымдар да айналысады.
Денсаулық сақтау саясаты – медициналық көмек беруге немесе қаржыландыруға ғана байланысты деген көзқарас түбегейлі өзгеріп келеді. Иә, медициналық көмек денсаулықты жақсартып, өмір сүру жасын ұзартады. Сонымен қатар, халықтың денсаулығына әлеуметтік-экономикалық жағдайдың ықпалы да бар. Бұл көзқарас ресми түрде алғаш рет 1974 жылы канадалық Денсаулық сақтау министрі Марк Лэйлондтың баяндамасында айтылған болатын.
Соңғы 25 жылда Денсаулық экономикасы саласы да үлкен жетістіктерге жетті.
Дұрыс тамақтану, өзін-өзі дамыту, өмір бойы оқу, бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, жаман әдеттерден аулақ болу – денсаулық сақтау мәселесі үшін маңызды атрибуттардың бірі екенін зерттеулер нәтижесі көрсетіп берді. Гендерлік стереотиптер – ерлер мен әйелдердің жұмысбастылық мәселесі, әлеуметтік байланыстардың сапасы да денсаулық профилактикасымен тікелей байланысты.
Ұлт саулығы тұрғын халықтың физикалық, психикалық және әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаттылығына байланысты факторларға тәуелді. Әрине, адам денсаулығының жақсаруына табыс көзі тікелей әсер етпейді. Бұл жерде жоғарғы табыс табуға қатысты: үздік білім, сапалы тамақтану, қоғамдық және әлеуметтік байланыс, отбасы тұрақтылығы, тағы басқа факторлар ұлт саулығында маңызды роль атқаратынын айта кету ләзім.
Халықтың әлеуметтік-экономикалық мәртебесі келесі төрт фактормен анықталады. Ол – білім, қаржылық ресурстар, класс, этнос. Факторлардың әрқайсысы жеке назар аударуға лайық. Негізгі мәселе халықтың еңбек етуі мен денсаулығы арасындағы өзара байланыс. Сонымен қатар, білім және қаржылық ресурс деңгейінің ұлт саулығына да әсері бар.
Бай елдер денсаулық сақтауға көбірек ақша жұмсайды және олардың халқы сирек ауырады. Демек, табыс көзі артқан сайын халықтың дені сау болады деп тұжырым жасауға бола ма? Білім алу, тамақтану мен санитарлық жағдайдың түзелуі – әл-ауқатқа тікелей байланысты және бұл факторлар денсаулыққа әсер ететіні белгілі.
Бірақ соңғы 20 жылда өмір сүру ұзақтығы көптеген кедей елдерде жоғарылаған, дәрігерлер саны мен жалпы ішкі өнім азайған. Халықтың денсаулығына әсер ететін факторларды тізіп, әрбір фактордың әсерін жеке-жеке талдау мүмкін емес. Бірақ экономикалық өсу қарқыны, медицинаның және денсаулық сақтаудың даму деңгейі, медициналық қызметтің қолжетімділігі сияқты факторлардың ұлт саулығына әсері өте маңызды. Факторлар өзара тығыз байланысты және бір-біріне әсер етеді. Кедейлік пен нашар денсаулық арасындағы байланыс ерте заманнан байқалған. Бұндай фактілер Ежелгі Греция мен Ежелгі Қытай хроникаларында көрсетілген, ал оның тәжірибеге негізделген толық сараптамасы XIX ғасырда Лондон мен Париждегі ғылым орталықтарында жасалған. Экономикалық даму өмір сүру ұзақтығының өсуіне әкелетін негізгі фактор болғанына қарамастан, халық санының өсу нәтижелері халықтың әр түрлі санаты үшін бірдей болмады.
Денсаулық көрсеткіші мен әлеуметтік-экономикалық жағдай арасындағы байланыс «экономикалық жағдай жақсы болған сайын, халық денсаулығы соншалықты жақсы болады» деген жорамалмен сипатталады. Соңғы уақытта денсаулық теңсіздігінің басқа себептері де анықталған.Көбінесе, өзінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қанағаттанбау себебінен болған созылмалы күйзелістер ағзаның нейроэндокринді және психологиялық қызмет атқаруындағы өзгерістеріне әкеліп, ауруға ұшырау тәуекелін арттырады.
Табыс көрсеткіштеріне қарай кедейшілік деңгейін анықтау респонденттердің нақты табыстарын жасыру әсерінен қиындық-тар туғызуда.
Сондықтан балама ретінде ақшалай табысқа сәйкес, 1984 жылы А.Сен ұсынған кедейлік тұжырымдамасына сәйкес индивидтердің мүмкіндіктерін өздерінің «негізгі қажеттіліктерін» қанағаттандыра алуы деңгейінде қарастыруға болады. Бұндай мүмкіндіктерді респонденттер материалдық қиындықтардан – қарызға ақша алу (пә-
терақы немесе тамаққа), аптасына ет пен балық өнімдерімен 1-2 рет қана тұтынуға шамасы жету, өте қажетті киім-кешек алуға жағдайы келмеу, мәдени іс-шараларға қатысуға мүмкіндіктері болмау деген факторлар арқылы анықтайды. Бұл нәтижелер кедейшілік деңгейі мен денсаулық арасындағы тығыз байланысты көрсетеді, яғни адам экономикалық қажеттілікке тәуелді болған сайын денсаулығы нашарлайды, оған себеп дұрыс тамақтана алмау мен киім-кешектің жетіспеушілігі.
Роберт Фогель экономикалық демография мәселелерін, атап айтқанда, көп уақытын өлім деңгейін өлшеуге және оның өмір сүру деңгейінің өзгеруіне қатынасын зерттеуге арнаған ғалым. Роберт Фогель өзінің еңбектерінде ұзақ өмір сүру құпиясының
30 % ғана медицина саласында тиесілі екендігін нақты түсіндірді. Ал өмір сүру ұзақтығын ұлғайтатын себептің барлығы – таза экономика. Барынша дамыған елдердегі халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 100 жылдан көп.
Қазіргі таңда адамдар 300 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда жақсы жағдайда және ұзағырақ өмір сүретіндігі барлығымызға мәлім. Бұл фактіні Роберт Фогель біздің замандастарымыздың ауа-райы тауқыметінен қорғануды үйренуімен, тазартылған суды ішуімен және ең бастысы, біздің жақсырақ (азық-түлік қолжетімді, қауіпсіз, жеңіл қорытылатын, дәмді және калорийлі) тамақтануымызбен байланыстырады. Осының барлығына технологиялық революция мүмкіндік берді. Роберт Фогель зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес: еуропалықтар 2 есе ұзақ өмір сүре бастады және орта ғасырлық өлшемдер бойынша нағыз алыптарға айналды.
Егер орташа табыс деңгейі бірдей екі елді салыстыратын босақ, табысты бөлудегі теңсіздік орнаған елге қарағанда, табысты бөлудегі тепе-теңдік орнаған елде денсаулығы мықты адамдар көбірек болады. А.Дитонның айтуы бойынша, бай елден кедей елге табыстың қайта бөлінуі әлемдегі орташа денсаулықты жақсартады екен.
Бірнеше зерттеушілер табысты бөлуде теңсіздік пен қоғамдағы денсаулық арасында айтарлықтай теріс корреляция бар екенін анықтады, бұл теңсіздіктің азаюы денсаулықтың жақсаруына септігін тигізетінін көрсетеді. Мысалы, Р.Вилкинсон (Wilkinson, 1996) пікірі бойынша кіріс теңсіздігі «денсаулықтың аса қатты детерминанттың бірі» және «заманауи қоғамдарда өмір сүру сапасын аса маңызды шектеу» деп біледі. И.Кавачи және т.б. (Kawachi et al., 1997) кіріс теңсіздігін «денсаулық сақтаудың маңызды проблемасы» ретінде сипаттайды.
И.Кавачи және Б.Кеннеди (Kawachi&Kennedy,1999) кіріс теңсіздігі мен денсаулық арасындағы байланысты болжамдады. Олардың пікірінше, теңсіздік әлеуметтік капиталдың түзілуіне кедергі жасайды, бұл өз кезегінде денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Әлеуметтік капитал дегеніміз– сенім деңгейі, қоғамдағы ауызбірлік; мысалы, ерікті қоғамдық ұйымдарда сайлауға қатысу сияқты қызметтер.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша табысы, әлеуметтік-экономикалық статусы жоғары адамдар басқаларына қарағанда денсаулықтары жақсырақ болады екен. Дәлірек айтсақ, мұндай зерттеу испан ғалымдарымен бірнеше жыл ішінде планетамыздың әр жерінде жүргізілген. Яғни адамдардың жеке табыстары денсаулыққа оң әсер етеді. Сонымен қатар, білімділік деңгейінің де денсаулыққа оң әсері бары байқалған. Мысалы, білім деңгейі жоғары адамдардың мүгедек болып қалу ықтималдылығы мен қатерлі ауруларға шалдығу тәуекелділігі мен ықтималдылы-ғы салыстырмалы түрде төмен болып келеді. Адамдардың өзін қорғау мінез-құлқы да білімнің нәтижесінде қалыптасады. Зерттеу барысында аурулардың 30 % астамы отбасындағы келеңсіз жағдайлардан болғаны байқалған.
Бұрындары теңсіздік экономикалық өсуді ынталандырады деп есептеген. Көп жағдайда бұл бастапқы теңсіздік байлардың капитал жинауына қолайлы болады, соның арқасында алдағы экономикалық өрлеуді ынталандырумен түсіндіріледі. Эмпирикалық деректермен расталатын қазіргі уақытта бекітіліп қалған көзқарас бұл теорияны жоққа шығарады: теңсіздіктің азаюы экономикалық өсуге мүмкіндік бере алады.
Бірақ бұл көзқарас маңызды эмпирикалық проблемаға қайшы. Көптеген елдер үшін зерттеулер теңсіздік пен салық мөлшерлемесі арасындағы корреляция – теріс екенін көрсетті. Р.Перотти (Perotti, 1996) көрсеткендей, бұны жоғары теңсіздігі бар көптеген елдерде қазыналық саясат регрессиялық сипатқа ие болумен түсіндіруге болады. Осыған байланысты теңсіздік пен өсу арасындағы өзара байланысқа саяси экономикалық көзқарасты жақтаушылар екінші көзқарасты ұстана бастады. Оған айқын мысал – А.Алесина және Р.Перотти (Alesina & Perotti, 1996) бола алады.
Ләззат Спанқұлова