ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДА
11.11.2016
2072
0

foto-zhadyry-kazinformЖадыра ДӘРІБАЕВА

 

***

Тамырларды тереңдерден нәр алған

Жүруші еді атам қорғап арамнан.

Ұмыт болып ұрандатқан қанша сәт,       

Өшпей қойды сол өнеге санамнан.

 

Тұқымы деп текті ата-бабаның,

Көзі ғой деп кеткен жақсы ағаның,

Талай жанның мерейлерін өсіріп,

Халқым жерге тигізбейтін табанын.

 

Бағалау бар (жағымпаздық бір бөлек),

Көлеңкелі болар ма еді бәйтерек.

Мезгілімен нәр алмаса жерінен,

Өспесе егер күн нұрына еркелеп.                  

 

Асылдарды аластауға асықтық,

Қанша ұрпақты «байдікі» деп жасыттық.

Қалай білмей келдік біздер сонша жыл,

Соның бәрі екендігін пасықтық.

 

Жайсаңдарды жау санадық, жайраттық,

Сатқындарды тайраңдатып, сайраттық.

Қырып, жойып ақылдысын, алғырын,

Елдің сорын жанашырсыз қайнаттық.

 

Ақырында өнеге жоқ, жалын жоқ,

Болыппыз да қалыппыз-ау қалың топ.

Бәріміздің жаттарымыз бір жарғы,

Мәз боламыз, әйтеуір, деп қарын тоқ.

 

Құнарлы да, тұмарлы едік, қайтерсің,

Айтуға да көбейді ғой жәйіт ерсі.

Қоқыраңдап доқ көрсету халқына,

Қай тәлімге, қай ағымға сай келсін?

 

Мәңгүрттерді көбейттік-ау парықсыз,

Білімдіге әбден біздер «жарыппыз».

Ана тілдің жауып тастап қазанын

Өгейліктің астына от жағыппыз.                                                             

 

Мұның бәрі тексіздіктің кесірі,

Қирап жатса керексіз боп бесігі.

Не болмақшы есіл елдің жағдайы,

Жылап жүрсе зеректісі, жетігі.

 

Тамырларды тереңдерден нәр алған,

Жүруші еді атам қорғап арамнан.

Ұмыт болып ұрандатқан қанша сәт,

Кетпей қойды сол өнеге санамнан.                

 

***

Еңкейтпеші еңселіні ептіге,

Іргемізді ібіліс жайлап кетті ме?

Пұлы бардың таңқияды танауы,

Миығынан күліп тұр ол тектіге.

 

Қасиетін қастерлеген жақсының,

Татса-дағы дәмін әбден ащының.

Ұрпағы едік сол кәусәрлі халықтың,

Бүгін неге кеудемізде тапшы нұр?

 

Жарылқауды күтеміз кеп біреуден,

Есіркеуді жалықпаймыз тілеуден.

Құлап жатып жығылғанға күлеміз,

Алдымызға жан салмаймыз мінеуден.

 

Пайымдым-ай, парықтым-ай, құнттым-ай,

Бұзылмасын ақ пейіл мен құлқың-ай.

Ертеңің тұр ілінулі қармаққа,

Арынды бол, арқа сүйер жұртым-ай!

 

***

Қуанышым су сепкендей басылып,

Жылап алам көз жасымды жасырып.

Қорғансыздың зар илеген даусынан

Алабұртты тағы жаным ашынып.

 

Тәуекелге бел байлаған қазағым,

Өзіңе арнап жанайқайын жазамын.

Жаңалыққа елжіреп-ақ қарайсың,

Жанарыңда әппақ сенім, таза мұң.

 

Өткеніңнен өңделе алмай талықсып,

Есеңгіреп қалдың ба, әлде, жарықтық.

Көнбіс болып сарғайғанда сонша жыл,

Ұрпағыңа не қалдырдың қарық қып?

 

Тайталасып үміт, күдік арбасып,

Жүрегімді жүрем күнде жарға асып.

Еркіндіктен есі кетіп ел-жұртым,

Қапылыста қалмасын деп адасып…

 

МОНОЛОГ
(Тәуелсіздіктің қиын бұрылыстарындағы жан ышқынысы)

Көнгіш болдым көкжал тағдыр алдында,

Өктемдіктен жасқаншақ боп қалдым ба?

Манаураған дүние мынау қалпында,

Менің жаным тірелгендей алқымға.

 

Күресуді үйретіпті кім маған,

Ес білгелі жұртты көрдім жылаған.

Талай нәубет өткізген соң басынан,

Жалбарынып тек амандық сұраған.

 

Жұрт тарихын жаттап өскен ұрпақпыз,

Өзімізге келген тұста шорқақпыз.

Мықтылардың мысы басып, жалтақпыз,

Сондықтан да барлығына ортақпыз.

 

Бүршік атқан тағы келді бір көктем,

Алатау тұр төбесіне бұлт шөккен.

Аналар жүр жанарынан жас төккен,

Көмек күтіп жерден емес, тек көктен.

 

Қызын қорғар елдің қайда айбаты,

Дем беретін қайда кеткен қайраты.

Жуандары әлсіздерді жайратты,

Әрбір мықты өз бұлбұлын сайратты.

 

Көнгіш болдым көкжал тағдыр алдында,

Өктемдіктен жасқаншақ боп қалдым ба?

Манаураған дүние мынау қалпында,

Менің жаным тірелгендей алқымға…

 

ҰРПАҚ  ДАУЫСЫ

Сауықтырсам деп армандап жаныңды,

Білгім келіп көзден таса халіңді.

Тыпыршыдым тыным таппай сенделіп,

Ойлауменен, аяулым-ау, қамыңды.

 

Қай заманда пенде айтқаны бола ма,

Тар қапаста қалған көңіл оңа ма?

Қарлығаштай қанатыммен қағайын,

Зақымдарды түсіп кеткен санаңа.

 

Далаңдаумен дәрменсіздеу хал кешіп,

Зұлматтардан жан сауғалап тау кезіп.

Саралауға, даралауға шамаң жоқ,

Аман болсын деумен келдің талбесік.

 

Сені сүймеу, әзиз халқым, мүмкін бе?

Ұрпақ үшін құрбан ұйқы, күлкің де.

Асқақтатар ұл-қызың бар биікке,

Еңселім-ау, сабырлым-ау, күрсінбе.

 

Келе жатыр керім кездер керіліп,

Жарқын ойлар жадымызға өріліп.

Арман болған қу дүниенің ернесі,

Әлі-ақ кетер бақ пен нұрдан төгіліп.

 

Пейіліңді кірлетпеші күнә артып,

Жан сарайға қыл түсірме құмартып.

Парызымды мен де өтеп кетейін,

Жырларыммен ел-жұртымды қуантып!

 

ӨТКЕЛДЕ
(Нарыққа өту кезеңінің көріністері)

Ғазиз жаным бөлшектеніп, бөлініп,

Әр пенденің көз жасы боп төгіліп.

Қуанышы аздау мына кезеңде,

Жүремін мен қылмыстыдай көрініп.

 

Ойнамайды тоқ бала мен аш бала,

Қаншама адам таба алмай жүр баспана.

Ит пен мысық ішіп жүрген жуынды

Қорек болды-ау жарымжанға, масқара.

 

Шырылдайды шыбын жандар шарасыз,

Ойламаймын екенбіз деп талансыз.

Қырық құрақ бірлік кетер ыдырап,

Болса егер түп тамыры жарамсыз.

 

Мүгедекті нан сұратып, тілентіп,

Қарттарымыз тірі өліктей күнелтіп.

Барымызды игере алмай жұпыны

Неге отырмыз қара аспанды түнертіп?

 

Жылап-жылап көз жасы да тыйылды,

Халқым талай жеңіп еді қиынды.

«Жеттім-ау» деп желпінгенде, қырсық күн

Қамшысын кеп төбесінен үйірді.

 

Күлкі қайда, ойын қайда білмеймін,

Кеуілдердің серпілгенін тілеймін.

Ұшып бара жатқандаймын түнекте,

Қанатынан ұстап алып үрейдің…

 

ҚИЫЛЫСТА

Қуаныш сыйла, өтінем,

Азайды өмір шуағы.

Ақ жібек арман сетінер,

Жалбырап күндер құрағы.

 

Дәулет те, бақ та мен үшін

Сәттерден мөлдір тұрады.

Үрей – құс жайлап ел ішін

Бұл ғасыр бізді сынады.

 

Шатасып кеткен тірліктің

Болмай да қойды тұрағы.

Береке, ауызбірліктің

Өшті ме әлде шырағы?

 

Қаңқылдап ұшты беталды

Қаздиған дала қыраны.

Бірінен бірі кек алды

Дауы көп дәуір ұланы.

 

Берекесіз кей көптіктен

Артық-ау аздың бұла әні.

Көрінген жерге көз тіккен

Белгілі бір күн құлары.

 

Шаршады жүйке жұқарып,

Көбейіп ұрыс ұраны.

Көгенге көңіл тұсалып,

Қашанға дейін тұрады?

 

Жөн таппай жортып жүр әлі,

Жамырап дала құланы.

Іздеме бұған кінәні

Сейілмей сана тұманы.

 

Жегідей жейді жанымды

Жамиғат сөзге құмары.

Дегенді: «сақта барыңды»,

Белгісіз қашан ұғары?..

 

ЖАРАТҚАНҒА  ЖАЛБАРЫНУ

Намысты қорғап, шырылдап түскен от, суға,

Бар еді-ау небір ұлдарың сенің зор тұлға.

Жалбарынып мен тілеймін тарпаң тағдырдан,

Қайтадан енді жұртымды менің қор қылма!

 

Таптатпа  тағы қасиетін тарлан даламның,

Ойынан сақта есерсоқ кейбір арамның.

Жұртына туған өгей ғып өзін өксітіп,

Бұрмалап тілін шұбарлатпашы баламның.

 

Аштықтан сақта, алдыртпа барын басқаға,

Апаттан сақта, жамандықтарға бастама.

Кесірден сақта, пендеден кейбір келетін,

Ниеттен сақта, қараңғы түндей қап-қара.

 

Талатпа тағы талапай етіп қойнауын,

Біреуді езіп, көрсетпе біреу қорлауын.

Қадірін білген тірі жанның, жердің де

Қазақтың өзі бар әлеммен дос, бауыр.

 

Бере гөр талап, талпынтар мөлдір бастауға,

Тұратын қарсы өрлік бер келген қас-жауға.

Ездіктен сақта, еңкілдеп еріп дұшпанға,

Қимасын сатып, іздеп кететін бас сауға.

 

Ғасырда мынау қиянатқа толы ғаламат,

Жұқтыра көрме, жұртыма  жарқын жаман ат.

Бірлігін сақтат, азаматтарын демей гөр,

Жайнасын елім, шарықтасын сау-саламат.

 

Пейілін сақта, пиғылы түзу халқымның,

Өздігін сақта, өзегін бұзбай салтымның.

Егіліп тұрып, тілеші сен де, жамағат,

Арттырсын Тәңір маңызын пайым-парқыңның!

 

***

Қалың тұман қаптап кетті маңайды,

Күнді аңсап, жұрт та минут санайды.

Бұлдыраған бұйра сағым ішіне

Сіңіп кетіп жоқ болмасақ жарайды.

 

Мамыр мекен толып кетті-ау күншілге,

Бар ма екен дауа бұл дерт-шіркінге.

Солқылдайды алпыс екі тамырым

Жүз қиянат жасалғанда бір күнде.

 

Заңы ма еді «жазмыш» атты құдіреттің,

Таң атпай-ақ талайларды еңіреттің.

Қайсысына болысамын дедің бе,

Зар мен мұңнан шайқатылған төңіректің.

 

Егіз екен бақыт деген сеніммен,

Жан-тәніммен мен де оған берілгем,

Қиын-қыстау күндер қалып қапаста,

Жақсылықты көрейінші еліммен!

 

ҚАЗАҚ АЗАМАТЫ           

Күн нұрлы, әуен асқақ, заман сырлы,

Азамат бірде күйлі, бірде мұңлы.

Жығылған кездерінде жазық құшып,

Сүйеніп туған жерге қайта тұрды.

 

Жүрекке ұлы сенім ұя салған,

Жаны бар шөл даладай күй аңсаған.

Лайықты болсын деп сол кеңістікке,

Жаратқан мол нұрынан құя салған.

 

Еліңмен егіз сенің бақ, арманың,

Қазақтың азаматы, қаһарманым!

Көгінде көңіліңнің жасын ойнап,

Ешқашан сиремесін қатарларың.

 

Дауыл да, зұлматтар да бұқтырмаған,

Бойына жаман атты жұқтырмаған.

Халықтың  жүзі жарқын болуы да,

Сіздердей нар тұлғалы мықтылардан!

 

САҒЫНАР МЕНІҢ ЕЛІМ БАР

Шапағын шашып күн күліп,

Нұрландырады маңайды.

Күлімкөз бұлақ қымсынып,

Ұрлана көлге қарайды.

Сағынар менің елім бар…

 

Жұлдыздар төніп жапырлап,

Қызықтап қайсар даланы.

Жатырқамай жәй жақындап

Жанарларға кеп қонады,

Сағынар менің елім бар…

 

Бабалар кешкен гүл-дала,

Түсіріп еске өткенді.

Ауыртып жанды Құмқала,

Ес  жидық-ау енді-енді,

Сағынар менің елім бар…

 

Болмайды пенде мұңы жоқ,

Көбі жүр елге жарымай.

Отансыз жанның құны жоқ,

Бағы да оның тарыдай,

Сағынар менің елім бар…

ПІКІР ҚОСУ