Тіл өміршеңдігі немесе мемлекеттік тіл ұғымы
09.12.2016
3653
0

Жуырда бір құрбымның орыс тілді жүргізушіге жол түсіндіре алмай әлек болған оқиғасын естіп, бір күліп алдым. «Ұжымымызға жаңадан келген жүргізушінің ұлты орыс болып шығып, бәріміз тілімізді бұрап әбігер болдық та қалдық, – деп бастады әңгімесін ол. – Таза қазақи ортаға топ ете түскен бейбағың бәрібір орысша еркін сөйлеп, ортамызда ойқастап жүр. Біз болсақ, бастығымыздан бас­тап шүлдірлеп, онымен орысша сөйлесуге тырысамыз. Бір күні жұмыстан кеш шығып, әлгі жүргізуші үйге дейін жеткізіп салатын болды. Тұратын жерімнің «Думан» ықшамауданы екенін айтқаныммен, үйге қай қиылыс, қай бұрылыс арқылы баруға болатынын түсіндіре алмай, екеуміз көшені екі сағат айналдық», – деп күйіп-піскен құрбымның ашулы кейпіне қарап, езуімді жия алмай қалдым. «Бұл күлкі емес, көкжөтел ғой», – деген сөзі ғана есімді жиғызғандай болды. Қазақ тілі төңірегіндегі қазір біз ерен санап, елең қылмай жүрген көп мәселе шынтуайтына келгенде үлкен қасірет екені рас. Мемлекеттік тіл тағдырына алаңдаған тілші мамандарымызбен сұхбат құруымыздың себебі сондықтан. 

– Қазақ тілінің маңызы мен мәр­тебесі туралы ҚР Конституциясында  да, Тіл туралы заңында да нақты айтылған. Осы құжат­тарда жазылған ережелер мен нор­малар қоғамымызда қанша­лықты іске асырылып жатыр деп ойлайсыз? Кезең-кезеңімен шы­ғып жатқан Тіл туралы бағ­дар­лама­ларды ескеріп, іс жүзінде пайдаланып жатқандар бар ма?

Гүлдархан СМАҒҰЛОВА, фило­логия ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың про­фессоры:
– Қазақ тілі – Қазақстан Ре­спубликасының мемлекеттік тілі екендігі Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясының 7-ші бап, 1-ші тармағында, 1989 жылы 22 қыркүйекте бекітілген «Қазақ КСР-індегі тілдер туралы заңында» көрсетілген. Амал не, айтылған ережелер мен нор­малардың қаншалықты дәреже­де сақталуы мемлекеттік тілге қатысты осы күнге дейін біт­пей­тін айтыс-тартыстан көрінеді.
Қазақстан тәуелсіздігін ал­ға­­нымен мемлекеттік тілдің қоғамдағы қызметі кең өріс ала алмай отыр. Қазақ тілі, әсіресе, жаратылыстану ғылым салаларында аударма қызметін атқаруы бәсеңдеген жоқ. Оның үстіне орыс тілінің  белсенді қолданы­луы ресми іс-шаралар мен жиындардан қатты байқалады. Ал жазбаша толтырылатын құжат­тардың барлығы демесек те, мәселен, келісім-шарт іс-қағаз­дары, экономикалық есеп-қи­сап­тар, т.б. толып жатқан жазба нысандары әлі күнге дейін орыс тілінде дайындалады және қазақ тілінің қарқынды дамуына кедергі келтіріп, кері әсерін тигізіп отырғаны шындық.
Мемлекеттік қызмет сала­сындағы қазақ тілінің ахуалы сырттай қарағанда жақсы болып көрінеді. Өйткені, мекеме басшылары қазақша жүргізілетін іс-қағаздарының пайыздық көр­­сет­кіштері жоғары деп есеп бер­еді. Алайда, мемлекеттік органдар қызметшілері көбінесе орыс тілділер екені жасырын емес. Басқосу жиындарында оқыла­тын баяндамалар орысша дайындалып, орысша оқитын­дары теледидардан да көрінеді. Мем­ле­кеттік тілдің құқықтық мәр­те­бесін мойындағысы кел­мейтін немесе оның қоғамдық қызме­тінің өркендеп дамуына кедергі жасап, немқұрайдылық танытатын мекемелер мен ұжым­­дар, лауазымды тұлғалар баршы­лық. Солардың көпшілігі – орыс тілді қазақтардың өздері.
Н.Назарбаевтың «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту» дегенін ескерсек, тіл саясаты мен оның қолданыс мәселелерін Елбасының үнемі қайталап айтып жүргеніндей түсіністік пен татулық қана шеше алады. Сондықтан қазақ тілі қазір ғылым мен білімнің, ақ­параттың, мемлекеттік іс-қағаз­дарының, әлеуметтік-мә­дени қарым-қатынастың тіліне еркін араласатын деңгейге то­лық жетті деп кесіп айтуға болмайды.
Анар Салқынбай, филология ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың про­фессоры:
– Әрбір ұлттың басты құн­дылығы саналатын мемлекеттік тілдің заңмен әдіптелуі, нормалар мен ережелердің бекітілуі бар да, оның жұмсалуы, күнде­лік­ті қолданыста қажеттіліктің туғызылуы бар. Біздің бүгінгі қоғам осы екеуінің екі басқа жағ­дай екенін нақты көрсетіп отыр. Бір қарағанда заңмен бел­гі­ленген мемлекеттік тіл бар, оның даму жолын қарастыратын жақсы бағдарламалар да жеткі­лікті, екінші жағынан оның күн­делікті қолданыс аясының тарылуы бар ма? Бар. Жауырды жаба тоқығанмен, бұл күнделікті елдің көзі жетіп жүрген нақты жағдай. Ғасыр басында жап-жақсы басталған іс-қағаздарын қазақша жүргізу мәселесінің өзі бірте-бірте сұйылып, қайта орысшаланып бара жатқанын ел көріп отыр. Мұны кім қалай түсіндіріп бере алады?
Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарла­масының екінші кезеңі үстіміз­дегі жылмен аяқталады. Бағ­дар­ламада көрсетілген мемлекеттік тілге қатысты міндеттер жүзеге асырылды дей аламыз ба? Мә­селен: мемлекеттік тілді меңгер­ген тұр­ғындардың үлесін (2017 жылға қарай – 80 %, 2020 жылға қарай – 90 %);
2) мемлекеттік тілді В1 дең­гейін­де меңгерген мектеп түлек­терінің үлесін (2017 жылға қарай – 70 %, 2020 жылға қарай – 100 %);
3) мемлекеттік бұқаралық ақ­парат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесін (2014 жылға қарай – 53 %, 2017 қарай – 62 %, 2020 жылға қарай – 72  %);
4) тұрғындардың ономасти­калық комиссиялардың жұмы­сындағы шешім қабылдау про­це­сін талқылау кезінде қо­­­ғам­­­­дық қолжетімділік пен ашық­тық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесін (2014 жылға қарай – 60 %, 2017 жылға қарай – 75 %, 2020 жылға қарай – 90 %);
5) қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесін (2014 жылға қарай – 20 %, 2017 жылға қарай – 60 %, 2020 жылға қарай – 100 %);
6) республикадағы орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесін (2020 жылға қарай – 90 %);
7) этномәдени бірлестіктер жанындағы қазақ және ана тіл­дерін оқытатын курстармен қамтылған этностардың үлесін (2014 жылға қарай – 60 %, 2017 жылға қарай – 70 %, 2020 жылға қарай – 80 %);
8) республикадағы ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесін (2014 жылға қарай – 10 %, 2017 жылға қарай – 22 %, 2020 жылға қарай – 25 %);
9) республикадағы үш тілді (мемлекеттік, орыс және ағыл­шын) меңгерген тұрғындардың үлесін (2014 жылға қарай – 10 %, 2017 жылға қарай – 17 %, 2020 жылға қарай – 20 %) ұлғайту.
Мұның орындалуын қадаға­лай­тын арнайы құзырлы орындар бар, сіздің сұрағыңызға сол азаматтар жауап бергені абзал.
– Білім беру саласындағы қа­зақ тілінің мәселелері туралы айт­саңыз. 25 жыл ішінде қазақ тілін ғылым тіліне айналдыра ал­дық па? Болашақта мектептерте жаратылыстану ғылымдарын ағылшын тілінде оқыту мәселесі қолға алынбақ. Бұл бастама қан­ша­лықты орынды деп ойлайсыз?
Гүлдархан Смағұлова:
– Ғылым тілі дегеніміз – тұнып тұрған терминдер. Қазақ ғылымының қай саласы болмасын термин жасау шығарма­шы­лығында негізге алатын прин­циптері жалпыхалықтық сөз­дерге басымдық беру. Нәтиже жоқ емес, бар. Түрлі ғылыми са­лалық терминдер сөздіктері және терминком бекіткен том-том терминдер сөздігі жарыса шығып жатыр. Біз, қазақтар, ауызекі сөйлеу тілімізді орысшамен әспеттеп, мәнерлеп орыс тілінің көсегесін көркейтіп жүргенде ең салмақты, арнаулы қолданыста ғана болатын ғы­лыми қазақша терминдер тілдік қолданысымызға жолай алар ма екен?! Дәл қазір қазақ ғылым тілі деген де ақсап тұрған дүние. Барымызды бүтіндей алмай жүрміз. Кез келген ғылыми бас қосуда қай жерде болмасын терминология саласы ұдайы пікірталас тудырып отырады. Бұл дұрыс та. Ғылым тілі тек кәсіби маман мен лингвистің біріккен шығарма­шылық үдері­сінен қалыптасады. Амал қан­ша, бізде бұл екі маман­ның бастары біріге бермейтін әтте­ген-айлар жетерлік.
Осы орайда бұл міндеттемені жеңілдетудің бір тетігі жоғары оқу орындары студенттерінің мамандықтарына сәйкес «Кәсіби қазақ тілі» пәнін оқыту­дың да маңызы жоғары бол­мақ.
Мемлекеттік тілдің әлеу­мет­тік-қатысымдық қызметін ке­ңейту мен дамытуда оның ғы­лымда, өндірісте, елдің халы­­қ­аралық байланыстарында қолдану аясының кеңи түсуі тіл үйренушілердің болашақ ма­ман­дығымен байланысты екендігін көрсетеді. Тілді кәсіби дәрежеде меңгеру талабы бірінші кезекте болуы тиіс.
Қоғамдық пікірлерге қара­мас­тан, заңдық күші бар «үш тұғырлы тіл» саясатының жедел қолға алына бастауы қазақстан­дықтарды мемлекеттік тіл проблемаларымен бетпе-бет кезік­тірді.
Ендігі кезекте ағылшын ті­лін ары қарай тілді тұтыну­шы­лар кеңістігіне ендіру керектігі қисын бойынша жас буындарды оқытудан басталатындығы белгілі. Сонымен, біртіндеп балабақшалар, мектептер мен жоғары оқу орындарында үш тұғырлы тіл саясаты жүргізіле бастады. Енді жас буын, жаңа ұрпақтың тізгіні кімде? Әрине, балабақша тәрбиешілері мен мектеп, жоғары мектеп мұғалім­дерінде.
Қазақстанда тіл мәселесінің оңтайлы шешілуі мектепке дейін­гі мекемелер мен жалпы ор­та білім беретін мектептердегі және жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесіне де тікелей байланысты.
Тілдің қолданыстық қыз­метінің негізі – оның жойылып кетпеу қаупіне, өмір сүру ұзақ­тығына тікелей әсер етеді. Ана тілінде ақпарат беретін, білім беретін балабақшалар мен мектептер, жоғары оқу орындары арқылы туған тілде тілдік сана мен тілдік ортаны өз дәрежесінде қалыптастыратыны белгілі. Елімізде білім беруге қатысты жасалып жатқан рефор­ма­лардың бірі – мектептерде жаратылыстану ғылымдарын ағыл­шын тілінде оқыту мәсе­лесі. Әлі ерте деп оты­ра берудің қажеті жоқ. Солай оқытылуы тиіс. Бірақ кімге, қа­лай оқыту керек? Мәселе осында. Дайын­дығы, талабы бар өзі қалаған мамандығына ерте бас­тан қызығушылығы бар оқушы­ларға аталған пәндерді неге ағылшын тілінде оқытпасқа? Біздіңше, осындай жіктеліс болмаса, қойыртпақ болып кетеді. Ал бүкіл сынып оқу­шыларын тізіп, көгендеп қойып жаратылыс пәндерін ағыл­шынша оқыту тиімсіз.  Қоғам­дық ғылымдар да бар… Қысқасы, ағыл­шынша тесттен үздік өт­кен­дер ғана жаратылыстану ғылымына қатысты пәндерді ағылшын тілінде оқысын.
Анар Салқынбай:
– ХХІ ғасырда тілдердің өміршеңдігі туралы өзекті мәселе күн тәртібінде тұр. Тілдің өміршеңдігі, қағазға жазылып, басылып, сақталып тұрған көркем әдеби немесе ғылыми құндылықтармен емес, тілдің күнделікті ауызекі сөйлеуде қарым-қатынас құралы болуы немесе болмауымен өлшенеді.
Тіліміздің өміршеңдігінің бір өлшемі – ғылым тілі ретінде қолданыста болуы. Өткен жиырма бес жыл ішінде қазақ тілі ғылым тіліне айнала бастады. Жоғары оқу орындарының бар­лық факультеттерінде, әсі­ресе жаратылыстану факульте­т­те­рінде, қазақ бөлімдерінің басым болуы оларға арнап қазақ тілін­де оқулықтар мен оқу құралда­рын жазуға, шетел тілдеріндегі көптеген ғылыми әдебиеттерді аударуға итермелегені белгілі. Қазақ тілінде диссертациялар жазылып, қорғалды, соның негізінде ғылыми монографиялар пайда болды. Салалық сөз­діктер шықты. Осылайша біраз нәрсеге қол жетіп, дамып келе жатыр еді ғой. Әр ғылым саласы бойынша терминдер аударылып, жаңадан терминдер жасалып, талданып, талқыланып қазақ ғалымдарының мәре-сәре болғаны көз алдымызда тарихқа айналғалы тұр. Мұның әттеген­-айы енді басталады. Үштілділік туралы бағдарлама еніп жатса жаратылыстану пәндері түгел­дей ағылшын тілінде болатыны белгілі. Мұндай жағдайда қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі маңызы өзінен-өзі күн тәртібі­нен алынып тасталады. Сіз айт­қан­дай, жақын болашақта мектептерде жаратылыстану ғы­лым­­дарын ағылшын тілінде оқыту мәселесі қолға алынса, қазақ тілі ғылым тілі бола алмайды. Ал мұның өзі қазақ тілі­нің өміршең­дігінің үлкен бір қайнар бұлағы­ның суалуымен тең…
– Қай мекеменің болмасын кіріс-шығыс құжаттарына үңіл­сеңіз, орыс тіліне басымдық бе­рі­ліп отырғанын байқайсыз. Бұл олар­дың тілге деген құрметі мен ұста­ны­мынан хабар беретін бірден-бір көрсеткіш екені де рас. Мем­ле­кеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілі тәуелсіз елімізде неге екінші орынға түсіп, аударма тіл дәреже­сіне түсіп қалды?
Гүлдархан Смағұлова:
– «Мемлекеттік тіл» ұғымы жарты ғасырдан астам уақыт бойында кеңестік республика­лардың не Конституцияларында, не заң ғылымдарында, не линг­вис­тикалық әдебиеттерінде жете зерттелмегені былай тұр­сын, тіпті ол өз мәнінде де қарас­­ты­рылмаған. Қарастырыл­ған күннің өзінде бүгінгі күн тұрғы­сы­нан қарағанда қарама-қайшы мағынада түсіндірілген. Социо­лингвистикалық еңбек­терде мемлекеттік тіл идеясы өзі ке­ңестік идеологияға жат, қанау, кіріптар ету немесе күштеп ас­симиляциялаудың басты айыпкері ретінде ұғындырылды. Оны шет елдерге тән адамды алдымен қанау, бір ұлттың екін­ші бір ұлтқа билік жүргізу құра­лы деп түсіндірілді. Мысалы, Ке­ңестік Үлкен Энциклопедияда: «Мемлекеттік тіл де­геніміз – бұл заңды түрде мойын­далған, сол елде міндетті болып табылатын және мекемелерде іс жүр­гізу саласында, мектепте сабақ өтуде қолданылатын тіл. Дер­жава­лық мемлекеттерде мем­лекеттік тіл басқа қалған кіші ұлттардың өкілеттігін шектеу арқылы және оларды ығыстыру арқылы үстем ұлттың өз тілін күштеп енгізуі нәтижесінде іске асады» деп көрсетілген. Бұл анықтамадан көріп тұрғаны­мыздай, кеңес үкіметі өз құра­мын­дағы ұлттар тіліне жасап отырған тіл саяса­тының үстем­дігін дәл берген сияқты.
Шынында «Мемлекеттік тіл мәр­тебесіндегі қазақ тілі тәуел­сіз елімізде неге екінші орынға ысырылып, аударма тіл дәреже­сіне түсіп қалды?» Себебі, туған тілі­мізге қатысты орыс тілді қазақ­тарды намыс пен патриот­тық сезім мазаламайды.
Осыдан 2-3 жыл бұрын мем­лекет­тік тілдің даму бағытын білу үшін ғылыми зерттеу аясында сауалнамаға орыс тілді қазақтар таңдалды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясына байланысты сауалнама 1000 адамға жүргізілді. Жүргізілген сауал­на­маның нәтижелерін көрсек.
Мемлекеттік тілді білмеу се­бе­бінен қиындықтарға сауал­на­маға қатысушылардың көпшілігі тек қана іс-қағаздар жүргізу ісінде ғана тап болатынын айтты. Іс-қағаздар ісін жүргізу бойынша оқулықтардың, оқыту-әдістемелік құрал­дар­дың,  әдебиеттің жеткіліктілігіне қа­рамастан, сауалнама қатысу­шылары әлі де оқыту-әдістемелік құралдардың жеткіліксіздігіне  сілтейді. Алайда, көптеген адам­дар қазақ тілін үйретудегі бар оқулықтар негізінде өз бетімен тілді меңгеріп алған жағдайлар да жеткілікті екені де факті.
Оған қоса, сауалнамаға қа­тысушылардың жауаптарында Отан алдындағы азаматтық борыш, намыс, патриоттық емес, бар болғаны Қазақстанда өмір сүру ниеті, не болмаса ман­сап­қа қол жеткізу ниеті мемле­кет­тік тілді игерудегі негізгі сти­мул болып отырғаны бай­қалды.
Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп мен қашанғы айтамын? Арамызда өзге ұлттың бір адамы отырса, сол тілге көшуге мәжбүр болатын кешегі күніміз өтті ғой. Талайлар жұмыста да, үйде де, көшеде де өз тілінде сөйлемей, сорлы күйде жүр­геніне қалайша қаның қайнамайды?! Мынадай уақытта да әлі күнге талай қазақтың баласы, немересі қазақ мектебіне, қазақ бала­бақ­шасына бармайды. Басқа ұлттың балалары қазақ мектебіне барып жатқанда да бұрынғы қалпынан қайтпайды. Сонда өз тілімізді кімге міндет қыламыз?»  деген сөзі Мемле­кет­тік тілдің иелері­нің қай кезде болса да жадында жаңғырып тұ­руы керек! (Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассам­блеясының XVІ сессиясында сөйлеген сөзінен.
Анар Салқынбай:
– Сіз айтып отырған кеңсе қағаздарының қай тілде орындалуы тіл өміршеңдігі үшін аса маңызды фактор саналады. Өйткені, халықтың күнделікті әрекетіне тікелей  қатысты  кең­се құжаттарының тілі тілге деген халықтық сананы, сұра­нысты, қажеттілікті  қалып­тас­­тырады.
Кеңсесіз шаруа бітпейтін тір­шілікте кеңсе құжаттары қазақша толтырылуы, барлық құжаттардың қазақша үлгісі болуы талап етілуі тиіс. Әр адам өз жүрген ортасында, барған кеңсесінде құжатты қазақша толтыруды талап етуге құқысы бар ғой. Әрқайсымыз қазақша құжат толтыру арқылы қазақ тілінің өміршеңдігін қамтамасыз ете аламыз.
Қазақ тілін күнделікті қарым қатынас құралы ретінде қолдану өзімізге тікелей байланысты. Қайсыбір кеңсеге барсаңыз да «Маған қазақша нұсқасын бе­ріңіз» деп талап етсе, көп түкірсе көл болады демекші, қазақ тілі кеңсе тіліне айналып жүре бе­реріне кәміл сенемін. Әр қазақ өзінен бастауы керек те, өзі қа­зақша сөйлеп, қазақша іс қағаз­дарын жазуы қажет. Құ­жат­тарды қазақша толтырудың мә­нін терең түсініп, әрбіріміз күнделікті талап етсек қана, қазақ тілінің өміршеңдігін арттырамыз.
Тілдің қолданыстық қабіле­тін осылайша халық өзі қолына алып, белсенділік көрсетуі, құжаттарды қазақша толтыруды талап етуі тиіс. Біз сонда ғана ана тілімізді сақтап қала аламыз.
– Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болса да қазақ тілінің күрмеуі шешілмеген түйткілді мәселелері көп болып тұр. Есе­сіне елімізде өзге тілдердің мәртебесі мен маңызының ор­таймауына мол жағдай жасал­ған. Зайырлы, құқықтық, либералды демо­кратиялық даму жолын ұстанған мемлекетімізде өзге этностар мен өзге тілдер ешқандай қыспаққа түсіп, қысым көрместен еркін сақ­та­лып, өсіп-өркендеп келеді. Алайда, бұл өзгені зор сана, өзің­ді қор сана дегенді білдір­месе керек еді ғой.
Гүлдархан Смағұлова:
– Жалпы, Қазақстанда өмір сүретін этникалық қауым­дас­тықтардың социолин­гвис­ти­калық негіздемесі тұрғысынан алғанда славян тектес халық­тардың дені – бір тілді, қазақ ұлты – қостілді, ал ұйғыр, неміс, қырғыз, күрд, өзбек, татар, баш­құрт, дүнген, кәріс, шешен және т.б. ұлт өкілдері көптілді болуы тиіс еді.
Алайда, кіші этникалық көп­тілділікке қатысты «Тіл туралы» заңымызда «Қазақстанда тұратын басқа да ұлт өкілдері тiлдерінің қолданылуына және оларды үйренуге жағдай жасалады», – деп көрсетіледі.
Қазақ тілі – Қазақстанның титулды ұлты қазақтар үшін ата-баба тарихымен бірге жасасып, тіл өзінің ішкі этникалық бол­мыс-бітімімен, тілдік заңды­лық­тарымен ерекшеленетін, бірнеше ғасырлар бойы атадан балаға (жас, жыныс, сенім, кә­сіп, әлеу­меттік жағдай айырмасына қа­рамай) мирас ретінде беріліп, үздіксіз жалғастырушы қарым-қатынас құралы қызме­тін ат­қарған қазақ халқының төл ана тілі.
Қазақ тілі – Қазақстан Рес­пу­бликасының Консти­туция­лық мәртебесі бойынша, Қаз­ақстан халқын топтас­тырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілі.
Қазақстанда тіл мәселесі ту­ралы айтылып жатқан уақыт өлшеміне келсек, 25 жыл аз уа­қыт емес. Осы жылдар бойы қа­зақ тілі саласы салыстырмалы түрде айтсақ, үлкен жетістік­ке жетті деу қиын. Қазақ тілі жап­пай қолданысқа енбеуінің бір жағы әлемдік тәжірибелердің ескеріл­меуі деуге болады. Мәселен, өздері саны аз, 48 % ғана және көпұлтты, көп­кон­фессиялы Малазия егемен­дік алған соң 10-15 жыл ішінде малай тілінің мәр­тебесін мем­лекет­тік және ұлт­аралық тілге көтерген. Себебі, жоғары билік­те отыратындардың мемлекет тілінде сөйлеуіне баса назар аударған, талап еткен. Бұл ретте, Қазақстанда биліктегі қызмет­кер­лердің тілін дамыту, еркін сөйлеуге дағдыландыру, мем­ле­кеттік тілдің қадір-қа­сиетін жете таныту мақсаты батыл түрде қойылса деген ой тіл жана­шырларын ғана емес, әр қазақты мазалайды.
Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы– қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп атап көрсетті. Және 2025 жылға қарай, қазақстандықтардың 95 % қазақ тілін білуі тиіс.
Бұл міндет барлығына үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы орайда, мемлекеттік тіл саясатын іске асыру біраз жауапты жұмыстардың атқарылуын талап етеді. Сондай жұмыстардың ең басында тұрған мәселе – әр қазақстандық азаматтың тілге деген жауапкершілігін  барынша терең түсінуі. Мемлекеттік қыз­меттегі, ұлттық компа­ния­лар­дағы басшы  қызметкерлер  түгел дерлік мемлекеттік тілді білсін деген талап қойылуы керек еді. Мемлекеттік қызмет­шілер қазақша сөйлемей, ұлт тілінің көсегесі көгермейді. Мем­ле­кеттік қызметшілер халықпен жұмыс істейтін түрлі  мамандар. Олар бұқарамен орыс тілінде сөйле­генді жөн көреді.
Мемлекеттік тілді қарым-қатынас тілі ғана емес, Қазақс­тан мемлекетін дамытушы бір­ден-бір фактор ретінде түсіне білуі тиіс. Бүгінгі таңда қазақ тілінің бай қоры, тілдің қуаты, оның ішкі мүмкіндіктері тұ­тынушының тілдік  сұранысын толық қанағаттандырады.
Анар Салқынбай:
– «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген қазақта жақсы сөз бар. Өзімізді өзіміз бағалауды үйренуіміз керек.

Айнара
ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір