Саясат мырза, бұл қай сайасатыңыз?
23.02.2023
508
0

Есіңізден шығып та кеткен шығар, есіңізге салайын, өткен жылдың тамыз айында «Қазақ әдебійеті» гәзеті арқылы сізге тіл тағдыры және оның жалған ғылымый жолмен «қарыштап дамып бара жатқандығы» жайында ашық хат жазған едім. Жабық хат жазсам, жылы жауып қойа салар, ашық хат жазсам, халықтан, оқырманнан, тілім деп жүрген талай ғалымнан ұйалатын шығар, ұйалғанынан хатымды жылы жауып қойа салмай, бір бәтіуәлі жауап берер деп күткен едім. Бірақ бәрі бекер болды. Неге?

1. Менің ойымша, мемлекет­тің ғылымы мен білімін басқаратын адам ғылым мен білімді сыйлайтын адам болыуға тійіс. Ғылым мен білімді өзі сыйақты адамдарға сыймен қарауға үйретіуі тійіс. Сізден екеуі де байқалмады.
2. Мен өз басыма ештеңе сұрағаным жоқ, халқымның тілі мен әріп тағдырына ара түсіуді сұрадым. Өйткені тіл мен тілдің ғылымына тікелей жауап беретін міністір сіз боласыз, Саясат мырза. Қазақтың кез келген ғылымы қазақ тілі арқылы дамыйды. Сондықтан оған көңіл бөліу ең алдымен Сіздің міндетіңіз. Амал не, адасқан екем. Алақандай авар елінің ақыны Расұл Ғамзатовтың тіл жайында не дегені есіңізде ме? Соны тағы бір ірет оқыңызшы!
3. Ғылым мен білімді жаман басқарса да, жақсы басқарса да, басқарыушының не қарапайым, не қарадүрсін мәденійеті болыу керек. Оның ең қолжетімді түрі – үлкенді сыйлау. Оның тағы бір негізі – өзіңмен амандасқан адаммен амандасыу, сұрап отырған адамға жауап беріу. Ол сізде жоқ болып шықты, өкінішке қарай. Ондай нәрсе Ата заңда жазылмаған дерсіз, онда жазылмағанмен, ата-бабамыздың дәстүрінде бірінші орында тұр. Ырас па, өтірік пе, қазақ деген халықтан сұрау­ыңызға болады.
4. Баспасөз – халықтың үні. Ол да, оны оқыған бүкіл оқырман да сіздің жауабыңызды күт­ті, күтіп жүр. Бірақ, кім біледі, сіз «Қазақ әдебійетін» оқымаған да шығарсыз, өйткені ол қазақ тілінде шығатын гәзет қой. Ал егер оқысаңыз, қазақ ұлтының ұстаздары Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатовтың халық үшін баспасөздің қаншалық қәжет екенін білген боларсыз; оқымасаңыз, біреу-міреулерден естіген шығарсыз? Естімесеңіз, әлі де кеш емес. Мен де, оқырмандар да, халқыңыз да күте тұрады.
Бізде баспасөздің құны аз да болса бар ма, жоқ па? Ашық хат деген – халық пен оқырманның ортасына салған хат. Жеке адамды менсінбеуі мүмкін, халық пен оқырманды басшылар не сыйлар, не одан қорқар деп жазылады. Сізде сыйлау тұрмақ, ілтійпатқа іліу де болмағаны ма? Пірезійдентке жазсаң да, міністірге, әкімге, кімге жазсаң да жауап жоқ. Сонда қалай, мемлекет­те басқарыу жүйесі бар ма, жоқ па? Басқарыу жүйесі отыз жылда қалыптаспаған мемлекет қандай мемлекет? Бізде тек көтеріліс жасағандар ғана тыңдала ма? Біздің мемлекет­те: «Тасыды», «сасыды», «қасыды» дегенде естіліп, жазылып тұрған «ы» «тасиды», «сасиды», «қасиды» дегенде қайда жоғалып кетеді, неге жазылмайды? – деп сұрайтын не бір ғалым, не бір әкім, не бір міністір, не бір депутат, не бір ұстаз, не бір шәкірт болмағаны ненің белгісі? Оларға бәрібір ме? Онда неге «Ұлт­тың тілі – ұлт­тың жаны» деп өтірік айтамыз? Өтірік айтыу, өтірік ғылым жасау, өтірікке халықты ыйландырыу – біздің басты мақсатымыз ба? Осыған сіз қандай уәж айтасыз, Саясат мырза? Әлде мұның бәріне мән беріу сіздің міндетіңізге жатпай ма?
5. Есіңізде болса, Пірезійдент Қ.Тоқаев халыққа: «Жаңа Қазақ­станды бірге құрайық!» – деді. Ол не деген сөз? Ұқпадыңыз ба? Оны мен: «Ел болып, үлкеніміз бен кішіміз болып, ғалым мен ғалым емесіміз болып, өнерлілер мен өнері жоқтар болып, мәденійеті бар мен мәденійеті шамалылар болып – бәріміз елге, ұлтқа, мемлекетке, мемлекетіміздің тіліне ғана емес, бүкіл тіршілігіне бірлесіп қызмет етейік!» – дегені деп ұқтым. Сізге жазған хатым да соның нәтійжесі. Ал сіз болсаңыз, менің сол ұғымымды да быт-шыт қылдыңыз. Әлде сіз құдайдың ұлысыз да, мен құлдың ұлымын ба? Ұлт­тың тілі – ұлт­тың жаны екенін білмесеңіз, ғылым мен білімді, мәденійет­ті, ұлт­тық салт-дәстүрді қай тілде, қалай дамытпақсыз?
«Тіл» дегеніміз тек қазақша балдыр-батпақ сөйлеу деп ұғасыз ба, қалай?

6. Мен, құдайға шүкір, сіз ойлағандай оңай-оспақ, алай десем, алайға; бұлай десем бұлайға көне салатын шал емеспін. Кеңес заманында елімнің тарыйхын, ел қорғаған хандар мен батырларымыздың өмірін «Өзендер өрнектеген өлке» ат­ты кітәбінде жазамын деп, қызмет­тен құуылып, бес жылдай отбасымдағы жеті бірдей жанды тентіреп жүріп баққан шалмын. «Бұл шал маған не істей алады?» –деп, мізбақпай жүрген шығарсыз,өткен жылғы «Қаңтар көтерілісі» өзіңіз сыйақты мізбақпайтындардың қылығынан әбден мезі болған жастардың көз қарсылығы емес пе еді? Әлде олай емес пе? Ешбір ғалым, ешбір тіл білімінің маманы, тілді оқытып жүрген бүкіл қазақ ұстаздары қолдамаса да, мен сізге қарсы жалғыз өзім көтеріліске шығып отырмын! Ақаң айтпақшы, маған да «қыйын емес дарға асқаны, атқаны». Тілім құрып бара жатса,өзінің табыйғатын ғалымдардың кесірінен бұзып бара жатса, оған не басшының, не ғалымдардың жаны ашымаса, айтқаныңа құлақ аспаса, не сіздікі бұрыс, не дұрыс деп айтыуға жарамаса, онда ҚР мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, тағы-тағы деген атақтардың маған не керегі бар? Ол атақтар маған еліме сіңірген еңбегім үшін емес, үндемей ғана, өле жаздап тұрған тіліме ара түспей-ақ, көрмегендей, білмегендей жүре беріуім үшін берілген бе? Сіздің де мақсатыңыз сол «үндемеген үйдей пәледен құтылыу ма?» «Айтып өлген ақында арман бар ма?» –деп, онда ағаларымыз неге айтқан?

7. Ешбір ғылым тек ғалымдар үшін жасалмайды, оның ійгілігін халық көреді. Ал ізгі ғылымның бәрін зыйалы қауым да, азды-көпті өресі бар көпшілік те түсіне біліуі тійіс. Тіл ғылымы – сол ізгі ілімдердің ең бастысы. Сондықтан сіз тіл маманы болмасаңыз да, тілдің жалпы бағамын, қазақы табыйғатын, ата-бабамыздан, ұлтымыздың ұлы ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының қағыйдаларынан қалыптасқан, қалыптасыуға тійіс жағдайларын ажырата білуіңіз керек деп ойлаймын.
Ахаңның «халық жауы» деген жаламен атылып кеткенін. Ахаңа тағылған негізгі айыптың не екенін білерсіз? Оны білсеңіз, Ахаңа қарсылардың әлі де бар екенін де біліуіңіз тійіс деп білем мен. Егер олай болмаса, Ахаңның атындағы ҚР Тіл білімі іністітұты Ахаңның ілімін неге ашық жақтамай отыр?
Ахаңның ілімі дұрыс болмағандықтан ба?
Жоқ, оларға Ахаңның ілімі емес, 1940 – жылдан бері дағдыланып , қалыптасып қалған жалған ілімі қымбат, әсіресе дыбыстаныу саласында (фонетика).
Саясат мырза, «Мына шал маған неге соншама шүйлігеді, оның несін алдым?» –дейтін шығарсыз? Мен сізге ғана емес, тілдің тағдыры халқымның тағдыры деп қарамайтындардың бәріне шүйлігіп отырмын. Шынымды айтсам, атып тастаса да мейлі деген шешімге келіп отырмын. Өйткені, өзіңіз ойлаңызшы, сіз секілді басшылар алдына келген хатқа неге немқұрайлы қарайды? Неге «Бұл да бір адамның жанайқайы ғой, түсініп көрейінші, түсіне алар ма екенмін?» – деп, бір сәт үңіліп көрмейді? Егер үңілсе, «Ей, тіл ғалымдары, «былтыр» дегенде естіліп тұрған «ы» дыбысын жеке әріппен белгілейсіңдер де, «быйыл» дегенде естіліп тұрған «ы» дыбысының бірін жазып, бірін жазбай, неге «биыл» деп жазасыңдар? Бұл қандай ала-құла заң?» – деуге қаптаған басшының бірде-біреуі неге жарамай отыр?
Бұл қәтелік бір сөздің немесе бірталай сөздің де емес, «ы», «і», «у», «ү», «и» секілді бес дыбыс қатысыу арқылы жасалатын тамам сөзімізді шарпып отыр ғой? Оған қалайша жаныңыз ауырмайды? Соған жаныңыз ашымай отырған сіздің алдыңызда мен жалынайын ба әлде алдыңызда жығылайын ба?
Қараңызшы, «жарық» деп жазамыз, өйткені «ы» естіліп тұр. «Жару» дегенде жазбаймыз. Естіліп тұрған «ы» – ны тастамай, «жарыу» деп жазсақ, ол кімнің басын жарады? Ахаңның ілімі сол емес пе: естіліп тұрған дыбыс дұрыс жазылса, оны оқыу да, айтыу да дұрыс болмай ма?
«Кемік» дегенде «і» –ні жазамыз да, «кеміу» демей, неге «кему» деп жазамыз? Екеуінде де «і» естіліп тұр ғой, неге біреуінде «і» жазылады, неге екіншіде жазылмайды? Бұл қандай ереже, қандай қағыйда?
Осы сыйақты «құрық» дегенде «ы» –ны жазамыз да, «құру» дегенде неге жазбаймыз? «Құрыу» десек, бірдемені құртып аламыз ба?
«Кіріс» пен «кіру» де, «берік» пен «беру» де солай. Осыны анықтау үшін де тіл маманы болыу қәжет пе? «Бітік» дейміз, осында естіліп тұрған «і» «бійік» дегенде естілмей қала ма, естілсе, неге «бійік»деп жазбаймыз? Өз сөзін өзі дұрыс жаза алмайтын халық, сіздің ойыңызша қандай халық? Ал біз, сіз қандай жазыушымыз, қандай міністірміз?
«Айтылатын сөзді айтпасаң, сөздің атасы өледі» дейді қазақ. Айтқаным үшін айыпқа бұйырмассыз.

8. Ұлт­тың ұлы ұстазы, қазақ тіл ғылымының атасы Ахаң, әрбір қағыйда тілдің өз табыйғатынан шығыуы керек, бір қағыйда шығарып алып, тілді сол қағыйдаға бағындырыуға болмайды депті. Ал біздің емле көпе-көрнеу тілге зорлық қой. Соны түзеуге талпынбай, кеңес құрмай, әрекет жасамай, пірезійдент алып тастағанша міністір болып отыра бересіз бе? Бір әрекет қылсаңызшы! Көрсетіңіз, түсіндіріңізші пірезійдентке! Мен мемлекет басшысына да ашық хат жаздым, бірақ пірезійдент басқармасында отырғандар оның қамын қат­ты ойлағандықтан, тіл секілді тілге тійек етіуге жарамайтын мәселені оған жеткізбеген екен. Сізге сілтепті. Түсінгенім: тіл тағдырын сіз ғана шешеді екенсіз. Шешіңізші!
Кезінде ата-бабасынан бері қазақ болып келе жатқан аталарымыз «Сталин» дей алмай, «Істәлін» деді. Себебі қазақтың ешбір сөзі «Ст» секілді қатар келген екі бірдей дауыссыз дыбыстан басталмайтын. Сондықтан «Стамбұл», «Кремль» дей алмайтын бұрынғы қазақ, «Ыстамбұл», «Кіреміл» дейтін. «Ми» деп жазып, оны «мый» деп оқымайтын. Өйткені әліпбійімізде «и» әрібі, «ь» белгісі болмайтын.
«Градус» дегенді шын қазақ «гырадус» деп сөйлейді. Біз қәзір, шындығын айтқанда, өз тілін аксентпен сөйлеп жүрген қазаққа айналдық. 1940 – жылдан бастап бұрын 29 ғана әріп бар әліпбійімізде 42 әріп пайда болды. Сол тілімізге тән емес әріптерден әлі құтылғамыз жоқ. Латынға көшіу кезінде құтыламыз ба деп үміт­теніп едік, ол үміт те үзілді.
Ұлтымыздың өз дыбыс ерекшелігін белгілейтін «ә», «ө», «і», «ұ», «ы» секілді ұлт­тық дыбыстарымызды жеке әріппен белгілей алмаған әліпбій қалайша ұлт­тық әліпбій болмақ?
Жоғарыда аталған қазақ тіліне ғана тән дыбыстар орыс әліпбійі кезінде жеке әріпке ійе болып келді, содан орыс әліпбійіне еш зыйаны тійген жоқ қой.
Өз тіліміздің төл табыйғатына сай сөйлеп, табыйғатына сай «сыйыр», «қыйыр», «кійік», «бійші», «оқыу», «біліу», «сығыу» деп жазғанымыз ешбір халықтың шамына да, арына да тіймейді.

9. Біз латын әліпбійіне көшіуге тійіс кезеңнен кешігіп қалдық. Латынға көшіудің қәзір ешқандай қәжет­тігі жоқ. Қандай қәжет­тілігі бар, айтыңызшы! «Адам» деген сөзді «adam» деп жазғаннан ұжмаққа бара қаламыз ба? Орыс әліпбійімен қаншама тарыйхымыз, қаншалық ілім-біліміміз, өнеріміз бен өнегеміз, тағы-тағылар жазылды. Соның бәрі түкке керегі жоқ нәрселер ме еді? Тәуелсіздік алған жылдарымыздың жылнамасы да сол орыс әліпбійінде жарық көрді. Соның бәрін мұрағат­тың қоржынына тастай салыу, меніңше, текті елдің әрекеті емес. Қытай елі, гүрізін халқы өзінің төл әліпбійлерін әздек санайды, неге бізге ұқсап бірнеше мәрте өзгерте салмады? Өйткені олар үшін халқының тарыйхы, жазылған жарты ауыз сөзі де жанындай қымбат. Біз де сондай халықтың қатарынан табылсақ, бізге бірдеме көріне ме?
Тілдің болашағына тек ғылымый тұрғыдан қарау қәжет. Тілдің болашақ дамыуын әріпті өзгертіу емес, емлені өзгертіу шешеді. Халықтың тіліне халықтың өзі ғана ійе. Сондықтан әрбір шешім, әрбір ұйғарым халықтың ығына жығылыуы керек.
Кезінде сақ, құн, үйсін, қаңлы, оғыз, моғол, Алтын орда мемлекетінің бәрі бір тілде сөйлеген. Қәзір солардың ұрпағы саналатын түрік, өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, татар, башқұрт, саха, т.б. елдер мен ұлыстар әрқайсысы өз тілінде сөйлейді. Енді олардың тілі бір-біріне жақындамайды, тек алыстайды. Сондықтан латын әліпбійі олардың тілін бір-біріне жақындастырады деу – ғылымый қәтелік: әркім өз тілінің қамын өзі жейді.

10. Сонда не істеуіміз керек? Тіліміздің табыйғатына сай, табыйғатын сақтайтын, табыйғатын жақсартатын, тілдің дамыуына, ғылымый негізін сақтаудың жаңа емлесін жасауымыз керек. Жаңа Қазақ­станды құрыудың ең басты мәселесінің бірі де, бірегейі де сол.

11. Мен сізден, Саясат мырза, осы жолда ұлт перзенті іретінде білек сыбана қызмет етіуіңізді күткем. Мен ғана емес, мемлекетіңіз, халық сізден үміт күтіп отырғанын ұмытпаңыз!

12. «Қазақ әдебійеті» гәзетінің оқырмандарынан кешірім сұраймын. «Мына кісіге не болған?» – демеңіздер! «Тек жүрсең, тоқ жүрмекті, Қыйын емес білмекті», – деген ғой ұлтымыздың ұлы ұстазы, қазақ тіл білімінің атасы Ахаң, тек жүре алмадым.
Әзірге айтарым осы.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ – ҰЛЫ,
жазыушы
09.02.2023 ж.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір