Кино – өнер ме, тауар ма?
09.12.2016
2897
0

Темір жол бекетіне пойыздың келіп тоқтағанын, одан жолаушылардың түсіп жатқанын көрген бір топ адам зәресі ұшып, залдан қашып шыққан көрінеді.  Бұл оқиға 1895 жылы ағайынды Люмьер мырзалардың Париж тұрғындарына ұсынған  «Ла Сиотоға пойыздың келуі» атты әлемдегі ең алғашқы 50 секундтық қана шағын киносының көрсетілімінде болған еді. Қазіргі күні 593 минуттық немесе  9,8 сағатқа дейін созылатын, ғарыш әлемінің өзін экранда көз алдыңа әкелетін көркем фильмдер жасалса да, жұртты таңдандырмайтын болды. Осы  тұста сол бір тұңғыш кинодан соң дүниенің түп тамырымен өзгергенін еріксіз мойындайсың.

Алғашқы кинодан кейін небары 15-20 жыл өтер-өтпесте 2 сағат бойы көрсетілетін кинолар Италияда жасала бастаған екен. 1914 жылы аталмыш елде жасалған«Кабириа» (Cabiria) атты кино АҚШ президентінің шақыруымен Ақ Үйде тұсауке­серін өткізген.
Кино өнері ғасырдан астам уақыт ішіндегі даму жолында алғашқыда тарихи, көркем жа­нр­ларынан бастап, орта ке­зеңін­де  қиял-ғажайыпқа ұлас­ты. Ал бүгінгі күні комика­лық көп сериялы туындыларды арқау еткен  блокбастер сипатқа көшіп отыр. Жалпы, кино жасау үшін  адам факторы, еңбек кү­шінен бастап, техника-техноло­гиялық құралдармен қамтама­сыз етілетін қыруар қаржы көзі керек. Осы себептен де, оның барлық талаптарына жауап бере алатын ірі киностудия индус­триясы жасалады. Оны, әрине, өнер арқылы пайда табуды мақсат еткен  бизнес құрылым­дары ғана қолға ала алады. Әл­ем­дегі мұндай жүйенің алып мекені – Голливуд екені барша­мызға аян.
Голливуд Голливуд болғалы, оны айтасыз қазірдің өзінде «20the Centyry Fox», «Warner Bros», «Paramount, Columbia», «Universal» деген 5 алпауыт  сту­дия үстемдік етсе, кейін «Walt Disney» келіп қосылды. Ком­мерциялық мақсатқа ба­сым­дық беретін ірі студияларды негіз етіп алған Голливуд мазм­ұны жағынан жұртшылық назарын ерекше аударалықтай тақы­рыптарды таңдауға тырысады. Кинотуынды жасайтын басты тәсілдеріне келсек, сценарий жазудан бастап түсірілім жасау, монтаждау, өңдеу, дыбыс режиссурасы дегендей әр кезең­дерінде әбден маманданған ше­бер атқарушылар қызмет етеді. Мұны дәл өндірістегі қа­таң тәртіппен жұмыс істейтін жүйемен ұқсастыруға болады.  «Голливудтық стандарт» деп ата­латын қалыптасқан тәртіп­тері де бар.
Қалай десек те, қазіргі күні киноны бизнестен, пайда табу көзінен бөліп қарастыра алмаймыз. Әлем зерттеушілерінің арасында киноны «ко­м­мерция­лық» және «қоғамдық» деген екі түрге бөліп, қарастырушылық бар. Кино қай кезеңде де, адам баласының демалыс уақытын тиімді өткізуге, көңіл көтеруге бағытталып келгендіктен оны коммерциялық құралдан бөліп қарау мүмкін емес. Бүгінгі таңда әлемнің кино рыногінде Гол­ливу­д өнімдерінің зор сұраныс тудырып отырғанды­ғынан-ақ аталмыш заңдылықты аңғаруға болады.
Кино бір жағынан көңіл көтерсе, екінші жағынан бизнес ретінде пайда таба отырып, таза өнер туындысы ретінде де дамып жатқан жанды организмге айналды. Киноның енді ғана қоғам өміріне қадам басқан сонау 1916 жылы ол тек өнерге ғана тән бейне мен динамикаға негізделген футуристік сипатта еді. Кейін  кино өнерінде да­даизм­дік, сюрреалистік ағымдар басым болса, бүгінде авангард­тық, андерграундтық кинолар алға шықты дегенді кинотанушылар мәлімдеп отыр.
Мұның басты ерекшелігінің өзі киноның байырғы миссиясы болған бейнесюжет  эстетикасына негізделіп, шығарманың бастан аяқ бір ғана монолог  түрін­де баяндалуынан ажы­раты­луында еді. Луй Бунуэл, Мая Дерен, Стэн Брэкиж секілді туындыгерлер осы бағыт бойынша клас­сикалық санатқа кө­те­рілді.
Киноны коммерциялық тауар емес, таза өнер туындысы деп түсінетін шығармашылық иелері де болды, әрине. Мұндай бағыт 1960-1970 жылдары өзінің шарықтау шегіне жетті деуге бо­л­ады. Аталмыш тұста Еуропада «арт-кино» деп аталатын өнер­тану термині пайда болды.  Луй Бунуэль, Ингмар Бергман, Федерико Феллини, Микеланжело Антониони, Роберт Брессон сынды арт-киноның көр­некті режиссерлері бір кезеңде иық тірестіре өз туындыларын жарыққа шығарды.
Дәл осы кезде «кино дегеніміз – көңіл көтеретін, бос уақыт өт­кізе­тін құрал» деп саналған бар­­шаға ортақ ұғымның тас-тал­қанын шығарды. Кино  деге­німіз – туындыгердің филосо­фия­лық  ой-өрісінің, эс­те­тика­лық тал­ғам-таны­мы­ның, әлемге деген көзқарасының жемісі әрі өнер екендігін айқын­дап берді. Сол тұстан бастап киноның нағыз авторы әрі жасаушысы режиссер болып саналды. Әлемдік тә­жірибеде режиссердің өзі ки­но­туын­дының мәтінін жазып, режиссурасын жасап, түсіріп, монтаждап және продюсерлік етуі жиі кездеседі. Осылайша, әлемдегі кино өнері «коммер­ция­лық» және «арт» деген екі салаға бөлінген жайы бар.
Коммерциялық кино дәстү­рін америкалық Гол­ливудқа, арт киноныңүрдістерін еуро­па­лық­тар, оның ішінде Франция, Италия, Германияға көбірек те­лі­генімен әлемнің барлық елдерінде кинотуындылар осы екі бағытта жасалады. Негізінен, Азия елдері «артхаус» кино жанры бойынша алға шығып тұр. Голливудтың өзінде де  сту­дия­лық құрылымнан тыс жұмыс істеп, пайда табуды алға қоймай­тын independent (дербес)киношыларды тудырды. Киноның өзі көзқарас, философия, эстетика, мәдениет және қоғам өмірі­нің типтік бейнесі болған­дық­тан көрерменге бәрін де кешенді түрде бере алатын маз­мұны ауқымды құрал. Олай бол­са, киноның өнер ретіндегі сипаты арта түсері анық.
Қазіргі жағдайды бажайлар болсақ, әлемде арт пен коммер­ция­лық бағыттар бір-біріне жа­қын­дап, ықпалдары арта түскендері аңғарылады. Сон­дықтан, оны біріңғай коммер­циялық немесе тек қана арт мағынасында түсіну сыңаржақ­тық болар еді. Әлем кино өнері 122 жылды артқа тастап, бүгінге жеткенде әлі күнге дейін ком­мер­циялық ірі нарық әрі қоғам­дық ортаға ерекше ықпалды өнер ретінде өзінің басты сипаттарын сақтап отыр.
Америкалық көркем фильмдер қоғамы (Motion Picture Association of America) жүргізген зерттеулерге қарағанда тек 2014 жылдың өзінде әлемдік кино рыногінде сатылған билеттерден түскен кіріс 36,4 миллиард долларға жеткен екен. Оның ішін­де АҚШ пен Канада нары­ғына 10,9 миллиард доллар тие­сілі, яғни барлық табыстың
28 пайызын құрап отыр. Сонда Америка мен Канадада барлық тұрғындардың 68 пайызы немесе 229,7 миллион адам жылында аз дегенде бір мәрте кино театрға барады деген есеп шы-ғып отыр. Аталмыш зерттеу спорт, ойын-сауық саябағы секіл­ді мәдени орындардан гөрі киноға деген сұраныс 9 есеге артық екенін көрсеткен.
Өткен жылғы мәлімет бойынша кино театрлардан тапқан табысы бойынша АҚШ пен Канададан кейінгі орынды 4,8 миллиард долларлық пайдамен Қытай иеленген.
Кино өнері пайда болған кезден бастап кинотеатр – оны таратушы басты құрал болып келеді. Бүгінгі күні киноны кең экранда кинотеатрда отырып көру мәдениеттіліктің белгісі ретінде қалып, телевизия мен үйдегі бейне құралдарына орнын бермей келеді.
Ал интернет ресурстарына сүйеніп, онлайн түрінде ақылы фильмдер көруге мүмкіндіктің тууы таяу болашақта кино өнімдерін таратудың басты әрі жаңа нысанына айналуы бек мүмкін. Әлемдегі ең ірі онлайн кино қорын жасаушы «Netflix»-тің табысы 2010 жылы 2,1 миллиард доллар болса, қазір 3-4 есеге артып кеткен. Қысқасы, әлем­нің кино рыногі барған сайын ұлғайып, шекарасыз алып кеңістікке ауа жайылып барады.
Кино саласының коммер­ция­лық рыногінің сыртында әр елдің ұлттық сипатын аңғарта­тын сапалы туындыларын әлем­дік деңгейде таныстыратын, кино өнерінің соңғы жетіс­тік­тері мен даму бағыт-бағ­дарын көрсететін, кинотаным көк­жиегін кеңейтетін әрі насихаттайтын  басты тетік – халы­қаралық кино-фестиваль болып отыр. Бүкіләлемде 3000-ға жуық  кино фестивальдары ұйымдас­тырылады екен. Олар­дың ішін­дегі кең танымалдары мен ең беделділері ретінде Франция­ның  «Канн» фестивалі мен Гер­манияның Берлин кино-фес­тивалі аталады. Америка кино­академиясы ұйымдас­ты­ра­тын Оскар сыйлығын табыстау салтанатты рәсімі фестиваль болып есептелмегенімен, беделі бел асып тұр.
Әр жыл сайын халықаралық кинофестивалдарьға ағылатын  көрермендер саны артып, әлем­дік нарыққа шығарылып жатқан киноның саны мен сапасы қатар өсіп келеді. Соған сай кино-фестивальдардың сыйлықтары да үздіктерді таңдаудың бірегей өлшеміне айналды.
Коммерциялық кинонарығы өзін-өзі қаржыландыру бағы­ты­мен жұмыс істесе де, әлем елдері ұлттық кино өнерін қолдау, дамыту мақсатымен белгілі дәре­жеде демеушілік жасайды. Сала­ның мамандарын даярлауға ар­найы мемлекеттік саясат та бел­гілейді. Айталық, Германия­ның ұлттық кино кеңесі (German Federal Film Board) кино саласына маман дайындау үшін жыл сайын 76 миллион еуро мөлше­рінде бюджет бөледі. Сондай-ақ, Оңтүстік Корея секілді елдер отандық кино өндірісін қолдау мақсатымен кинотеатрларда көрсетілетін шетелдік фильм­дердің сағатын шектеп отырады. Кино мамандарын мемлекет қаржысымен шетелдерде білім алуын қамтамасыз етеді. Мұның бәрі кино өнерін қолдауға арналған мемлекеттік саясаттың бірер бөлігі ғана.
Зерттеуші Малик Журчубаев­тың мәліметіне қарағанда, Қазақ жерінде ең алғашқы киносеанс 1910 жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында ұйымдастырылған көрінеді. Фабри мен Сейфуллин есімді кәсіпкерлер киноны қою кезінде фильмнің көркемдік деңгейін ескермегенін атап көрсетеді, зерттеуші Журчубаев.1919 жылы 19 тамызда Халықаралық Комиссарлар Кеңесінің «Фотогра­фия­лық және кинематогра­фиялық сауда мен киноөндіріс орындарын мемлекеттендіру» жөніндегі Декреті қабылданып, 1921 жылдың қазанында Бүкіло­дақтық Фотокино өндірісінің Қазақстандағы бөлімі құры­лады.
1924 жылдың соңына қарай 44 кинобірлестіктер жұмыс істей бастады. Соның ішінде Алматыда (округ бойынша) – 10, Ақмола бойынша – 9, Орал округі бойынша – 15 және бір­қатар қалаларда бірден-екіден кинотеатрлар іске қосылды. Осыдан бастап киноқон­дырғы­лар саны қазақ жерінде өсті, – деген деректі «Киностан» порталы ұсынып отыр.
Тұңғыш қазақ кинотанушысы Қабыш Сиранов 1944 жылғы мақаласында: «1937 жылы «Ленфильм» киностудиясы то­лық­метра­жды «Амангелді» дыбыс­ты фильмін жасап шығарды. Киносценарийді қазақ драма­тургі Ғабит Мүсірепов пен жазушы Всеволод Иванов бірігіп жазды. Картина режиссері Моисей Левин болды. Бұл фильм ұлттық кинематографияның не­гізін қалаған ең алғашқы кино­су­ретіміз»(«Кино: жылдар, ойлар», Алматы: Өнер. 1983 ж. 10 бет) – деп, еліміздің кино тарихы­нан нақты мәлімет беріп кет­кен.
Кейбір деректерде сценарий жазуға Бейімбет Майлиннің де ат салысқаны туралы айтылады. Фильм идеясы Кеңес үкіметін насихаттауға бағытталған­дық­тан, Алаш көсемдерін жағымсыз кейіпкерлер етіп бейнелеген.
Кино өнердің жаңа түрі ре­тінде әу баста капиталистік елдерде  бизнескөзі болып қол­да­нылса, социалистік жүйеде оны идеологиялық насихат құралы деп танып, саяси маңыздылы­ғына ерекше мән берді. Соған қара­мастан, «Казақфильм» киностудиясы халықтың көңілінен шығатын туындыларды совет кезеңдерінде де жасады. Шәкен Айманов, Абдулла Қарсақбаев сынды аты аңызға айналған режиссерлер қазақ өнерінің тарихында өшпес із қалдырды.
Қатал цензураның қысы­мында жүрсе де «Сенің сәбет өкі­ме­тіңді жылатқанмын. Сені де мұрныңнан жетелеп зар илетемін» деп, «Даладағы қу­ғын» фильмінде еркін даланың батыры Құдыренің аузына сөз салып берген А.Қарсақбаевтың ерлігінің өзі неге тұрады?! Бер­дібек Соқпақбаевтың советтік тар өлшемге сыймаған азат ойларын да экранға шығарғандығы қазақ режиссерінің батылдығы мен ерен еңбегінің жемісі болатын.
Дулат Исабековтің «Гауһар­тасы» секілді көңілге жақын тартымды туындылар да  болды. Бірақ «Москва слезам не верит», «Служебный роман», «Ирония судьбы, или с легким паром!» се­кілді шедевр фильмдер жасал­ған жоқ.
Жарайды, ол тұста ком­пар­тия­ның жергілікті жандайшаптары шығармашылыққа еркін­дік бермеді, мәскеулік­тердей үлкен орта қалыптаспады деп ақталу оңай шығар. Дегенмен, қайта құру кезінде советтік цензура алынып тасталған 1985-1990 жылдар аралығында өзге республикалар Брежнев зама­нындағы қоғамда белең алған әлеуметтік әділетсіздіктер мен қоғамдағы былық-шылықтарды әшкерелеген өткір фильмдермен дүниені дүр сілкіндірді ғой. Сол тұста  «Қазақфильм» ғана суырылып алға шыға алмады.
«Беларусьфильм» «Менің атым Арлекиносымен», М.Горький атындағы жастар және балалар киностудиясы «Воры в законе» және «Маленькая Вера»-сымен», көрші «Өзбекфильмнің» өзі «Шок», «Прощай, зелень лета…» секілді туындыларымен жарты әлемді жаулап, көрер­мен­дерін таңдай қақтырды. Советтік республикалардың бәрі де әрекетсіз қалмады, тек «Қазақфильм» ғана тым-тырыс жатты.
Тәуелсіздік жылдарында жасалған еңбектердің ішіндегі ең елеулісі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің әңгімесінің желі­сімен түсірілген режиссер Аяған Шәжімбайдың «Жансебіл» фи­льмі еді.Осы туындыдан кейін жөні түзу шыққан кино атаулы да тым сирек. Ресейлік режиссер Станислав Говорухиннің «Ворошиловский стрелок» сынды бүгінгі өмір шындығын дөп басқан кереметі болмаса да, ор­таңқол деңгейдегі ауыз толтырып мақтанарлықтай туынды бізде жасалмады.
Оның үстіне «Серік Қилы­баев пен Тимур Бекмәмбетовтер «Гро­мовы» атты кесек туындысын неге өз туған топырағындағы «Қазақфильмде» жасамады?» деген сауал да әрдайым көкейде тұрады. «Саямыздан сайғақ құрлы сая таппады» ма, әлде, басқа бір сыры ма?
«Ештеңе болмады» деп ауызды қу шөппен сүртуден аулақ­пыз, әрине. Сатыбалды Нарымбетов, Серік Апырымов, Талғат Теменов, Ермек Тұрсынов, Досхан Жолжақсынов, Рүстем Әбдіраш, Ақан Сатаев секілді көптеген режиссерлер өз деңгейінде біраз тер төкті, туындыларын ұсынды. Араларында әуесқой киношылар да өз өнімдерін шығарды. Қыруар қаржы жұмсап, шет жұрттан әйгілі әртістер ша­қы­рып, ғұлама ғалымдарымыз кеңес беріп, ала шапқын болып түсірген «Көшпенділер» фильмі біз күткендей нәтижеге жете ал­ған жоқ. Солардың арасынан іліп алар мазмұндысы «Біржан сал» ғана. Ал ең көп пайда тап­қаны «Жаужүрек мың бала» болар.
Ескісі бар, жаңасы бар, қа­зіргі таңда ірі қалаларымыз кинотеатр атаулыдан кенде емес. Бірақ сонда көрсетілетін ұлттық фи­льм­деріміздің сапасын айтп­а­ғанның өзінде сан жағының халінің өзі нешік.
Таяудағы бір жылдың өзінде елімізде «22 толық метражды фильм жарыққа шықса, оның жетеуі халықаралық кинофес­тивальдарға қатысты» деген дерек баспасөзде кездеседі. Кіno.kz статистикасының мәлім­­деуі­не қарағанда, отандық фильмдер прокаттың 3,9 пайызын құ­райды. Фильмдердің 50 па­йыз­ға жуығын «Қазақфильм» киностудиясы түсірсе, қалғаны жекеменшік студияларға тиесілі көрінеді. Десек те, сол фильм­дер­дің нешеуін жұрт ауыздан тас­тамай сөз етіп жүр? Қайдам, көр­ген жандардың өзі атын ат­ап, түсін түстеп бере алар ма екен?
Жалпы, белгілі бір киноны сол елдің бүкіл халқы тайлы тұя­ғы қалмай көруі некен саяқ шығар. АҚШ-тың өнер рыно­гінде кинотеатр арқылы ең көп табыс әкелген «Guardians of Galaxy» атты фильмді бір жыл­дың ішінде ел халқының 10 пайызына жетерліктей ғана бөлігі көрді деген дерек бар. Бү­кіләлемдегі ең көп пайда тапқан киноларды өз елінде көрер­меннің орта есеппен 5-10 пайызы ғана тамашалаған болып шығады екен. Бізде бұл жайында нақты зерттеулер жасалма­ғандықтан, сырттай тон пішуден аулақпыз. Десек те, талғамға сай сапалы әрі мазмұны терең туындылар жасалса, оған лайық көрермен де табылары анық.
Бизнес, мәдени құндылық әрі өнер ретінде киноин­дус­триясының жан-жақты мүм­кін­діктерін әлем елдері барынша тиімді пайдаланып жатыр. Біз үшін де бұл бүгінгі күнгі кезек күттірмейтін өзекті проблема.
Әлем нарығына жарық етіп шығып, жұлдызға айналу, атақ­ты кино фестивальдарда топ жару, сол арқылы мол пайдаға кенеліп, қазақтың атын дүние­жүзіне әйгілеу әр режиссердің арманы екені мәлім. Бірақ 120-дан астам жыл бойы үзіліссіз алға жылжып, ірі мәдени құры­лым мен күрделі кино өнерін қалыптастырған жоғары өрке­ниет әлемімен бәсекелесуге біз қаншалықты қауқарлымыз? Дәл қазіргі жағдайымызбен, бү­гінгідей психологиямызбен таяу болашақта қымбат қаржымен блокбастер  жасап, Голливудпен бәсекеге түсе алмайтынымыз басы ашық әңгіме.
Солай екен деп әйтеуір әлем­нің ірі елдерінде өткен кинофес­тивальдарынан бірер сыйлық алуды ғана ойлап, киноның мазмұны мен формасын жасанды түрде өзгерткенмен, әлде бір қисынсыз сюжеттер мен кейіп­керлерді тықпалаумен, қызық­тырамын деп актрисаларды шешіндірумен ештеңе шешіл­мейді.
Әлем киноларына төрелік ететін қазылар алқасының құ­ра­мында еврей ұлтының өкіл­дері басым екен деп фильмнің бас кейіпкерлері етіп, сол ұлт­тың өкілдерін таңдаған­нан бірдеме ұттық па? (Р.Әбдіраш «Сталинге хат», С.Нарымбетов «Қыз жылаған»). Әлем халық­тарын таңдай қақтырып, тамсандырамын деп ат үстінде шап­қылап жүріп жыныстық қатынас жасаудан ше? (С.Апырымов «Аңшы»).
Ең дұрысы, халықаралық кино топтарымен ынтымақ­тасып, бірлескен жобаларды жүзеге асырсақ, тиімділігі ай­тар­лықтай болуы ықтимал. Оған мысал ретінде, Netflix-тің туындыгерлері «Марко Поло» сериалын жасау үшін елімізді таңдап, 26 миллион долларлық қаржы құюға дейінгі нақты қадамға  баруы біздің техника­лық мүмкіндігімізбен санас­қандығы болса керек.
Мемлекет тарапынан кино өнері саласына маман даярлауға көңіл бөлінуге тиіс деп ойлаймыз. Режиссер, сценарист, оператор секілді шығармашылық иелерімен қатар саланың арт-менеджерлерін, инженер-тех­никалық мамандарын да елара­лық келісім-шарттар негізінде Батыстың алдыңғы қатарлы оқу орындарында даярлауға болады. Ең бастысы, мемлекет тарапынан жоғары талап қойып, сапалы әрі маңызды кино жобалар ғана қаржыландырылса екен.
Халықаралық деңгейде жо­ғары бағаланып, беделдері бел асқан кинофестивальдарда топ жарып, сыйлық алған дамушы елдердің кино туындыларына зер салсақ, бәріне ортақ бір сипатты аңғаруға болады. Олардың бәрі де коммерциялық мақсат көздемеген, таза өнер туындылары болып келеді екен. Сон­дық­тан да болар, кино өнерді қолдайтын әлемдік қорлардан көмек алғаны және шетелдік туындыгерлермен, проюсерлермен бірлесіп жұмыс істегендері байқалады.
Ал мазмұны жағынан келгенде, әр кинотуынды өз ұлты­мыздың тыныс-тіршілігін, ерекшелігін, шынайы болмысын көркем де шебер бейнелеп жатса, қанеки. Кейде біз өз ор­та­мызға әбден көз үйреніп кет­кендіктен, көп дүниеге назар ау­дармауымыз да мүмкін. Біздегі өзіміз мән бермейтін тұрмыс салтымыз, қоғамдағы көріністер шет жұртты тамсандыру да ықтимал. Сондай-ақ, пайда та­бу көзделмейтін киноларға техникалық тұрғыдан аса қатты талап қойыла бермейтіндігін  ескеруге тиіспіз. Арт-киноны ешкім де қыруар қаржымен немесе мықты  техниканың күші­мен жасамайды, ол тың идея мен ой еңбегінің жемісі. Сон­дық­тан, фильмдер нарығында шашетектен пайдаға кенелмесек те, кино өнермен неге әлемді таңдай қақтырмасқа?
Кино дегеніміз – белгілі бір дәуір мен қоғамдық көрініс­тер­мен үндесетін тірі организм. Қоғамдағы түрлі шырғалаң­дар­дан өтіп, бірде құлдыраса, бірде өрлейтін заңдылық та оған тән болса керек.
Кино – өнер ғана емес, өн­ді­ріс екендігі белгілі болып отыр. Жылына ең көп кино өнімін жасап шығаратын нысан ретінде Болливуд аталады екен. Үндіс­танда бір жылда 1000 кинотуын­дының жарыққа шығуы әдеттегі көрініс. Ал біз киноның отаны санайтын Голливудтың та­ғайын­даған стандарты бойынша олар бір жылда көп ұзаса 100-дей фильм ғана жасайды екен. Гиннестің кино жайын­дағы кітабында ең көп фильм шығарған ел ретінде Дүние­жүзілік екінші соғыстан кейінгі Жапония аталады.
Кино – белгілі бір топты ем­ес, бүкіл қоғамды жаппай қамти ала­тын, сол арқылы адам ба­ласы­ның көңіл-күйіне, санасына зор ықпал ете алатын өнер түрі. Ұлттар мен ұлыстардың тілдері, салт-санасы өзара қан­дай айырмашалықта болса, бел­гілі бір елдің өнері мен мәдени мұрасы, дәстүрі де өзгеге мүлде ұқсамайтын ерекшеліктерінің болуы заңды құбылыс.  Себебі, әр халықтың ұлттық болмысы, тарихы, даму жолдары, әлеу­меттік жағдайы, географиялық ах­уалы бір-біріне ұқсай бер­мейтіні секілді көзқарастары мен дәстүрінің де өзіндік сипаты бар. Осы сипатымен кино – белгілі бір дәуірдегі халықтың мінез-құлқын, ділін, тұрмысын бейнелейтін маңызды дерек болып қала бермек.
Әсіресе, дәл қазіргідей қазақ қоғамы шетелдік сериалдарды тамсана тамашалап, жастардың санасын бөтен жұрттың мә­де­ниеті жаулап жатқан тұста ұлттық кино өнеріне көңіл бөлу­дің маңыздылығы одан сайын арта түсуі тиіс.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір