АДАМ – ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗГІ ДІҢГЕГІ
Гайдай түсірген «Кавказ тұтқынында» процесс кезінде орын алған залдағы мына бір көрініс көз алдымнан кетер емес. Вицын сомдаған әпенде әрі маскүнем: «Біздің Сот – Әлемдегі ең әділ әрі арлы Сот, ур-а-а-а…», – деп қол шапалақтайтыны бар ғой. Сол кейіпкердің сөзі ойландырады да тұрады. Осы орайда «Заң туралы танымымыз қалай? «Құқықтық сана», «құқықтық тәрбие», «құқықтық норма» сияқты категорияларды қазақ қаншалықты меңгеріп үлгерді?» деген сауал төңірегінде Заң саласының қызметкерімен сұхбат құрған едік.

Әділ ЕРНАЗАРҰЛЫ,
«Zan Baynazar»
ЖШС Атқарушы директоры, заңгер
– Қазіргі қазақ қоғамында құқықтық сауаттылық жағдайы қалай?
Қазіргі таңда қазақ қоғамы құқықтық жағынан толық сауатты деп айта алмаймыз. Қаншама жастар құқықтық саладағы мамандықтарды бітіріп жатса да, өз құқықтарын қорғауға дәрменсіз. Қарапайым азаматтар күнделікті шығып жатқан заңнамалардан хабарсыз. Қазақстан Республикасының Конституциясында – Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде көрсетілген. Сондай-ақ, Ата Заңымыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің калыптасуының алғышартының бірі – азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру, әсіресе оның негізгі бөлігі – адам құқығының мәдениеті. Қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын алу. Бүгіндері бұны шенеуніктерден бастап, құқық саласының қызметкерлері, ұстаздар мен ата-аналар және барша азаматтар да түсінуде. Құқық бұзушылық – адамның қоғамға, мемлекетке я жеке тұлғаға зиян келтіретін, соны заң алдындағы жауаптылыққа апаратын құқыққа қайшы әрекеті. Қоғамда тәртіп орнамаса, ел күйрейді.
– Дәл осы бір ойды Платон да «Мемлекет» атты трактатында айтқан еді… Яғни бұндай нәрсеге атүсті қарауға болмайды деген сөз ғой…
– Осынау күрделі мәселе барлық ойшылдарды мазалаған. Расында да, тәртіпті бұзуға бейім тұратын адамдар ел үшін қауіпті. Ол асқына келе дертке айналады. Құқық бұзушылықтың себептеріне қатысты ықылым заманнан бері сан түрлі болжам, долбар айтылып келеді. Солардың ішінде әлеуметтік және биологиялық жағдаяттар алдыңғы орында тұратынға ұқсайды. Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, заң алдындағы жауапкершілікті сезінуге үйрететіндердің бірі – оқу орындары. Онда оқитын жасөспірімнің бойында азаматтық, патриоттык, адамгершілік, салауаттық, құқықтық, мәдени, шығармашылық, т.б. қасиеттерін қалыптастырады.
– Қайткенде қылмыстың алдын алуға болады?
– Қылмыстың алдын алу үшін өскелең ұрпаққа құқықтық тәрбие беру керек. Мәселен, заң, сот, жаза, үкім категориялары туралы көп айтсақ, онда істейін деп жатқан қылмыстың алдын аламыз. Тәрбие берумен қатар, балаға құқықтың міндетін, мақсатын түсіндіруіміз керек. Құқықтық тәрбие мақсаты – оқушы бойында құқықтық мәдениет қалыптастыру. Аталмыш тәрбие түрі – ұрпақты ұлы қателік жасаудан сақтай қалады.
Тәуелсіз мемлекетті нығайту, өскелең ұрпаққа адамгершілік, патриоттық, азаматтық тәрбие беру – баршамыздың міндетіміз. Құқықтық тәрбиені ұстаздар қауымы мен ата-аналар заң, денсаулық сақтау, спорт саласының қызметкерлерімен қоса сан түрлі мекеме, ұйым, бірлестіктермен бірлесіп жүргізсе, нәтижелі болар еді.
Оқу орны мен отбасында бала бойында әлеуметтік іс-әрекеттің алғашқы дағдылары қалыптасып, адамгершілік, әдеп, салт-дәстүр, құқықтық нормаларды меңгере бастайды. Әлеуметтік нормалардың негізгі маңызды түрі боп саналатын әдептік канондардың құқықтық сипаты болмағанымен, оның ережелеріне бағынып үйренген ұрпақ, әрине қоғамға зиянын тигізбейді. Керісінше, өмірде өз орнын тауып, елжанды, саналы азамат болмақ. Әдептілік нормалары кұқықтық нормаларға негіз бола отыра, белгілі бір дәрежеде адамның ар-ұятын, намысын қалыптастыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға ұйытқы болады.
– «Құқықтық сана» жөнінде не айтар едіңіз? Осынау бір нәрсе қазақ қоғамында қалыптасқан ба?
– Мемлекетіміз жастарға құқықтық тәрбие беру ісіне үлкен мән беріп келеді. Қазақстан заңдарын сыйлап, оларды сөзсіз сақтау және орындау – ұзақ жылғы тәрбие жұмысының жемісі. Көбіне құқықтық сананың төмендігі, материалдық және рухани игіліктердің не екенін жөнді түсінбеудің кесірінен қоғамға жат қылықтар пайда болды. Сондықтан да әр оқушының санасына құқықтық нормаларды жеткізу, жеткізіп қана қоймай, оның күнделікті мінез-құлық нормасына айналдыру үшін күресуіміз керек.
– Құқық пен отбасы дегенді бөліп қарауға болмас…
– Иә, құқықтық тәрбие негізі отбасынан басталады. Оқушылардың тәртіп бұзуының бір жайы осы отбасында жатыр. Бізде отбасылар әрқилы: маскүнемдікпен, ұрыс-керістен көз ашпайтын, басқалардың, мемлекеттің есебінен арам жолға барып қалғысы келетін отбасылар бар. Осындай отбасында өскен баланың оқуға, еңбекке қалай қарайтыны да түсінікті шығар.
– Заңға салғырт қарап, оны білмеудің кесірі неге алып келуі мүмкін?
– Заңды білмеу – құқықтық тұрғыдан алғанда елеулі кемшілік. Бұл жерде оқушы заң және құқықтық мәдениет ұғымын шатастырмауға тиіс. Құқықтық мәдениет оқушыдан жан-жақтылықты талап етеді. Адамның құқықтық мәдениеті – күрделі психологиялық құбылыс. Бұл кұбылыс коғамның, мемлекеттің көптеген маңызды салаларында көрініс тапты. Заңдағы ең басты талап – адамгершілік.
– «Азаматтық қоғам» орнату үшін қазаққа не қажет?
– Гегель мен Маркс сынды ғалымдар «Азаматтық қоғамды» біраз зерттеп, құнды теориялық, ғылыми мұра қалдырып кетті. Енді осы құнды ғылыми мұраға сүйене отыра, қазіргі заманның талабына сай өз моделімізді түзуге тиіспіз. Біздіңше «Азаматтық қоғамның» мазмұны төмендегідей болуға тиіс:
– экономикалық бостандық және әр түрлі меншік, нарықтық қатынас;
– адамдардың табиғи бостандығы мен құқықтарын қалыптастырып, қорғау;
– заңды, демократиялық билік;
– ақпаратқа бостандық беру;
– заңның, соттың алдында адамдардың теңдігі болу;
– таптық, ұлттық бірлік, достық, келісім болу;
– адамдардың әлеуметтік жағдайын, денсаулығын, мәдени, рухани білімін көтеру, жақсарту.
«Азаматтық қоғамды» орнататын объект – адам. Сонымен қатар, адам – қоғамның негізгі элементі, діңгегі.
Сұхбаттасқан
Әлібек БАЙБОЛ.