Педиатрия: бағыт пен бағдар
Камал ОРМАНТАЕВ,
ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Әлемде аурудың 14 000 түрі бар екен. Мұнша көп ауруды барлық дәрігер біле бермейді, тіпті кейбіреуі олардың атауынан да хабарсыз болуы мүмкін. Бұл дәрігерлерді даярлау ісінің ел болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін ұғындырады. Қазақстанның білім жүйесі Болон конвенциясына қол қойғандығын алға тартып, бұдан 7-8 жыл бұрын Медициналық оқу орындарындағы педиатрия факультетін жауып тастаған еді. ТМД елдері ішінде Қазақстан ғана осы қадамға барған. Халық санының 30 %-ын балалар құрайтын елде балалар дәрігерін даярлауды тоқтату осы сала мамандары мен аналарды біраз әбігерге салған еді. Олар тиісті орындарға хат жазып, педиатрия бөлімінің жабылғанына қарсылық білдірген. «Өмірімнің соңына дейін педиатрия туралы айтып өтемін» деген ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Камал Ормантаев ұлт саулығы бала денсаулығын нығайтудан басталатынын айтып, педиатрия факультетін ашудың маңыздылығын аузынан тастамады.
Бұдан біраз күн бұрын үкімет отырысында вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов келесі жылдан бастап медициналық оқу орындарындағы педиатрия факультеттерінің жұмысын қайта жандандыруды ұсынған еді. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл ұсынысты қолдап «Медициналық жоғары оқу орындарында педиатрия факультеттерiнiң жұмысын қайта жандандыру қажет. Келесi жылдың бiрiншi қыркүйегiнен бастап студенттердi даярлауды бастау керек. Бұндай сұрақтарда сынаққа жол берiлмеуi тиiс», – дей келе, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке тапсырма берді. Осы орайда біз Камал Сәруарұлына хабарласып, пікірін тыңдадық.
– Медициналық оқу орындарында педиатрия факультеті қайта ашылады деген хабар ел-жұртты қуанышқа бөледі. Бұған сіздің де ықпалыңыз болғаны жасырын емес…
– Білім берудегі жаңа реформаларға байланысты бұдан 7-8 жыл бұрын педиатрия факультеті жабылып қалған еді. Ешкіммен ақылдаспай, құзырлы мекемедегі бес-алты адам жиналып балалар дәрігерлерін даярлайтын факультетті жаба салды. Экономикалық тұрғыдан тиімді деп отбасылық дәрігер жүйесін енгізбекші екен мыс…
Бұған наразы болған педиатр-профессорлар бірігіп, 32 адам қол қойып, үкіметке хат жаздық. 4-5 рет жолдаған хатымызға жауап келген жоқ. Иманғали Тасмағамбетов вице-премьер болып тағайындалған соң ол кісіге кіріп, балаларды емдейтін дәрігерлер дайындауды қайта қолға алу керек екенін айтқан едім. Мәселені қараусыз қалдырмаймын деп шығарып салған.
Жуырда Үкімет отырысында Иманғали Тасмағамбетов осы мәселеге байланысты баяндама жасап, Бақытжан Сағынтаев медициналық оқу орындарындағы педиатрия факультеттерін қайта ашуды тапсырды. Мен көп жылдар бойы балалар дәрігері болып қызмет атқарған адам ретінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа, вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовке, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға көп рахмет айтамын. Өйткені, бұл мәселе жолға қойылмаса, ұлт болашағына үлкен қауіп төнер еді. Дәрігерлер, оның ішінде педиатрлар саны тым азайып кетті, үлкендер мен балаларды қатар қабылдайтын медициналық жүйе көп адамның наразылығын тудырды. Ата-аналар балалар ауруы үлкендердікіне ұқсамайтын болған соң жалпы тәжірибелік дәрігерлердің қабылдағылары келмейтінін, кезекте жөтеліп, қақырып отырған 80-дегі шал мен 1-2 жастағы балалар қатар тұратынын айтып, шағымданған. Бұл министрдің құлағына жеткен болуы керек, сең қозғалды. Бұл мәселені мен әр түрлі жиындарда, сұхбаттарымда талмай айтып келемін. «Егемен Қазақстан», «Түркістан» газеттеріне мақала жаздым. Педиатрия саласында мұны білетін менен басқа мамандар да бар, тек олар өз ойын ашық айтуға қорқады. Менің азды-көпті атақ-дәрежем бар, жасым 80-ге келді. Алайда, халықтың қамы үшін, өзім жақсы білетін саланың қиыс кеткен тұсын айтпасам, осы саланың басы-қасындағыларға жөн көрсетпесем ол атақ пен дәреженің не пайдасы бар?.. Бізді оқытып, жол көрсеткен Анна Ивановна, Татьяна Николаевна деген ұстаздарымыз дүниеден өтіп кетті. Олардың өнегесін келешек ұрпаққа жеткізетін біз.
Факультет жабылып қалған оншақты жыл ішінде педиатрлардың саны да, сапасы да төмендеп кетті. Педиатрия факультетін ашқанын зарыға күттік, ал ендігі мәселе оның жұмысын қалай жандандыруға қатысты болмақ. Бұрынғы бағдарламаны қайта алып кеп енгізе алмаймыз. ТМД-ның барлығында педиатрия факультеті жұмыс істеп тұр. Мен 1959 жылы Медицина институтының педиатрия факультетін бітірдім, содан бері балалармен жұмыс істеп келемін. Екі рет педиатрия және балалар хирургиясы институтының директоры болдым, өмір бойы сабақ бердім. Осы жылдар ішінде мол тәжірибе жинадым. Осы саладағы көргенім мен түйгенім өз пікірімді батыл айтуға мүмкіндік береді. Солай бола тұрса да, оның барлығын дұрыс деуге де болмайды, көп нәрседен қалып қойдық. Қазіргі ойым, педиатрияны жетік меңгерген мамандар мен сабақ беретін оқытушыларды үш-төрт адамнан жиып, осы факультетті сақтап қалған Белоруссия, Украина, Ресей елдеріне жіберіп тәжірибе жинақтаса… Денсаулық сақтау саласында ұйымдастыру жұмыстарын атқарып жүрген көп басшы асығыс бірдеңені қолға ала салады да, оны орындауды тапсырады, ешкіммен ақылдаспайды. Сондай өзімбілермендіктің ақыры міне осындай болды. Педиатрия факультетін 2017 жылдың қыркүйегінен бастап ашамыз деп отыр. Бүлдіру оңай, қалпына келтіру қиын. Ендігі жерде қалпына келтіру ісін министрліктер бізбен, яғни педиатр мамандармен ақылдасса деген ойым бар.
Мұнда тағы бір мәселе бар. Денсаулық сақтау министрлігі емдеу мекемелеріне емдеу шарттарын белгілеп берді. Шарт бойынша, ауруға шартта белгіленген дәрілерді ғана беру керек. Ол шартты кім жасағаны да белгісіз. Одан кем, я артық дәрі беруге болмайды дейді. Бұл – дұрыс емес. Емдеу шарттарын жасағанда да кәсіби дәрігерлермен ақылдаспағаны көрініп тұр. Дәріні науқастың жағдайына қарай беретін етіп ыңғайламаған.
Медицина өте кірпияз, мың қарап бір шоқитын сала, оның дамуы оған бөлінген қаражатқа тікелей қатысты. Дамыған ел саналатын Франция мен Германияда медицинаға ішкі жалпы өнімнің 8%-ы, АҚШ-та – 15%-ы бөлінсе, біздің Қазақстанда – 3,8%-ы ғана бөлінеді. Бұлар бізбен салыстырғанда әлдеқайда дамыған, сөйте тұра денсаулық саласын өркендету үшін әлі де күш салуда. Бізде керісінше, дәрігерлердің айлығы төмен. Медициналық оқу орындарындағы бағдарлама бойынша студент 7 жыл оқиды, одан арғы екі жыл резидентура. Резидентураны оқымаса, педиатр бола алмайды, бұл да шетелге еліктеуден туған нәрсе.
– Қарапайым оқырман мәселенің мәнін анық түсіне бермейді. Педиатр мамандарын даярлау ұзақтығы бізге несімен тиімсіз?
– Біз шетелге қай кезде ұқсаймыз? Ол үшін медицинаға бөлінетін ақша да шетелдегідей көп болуы тиіс. Шетелде резидентурада оқитын студенттің өзіне айына 2,5 мың доллар стипендия береді екен, ал оны оқытатын адамға 2 мың. Ал бізде ондай мүмкіншілік жоқ. Мәселен, балалар хирургиясындағы резидентурада 10-15 адам оқиды, олар бар ынтасымен оқуға ден қоя алмайды. Өйткені, әрқайсысының екі-үш баласы бар. Оқығаны үшін 60 мың теңге ғана алады. 60 мың теңгемен қай адам отбасын асырай алсын. Оқуда жүрген адамға жарты ставкада ғана жұмыс істеуге мүмкіншілік бар. Сөйтіп, резидент бір-екі сағат қана сабақта отырады, кейде сабаққа келмей, жекеменшік клиникаларда әр түрлі жұмыс істейді. Отбасын асырау үшін осылай істеуге мәжбүр. Бұл мәселеде мен ұсынатын бірінші жол – жаңағы 9 жылдық үлгіні сақтап, бірақ резиденттің стипендиясын көбейту. Шетелде медициналық оқу орындарының өз клиникалары бар, оларды білікті профессорлар басқарады. Оқытады, емдейді әрі ғылыммен айналысады, әрқайсысында 1500-2000 төсектік орын бар. Ал біз қалалық ауруханалармен ғана келісім шарт жасағанбыз. Шәкірттерді №1 балалар ауруханасы, педиатрия институты, Ақсайдағы балалар ауруханасына апарамыз. Бұған қатысты да айтатын дүние көп, алайда мені комиссия құрамына әлі ешкім шақырған жоқ. Егер менімен ақылдасатын болса ойымды айтудан, тәжірибемді бөлісуден бас тартпаймын. Бір бала ауырса бір әулет түгел шулап кетеді. Балаларға диагноз қою өте қиын, ол сөйлей алмайды, ағзасы жетілмеген соң ауруға қарсы тұру қабілеті төмен. Қазір түрлі аппараттар дамып кетті, біздің кезімізде аурудың жағдайына қарай айтуына қарай, тыңдап диагноз қойдық. Кеңес өкіметі кезінде білім алдық, ол кездегі білім жүйесін мінсіз деп айтуға болмайды, дегенмен жаман болған жоқ. Сондықтан ол жүйені қалдырып, оны заманға сай жетілдірген абзал. Қазірдің өзінде 9 жыл оқып, резидентураны бітіріп келген мамандардың өзінің білімі аз. Ал екінші ұсынысым – бес жыл жалпы бағдар беретін пәндерді оқытып, екі жылды практикаға, яғни резидентураға (интернатураға) арнау. Қазір болашақ дәрігерлер 6-7 курста интернатурада, 8-9 курста резидентура оқиды. Мен салалық білім беруді интернатурадан бастап, интернатурадан кейін дәрігер болуына мүмкіндік жасасақ деген ұсыныс айтқалы отырмын. 9 жыл оқығысы келген балалар оқи берсін. Ата-анасының қаражаты көп мұндай балалар азды болса да бар.
– Медицина кадрларын даярлау ісін де жіті зерттеу керек дейсіз ғой…
– Иә, медицина кадрларын даярлауда да мәселе көп. Ата-ана балам ақ халат кисе, таза жүріп ақша тапса деп ойлап, көбіне ақылы түрде оқытады. Бала құлықсыз болса да, ақша төлеп отырған соң, ілдалдалап жүре береді. Мұндай балалардың құлқы да, қабілеті де жоқ екенін оқу орнындағы ұстаздары білсе де, барлығын бірдей оқудан шығара алмайды. Өйткені, оның барлығын шығарса университетке ақша түспей, оқытушылар айлықсыз қалады. Үшке оқыса да, шәкірттердің үштен бірі өйтіп-бүйтіп бітіріп шығады. Ондай балалардың жақсы дәрігер болмайтыны белгілі. Дәрігер болуға қабілетті бірлі-жарым балалар бар, бірақ олар дәрігерлердің айлығы аз болған соң, отбасын асырау үшін резидентураға да бармай, фармацефтикалық компанияларға, банктерге, бизнеске кетеді. Кандидаттық, докторлық диссертация қорғалмағалы 4-5 жыл болды, оның орнын PhD жүйесі басты. Қорғағандардың көбі теориямен шектелуде, сапасы төмен. Оларды тіпті медицина емес, философия докторы деп атайды. Бұлар теоретиктер ғой, ал клиницист (емдеуші) дәрігерлердің ішінен он адамға ғана қорғауға рұқсат беріліпті. Ол біздің республика үшін тым аз. Бұл туралы да мен медицина қызметкерлерінің мерекесінен соң Денсаулық және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеновамен кездесуде айтқанмын. Ол мұны Білім және ғылым министрлігі шешеді деген. Біздің көзіміз кетсе, біздің орнымызды басатын 65-70 жасқа келіп қалған дәрігер азаматтар бар, бірақ бірлі-жарым ғана. Ал олардан кейінгі буындағы жақсы дәрігерлердің ғылыми атағы жоқ. Ресейде, ТМД-ның көп елінде, Германияда PhD-ді енгізсе де, кандидаттық пен докторлық қорғалып жатыр. Қазір педиатрия институтындағы 5-6 адамның докторлық диссертациясы дайын. Олар көп жыл бойы талмай ізденген тәжірибелі дәрігерлер. Бұл мәселені де жиі-жиі айтып жүрміз. Әзірге даусымыз жоғарыға жетпеді. Әйтеуір педиатрия факультетінің ашылғанына қуанамыз.
– Факультет ашылған соң педиатрия саласындағы мамандарды жеке-жеке даярлау қолға алынғаны жөн болар?
– Педиатрия саласының 26 бағыты бар. Жаңа туған баланы тексеретін неанатолог, балалар инфекционисті, балалар гастроэнтерологі, балалар хирургі деп кете береді. Балаларда кездесетін жұқпалы аурулармен үлкендер ауырмайды. Анестезиология, реаниматология саласы да өзгеше. Ол неврологияға да терең ыждаһаттылық керек. Іштен кемтар боп туатын балалар жыл сайын көбейіп келеді. Оларды емдеу үшін мамандардың біліктілігін арттыру керек. 5 жыл, яки 7-9 жыл оқып мықты дәрігер болмайды. Дәрігер болуы үшін өмір бойы оқу керек, жиналыстарға, түрлі конференцияларға барып баяндамалар жасап, ондағы баяндамаларды тыңдап дамып отырған жөн. Заман күнде өзгеріп жатыр. Білікті маман тапшы, жастардың ғылыммен айналысуына материалдық тұрғыдан мүмкіндік туғызбай іс өнбейді. Мәселен, №1 балалар ауруханасында жедел хирургиялық бөлімде дәрігер жоқ, олардың барлығы 6-7 жыл істеп, тәжірибе жинап алған соң, жекеменшік клиникаларға кетіп қалды. Бұл мәселе осы ауруханада ғана емес, көптеген емдеу мекемелерінде көзге ұрып тұрған қиындық. Медицинаның жағдайын оңдау үшін үкімет тарапынан көптеген шаралар қолға алынуы тиіс. Денсаулық министрлігі педиатрия факультетін ашу ісінде комиссия құрып жатқанын айтты. Бұл комиссия құрамына С.Асфендияров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті мен одан өзге жеті медициналық оқу орнының оқытушыларын, балалар ауруханасында көп жыл істеген мамандарды қосса жақсы болар еді. Әр салада қолға алынатын іс сол сала мамандарының пікірмен санасқанда ғана нәтижелі болады. Әйтпесе, он жыл ішінде бұл сала кәдімгідей қожырап, тарап кетті.
Әңгімелескен
Назым САЙМАСАЙҚЫЗЫ.