ҮЙЛЕСІМ: ПАРАСАТ ПЕН САЯСАТ
Көрнекті қаламгерлігін айтпағанда, Әбіш Кекілбаевты танымал саясаткер, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері деп те қысқа қайыру жөн емес. Депутат, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, сенатор ретіндегі қызметінде ол қазақ саяси әлемінде ерекше құбылыс болды.
Амангелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымының
докторы, профессор
Саясаткерлік кәсіп мамандық ретінде бүгін пайда болған жоқ Вазир Низам әл Мүлік «Саясатнәме» еңбегін 1092 жылы жазған. Тәуелсіздік алған тұста бізде саясаткерлер көбейді. Саясат лас іс, оның төңірегінде саяси алаяқтар, саяси саудагерлер, оңай пайда іздеушілер жүреді деген пікір тарады. Саясатқа баққұмар, таққұмар адамдар үйір болғандықтан, оны лас іс, қулардың амалы деп атайды. Әйтсе де онымен таза, адал адамдар айналысса, саясат адал, ақниетті болмақшы.
Өз бойында парасат пен саясат жақсы үйлесім тапқан саясаткер Әбіш Кекілбаевтай-ақ болар.
«Сіз көрнекті жазушысыз, сізге саясатпен айналысу керек пе?» деген сауалға ол: «Мен әдебиетші болмасам саясатқа келмес ем… Бұрын суреткер ретінде толғандырған мәселелер мені енді азамат ретінде де толғандырады. Тарих та теңіз айдынындай нәрсе ғой. Мен бүгін теңіз толқындары арасында жүрген адаммын», – деп жауап беруі соған дәлел.
«Мен Шыңғысхан, Ақсақ Темір, Әбілқайырдай кейіпкерлерімді сағынамын». «Ботасын сағынған аруанадаймын кейде мен» дейтіні де бар. Бұрынғы Әбілқайыр заманының оқиғалары мына заманда қайталанғанына қайран қаламын дейді. Ол сондай-ақ, Тәуелсіздік тұсында Қазақстан – Ресей, Қазақстан – Қытай қатынастарының, қазақтардың іштей бірлігінің жаңаша мән алғанын айтады.
Әбіш Кекілбаевтың саясаткерлік қыры 1989 жылы Жаңаөзен оқиғаларына байланысты жарқырай көрінді. Кекілбаевты, тегінде, сен еліңе, халқыңа ақылыңды айт, бетін қайтар деп жіберген сыңайлы. Тілін алатын бір адам болса, ол өзіңсің деген болар. Қазақ жастары экстремистер, ұлттық эгоистер деп айыпталған сол тұста барлық қазақстандықтардың назары Жаңаөзенде болды. Ал Кекілбаев бұл мәселеге басқа қырынан келді.
Маңғыстау – табиғи байлықтарға бай өлке. Бірақ сол байлықты игеру үшін басқа республикалардан адамдар шақырылды, ал жергілікті жастар жұмыссыз болды, жұмыссыз болғандықтан баспанасыз, тұрмыстары төмен болды. Мыңдаған жергілікті жастар екі қолға бір жұмыс таппай сенделіспен жүргенде басқа өңірден вахталық әдіспен ұшақпен жұмысшылар тасылды. Ол мемлекетке арзанға түскен жоқ. Оны нақты деректерімен Ә.Кекілбаев дәлелдеді. Бірақ ол өзге республикалардан мамандар келмесін деген жоқ, мәселені жан-жақты ойлап шешудің жөнін айтты. Осылай ағайындарыңа ақылыңды айт деп жіберген Ә.Кекілбаев мәселе оларда емес, әлеуметтік әділдіктің, ақылға сыйымды саясаттың жоқтығында екенін үкіметтің алдына аймандай ғып жайып салды.
Бұл халықтар достығы жасасын дейтін ұраншыл саясаткер емес, сараптаушы, талдаушы жаңа саясаткердің үлгісі еді. Ә.Кекілбаев, осылайша, тек көрнекті жазушы емес, ойшыл саясаткер ретінде мойындалды. Н.Назарбаевтың оны Орталық Комитеттің ұлтаралық қатынастарды реттеу бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындауы осыдан еді.
Кейін депутат, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, сенатор қызметінде де Ә.Кекілбаев ұлт мәселесіне, тіл тағдырына қарасты жайларға терең араласты. Ұлтаралық келісім деген тек көнбістік, төзгіштік, ыңғайға жығылғыштық емес. Кейде ұлттық намыс, жігер, тіпті қайсарлық та керек. Әбекеңнің «Арға тартпай – арман тұл, намыс қумай – мақсат тұл» деген мақаласы – соның айғағы. Ол бүгін де өте маңызды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін, Әбіш Кекілбаев айтқандай, мылқауға тіл, момынға тіс бітті. Бұрынғыдай астарлап емес, айқайлап теңдік сұрайтын ашық таластар заманы туды.
«Ақыр аяғында тіл туралы алғашқы заңның республика Жоғарғы Кеңесінде қаралғаны есімізде», – дейді Әбекең. Ол Рейхстагқа шабуылдағаннан да қиын болды. Аузы дуалы қазақ азаматтары айқасып бақты. Бірақ қызыл империя ми біткенге мықтап тұрып шегелеп кеткен тоталитарлық сана мызғыр емес. Қазақ тілімен қатар орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беру туралы айтыстың бетін қайыру керек еді.Сол кезде ол Жоғарғы Кеңестің Ұлттық саясат комитетін басқаратын. Әбіш Кекілбаевтың сонда айтқаны: «Немене, кеше ел басына күн туғанда, тар үйімізден орын ығысып, төрімізді ұсынғанда, тартыңқы дастарқанымызды алдарыңызға жайып, жарты күлшемізді ауыздарыңызға ұстағанда, біз күндердің күнінде, бүгінгідей демократия орнатып, кемелденеміз деп жатқан заманда, өз үйімізде өз тілімізде сөйлеу үшін мына сіздерден жылап отырып рұқсат сұраймыз ғой деп ойлап па едік?!».
Әбекең осылай тойтарыс бермегенде бұл тіл таласы немен бітер еді? Қоғамда қандай саяси ахуал туар еді? Тәуелсіздік алып, өздерінің ұлттық тілдеріне мемлекеттік мәртебе берген басқа посткеңестік ұлттардың алдында қазақтардың беделі қандай болар еді?
Мен Мәжілісте, Әбекең Сенатта қатар депутат болған кезімде білімі телегей теңіз, парасат пайымы жоғары сөз зергері өз ортасынан көктей биік Әбіш Кекілбаевтың қарапайымдылығына таң қалатын едім. Сол ортадағылардың сөзіне қарасам, олар Әбішпен күнделікті пендешілік әңгімеден аса алмайды. Себебі, онымен әңгімелесуге үлкен дайындық керек. Ондағы шалқар білім – туабіткен нәрсе емес, еңбектенудің, ізденудің жемісі. Ол жылдар бойы жата-жастана саясаттанушылардың да еңбегін оқыған, Аристотель мен Платонды, Монтескье мен Локты, басқа да авторларды зерделеген. Бірақ олардың еңбектерін, айтқан ойларын оп-оңай басшылыққа ала қоймайсың, себебі, біз авторитарлық ойлауға, сондай амал-әрекетке үйренгенбіз дейтін Әбекең. Бұрын да, кейде бүгін де өзінің білігін, пікірін, ұстанымын басқаларға дарыта білгендер табысқа жетеді.
Осыдан келіп, Әбіш Кекілбаев Жоғарғы Кеңестің мәжілістеріне төрағалық еткен тұста авторитарлық тәрбие алған депуттар кейде белгілі бір заңды неге күштеп, белден басып өткізбедіңіз, неге Министрлер кабинетіне қысым жасамадыңыз деп төрағаға сын таққаны бар-ды. Қысым жасау парламент стилімен үйлеспейді дейтін Әбекең.
Әбіш Кекілбаев дұрыс айтады! Парламентте шешімді күшпен өткізуге болатын ондай жағдаяттар кездесіп тұрады. Бірақ оны оңай жол екен деп, соның ығытында кетсе не болмақ? Парламент-демократизмнің үлгісі, елді демократияға тәрбиелейтін билік, сондықтан әр депутат демократ тұлға болуы тиіс. Жоғарғы Кеңес төрағасы, спикер – адамдарға жол көрсететін саяси көсем емес; қанша депутат болса, солардың әрқайсысы өзінше көсем. Ал спикер – көп депутаттың бірі, ол заңды талқылауды ұйымдастырады, мәселені тиімді шешу үшін әр түрлі пікірлерді жан-жақты, тереңірек талдауға жағдай туғызып, бір мәмілеге келуге тырысады. Сондықтан спикерге ең әуелі сабырлылық пен байсалдылық қажет. Спорт тілімен айтсақ, ол – қақпашы емес, жаттықтырушы не қорғаушы емес – төреші, өзге футболшылармен бірге жүгіріп, ойынның тәртіпке сай өтуіне жағдай жасаушы. Қашан да есте болатын қағида: парламент қоғамның демократизмін бейнелесе, спикер парламенттің демократизмін бейнелейді.
Әбіш Кекілбаев – Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалауға, әсіресе рухани ұстанымдарын бекітуге атсалысқан қайраткер. Мемлекеттік хатшы қызметінде оның бастамасымен «Ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу», «Халық бірлігі мен ұлттық тарих», «Ұрпақтар сабақтастығы» жылдары өтті. Ол елді рухани жақындастыру, тарихымызды құрметтеу сезімін қалыптастырады. Сан-салалы қызметі орынды бағаланып, Президенттің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығына, Еңбек Ері атағына ие болуы содан.
Бірақ Ә.Кекілбаевтың саясаттағы да, әдебиеттегі де жолы тақтайдай теп-тегіс болған жоқ.
Колбин келген кезде үстінен талай арыздар түсті. Қазақтарды азғыратын неше түрлі сұмырайлар бар, солардың ең бір пәлесі – осы Кекілбаев деген, өзі барып тұрған қазақшыл, – деп қаралап-ақ бақты дейтін.
Колбин кетіп еді, әлгі жазғыштар енді оны орысшыл десті, басқа бабаларымыз құрып қалғандай-ақ Әбілқайырды, Бөгенбайды, Есетті жазады деп жазғырды. Ол арыздар жүрекке салмақ салды.
Әбекең бір сұхбатында өзінің саясаттағы жолын айта келіп: «Бұл жолда ащыны да, тұщыны да түгел таттым деуге болады. Ащысының тұсында жасқанған, тұщысының тұсында мастанған жерім жоқ сияқты. Жеңіп те көрдім, жеңіліп те көрдім. Бірақ соның бәрін бір басымның бағы мен астымдағы тағым үшін істеген емеспін. Соны сезіну маған ең берік рухани медет болды», – дегені бар-ды.
Иә, халқының жадында ол парасат биігіндегі де азамат боп қалды.