Мемлекеттік тіл жобалары жемісін беруде
20.04.2023
194
0

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы қызметіне кіріскелі, яғни 2016-2022 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қоры мемлекеттік тілді дамытуда жалпы сомасы 400 млн теңгеге жуық сомаға 10-нан астам ірі жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетті.

Жобалар қатарында қазақ тіліндегі экономика негіздері бойынша онлайн бейнекурстар, Маңғыстау облысында қазақ және ағылшын тілдерінде онлайн және офлайн оқыту орталығын құру, республикалық әдеби-көркем, қоғамдық журналын шығару, шешендік шеберлік пен қазақ тілін оқыту мектебі, қазақ және орыс тілдеріндегі «Абайдың қара сөздері» иллюстрацияланған кітабын шығару, Абайдың шығармашылығынан шабыт алған қазақстандық жазушыларға арналған бейнесабақтар жасау сияқты игі қадамдар бар. Сонымен қатар математика, биология, химия, физика пәндері бойынша мектеп бағдарламасына сәйкес білім беру бейнероликтерін жасау арқылы қазақ және орыс тілдерінде балалардың білім беру контентін интернетте дамытуға бағытталған «Мектеп online» жобасы, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін дамытуға бағытталған «Айтұмар» жас қаламгерлер байқауы көпшіліктің жылы ықыласын иеленді.

Мәселен «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы қолдауға ие болған «Soyle.kz» жобасын пайдаланушылар қатары 2022 жылы 30%-ға артты. Осылайша Қазақстандағы ең алғашқы қазақ тілін үйренуге арналған Soyle.kz тегін онлайн-порталын бүкіл кезеңде қарағандардың саны 11 000 000-нан асса, оның ішінде былтырғы үлес 2 029 046-ны құрап отыр.

Тілді қолайлы түрде ақысыз үйренуге кіріскендердің басым бөлігі ел халқын межелесе, статистика Ресей мен АҚШ, Өзбекстан және Германия азаматтарының да игілікті іске құлшына ден қойғанын байқатады. Мәселен тегі африкалық қазақстандық тележүргізуші Амината Айша Уэдраого қазақ тілін Soyle.kz порталы көмегімен өз бетінше меңгерген.

«Сайтқа қазақ тілі мұғалімін іздестіріп жүрген кезде тіркелдім. Лайықты ұстаз таба алмағаннан кейін өздігімнен Soyle.kz сайтынан оқи бастадым. Ең алдымен, сайт мені түрлі-түсті дизайнымен және ыңғайлы интерфейсімен қызықтырды. Материалдың барлығы қолжетімді болғаны сонша, бірінші сабақтан бастап қазақ тілі әлеміне қызықты саяхат жасадым. Сабақтардың барлығы оңай құрылған, қазақ тілінде сөйлемейтін кез келген адам грамматиканы өз бетінше меңгеріп, тілді үйрене алады. Әсіресе, қазақ тілін тыңдауға және түсінуге көмектесетін тыңдау сөздігі, ойындар, тақырыпты толық бекітуге арналған тапсырмалар және диалогтары бар бейнесабақтар бөлімін ерекше атап өткім келеді», – дейді Амината Уэдраого.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында қолға алынған ыңғайлы және пайдалы ресурсқа тіркелген қолданушылардың жалпы көлемі 300 000-нан астам адамды көрсетсе, 160 мыңы мобильдік қосымшаны жүктеп алған.

«Қор әрі қарай да руханият, оның ішінде ана мен бала және тіл мәселесіне баса назар аударады. Оған дәлел, өңірлердегі өнер мектептерін ұлттық музыка аспаптарымен, ауыл кітапханаларын мемлекеттік тілдегі кітаптармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», — деп қорытады «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.

Биылғы 11 қаңтарда елордада алғаш рет қоғам алдында жария және ауқымды түрде берілген есеп те толық мемлекеттік тілде өтті. Онда өңірлерден жиналған жобалар бенефециарлары көрме арқылы жұмысын көпшілікке баяндай алып, ҮЕҰ өкілдері арасында панельдік пікірталас ұйымдастырылды.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір