Қазақты қазақ ететін – өнер
Мұрат АХМАНОВ,
ҚР еңбек сіңірген әртісі,
«Құрмет» орденінің иегері
Мұрат Ахмановты режиссер ретінде танып өскен кейінгі буын оның өнер жолын ең алғаш балет бишісі ретінде бастағынын біле бермейді. Бишіліктен актерлікке келіп Бауыржан Момышұлы, Шоқан Уәлиханов, Сталин сынды портреттік кейіпкерлерді, «Асауға тұсаудағы» Петруччи, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» – Кебек, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпанында» – Мүсіреп секілді басты рөлдерде ойнады. 1984-1993 жылдар аралығында Талдықорғандағы облыстық театрда қызмет етіп,
1993 жылы Орал қаласындағы қазақ театрының іргесін қалауға атсалысады. Содан бері сахна өнерінде көптеген қойылымдарымен танылып, түрлі фестивальдерде бас жүлдеге ие болып жүрген Мұрат Ахмановтың режиссерлік салада өз қолтаңбасының қалыптасқаны анық. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында 22-30 қараша аралығында ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахмановтың шығармашылығына 40 жыл толуына орай, режиссер спектаклдерінің апталығы өтеді. Осы орайда режиссермен әңгіме қазіргі театр өнері мен режиссура жайлы өрбіді.
– Сіз режиссерлікке келген уақыт пен қазіргі кезеңді салыстыра қарасаңыз режиссерлік салада не өзгерді?
– Мен өнерді бишіліктен бастадым, одан соң актерлік мамандықты игеріп, Талдықорғандағы театрда актер болдым. Бәйтен Омаров ағамыз театрдың бас режиссері болған еді. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. 1993 жылы Батыс Қазақстан облысында Орал театрының ашылуына байланысты сол жаққа шақырды. Бір-екі жылдан соң ондағы режиссерлер басқа жұмысқа ауысып, режиссерсіз қалдық. 1984-1993 жылға дейін Талдықорғанда жұмыс істегенде де біраз қойылым сахналаған едім. Оралда бірнеше үлкен спектакль қойдым. Ол кезде режиссерлікке қабілеті бар біраз актер спектакль қойып жүрді. Өйткені, жаңадан ашылған театрдың жабылып қалуына жол бермеу керек еді. Алайда, қолыңда диплом болмаған соң біраз қиындыққа тап болдым. Сондықтан Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының режиссерлер дайындайтын факультетінде тәлім алдым. Оны аяқтаған соң режиссерлікке батыл қадам басып, бес жылдың ішінде көптеген фестивальдерде жүлделі орындарға ие болдым. Соның алғашқысы Серік Асылбекұлының «Бір түнгі оқиғасы». Бұл дипломдық жұмысым Орал театрының құрылғанына 5 жыл болған 1998 жылы Тараз қаласында өткен Республиканың театрлар фестивалінде Бас жүлдені иеленді. Менің өнердегі жолымды ашқан да осы спектакль болды. Қазір Орал театрында шәкірттерім жұмыс істейді.
Кеңестік дәуір мен тәуелсіз замандағы режиссерліктің арасы жер мен көктей. Кеңестік дәуірде цензура күшті болды, ұлтыңды баса айтсаң, қойылымыңнан үкіметке жақпайтын дүние бой көрсетіп қалса жазаланатын едің. Қазір өнерде цензура жоқ, режиссер не қоямын десе де өзінің білімі мен қабілет-қарымына сай сахналап жүр. Ұлтымыздың тарихына қатысты айтылмаған деректерді жаңа сипатта сахналауға мүмкіндік көп. Ата-бабаларымыздың ерлігін, салт-дәстүріміздің ерекшелігін тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жиі көрсеттік. Режиссер ретінде бұл бағытқа мен де көп ден қойдым. Алда болатын апталыққа енген «Райымбек-Райымбек» қойылымында Жоңғар шапқыншылығы кезеңін көрсетсем, Кеңес өкіметі кезіндегі ұлтымыздың басына төнген бес нәубет – Қазан төңкерісі, 1922 жылғы колхоздастыру, 1932 жылғы ашаршылық, 1937 жылғы саяси-қуғын сүргін, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы халқымыздың басына түскен ауыр күндерді «Фатима» спектакліне енгіздім. Одан кейінгі кезеңді «Желтоқсан желі» қамтыды. Жоңғар шапқыншылығынан бастап осы күнге дейінгі тарихты мен осы үш спектакльде қамтыдым. Еліміздің тарихын жаңғыртуды заман өзі талап етіп отыр.
– Маман Байсеркенов «Адам оқып режиссер болмайды, режиссер боп туу керек дейді», – бұған көзқарасыңыз қалай?
– Көптеген конкурстар мен фестивальдерге қатысқан уақытта осы салада көп жыл жұмыс істеген режиссерлердің материал таңдаудағы ерекшеліктері әр қырынан көрінеді. Ұжымда алпыс адам болса оларды басқару үшін режиссердің білімі олардан кем болмауы керек. Қолға алған материалды толық зерттемей, асығыс сахналай алмайсың Режиссерлік – білім мен көп жылдық тәжірбие арқылы келеді. Уақыт өткен сайын қай кезде қай материалды пайдаланған тиімді боларын, қай деректі қай тұста айтқызатыныңды түйсікпен сезе бастайсың. Театр – ұжымдық өнер болған соң қиындығы көп. Ол жеке отырып сурет салатын суретшіге, қаламын қолына алып өзі өлең жазатын ақын немесе жазушыға ұқсамайды. Автор ұсынған тақырыпты ашу үшін ұйымдастырушылық өз алдына, суреттен, музыкадан, әдебиеттен, салт-дәстүрден, мәдениеттен, тарихтан хабарыңыз мол болуы керек. Қазір режиссураға асығыс келіп қателікке ұрынып жатқан жастар өте көп. Я қазақша жөнді білмейді немесе салт-дәстүр туралы мағлұматы шала, сөйте тұра ұлттық дүние жасағысы келеді. Мидай араласып кеткен қойыртпақ көзге бақырайып көрініп тұрған жайы бар. Сол үшін де режиссер боламын деген баланың табиғат берген дарынымен қоса терең білімі болғаны жөн. Қай сала болсын адамның ең алдымен икемі бо-
луы шарт қой, режиссерлік те сондай. Актер сахнаға шыққанда өз роліне ғана жауапты, ал режиссер автордың идеясын, өз интерпретациясын қатар бере білу керек, оны толық жеткізу үшін музыкасын нақ таңдаған жөн. Қай актер қай рөлге бейім екенін жазбай тану да режиссерлік түйсікке келіп тіреледі.
– Ең ұзақ дайындалған қойылымыңыз қайсы? Пьеса қолыңызға тигеннен сахнаға шыққанға дейін сізге қанша уақыт керек?
– Жуырда өнер академиясында студенттермен «Ричард ІІІ-ті» қойдым. Ұзақ дайындалуға тура келді, студенттермен қатар жүрдім десем өтірік емес. Өйткені, ол өте ауқымды пьеса, 150 беттік шығарманың 60-70 бетін ғана қалдырдым. Пьесада айтылар ойды толық жеткізу үшін олардың әрқайсысынан бір-бір деталь алуым керек болды, көп уақыт іздендім. Орал театрында қойылған «Құрманғазы» спектакліне де ұзақ дайындалдым. Желтоқсан қозғалысының онжылдығы тұсында қойған спектакльге дайындық та қиын болды, материал да аз еді. Өйткені, бұл тақырып енді ғана ашыла бастаған.
– Кейінгі кезде режиссерлердің аузынан «Пьеса сахнада өмірге келеді» дегенді естіп қалып жүрміз. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– Пьеса сахнада туады деген сөз қайдан шығуы мүмкін?.. Қазір драматургия тапшы болған соң режиссерлердің көбі инсценировкаға бет бұрып жатыр. Кез келген роман, повесть, әңгіме, очерктен тіпті күнделіктер мен хаттардан спектакль қойып жүр. Өйткені, бүгінгі заманға сай, замануи тақырыптағы драматургия жоқ. Оны біз жиі айтып жүрміз. Бір формациядан екінші қоғамға аяқ басқан адамдар арасында характерлер көп болғанмен, жазылған дүние жоққа тән. Сондықтан режиссерлердің тапқан амалы осы. Әйтпесе, пьеса қашанда автордың қаламынан туады. Одан кейінгі тағдыры режиссердің қолында, ал сахна патшасы – актер.
– Драматургтерге қысқа жазыңыздар деген ұсыныс айтатын режиссерлер де бар…
– Сахнадағы қойылым ең алдымен әрекетке құралады. Актер сөзінің мағынасы да «акт», яғни әрекет сөзімен тоқайлас. Ұзақ монологқа, пафосты сөзге құралған спектальдерді көруге көрерменнің де құлқы жоқ. Әрекет пен уақиғаға құрылған дүниелердің тез қабылданатыны да сондықтан. Бір нәрсені анықтап, бас-аяғын түсіндіріп, көрерменнің аузына шайнап беретін заман кетті. Бір-екі ауыз сөзбен бір кезеңді суреттейтін күн туды.
Ал пьесадағы мағлұмат режиссерге материал ретінде пайдалануға керек. Автор өз ойын неғұрлым толық жазса оны режиссер актерге түсіндіретін құрал ретінде қажетіне жаратады.
– Драматург – режиссер – актер осы үштік қазір етене қызмет ете ме?
– Режиссер драматургиясыз қозғала алмайды, режиссерсіз актер де жұмыс істей алмайды. Кейінгі кезде актер сахна патшасы, режиссерді көп тыңдай бермеңдер, оның айтқанымен жүру шарт емес деген ойлар ара-тұра қылаң береді. Меніңше, ол бір жақты пікір. Актер сахнада өзін ғана көруі мүмкін, режиссер тұтас труппаға жауапты. Драматургтер пьесаны жазып қалғанын режиссерге тастап кете береді, деген пікірлер де бар. Бірақ біз
У.Шекспирмен немесе М.Әуезовпен қатар отырып сахналаған жоқпыз ғой. Автордың ойын мың режиссер мың түрлі қояды, жүз актер ойнаса жүз түрлі ойнайды. Мен сахналаған пьесалардың көбінде екі немесе үш құрам болса, әрқайсысы әр түрлі ойнайды. Себебі, адамның еңбегі өзінің қабілет-қарымына, біліміне қарай әр деңгейде көрінеді. Бір адам екіншісінің ойынын айнытпай қайталау шарт емес. Бүткіл шығармашылық үштік – драматург, режиссер, актер әрқайсысы өздігінше ерекше. Үштіктің кейде бір-бірімен түсініспей жататын кезі болады, бірақ түптің-түбінде үшеуінің де көздеген мақсаты біреу – көрерменнің көңілінен шығу. Көрерменге қажетті қоғамдық мәселе көтеру.
– Өнер өнер үшін дегенге қосыласыз ба, әлде өнер адамзат үшін дегенді жөн көресіз бе?
– Өнерсіз бірде-бір ұлт жоқ. Әр ұлттың өзінің музыкасы, биі, әдебиеті, суреті, театры бар. Сондықтан өнер адамға, адамның болмысына қажет. Әйтпесе, құр тамақ жеп, киініп, байлыққа малшынып жүрсеңіз, мақұлықтан артықшылығыңыз болмайды. Өмірдегі әдемілікті бағалап, оның мән-мағынасына үңілу үшін, рухани жетілу үшін өнер керек. Кез келген адам жақсы ән тыңдаса балқып, керемет тебіреніске бөленеді. Өнерді, ондағы ізгілікті, сұлулықты көрген адам бейсаналы түрде сол жақсылыққа ұмтылады.
– Еліміздің әр өңірінде қызмет еттіңіз. Әр аймақ көрерменінің өзіндік ерекшелігі бар ма?
– Көп нәрсе театрдың репертуарлық саясатына байланысты. Мен өзім қызмет етуге барған театрдың ең алдымен репертуарына мән берем. Көрерменді қай тақырып қызықтырады деген сұраққа жауап іздеймін. Осы ізденіс қай тақырыптың қозғалмай жатқанын да анық көрсетіп береді. Көрерменді тарту үшін мелодрама, комедия, балаларға арналған ертегілер, актерлердің қатысуымен мерекелік-концерттер қоямыз. Бір-екі спектакльмен көрермен жинаған соң, тарихи тақырыптағы халықтың рухын көтеретін дүниелерді ұсынамыз, содан кейін ғана терең философияға ден қоямыз. Көрерменге бірден философиялық дүние ұсынсақ, ол келесі жолы театрға жоламай қоюы мүмкін. Репертуарлық саясатты жүзеге асыруда кассалық спектакльдер мен балаларға арналған қойылымдардың маңызы зор. Сол себепті де, облыстық театрларда балаларға арналған спектакльдерді жиі-жиі қойдым. Бұл жүйе баяғыдан келе жатыр, балаларды мектеп басшылығы арқылы жинап алып келмесе, телефон, компьютердің ықпалы мықты заманда жасөспірімдер мен балалар өздігінен театрға келмейді. Көрерменнің театрға келу мәдениеті, өнерге ықыласы буыны қатпаған кезде қалыптаспаса үлкейгенде өнерді түсінбей өтеді.
– Театр мен кино режиссерлерінде бір рет басты рөлді жақсы ойнап, көзге түскен актерді қайта-қайта басты рөлге шақыру әдеті байқалып қалады. Бұл актерлерді штампқа ұрындырмай ма?
– Таяқтың екі ұшы бар… Түр келбеті – типажы келмей тұрған адамға қанша жерден жақсы кейіпкерді берсеңіз де, яки әдемі актерлер мен актрисалар жағымсыз кейіпкерді қанша шебер ойнап шықса да тартымдылығы көзге анық көрініп тұрады. Типаж – мәселенің бір жағы, екіншісі – режиссер мен актер ойының бір жерден шығып, үндесуі. Режиссердің ойын актер қағып алып оны ойдағыдай жасап шықса, режиссер келесі актерді тәрбиелеп жүруге уақытын бөлгісі келмейді. Режиссердің сүйкімді актерлері осылай қалыптасады. Әрине, кей тұста штампқа ұрындырар, бірақ көптеген жаңа театрлар осы режиссер мен актер ойының үндестігі арқылы дүниеге келді. Оның біздің елдегі мысалы ретінде Нұрғанат Жақыпбаевтың өз курсымен Астанадағы Жастар театрын ашқанын айтуға болады. Современник те, МХАТ та, Станиславскийдің, Захаровтың театры да осылай қалыптасты. Жастар театрында ылғи Әділ Ахметов басты рөлді ойнай береді деген ойға ілесетіндер де бар, алайда театр өнерін жақсы білетін жандар одан гөрі, олардың еңбегінен ұжымның біртұтастығын көре алады деп ойлаймын. Әрине, режиссерлердің де неше түрі бар. Жанына жақынын, қасынан жиі табыла білген актерге басты рөл беретіндері болады. Бұлар шынайы өнерден алшақ жүрген адамдар-ау…
– Театр сыны туралы не айтар едіңіз?
– Театртанушылардың көпшілігі бұрынғылар сияқты бір спектакльді он рет көріп, пьесаны оқып зерделеп, автордың ойын режиссер қаншалықты жеткізгенін, оны актер ақтады ма, музыканы қалай таңдады, жанр ашылды ма деген үлкен талдауға бара алмай жүр. Театр сынында мұндай кең талдауды жасап жүрген адам саусақпен санарлық. Ал қалғандары спектакльдің мазмұнын айтумен шектеледі.
– Театртанушылар театр режиссерлерінің айлығы аз, оған көп тәжірибе керек. Аз ақшаға жан бағу қиын болған соң жастар кинорежиссерлікке, жеке студияларға, телеарналарға жұмыс істеуге кетеді дегенді айтады.
– Кейбір облыстық театрларда кәсіби актер тапшы, солтүстік аймақтардағы қазақ театрларына көрермен тарту тіпті қиын. Біріншіден, қазақ көрермені аз, болғанның өзінде қазақша жарытып түсінбейді. Мұны ескерсек, режиссер болудың қиындығы өз-өзінен көріне қалады. Рас, театр режиссерлерінің жағдайы мәз емес. Екінің бірі режиссер болып алды. Бұл кинода да, театрда да үлкен мәселеге айналды. Үкімет әр аймақтан бір-бір театр ашып берді. Бұл – өнер арқылы, театр арқылы ұлттық идеологияны жүзеге асыру керек екенін аңғартады. Ұлттық болмысымызды сақтап қалуға үндеп тұр. Өткенде ғана Халықаралық театр фестивалі өтті. Ұлттық драматургияға негізделген қазақы режиссерлық дүние таба алмай қиналдық. Қазір шетелдік, жалт-жұлт еткен шоу програмаларға, Шекспирді, Чеховты, Шиллерді, Брехтті басқаша қойып, Қазақстанға әкеліп жаңалық ашқандай не болмаса интернеттен көшіріп қойылым қойып жүрген режиссерлер өте көп. Олардың бұл ісіне үлкен баға беріп, қолпаштап, ұлттық режиссураға селқос қарау белең алып кетті. Бұл жас режиссерлердің ұлттық режиссура мектебіне ден қоюына кедергі болып отыр. Тіпті, өмірімнің біраз бөлігін осы іске арнаған менің өзім, кейде дәстүрлі режиссураға неге байланып қалдым деп ойланамын. Мен неге Шекспирдің, Шиллердің шығармаларын сахналап, халықаралық деңгейге шықпаймын деймін… Қазіргі театр режиссерлерінің, әсіресе облыстық театрларда ақшасы өте аз. Кеңес одағы тұсында режиссердің бүткіл жағдайын жасап беретін. Театрдағы салмағы да басым еді. Күллі ұжым соның аузына қарайтын. Қазір директорға, қала берді орынбасарға немесе труппа жетекшісіне жалтақтайды. Күннен-күнге режиссер бірінші планнан ысырылып барады. Әсіресе, облыстық театрларда шенеуніктердің өнер ұжымына келіп, мынаны былай өзгерт, бұл жарамайды басқаша қой, деп бұйыратындары көп, оны өз көзіммен көрдім. Облысқа келетін меймандарды қарсы алуда концерттік бағдарлама қойғызып, қай басшының нені ұнататынын айтып, ақылшы болатындар бар. Буыны қатпаған жас режиссерлер осындай кедергілердің салдарынан ұстанған бағытынан адасып қалады. 30-40 ары кеткенде 50 мың айлыққа режиссерлықты оқып бітірдің, енді соны істе деп қай баланы күштейміз… Оның бала-шағасын кім асырайды? Бірде концерт жүргізеді, енді бірде авторлық кеш өткізеді, мерейтойы бар, кей шенеуніктің атасы туралы жазған шатпағын спектакль етіп шығаруы керек. Атам туралы есіме түскендер осы, осыны өзің спектакль ет деп тапсырады. Осындай мәселелер біздегі өнердің дамуына кедергі, тіпті тосқауыл қойып отыр. Ұлттық бағыт-бағдарды мызғымай ұстап отырған театр жоқ. Грузиндердің Ұлттық театры секілді грузинді толық танып шығатын театр қазір бізде жоқ. М.Әуезов театры да, Ғ.Мүсірепов театры да ұлттық дәстүрден алшақтап барады. Көп ұлтты мемлекетпіз дегеннен бе, космополитизм бе немесе әлемдік дүрмеккке кіріп кетіп, өзімізді жоғалтып барамыз ба білмеймін, әйтеуір кері кетіп барамыз. Ұлттық салт-дәстүрді, болмысты сақтауда өнердің атқаратын рөлі өте зор. Сондықтан өнер мен әдебиетке, мәдениетке баса назар аударатын уақыт жетті. Жапондарда Но, Кабуки театры бар. Қытайдың 500 жылдан бері формасын бұзбай келе жатқан өнер ошағы Қытайды қытай етіп отыр. Біз этнографиялық спектакль қойсақ көрермен түсінбеуге айналды. Өйткені, тым алыстап кетті. Мәселен, «Қыз жібек» фильмінде қаралы үйге найзаға қарақұйрық іліп қадайтын көрініс бар. Мен соны Құрманғазы спектаклінде көрсеткенмін, көрермендер арасынан үлкен кісі келіп, қарақұйрықты іліп қойғаның не деп сұрады. Мен ол кісіге, аға мен мұны сізден сұрауым керек емес, пе, қазақта қаралы үйге қара ту емес, қарақұйрық ілмей ме дедім. Өз салт-дәстүрін білмеген адам этнографиядан мақұрым қалмай ма? Ал біз өзіміздің салт-дәстүріміздегі, этнографиямыздағы философиялық дүниелерді көрсете білсек, бізден ұлы ұлт бар ма? Қазір патриоттық сезім неге әлсіреп кетті? Ол ең алдымен ұлттан алыстағанымыздың белгісі.
– Режиссураның ұлттық сипатын сақтаудың қандай жолы бар деп ойлайсыз?
– Мемлекет өнердің дамуына жол ашып бергенмен, бұл салада ұлттық идеология қалыптаспай тұр. Қайта Кеңес өкіметінің тұсында қазақ театрының ұлттық бояуы қанық еді. Ал қазір бізден қалып қойды деген республикалардың театрлары ұлттық бояуын сақтауда бізден көшілгері кетіпті. Өнердегі ұрпақ сабақтастығы әлсіреп кетті. Қазір бізге Асқар Тоқпановтай, Серке Қожамқұловтай ұлттық өнерге жаны ашитын тұлғалар керек.
– Театрдың көркемдік жетекшілігінен кетуіңізге не себеп?
– Оның жай-жапсарын ашып айтпай-ақ қояйын. Бір нәрсе анық. Көркемдік жетекшіліктен кеткенмен режиссерлықтан кеткем жоқ. Мен театр саласында актерлықтан бастап, директорлық қызметтерді де атқардым.Мен қойған спектакльдер төрт театрға бас жүлде мен бірінші орын алып берді. Астымдағы тақтан (егер оны тақ деп айтуға болса) түскенмен, режиссерлық қабілет-қарымым, өнердегі бағытым мен идеям бойымда сақтаулы.
– Жаңа маусымда премьера қою жоспарыңызда бар ма?
– Құдай сәтін салса Баққожа Мұқаидың «Тойы көп үй» атты мұңды комедиясын, Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» драмасын сахналағым келіп жүр. Өнер де дін сияқты ғой, адамды жақсылыққа шақыру оның басты миссиясы.
Сұхбаттасқан Назым ДҮТБАЕВА.