ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСИ ЖЕТІСТІКТЕРІ
18.11.2016
23243
0

Қазақстан Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік жариялап, дербес мемлекет атанып, өзінің ішкі және сыртқы саясатының негізгі басым бағыттарын анықтай бастағанына ширек ғасыр толып отыр.

Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылды­ғын­да халықаралық қауымдастықтың бел­ді мүшесіне айналды. Осы қысқа мер­зімде Қазақстан өзінің ерекше да­му моделін таңдап, әлемдегі бейбіт­ші­лік пен бірліктің бірден-бір үлгісі бо­ла білді.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  атап көрсеткен­дей: «Тәуелсіздік – тұрақты және қауіпсіз келешекке деген зор сенім». Осымен қа­тар еліміз халықаралық саясатта бір­қатар тың идеяларды ұсынып, әлем­нің дамуына зор үлесін қосып ке­леді. Беделді халықаралық ұйым­дар­дағы табысты төрағалығы мен жаһандық және аймақтық мә­селелерді шешудегі тың бастамалары халық­ара­лық қоғамдастықтың көңіл бөліп, же­текші мемлекеттердің онымен кеңе­сіп, санасуына әкелуде.
Тарихтан бабаларымыздың әр ке­зеңдерде алыс-жақын елдермен шебер жүр­гізген дипломатиясы мен ел мүд­десін қорғаудағы ерліктерін мақтан тұта­мыз. Алайда, жаңа жас Тәуелсіз мем­лекет жағдайында, сол мезетте, мем­лекетіміздің еуразиялық кеңіс­тік­тің қақ ортасында, әлемдік державалармен көршілес орналасуы, ХХ ға­сыр­­­дың соңғы онжылдығында Ор­­­­та­лық  Азия аймағындағы геосаяси жағдайдың күрделене түсуі, ел ішіндегі орын алған дағдарыстық қиын жағ­дай­да, өзінің ішкі саяси-әлеуметтік жә­не экономикалық мәселелерінің күр­делілігі мен маңыздылығына қа­рай сыртқы саяси байланысы мен қа­рым-қатынасын қалыптастыру қа­ж­ет болды. Алғашқы мақсат – ше­тел­дер­де ұлттық мүдделерді қорғау, бітім­гер­лік бастамаларды ілгерілету, өңірлік жә­не жаһандық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету, азаматтарымыздың құқық­тары мен мүдделерін қорғау, тікелей шет­елдік инвестицияларды тарту, ха­лық­аралық және екіжақты ынты­мақ­тас­тықты нығайту, шетелдік әріптес­тер­ге Қазақстан жөніндегі объективті ақ­паратты жеткізу Қазақ­станның бас­ты сыртқы саяси басым­дықтары бола­ды.
Еліміз тарихи өлшем бойынша өте қыс­қа мерзімде, халықаралық қа­ты­настардың жауапты субъек­тісі ретін­де­гі беделін бекітті. Бү­гін­де біз өзекті әлемдік мәселелерді шешу және жаңа әлемдік тәртіпті құру ісіне белсенді қа­тысып қана қоймай, сол бағыттарда бір­қатар бастамалар көтеріп, оның оң ше­­шілуі жолында нәтижелі шаруалар ат­қарудамыз. Осындай белсен­ді­лік­ пен нәтижелі іс-әрекеттің арқасында Қа­зақстан халықа­ралық аренада тұрақ­тылықтың, мемлекет дамуының қар­қынды және өркендеген моделінің бас­тау­шысы ретінде лайықты бағасын алып отыр.

Қазақстан іргелес бес елмен 14 мың шақырымнан астам әлем­дегі ең ұзақ құрлық шекараларын ал­ғаш рет әлемдік тәжірибеге сай халықаралық шарттармен бекітіп, көршілес және әлемнің жетекші елдерімен достық және өзара пайдалы ынтымақтастық қатынас­тарын құрды. Бүгін еліміз 140-тан астам мемлекетпен дипломатия­лық қарым-қатынас орнатты. Қазақстанның шетелдерде 70-тен астам дипломатиялық миссиялары, кәсіби дипломаттарының жеткілікті саны бар. Шетелдермен белсенді ынтымақтастықтың нә­ти­жесінде мемлекетаралық, үкі­мета­ралық және ведомствоара­лық деңгейде 3 мыңнан астам әр түрлі салалардағы халықаралық шарттар жасалды.
Қазақстанның аймақтағы жә­не әлемдегі саяси, қауіпсіздік, өр­кениеттік, экономикалық, эко­л­о­гиялық мәселелерге қатысты бастама көтеріп, оны шешу жолында жүргізіп келе жатқан табыс­ты саясаты мен бастамалары әлем елдері тарапынан оң қабылданып, жаһанның жетекші елдерімен с­тра­тегиялық әріптестігі жарасып, Қазақстанның  экономикалық қуатының қарқынды өсіміне, сырт­қы әлеммен сауда-эконо­ми­калық, сондай-ақ инвестициялық байланыстарының дамуына негіз болуда. Осы жылдар ішінде Елба­сы­ның жүздеген жұмыс және ре­с­ми сапарлары, сондай-ақ шетел­дердің мемлекеттер, үкімет­тер, халықаралық ұйымдар мен сырт­қы саясат ведомстволары басшы­ла­рының Қазақстанға сапарлары өткізілді.
1992 жылы ерікті түрде ядро­лық қарудан бас тартып және жа­һан­дық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Елбасының халықаралық бастамаларының арқасында қарусыздану үдерісінің және жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың  белсенді жақтау­шысы бола отырып, Қазақстан әлемнің жетекші ядролық державаларынан халықаралық қауіп­сіздік ке­пілдіктерін алды.
Қазақстанның әлемдегі қуаты жағынан 4-ші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқанына екпін түсіре келіп, өзге елдерді осы үдерістен үлгі-өнеге алуға ша­қыр­ды. Осындай жағдайда, яғни бүгінгідей дағдарысты кезеңде ядролық қарудың лаңкестердің қолына түспеуінің маңызы зор. Қазақстан ядролық терроризм ак­тілерімен күрес жөніндегі жа­һан­­дық бастамаға белсенді қа­тысу­шы болып табылады. Бұған елімізде соңғы жылдары өтіп келе жатқан «Атом-антитеррор» жат­тығу­лары мен ядролық материалдарды физикалық  қорғау жөнін­дегі халықаралық конференция ұйым­дастырылғаны дәлел бола алады.
2010 жылғы сәуірде Вашин­гтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит бары­сында АҚШ президенті Б.Обама Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевты «халықаралық ядролық қаруды таратпау үдерісінің көшбасшысы» деп атады.
Атомды бейбіт мақсатта пайда­ла­нуға қатысты, Қазақстан әлем­дік қауымдастық  алдында бір­қатар маңызды бастамалар кө­те­ріп, олардың орындалуы  жолында нақ­ты іс-әрекеттер жасауда.
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық  табыстары сыртқы экономикалық байланыстардың негіздерін – экономикалық дип­ломатияны бекітті, елдің индус­-
т­рия­лық-инновациялық бағдар­ла­масын іске асыру мақсатында тікелей шетел инвестицияларын және жаңа технологияларын тартылып, жағымды сыртқы байла­ныс­тардың ауқымы артуда.
Алғашқы күннен басымдық беріліп, дұрыс таңдалған көпқыр­лы сыртқы саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақ­­с­тан экономикасына 130-дан астам млрд. доллар тартылды, жан басына шаққандағы табыс
10 мың доллардан асты. Қазақстан – Орталық Азияға келген барлық сыртқы инвестициялардың
80 %-дан астамының қабыл­дау­шысы. Әрбір іске асырылған ин­вес­ти­циялық жоба – ұлтымыздың және Қазақстанның әрбір жеке азама­тының әл-ауқатының кепілі. Инвес­­тициялар мен инновациялар жаңа мыңжылдықтағы жаңа Қазақстанның қозғалтқыш күш­тері болып табылады. Халқымыз­дың әл-ауқатының өсімі үшін, ел экономикасына инвестицияларды, инновацияларды және жаңа технологияларды тарту ісі бойынша отандық дипломатия айтулы нәтижелерге қол жеткізіп, табыс­ты жұмысты жалғастыруда.
Географиялық және геосаяси тұрғыда еуразия кеңістігінің қақ ортасында, әлемнің жетекші державаларымен көршілес орналасу, мемлекеттің сыртқы саясатына әсер етпей қоймауы мүмкін емес. Сол себепті тәуелсіздіктің алғаш­қы күнінен бастап, Қазақстан Ресей Федерациясымен және Қытай Халық Республикасымен екіжақты қарым-қытынастарға стратегиялық басымдық беріп, үнемі дамыту үстінде. Ресей Федерациясымен одақтастық қатынас­тар­ды дамыту – Қазақстан Прези-дентінің сыртқы саяси бағытының сөзсіз жетістігі. Бүгін РФ-мен өза­ра ынтымақтастықтың басты жетіс­тіктері өңірлік интеграцияда, сондай-ақ  сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту кеңістігінде жатыр. ҚР және РФ тандемі зор Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен дамудың берік факторына айналып, Еуразиялық Одақ шең­бе­рінде қарқынды дамуда. Екі мемлекеттің саяси-экономикалық және мәдени салаларда терең ын­тымақтастық  жағдайында бай­ланыстар орнатып, түрлі қарама-қайшылықтарға ортақ көзқарас қалыптастырулары, ТМД елдері арасындағы көптеген күрмеуі қиын мәселелерді нәтижелі шешуге мүмкіндіктер беруде.
Шығыстағы ұлы көршіміз – Қытай Халық Республикасымен барлық бағытты қамтитын страте­гиялық ынтымақтастық қатынас­тарды нығайту Қазақстан сыртқы саясаты сындарлылығы­ның айға­ғы. Жаһандық ықпалы арта түсіп отырған осы елмен екіжақты сауда-экономикалық  байланысты тереңдету арқылы еліміз әріптес­тік әлеуетін өз мүддесіне пайдалануда.
Стратегиялық әріптестік  дәне­керлері Қазақстанды Америка Құрама Штаттарымен бай­ланыс­­тыруда. Бұл факт екі ел пре­зидент­терінің 2006 және 2010 жылдарғы Біріккен мәлімде­меле­рінде көрініс тапқан. Өзара қыз­меттестіктің қол жеткізілген дең­гейі өңірлік жә­не жаһандық қа­уіп­сіздікті қам­тамасыз ету, яд­ро­лық қаруды тарат­пау режимін бекіту, халықа­ра­лық терроризм мен экст­ре­мизм­ге қарсы тұру, энергетикалық тепе-теңдікті сақ­тау мәселелерін­дегі өзара тиімді және тең құқылы ынтымақ­тас­тық­қа негізделуде.
Тәуелсіздіктің барлық жылдары ішінде Еуроодақпен белсенді саяси үнқатысу сақталуда. «Еуро­па­ға жол» Мемлекеттік бағдарла­масын іске асыру нәтижесінде Қазақстан негізгі Еуропа мемле­кет­терімен ынтымақтас­тықты әріптестіктің аса  жоғары деңге­йі­не шығара алды. Еуроодақ елдері бүгін Қазақстанның әлемдегі бас­ты сауда және инвестициялық әріптесі болып табылады. Елдің индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру мақсатында ЕО елдерінен озық техниканы және технологияларды тарту Қазақстанның сөзсіз жетіс­ті­гіне айналды.
Қазақстан ЕО-ның берік және жауапты энергетикалық әріптесі болып қалуда. Қазақстан Еуропаға қуат көздерін жеткізуде ОПЕК-ке кірмейтін елдер ішінде Ресей мен Норвегиядан кейін үшінші орын алады. Еуропалық әріптестерге көпжақты немесе екіжақты пішін­де «Қазақстан – ЕО: 2020» Энер­гети­калық хартиясын дайындау және қабылдау жөнінде ұсыныс жасалды. Біздің Еуропа елдерімен көпқырлы ынтымақтастығымыз ҚР мен ЕО арасындағы жаңа ар­қаулық келісімде көрініс табуы қажет.
Еуропалық бағытта қол жет­кі­зілген табыстар Қазақстан сыртқы саясатының азиялық векторын күшейту туралы шешім алуына мүмкіндік берді. Тәуелсіздік  жылдары ішінде Қазақстан Орталық Азиядағы өз ұстанымдарын ны­ғайт­­ты. Отанымыз өңірлік экономиканы белсенді инвестициялау мен қазіргі кездегі сынақтар мен қатерлерге бірге қарсы тұруда Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіру бойынша саясат жүргізуде. Қауіпсіздік, су-энерге­ти­калық ресурстарды тиімді пайдалану, еңбек миграциясы проб­лемалары мен өңір өмірінің басқа да өзекті мәселелері назарымыздан тыс қалмақ емес.
Қазақстан аумағынан халы­қ­ара­лық терроризм, есірткі трафи­гі, діни экстремизм қатерлері шы­­ға­тын Ауғанстанның тұрақты және орнықты дамуына мүдделі. Елімізде ауған жастарын оқыту үшін 50 млн. доллар бөлу жөніндегі бастаманы қоса алғанда, Қазақ­-
с­тан­ның ИРА-ға гуманитарлық кө­мек көрсету туралы шешімі де әлемдік қоғамдастық тарапынан қанағатпен атап өтілді. ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында ұйымға мүше елдердің назарын Ауғанстан мәселесіне бұрып, оның тек аймақ мемлекеттеріне қатысты емес екендігін түсіндіріп, ортақ проб­леманы бірге шешуге қатысты нақты ұсыныстар жасады.
Сыртқы саясат және дипломатия әрқашан да елдің әлеуеті мен қуатының көрсеткіші ретінде қала береді. Біз қарқынды дамып келе жатқан көпұлтты еліміздің мүдделеріне халықаралық аренада табысты өкілдік етудеміз.
Еліміздің жаһандық және өңір­лік деңгейлердегі көпжақты құрылымдар жұмысына белсенді қатысуы халықаралық беделіміз­дің күшеюіне мүмкіндік беруде. Бұл ретте Қазақстан қызметі БҰҰ жарғысының мақсаттары мен қа­ғидаларына сәйкес келетін ха­лы­қаралық ұйымдарда ғана кө­рініп отыр.
БҰҰ мүшесі ретінде, өткен жылдар ішінде Қазақстан осы бе­делді көпжақты ұйымда көрнекті орын­ға ие бола алды. Қазақс­тан­дық бастамалардың бірқатарын әлем­дік қоғамдастық қолдады, бұл еліміздің жағымды халық­-
а­ралық беделінің қалыптасуына жәрдемдесті. Кейбіреулері ілгері­лету кезеңінде тұр. Сөйтіп, Қазақ­с­­тан БҰҰ Бітімгерлік күш-жігер қорын құруды, Жаһандық энерге­тикалық-экологиялық стратегияны қабылдауды ұсынды, «Жасыл көпір» кең ауқымды экологиялық бастаманы және бірқатар басқа идеяларды алға шығарды. Еліміз­дің жаһандық мәселелерді шешу­дегі нақты қадамдары мен сыртқы саясатының жетістіктерінің нәти­жесінде 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Бұл Қазақстанның әлемдік қауымдас­тық  алдындағы саяси салмағының өсуі мен ширек ғасырдағы дипло­ма­тиясының жеңісі.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аймақтағы қауіпсіздік проб­лемаларын шешу мақсатында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясында Азиядағы өзара келісім шаралары жөніндегі кеңес құру туралы бастама көтеріп, аймақтағы жетекші 16 мемлекеттің басшыларын жинап, оның Алма­ты­дағы алғашқы саммитінде, со­ғыс алдында тұрған Үндістан мен Пәкістан басшыларын дөңгелек үстел басына отырғызып, қақты­ғыстық жағдайды алдын алуға мүм­­кіндік берді. Қазақстан сол кезде  ұйымның жұмысына қар­қын беруінің арқасында бүгінде ауыз толтырып айтарлық табыс­тарға қол жеткізуде. Бүгінгі таңда әлем­дік қоғамдастық еліміздің бұл бастамасын Азиядағы қауіп­сіз­дік проблемалары бойынша үнқатысу мен консультациялар өткізу, пәтуа негізінде шешімдер қабылдау және нақты шараларды іске асыру үшін бірегей мемлекет­аралық алаң ретінде қабылдауда.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалық және 2010 жылы Астанада осы ұйымның Саммитін өт­кізу қазақстандық дипло­матия­ның ең ірі жетістіктерінің бірі бол­­ды. ЕҚЫҰ-дағы төрағалық Отанымыздың жылнамасына жарқын тармақ болып мәңгілікке енді, ал Астана саммиті  XXI ға­сыр­дың бірінші онжылды­ғын­дағы ең ірі халықаралық оқиға­лар­дың біріне айналды. ЕҚ­ЫҰ-­ның құл­дырап бара жатқан қызметін жаңа сатыға көтерді.  Қазақстан ЕҚЫҰ-да посткеңестік елдердің ішінен және Орталық Азия респуб­лика­лары арасынан алғаш төраға болған ел болған­дықтан, ұйымның жұмы­сын же­тіл­діріп қана қоймай, оның және мүше мемлекеттердің көңі­лін аймақ мәселелеріне бұрып, өңірде көптен бері қордаланып қалған, күр­меуі қиын, барлығына ортақ сұ­рақтарды шешуге бұрғаны белгілі.
Қазақстаның 2010-2011 жыл­дар­дағы Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы табысты болды. 2011 жылғы 15 маусымда Астанада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің мерейтойлық отырысы елімізді шырқау биікке көтерді. Саммит қорытындылары сыртқы саясат­тың жаһандық  және өңірлік мәсе­лелерін шешудегі Қазақста­ның ролі мен орнын одан әрі жоға­рылата түсті.
2011 жылғы Ислам Ынтымақ­тас­тығы Ұйымындағы төрағалы­ғы аса үлкен табыспен өткені баршамызға белгілі. Қазақстан ұйымның жұмысына жаңа серпін беріп, ЕҚЫҰ-дағы табысты төра­ғалығының жеңістерін пайдалана отырып, ислам әлемі елдеріндегі қордаланған мәселелерді орнынан қозғауға барынша атсалысқаны белгілі. ШЫҰ-на мүше мемлекет­тер­дің  Астанадағы кездесуі мұ­сыл­­ман қоғамдастығы үшін сол кезең­дегі ең ірі саяси оқиға қата­рын­да есте қалды. Төрағалық барысында ислам әлемі мен Батыс арасындағы үнқатысуды кеңейтуді қоса алған­да, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүм­кіндік бергені белгілі.
Елбасының Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыла­рының құрылтайын шақыру туралы бастамасы халықаралық қақтығыстарды шешу және қазіргі кездегі қатерлерге қарсы тұру үшін әлемдік діндердің рухани және адамгершілік әлеуетін біріктірудегі Қазақстанның нақты үлесіне айналды. Елімізде осыған дейін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бес құрылтайы болып өтті. Қазіргі уақытта 2018 жылы алтыншы құ­рылтайды өткізуге дайындық бо­йынша ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстанның сыртқы саясатында түркі әлемі халықтарының рухани мұрасын біріктіру және қайта құру мәселесіне елеулі мән берілуде. 2009 жылы қазанда Нах­чыван қаласында (Әзербайжан) қол қойылған түркітілдес мемле­кеттердің ынтымақтастық кеңесін (ТМЫК) құру туралы бастама көтерушілердің бірі де Қазақстан болды. Түркі академиясын құру сол мақсатқа қызмет етуде, оның ресми ашылуы 2010 жылы мамырда Астанада өтті. 2011 жылдың қазанында Алматыда ТМЫК-ның алғашқы саммиті ұйымдас­ты­рыл­ды. Оның жұмысының қоры­тын­дылары бойынша қатысушылар түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған Алматы декларациясын қабылдады.
Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Елбасымыз Н.­Ә.­Назарбаев­тың  кемеңгерлігімен, сали­қалы­лы­ғымен табысты жүргізілген көпвекторлы сыртқы саясатымыз бен дипломатиялық қызметіміз өте нәтижелі және сәтті болды деп айту­ға толық негіз бар.

Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір