Қазақтар Қазақстанда ғана тұрмайды
Балаға ес білерде ата-анасы өз есімінен бастап әкесінің, анасының атын, руын айтуды және сағатты қалай хабарлау керек екенін үйрете бастайды. Бір қызығы сол, ешкім балаға ұлтын атап, жаттатқызбайды. Бізге де «Сен – қазақсың!» дегені есімде жоқ. Қазақ екенімізді біреуден сұрап білген жоқпыз. Құдіреттің ісі дейміз бе, қалай?! Сонымен басқа ұлт емес, қазақ болып туу маңдайымызға жазылыпты. Иә, қазақ болып жаралған соң, сол ұлттың қадір-қасиетін қатар ұстап өмір сүруіміз керек шығар. Қазақпыз. Қазақстанда тұрамыз. Бұл бізге көрінбейтін басымыздағы бақ. Оны тек жат жердегі қазақтар ғана байқай алмақ. «Жат жердегі қазақтар деймісіз?». Иә, білмеп пе едің?! Қазақтар Қазақстанда ғана тұрмайды. Біз көппіз.
1. Таныстыру
Осыдан неше мың жыл бұрын Шу өзенінің бойында ерлері сауытты, әйелдері жаулықты келген адамдар өмір сүріпті. «Кімсіңдер?» – дегендерге «қазақпыз» деп жауап береді екен. «Қазақ» деген қандай ел екен деп тыныс-тіршілігіне үңілдік…
Қазақтардың шаңырағына кіріп-шығып жүрген адамдардан көзіңіз адасады. Бала-шаға, туған-туыс, көрші-қолаң бәрі бір үйде тұратындай. Демек, қонақжай халық болғаны. Әр үйдегі бала санының ең азы бес саусағыңыздан асып тұрады. Демек, олар бауырмал. Дастархан басына отырғанда бір, тұрарда бір кәрі-жасы бірдей алақан жайып, бет сипап жатады. Бұл – ислам дінін ұстанатындарының белгісі. Білімсіз деп те айта алмайсыз. Сөз өнеріне келгенде қара қылды қақ жаратын шешен халық. Қаз дауысты Қазыбек атты билерінің мына толғауы қазақтардың тарихи ұранына айналған:
Біз қазақ деген
мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай,
жай жатқан елміз.
Елімізден кұт-береке
қашпасын деп,
Жеріміздің шетін
жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз!
Ешбір дұшпан
басынбаған елміз,
Басымыздан сөзді
асырмаған елміз!
Және де «өзге тілдің бәрін біліп, тек өз тілдерін ғана құрметтейді» екен. Қай үйге бас сұқсаңыз да, төрде ілініп тұрған домбыраны көресіз. Өнерден де кенде емес. Қонақ күту жоралғыларына, үлкен мен кіші арасындағы ізеттілікке аса мән береді. Оған «Алыстан алты жасар бала келсе, ауылдағы алпыс жасар қария сәлем береді» деген аталы сөздері дәлел. Екі қазақтың басы қосылса, қол алысып, кеуде қағысып, амандық сұрасып, шүйіркелесіп тұра қалады. Демек, пейілдері кең, көңілдері ашық ел. Қыздарына қырық үй қарауыл деседі. Кеш түскенде жалғыз жүрмеген. Ел алдында шашын жаймаған. Жеті атаға дейін қыз алыспаған. Яғни ұрпақ тазалығына адал.Бір сәт ойландым… Қазақтай қаны таза ұлт әлемде көп емес. Уақыт өзі саралап, қаншама ірілі-ұсақты халықтарды тарих беттерінен өшіріп тастады. Неге? Ұлт ретінде қалыптаса алмады. Тілін, дінін, ділін ұмытты. Бір шатырдың астында бір тілде бейбітшілік әнін шырқай алмады. Кейінгі ұрпақты ұлтшыл қылып, сол қасиетті қанына сіңдіріп, тәрбиелей алмаған алдыңғы аға буын кінәлі шығар?! Не десек те, халық соты біз емес. Айтарым, келесі ғасырда діні – ислам, тілі – қазақ, ұлтым деп тұрған ұлды көрсеңіз, таңғалмаңыз. Ол – мен сипаттаған қазақ.
2. Қазақ пен Қазақстан
ХХІ ғасыр. 2016 жыл да аяқталуға таяу. Қазақ халқы – Қазақстан Республикасында тату, бейбіт ғұмыр кешуде. Қазақылықты бәріміз бірдей ұстанбағанымызбен, ұлттық қасиетімізді, салт-дәстүрімізді, ата-баба тілі мен дінін жоғалтпадық. Қандай заманға тап келсек те, қазақтық қасиетіміз қанымызда бар емес пе?! Кім екенімізді ұмыта қойған жоқпыз. Бастысы, басқа елде емес, өз жерімізде, Қазақстанда қазақ болып өмір сүріп келеміз. Бұл түсінген адамға өзге халықтардың маңдайына бұйырмаған бақ. Кітаптың сөзі қалай еді?! «Басқа қонған бақты бағаласаң ғана …». Иә, бағаласаң ғана бақытыңа айналмақ.
Қазақ қазақ болып қалыптасқаннан бері көп нәрсе өзгерді. Қолдан жасалған қилы замандар қазақтың сана-сезіміне, тұрмысына әсерін бермей қоймады. Бір сәтке тілінен, дінінен, дәстүрінен айрылды. Пешенесіне жазғаны болар, уақыт жоғалтқанымен қайта қауыштырды. Бүгінде тілі – қазақ, діні – ислам. Жаһандану идеологиясына еті үйреніп, жаңа заманға сай өмір сүруде. Тұрмыс-тіршілігін, тілін, танымын, түйсігін қоғамға лайықтап, өзгерте бастады. Оның ішінде «жаһандануды» басқаша түсініп, өз салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қолданыстан шығарып тастаған қазақтар да бар. Тіпті, соңғы жылдары көбейіп бара ма деймін. Жалғаса берсе, ертеңгі дертке айналуы әбден мүмкін. Алдын алу үшін не істей аламыз? Қазақ қазақтыққа қалай оралады? Бүгінгінің майшаммен қарайтын басты мәселесі осы.
Рухани дағдарыс жайлаған мына уақытта ұлттық сана, құндылық атаулыға асқан сақтықпен қараған дұрыс-ау. Яғни ұлттық иммунитетімізді көтеру керек. Оның емі біреу-ақ: қазақ болып өмір сүру. Дұрыс түсінбедіңіз, жер бетіндегі барша адам ауа жұтып, тамақ ішіп өмір сүре алады. Ал «қазақ» болып өмір сүру бұл мүлдем басқа дүние. Кез келген қазақ адам болып өмір сүре алуы мүмкін. Бірақ кез келген қазақ қазақ болып өмір сүре алмайды. Күн де көріп жүрген шындық. «Қазақтар Қазақстанда тұрады». Иә, бәріміз білеміз: Қазақстанда он бір миллион қазақ тұратынын. Мәселе мынада: оның бәрі қазақ па?! Әрине, бәрінің төлқұжатында «қазақ» деп жазылып тұрады. «Қазақ» деген жазуы бар адамның түсінік-танымы қазақ па, тілі қазақ па, сана-сезімі қазақ па, ақырында жүрген жүрісі, ішкен асы қазақ па… Егер осы қасиеттерді назарға алып, халық санағын жүргізер болсақ, жаңағы миллионымызға жете алмай қаламыз-ау. Ойлану керек… Қанымыз қазақ бола тұра, істеген ісіміз, сөйлеген сөзіміз өзгенікі болса, тарихтан ұят. «Азаттықтың бір-бір бөрігін киіп алып, қадірі мен қасиеті қайда қалғанын білмей жүр» демей ме?! Қазақ Қазақстанда тұрып, «ұлтсыздық» ауруымен ауруына хақы жоқ деп білемін. Қазақстандағы қазақтардың көлеңкелі жақтарын ғана баяндау біздің мақсат емес. Тек қисық ағаш түзелсе екен дейміз.
Жер бетінде алғаш пайда болған әрбір ұлт мәңгілікке ұмтылды. Тырысты. Тырмысты. Ниетіне жеткендер әлем картасының бір бұрышынан орын алды. Жетпегендер – тарихтың том-том кітаптарының бір бетінде тұр. Қазаққа да бейбіт күн бірден туа салған жоқ. Оған «Қазақстан тарихындағы» әр оқиға, әр жыл куә. «Қиын-қыстау заманды басымызға салдың» деп тарихқа уәж айта алмаймыз. Бірақ өткен күнде қалған өкпеміз бар. Қайбір жылдары жаппай төңкеріс кезінде қазақ тарыдай шашылды. Әлемнің әр түпкірінен қол бұлғап қала берді. Бір үйдің балалары шартараптан сәлем жолдады. Көп едік… Азайдық. Біреу «Қазақтар, қаншаға жеттіңдер?» деп сұрай қалса, «Жер бетінде он алты миллиондай боламыз. Он бірі – Қазақстанда, бесеуі – шетелде» дейміз. Ол таңғалады. Ойланып тұрып, «Шетелдегі қазақтарың да сендер сияқты ма? Қонақжай ма, ет жей ме, қымыз іше ме, жат жерде өз тілдеріңде сөйлей ме сонда?» деп, төбеден қойып қалады. Біз «білмеймін десем, ұят болады-ау» дейміз де, «Иә, олар да дәл өзіміз секілді. Қазақылықты берік ұстанады» деп, шімірікпестен жауап береміз. Расымен, шеттегі қазақтар қалай өмір сүріп жатыр? Барлап қайтайықшы…
3. Шетелдегі қазақ портреті
«Шетел қазақтары» дегенде ең алдымен есімізге Моңғолия мен Қытайдағы қандастарымыз түседі. Себебі, көп талқыланып та, айтылып та жүр. Бұл жақтағы қазақтар бізден әлдеқайда ұлттық құндылықтарына берік. Орта әсер етеді-ау. Не десек те, шетелдегі қазақтардың көп шоғырланған жері осы екі мемлекет. Жан-жағыңда қазақтар көп болса, салт-санаңды ұмыта қою, әсте оңай емес. Сол себепті де, әңгімемізге көп қазақтың ортасында отырмаған Еуропа мен АҚШ-тағы қазақтарды арқау етпекпіз.
Теңіздің арғы бетіндегі Еуропаға біздің қазақ қалай тап болып жүр? Нендей себеппен? Аталған сауалдарға жауапты Еуропа Қазақтары қоғамдары федерациясының төрағасы Абдулқайым Кесіжі мырзаның сұхбаттарындағы мына бір сөзінен таптық.
– Еуропадағы қазақ диаспорасының алғаш қалыптаса бастаған жері – Германия. Мұндағы қазақтардың алғашқы легі 1961 жылы Германия мен Түркия арасында қабылданған «Еңбек миграциясы туралы келісімшарттың» шеңберінде 1962 жылдан бастап Түркиядан Германияға қоныс аударған. Түріктер елімен дәл осындай құжатты жұмыс күшіне мұқтаж басқа да Еуропа елдері қабылдады. Осының арқасында Түркияға шоғырланған қазақтар Еуропа елдеріне көш түзеді. Бүгінде қазақ диаспорасы Германиямен бірге Франция, Голландия, Австрия, Дания, Норвегия, Швеция, Бельгия сияқты Еуропа елдерінде көптеп шоғырланған. Олар екіге бөлінеді: біріншісі, 1950 жылдары Қытайдың Шыңжаң аймағынан (бұрынғы Шығыс Түркістан) Пәкістан және Үндістан арқылы Түркияға көшкен. Ол жерден аталған «Еңбек миграциясы туралы келісімшарт» арқылы еуропалық елдерді жағалаған. Батыс Еуропа мемлекеттеріне қоныс аударған қазақтар өсіп-өніп, бала-шағалы болды. Екінші топ: сан жағынан алғанда аздау қазақтар. 1920 жылдың соңына қарай Қазақстанда жүргізілген «советтендіру саясатының» салдарынан туған жерінен үдере көшіп, Ауғанстан мен Иранға тұрақтаған.
Иә, Отандастарымыздың жат жерді жағалап кетуіне өзіміздің де септігіміз тигені анық.
Қандастарымыздың Еуропаға қалай барғанын білдік. Ол жақта қалай өмір сүріп жатқанын білмесек те, болжай аламыз. Ана тілімізге келсек, кез келген тіл күнделікті қолданып отырмасаң, ұмытылады. Еуропада кіммен күнделікті сөйлелесің? Ешкіммен… Отбасы ішінде ғана сөйлесуі мүмкін. Бірақ ол қазақ тілінің қолдану аясын тарылтып қана қоймай, сөздік қорын азайтады. Білуімше, Германиядағы қазақ диаспорасы саналатын 250-ге жуық отбасы бар. Олардағы адам саны 1300-1500 арасында. Ойлай беріңіз, 250 қазақ шаңырағында қанша ұрпақ тәрбиеленіп жатыр? Мәселе сол: қалай тәрбиеленіп жатыр? Бұл елде жүрген біз үшін өте бір қорқынышты сауал. Жат елде, жат жерде қазақ тілінде еркін көсіле алатын, алақан жайып, дұғасын оқи алатын ұрпақ тәрбиелеу екіталай. Егер ондай ұрпақ тәрбиеленіп жатса, барша қазақ шексіз риза болар еді. Ендігі бір мәселе: ұлт санын көбейтуге Еуропалық қазақтар қаншалықты үлес қосуда? Бұл сұрақ та адамға екі түрлі ой салады: біріншісі, өз елімізде демографиямыздың шама-шарқы белгілі, теңіздің арғы жағындағылардан не үміт, не қайыр?! Екіншісі, бір қазақ дүниеге келсе де қазақтығын ұмытпаса екен…
Еуропалық қазақтарға айтар халықтың бір ғана тілегі бар: мейлі, ет жемеңдер, қымыз ішпеңдер, мейлі, ерлерің шапан кимей, әйелдерің орамал тақпай-ақ қойыңдар, мейлі, домбыра да тартып әуре болмаңдар, тек, қазақтықтарыңды сақтап өтіңдер! Ұрпақтарыңды «Сен – қазақтың баласысың» деп өсіріңдер. Түпкі тектеріңді естен шығармаңдар!
Қандай ұрпақ болсын, оның қазақ, не басқа болып шығуы тәрбиеден. Қазақ ұғымында тәрбиенің кілті – аналарымызда. Бұл тек бізде ғана емес, түсінген адамға барша ұлтқа қатысты сөз. Шетелдегі қазақ балаларының тағдырын кімге сеніп тапсыратынымыз осыдан-ақ мәлім. Шетелдегі қазақ аналарының алар жауапкершілігі мол екенін өздері біле ме екен? Осы сауалға байланысты АҚШ-та тұратын жас ана Әлия Мусинадан сұхбат алып көріп едік…
4. Диалог
Құрметті, Әлия! АҚШ-тың қай қаласында тұрасыз? Қандай себеппен, қашан көшіп бардыңыз?
– Мен АҚШ-қа 2008 жылы Питтсбург қаласындағы Carnegie Mellon университетіне оқуға келгенмін. Болашақ күйеуіммен магистратурада оқып жүргенде таныстым. Біраз жылдан соң шаңырақ көтердік. Ол қазақ емес, алайда ол мұсылман. Қазақша түсінеді, аздап сөйлей алады. 2011 жылдан бері Калифорнияның Mountain View қаласында тұрамыз. Қазіргі таңда екеуміз де программист болып жұмыс істейміз.
– Байқаймын, қазақ тілінде еркін сөйлейтін сияқтысыз. Отбасыңызда да солай ма?
– Біздің екі жасар қызымыз бар. Отбасымда қызыммен қазақша сөйлеуге тырысамын. Қызым таза үш тілде сөйлейді: ағылшынша, әкесінің тілінде және қазақша. Кіммен қай тілде сөйлесетінін өзі біледі. Орысша, тек бірен-саран сөздерді біледі. Мен онымен орысша сөйлессем, қазақ тілі жайына қалады деп қорықтым. Осы екі жыл ішінде қазақ тілім кәдімгідей жаттықты. Енді ағылшыннан қазақшаға еркін аудара аламын. Ағылшын кітаптарын сатып аламын да, оларды қызыма қазақша окимын. 2014 жылға дейін менің қазақшам мүшкіл хәлде еді. Ал енді сөйлеуге де, қазақша кітап окуға да мотивация пайда болды.
– Сіз тұрған қалада қазақтар қаншалықты қонақжай?
– Қонақжай қазақтар бар. Қонаққа шакыратын қазақтар көбінесе осы жерде көптен тұратын, отбасылы қазақтар. Жеке басты, бойдақ қыз-жігіттер де көп, олар Google, Facebook сияқты компанияларда жұмыс істейді. Олар жастар болғаннан кейін көбінесе, тек өзара араласып жатады. Отбасылы, балалы болғаннан соң, біз де, тек отбасылы адамдармен араласамыз. Негізі біз тұратын жер – Silicon Valley (Кремниевая Долина /Кремний алқабы). Бұл жер ұлан-ғайыр. Бір қала емес, көптеген қалалардың шоғыры. Бір қаладан екінші қалаға жету үшін кемінде бір сағат кетеді. Сондықтан қазақтар бір-бірінен алшақ тұрғандықтан немесе жұмыстары көп болып, қол тие бермегендіктен онша жиі кездеспейміз. Жылына бір рет Наурызды тойлауға ғана бәріміз жиналатын шығармыз. Ал біреуді үйге шақыру үшін немесе біреу сені шақыру үшін екі-үш ай бұрын жоспарлап, шақыру керек. Қазақстандағыдай «бүгін кешке шәйға кел!» десең, адамдар бос бола бермейді.
– Жаңа бір сөзіңізде «қазақша кітап оқуға мотивация пайда болды» деп қалдыңыз? Қазақ ақын-жазушыларынан кімдерді білесіз?
– Қазіргі ақын-жазушылардан ешкімді танымаймын. Ал бұрынғы ақындардан ұнататындарым: Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин. Жазушылардан: Мұхтар Әуезов пен Мұхтар Мағауин. Осы жақында Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатын» оқи бастадым. Ikitap.kz порталына мың алғыс! Әйтпесе, қазақ кітаптарын оқи алмас едік шетелде жүріп.
– Қазақ қай жерде де қазақ болып қалу үшін не істеу қажет?
– Қазақ қазақ болып қалу үшін ең алдымен қазақша сөйлеуі керек. Алдымен отбасында балаларымен қазақша сөйлесуден басталу керек. Әр қазақ бір-бірімен қазақша сөйлесу керек деп ойлаймын. АҚШ-та тұратын француздар французша, қытайлар қытайша, ұйғырлар ұйғырша, татарлар татарша сөйлейді. Олар балаларына өз тілінде сенбілік мектептер де ашты. Ал қазақтар бір-бірімен орысша, балаларымен де орысша сөйлеседі. Балаларымен қазақша сөйлесетін отбасы саусақпен санарлық. Ары кетсе 3-5 отбасы ғана. Олардың бәрі де бір-бірінен алшақ (40-60 миль қашықтықта тұрады). Сенбілік мектеп ашу керек деп ойлаймын, бірақ ол өте қиын шара. Бұл жағдайда тілді сақтау өте қиын. Балалар мектепке барғанда бәрібір ағылшынша сайрап кетеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
5. Монолог
Бірде аялдамада сексеннің маңайына жақындап қалған қариямен кездесіп қалдым. Неше күннен бергі ойымнан кетпей жүрген шетел қазақтары туралы сөз бастадым. Сондағы қарияның айтқан әңгімесі:
…Біз, қазақ, өзіміздің қандай халық екенімізді әлі жете түсіне алмаған ұлтпыз. Кім екенімізді білмейміз… Бәлкім, өз бағамызды асырғымыз келмейтін болар. Біз жер мен елдің басына күн туғанда ғана бас көтереміз. Қалған уақытта бізден жуас халық жоқ. Өз-өзіміздің қадір-қасиетімізді біреуге дәлелдеп, әуре болмаймыз. Білер адам жан дүниемізге үңіліп көрсін. Сонда ғана көзі жетер еді: қазақ деген ұлттың жәй ғана мал баққан ел емес екендігін. Ал енді қазір қоғамға қарап жағамды ұстаймын. Сендер ата-бабаларыңның қандай болғанын білмейсіңдер. Білсеңдер, қазір түрлерің – қазақ, тілдерің – басқа болып жүрмейтін едіңдер. Шетелге шыққанда «Сендер қытайсыңдар ма?» деген сауалды естімейтін едіңдер. Қыздарың өзге ұлттың санын көбейтпес еді. Төрлеріңдегі домбыра құламас еді. Келіннің басынан ақ жаулығы түспес еді. Қарияларың батаның орнына карта ойнамас еді. Әжелерің шашын қиып, жиырма бесіне оралмас еді. Мұның бәрі біздің қазақтығымызда жоқ нәрсе, білемісің?! Сендердің саналарыңды не жаулап алғанын білмеймін, бірақ ояну керек. Сендер қазақсыңдар! Қаны таза қазақсыңдар! Неге осыны сезінбейсіңдер, түсінбеймін. Өмір сүру дағдыларың Батысқа қарай ауып барады. Сендер қазақтықтан алыстағалы қашан?! Қазір жәй адамсыңдар. Шетелдегі қазақтар деймісің? Өз туған жерлеріңде тұрып сендер қасиеттеріңді жоғалтып жүрсіңдер. Олардан не сұрайсың?! Қазақтыққа оралыңдар! Болашақ ұрпақтың алдында қарыздарсыңдар. Оларға қазақтың қадірі мен қасиетін аман-сау қалдырыңдар. Қай жерде жүрсеңдер де кім екендеріңді ұмытпаңдар, қарақтарым! Мейлі, Париж, мейлі, Прага, мейлі, теңізде жүрсеңдер де қазақ екендеріңді естен шығармаңдар! Ата-баба аманатына қиянат жасамаңдар! Келер ұрпаққа обал болады…
P.S.:
Қарияның айтқаны көкейімнен шығар емес. «Өз туған жерлеріңде тұрып сендер қасиеттеріңді жоғалтып жүрсіңдер. Олардан не сұрайсың?!». Расымен, кілең қазақтың ортасында отырып, өзіміздің түріміз мынау. Әлемнің ана шетіндегі қазақтан қандай үміт күтеміз. Білмеймін…
Маржан ӘБІШ.