ҚОЙ БАҚҚАН ҚОҢЫР БЕЛДЕ ҚҰЛЫН ҒҰМЫР…
11.11.2016
2229
0

assanov-koylibayҚойлыбай АСАНҰЛЫ

 

ҚОЙЛЫБАЙДЫҢ ҚОБЫЗЫ

Мен туғанда жапан дала, жалғыз үй,

Қоңыр белден естіліпті зарлы күй…

Бұл мекенде ғұмыр кешкен деседі,

Небір батыр, сөзге шешен арлы Би.

 

Шаңырақтан шықпаса да шалқып ән,

Қайран әкем ат үстінде толқыған!

Ана әлдиі қуат беріп жаныма,

Жөргегімде жусан исі аңқыған.

 

Қойлы ауылдың тіршілігі қоңыр күн,

Қоңыр үйде киесі бар Тәңірдің!

Керегенің іргесінен керімсал,

Сар даланың ұмытады сәнін кім.

 

Жастық қалды боз көделі белесте,

Өткен күндер, бұла дәурен – бәрі есте.

Көз жетпейтін кеңістікті бетке алып,

Өмір дейтін араластым егеске…

 

Туған жердің түсінгенге нұры құт,

Содан әркез сезуші едім жылылық.

Жалқы сәуле жүрегімде қалса егер,

Ол даламнан жұққан кие, ұлылық.

 

Ұша бердім қанаттарым талғанша,

Үміт өшіп, азап шекті Ар қанша…

Ала құйын, арпалыспен күн өтті,

Сол киеден сынық сүйем қалғанша!

 

Мейірімсіз қара тастай кескіні,

Өтер-кетер бұл жалғанның бес күні…

Бақыт деген пенделердің күлкісі,

Өмір деген адамзаттың өксігі…

 

Күйін кешіп, күңіренген жоқшының,

Соңына ердім Ақсұңқардай жақсының!

Бірақ менде кереметі болған жоқ,

Қойлыбайдай құдіретті бақсының!

 

Қанша Ойшыл сарп етсе де ақылын,

Дүниенің кім болжаған ақырын…

Қобыз қылып, қолымдағы қаламды,

Өлеңменен жеткізейін Хақ үнін.

 

ОШАҚ

Енді-енді қауыз жарған сайдың гүлі,

Жайлауға ерте көштік қайбір жылы.

Апанда қар жататын ерімеген,

Түн суық, бозымықтау айдың нұры.

 

Жалғыз үй жапандағы, ой қуалап…

Ойыншығы балалардың қой құмалақ.

Бауырына тығыламыз Анамыздың,

Жабықтан жалғыз көзді Ай сығалап.

 

Бала едік көңіліміз тоқ болатын,

Арманның көкке ұшырған ақ қанатын.

Ертемен Анам, біздер тоңбасын деп,

Сиырдың жапасымен от жағатын.

 

Ошақтың оты маздап, қозданатын,

Бой жылып, кез еді ғой мәз болатын.

Қараша үй түңілігін түрген кезде,

Қағатын көк жүзінде қаз қанатын.

 

Нәр алған ілкі заман ілімінен,

Ұрпақтың дәстүр жайлы білуі кем.

Жапанда жапа теріп, қиял кезіп,

Ошақтың өсіп едік жылуымен.

 

Көкте күн, жерде сәби күлімдеген,

Қарлығаш ұя салса ырым көрем…

Қой баққан, қоңыр белде құлын ғұмыр,

Жалғыздық, ой екен ғой – ілім деген.

 

Бұл тағдыр кез қылмады қай дауылға?!

Бір соқсам қайта айналып, қойлы ауылға.

Ошақтың қызуынан қуат алып,

Уақыт табар едім ойлануға.

 

***

Қайда екен, балалық шақ… баяғы әнім,

Өшірмей үмітімді аяла мұң…

Ошақтың маздап жанған отын аңсап,

Кей күні тәнім мұздап оянамын.

 

ЫҚТЫРМА

«Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай».
Абай.

Бір тұяғы мен едім көшпендінің,

Әлі есімде күзекке көшкен күнім.

Қой айдадым, Қужалдың адырына,

Бұл да болса жігіт боп өскендігім.

 

Он үштегі бозбала, бұла керім,

Сұрап мінгем әкемнің құлагерін.

Құба жонның үстінде, құрығына –

Хан Кенедей сүйеніп тұрады ерің!

 

Байтағымды Тәңірім құт қылғасын,

Құпиясын қалайша ұқтырмасын.

Күзекке кеп тіккенде қараша үйді,

Анам бірден құратын ықтырмасын.

 

«Қазағыңның құлыным данасы бол»,

дейтін Анам жан еді, тобасы мол.

Содан кейін есімде қалған сөзі:

«Ықтырмасы бар үйдің панасы мол».

 

Күздің желі үзікті сабалаған,

Шекпен киген мән бермес адам оған.

Кенже туған қозы-лақ бүрсең қағып,

Ықтырманың ық жағын паналаған.

 

Желі босап, жердің де сәні кетіп,

Қара бұлттар жөңкиді, төніп өтіп.

Соның бәрін сезгендей, Қуаң дала –

Құлазиды дүниені тәрік етіп…

 

Күн қысқарып, уақыт түн ауғанша,

Есімде жоқ еріді қырау қанша.

Ықтырмамен күзекте отырушы ек,

Көбік қары Арқаның бір жауғанша.

 

***

Тура сөйлер табылмай, таза Биі,

Болмай тұр-ау Алаштың маза, күйі.

Күн батыстан… соққан жел, ойран салды,

Ықтырмасыз қалған соң қазақ үйі…

 

ҚОЗЫ АЙЫРУ

Таңғы ұйқының кім қисын тәттілігін,

Қозы бөліп, жаз дәурен өтті күнім.

Таңсәріде әкеміз, оятатын,

Сынға түсер күн сайын ептілігің.

 

«Құрғай, бөлек», – даусымыз қырға кетіп,

Қозы айырдық, есейдік, тұлға бекіп.

Қой қайырған, момақан мұңсыз бала,

Ақын болды өзінше жырға жетік.

 

Өмір жолы бұралаң, тайғақ екен,

Қалай ғана кез болдық жайға бөтен…

Қозы айырған кездерім еске түсіп,

Кейбір кезде тұңғиық ойға кетем…

 

Самал желмен жарысып тел өскесін,

Қойлы ауылдың іздеймін елес көшін.

Көкек Ана көргенде күрсінемін,

Күресінге тастаған нәрестесін.

 

Имансыздық кез қылып иірімді,

Неге Тәңір тарылттың пейілімді.

Маң далада маңырап қозы іздеген,

Болмадық-ау қой құрлы мейірімді.

 

***

Қозы айырып, жүгіріп жан ұшырған,

Әл-дәрменім айғайдан тауысылған.

Әлі күнге оянам кейде шошып,

Азан-қазан қойлардың дауысынан…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір