КИНО ТУРАЛЫ ҮЗІК СЫР
Жазушы, актер, кинорежиссер Василий Шукшиннің: «Кино дегеніміз, бұл – монтаж!» деген сөзі бүгінгі күні қаншалықты өзекті екенін дөп басып айту әсте қиын шығар-ау. Алайда, кейіпкер мимикасын, кейіпкер психологиясын, кейіпкердің әлеуметтік ортасын беру кезінде режиссердің көркемдік құралдары – жарық, камера, кадр, сценарий екені сөзсіз. Осы ретте қазақ киносы да Әлемдік киноиндустрияның көшіне ілесіп, алыс-жақын шетелде ұйымдастырып жатқан бәйгелерден жүлделі оралуда. Дегенмен, қамаутері алынбаған қарагердей шабысын күшейте алмай жүргені тағы бар. Көкейде жүрген көп сауалды сыншы, кинотанушы Гүлнәр ӘБІКЕЕВАҒА қойған едік.
– Бүгінгі қазақ киносының бағыт-бағдары қандай?
– Бүгінгі қазақ киносын 4 бағытқа бөлуге болады. Біріншісі – Мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыратын «Қазақфильм» студиясы. Бұнда көп қаржы жұмсалып әрі сапалы дүниелер түсірілуде. Мәселен, Сергей Снежкиннің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы «Так сложились звезды», Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» мен Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы» секілді фильмдерді ерекше айтуға болады.
Екіншісі – коммерциялық фильмдер. Дәл осы бір бағыттың көшін бастағандар да бар. Айталық, Нұртас Адамбайдың «Келинка Сабина», «Келинка Сабина – 2», Ақан Сатаевтың «Районы», Асқар Бисембинның «Замуж за 30» пен Асқар Ұзабаевтың «Гламур для дур», т.б. Бұлардың қатарына «Қазақфильмде» түсірілген Қанағат Мұстафинның «16 қыз» киносын қосуға болады.
Үшіншісі – фестивальге арналған кинолар. Бұлар әу бастан қаржы жию үшін түсірілмеген еді. «Партизандық кино» деген қозғалыс бар. Онда еркін ойлы, шығармашылық күш-қуаты өте мықты авторлар қосылады. Мысалы, Эмир Байғазының «Раненый ангел», Әділхан Ержановтың «Чума в ауле Каратас», Серік Әбішевтің «Свидетель дела №6» пен осы режиссер мен Рустам Магамадов бірігіп түсірген «Однажды в детскоем доме», Мұрат Маханның «Судебный исполнитель», Жанна Исабаеваның «Бөпем», Сәбит Құрманбековтың «Оралман» сияқты кинолары.
Төртіншісі – коммерциялық бағытты ұстанғанмен, бірақ «прокатта» жолы болмаған туындылар. Атап айтар болсақ, «Жениться за 72 часа», «Супертой», «Моя чужая», «4:29», «Селфи с мертвецами», «Б.А.Я.», «Бумеранг» және т.б. Төртінші бағытты ұстанған жас режиссерлер комедия, мелодрама, қорқынышты фильмдер секілді жанрларды жан-жақты игеріп жүр. Қазақ және орыс тіліндегі киноларды түсіріп жүргендер дені Астана, Алматы және Маңғыстаудан. Бірақ оларға әлі жарнама мен өзіне деген сенім жетіспеуде.
– Серік Әбішев, Жасұлан Пошанов, Әділхан Ержанов, Елзат Ескендір, Эмир Байғазы сияқты қазақтың жас режиссерлерін ел таниды. Ал олардың шетелге шығып, кинофестивальдерге қатысу жағы қалай болып жатыр?
– Қазақ киносы – Әлем киносының ажырамас бір бөлшегі. Бірақ олар түсірген туындылар жалпы бұқаралық сипат ала алған жоқ. Қазір сіз атап шыққан жас дарындардың туындысы барлық кинофестивальдерге қатысып, жүлделі орын алып жатқан жайы бар.
– Яғни қазақ киносының атын осындай бір мықты режиссерлер шығарады дегіңіз келеді ғой?..
– Эмир Байғазының киносы Германия астанасы Берлинде көрсетілді. Әділхан Ержановтың «Хозяева»-сы Канн фестивалінде көпшілік назарына түсті. Таяуда жас талант Жасұлан Пошановтың «Шлагбаум»-ы Мәскеуден жүлделі оралған еді. Елзат Ескендірдің қысқаметражды «Өліара» туындысы Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен бәйгеде бірінші орын алды. Серік Әбішевтің «Свидетель дела №6» туындысы Душанбеде көрсетілді. Мұрат Маханның «Судебный исполнитель» фильмі Барселона жұртшылығының ыстық ықыласына бөленді. Осындай бір мысалдарға қарап, біз аз уақытта Ресеймен теңесе алатын дәреже жетеміз деген ойдамын. Ол жақта жылына 100 кино жарыққа шығады екен. Құдайға шүкір, қазақ көрермені кино эстетикасын терең түсініп келеді. Фестивальдік кинолар – нағыз өнер, ал прокат – бизнес. Қазақстанда кино-бизнес әлі дамыған жоқ. Яғни дистрибьютерлер класы да түзіле қойған жоқ.
– Бүгіндері киносыншылардың аз болуына байланысты қазақ көрермені жарыққа шығып жатқан киноларды көре алмайды. Ал кей тұста бар жаңалықтан қалыс қалып жүргендей сезіледі маған.
– Иә, расында да Бізде киносыншылар аз! Сонымен қатар, пиар маманы мен кино туралы толымды еңбек жоқ. Негізінен, әр режиссерге 20 сыншы қажет. Сонда ғана жан-жақты пікір, орнықты ой қалыптасады. Ал Қазақстанда 20 режиссерге бір сыншыдан. Соның әсерінен Сіз айтқандай жалпы көрермен бар жаңалықтан қалыс қалып жүр. Осы ретте, әлгіндей жұмыспен сыншылармен қатар журналистер де айналысу керек деп ойлаймын.
– Болашақта «Еуразия» мен «Шәкен жұлдыздары» сияқты кинофестивальдердің ауқымы кеңейе ме?
– Егер ауқым тар болса, онда әркім өз қазанында қайнап, киноиндустрия дамымай қалады. «Еуразия» фестивалі әлі жүріп жатыр. Ал Венера Нығматуллина кеткелі бері «Шәкен жұлдыздары» тоқтап қалды. Фестивальді ұйым емес, киноға ессіз берілген ел, ұжым, адамдар жасауы керек. Мысалы, Сергей Азимов «Бастау» кинофестиваліне басымдық беріп, қолдағандықтан, ол мықтылар ғана жеңіп шығатын бәйгеге айналды. Жуырда ғана «Бродю.кз» порталы мен Әнуар Кенжебаев ұйымдастырған «Байқоңыр» бәйгесі де жоғары дәрежеде өтті. Бұндай шаралар «қызыл кілеммен» жүру үшін ғана емес, қазақ киноиндустриясын дамытпаққа қажет.
– Қазақ киносына қызығушылық туғызу үшін не керек деп ойлайсыз?
– Негізінен, біз бір жылда 50 кино түсіре алатын күш-қуатымыз бар. Сонда прокаттағы қазақ киносының үлес салмағы 11 % құрайтын болар еді. Қазақ киносына продюсерлер мен жоғары санаттағы менеджерлер аса қажет. Әр адам жауапкершілік жүгін сезінгенде ғана жақсы, толымды дүние туады. Және тағы да Қазақстанда мемлекеттік қолдаумен ұйымдастыратын ашық киноконкурстар жоқтың қасы. Сондықтан кинопрокат жүйесінде үлкен реформа жасалуы тиіс деп ойлаймын. Сонда ғана орыс, американ, неміс, француз киноларымен таласа алатын дәрежеге жетер едік.
– 1962 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында туған екенсіз. Өзіңіз туралы айтып беріңізші…
– Әкем – Әбікеев Ойрат Абдрахманұлы кен инженері, ал анам – Әбікеева Ақан Қарғұлқызы заңгер саласының адамы. 1984 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының сценарий-кинотану факультетін кинотанушы мамандығы бойынша 1992 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының аспирантурасын бітірдім. 1990 жылы «Өнертану кандидаты» деген ғылыми атақ алдым. Кандидаттық диссертациямның тақырыбы – «Қазіргі заманғы кино үдерісіндегі Батыс пен Шығыс мәдениеттерінің өзара әрекеттесуі» еді. «Жаңа қазақ киносы», «Орталық Азия киносы. 1990- 2001», «The Heart of the World: Films from Central Asia», «Қазақстандағы және Орталық Азияның басқа елдеріндегі ұлттық құрылыс және осы үдеріс кинематографта қалай көрініс табуда», «Киноплакат. Қазақстан» секілді кітаптардың авторымын.
2006 жылы Орталық Азияның ойын фильмдерінің «Орталық Азия киносындағы ұлттық өзін-өзі анықтаудың екі дәуірі: 60-шы және 90-шы жылдар» DVD топтамасын, 2008 жылы «Орталық Азияның деректі киносы: ұлттық өзіндік сананың қалыптасуының екі дәуірі» атты Орталық Азияның деректі фильмдерінің DVD топтамасын құрастырдым.
– 1984 жылдан бері «Қазақфильмде» сценарийлік-редакциялық алқасының аға редакторысыз…
– Иә!
– Саяси қайраткер ретіндегі иде-алыңыз?
– Махатма Ганди!
– Немен әуестенесіз?
– Әлем тағамдарын жасаумен.
– Сүйіп оқитын авторларыңыз?
– А.Баррико, С.Рушди, Т.Манн, К.Оэ, Ю.Мисима, М.В.Льоса, Г.Маркес, О.Памук, М.Павич, Пу Сун-лин, А.Рой және т.б.
– Отбасыңыз бар ғой?..
– Иә, тұрмыс құрғанмын. Жолдасым – Сәбитов Әлім Равильұлы сәулетші. Екі қызым бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әлібек БАЙБОЛ.