СУ БАР ЖЕРДЕ ЫРЫС БАР
Халқымыз әуел бастан-ақ ұрпағын әр нәрсенің қадірі мен обал-сауабын білуге тәрбиелеген. «Судың да сұрауы бар» деп тіршілік нәрін үнемдеп, тиімді пайдалануды меңзеген. Ғылым мен техниканың заманында су көздерінің азаю проблемасы ғаламдық мәселеге айналып отыр. Осы орайда еліміздегі су қорларын құрайтын өзендердің бүгінгі жағдайын бағамдау үшін мамандарға жүгінген едік…
Қасым ДУСКАЕВ,
т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Метеорология және гидрология кафедрасының профессоры
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУ РЕСУРСТАРЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Су – адамзат баласы тіршілігінің және экожүйенің тұтастығын сақтауда негізгі табиғи компонент болып табылады. Әрі су қорлары тапшы өңірлердің экономикасы құлдырайтыны ешбір дәлелді қажет етпейді. Ал еліміздің жалпы су ресурстарына Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тұрақты түрде дамуына, қолданыстағы су қорлары қандай ықпал етер болса, сол су қорларын молайтуға қатысты қажеттіліктерді жүзеге асыру мәселесі де солай шешімін табуы тиіс. Егер ол теңдестік бұзылар болса, экономикалық су секторының проблемалары барынша молая түспек. Су ресурстарының жинақталған әр алуан мәселелерін шешу үшін қазір жаңа әдістер пайдаланылады. Яғни бағдарламалық әдіснамалар, су қорларын бірлесіп басқаруды (СҚББ) енгізу, барлық мүдделі тараптардың қатысуы арқылы шешім жасауды талап етеді.
Қазақстан аумағын шартты түрде сегіз су шаруашылығы алаптарына бөлуге болады. Олар: Арал-Сырдария, Шу-Талас, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай және Жайық-Каспий.
Қазақстан қазіргі кезде су қорларының тапшылығы онша байқала қоймаған елдер қатарына жатады. Әйтсе де Арал-Сырдария және Нұра-Сарысу су шаруашылық алаптарындағы көріністер басқаша. Еліміздің қалпына қайта келетін су қорлары жылына орташа есеппен 100,5 км3-ді құрайды. Соның тек 56,5 км3-і ғана республика аумағында қалыптасады. Қалған 44,0 км3 шекаралас мемлекеттерден келетін су қорлары. Мәселен, Қытай Халық Республикасынан – 18,9 км3, Өзбекстан Республикасынан – 14,6 км3, Қырғыз Республикасынан – 3,0 км3, Ресей Федерациясынан – 7,5 км3. Сондықтан Қазақстан көрші елдердің трансшекаралық өзендерінен келетін ағын суға өте тәуелді. Осы мәселеге қатысты туындаған әлеуметтік мәселелерді шешу үшін трансшекаралық су нысандары бойынша барлық елдермен келіссөздер жүргізілуі тиіс.
Жан басына шаққанда қалпына қайта келетін тұщы судың көлемі бойынша Қазақстан Үнді және Қытай сияқты кейбір аграрлық және өнеркәсіптік елдерден алда. Ал Ресей, Бразилия және Канада елдерінен артта келеді. Табиғатты қорғау мақсатында өзендер мен көлдердің (экологиялық ағынды) экожүйелерін қорғау үшін жалпы 100,5 км3 су қорлары қалыптасуы қажет болса, біз әр жыл сайын 38,6 км3 қажет. Арналар мен өзендерде қажетті инфрақұрылымның жоқтығынан, булану, сүзгілеу және Қытай, Ресей сияқты шекаралас мемлекеттерден судың міндетті түрде келіп түсуі тиіс көлемінің жетімсіздігінен жылына 29 км3 су жетпей отыр. Оның үстіне су қорларының 12,8 км3-і өзеннің ағын суының табиғи өзгергіштігі себебінен толықпай қалуда. Сонымен Қазақстан Республикасында қазіргі уақытта су қорларының қолжетімді, тұрақты және сенімді көлемі жылына 23,2 км3 құрайды.
Қазақстанның экономика саласының суды тұтынуы 1993 жылмен салыстырғанда 35 км3-ден 2006 жылы 26 км3-ге дейін, ал 2012 жылы 21,5 км3-ге дейін төмендеді, 2001 жылы су алу көлемі ең төменгі көрсеткішке (20 км3) құлдырады. Судың пайдаланылатын көлемінің ауытқуы жылдың ылғалдылығына және экономикадағы ұйымдастырушылық-құрылымдық өзгерістерге байланысты байланысты өзгеріп отырады. Экономика салаларының сумен қамтамасыз етілуінің 90%-ы жерүсті су көздері арқылы жүзеге асырылады (2012 жылы 20,3 км3-ге жуық). Қалған бөлігі жерасты сулары, теңіз (Каспий және Арал теңіздері) сулары және ағын сулар есебінен толықтырылады.
Қала және ауыл халқының коммуналдық және тұрмыстық қажеттіліктеріне 0,8 км3-ге жуық су жұмсалады. Бұл алынған барлық су қорларының жалпы көлемінің 4 пайызын құрайды. Мұнда адам басына тұтынылатын судың үлес салмағы су қорлары тармағының техникалық жағдайына байланысты тәулігіне 130 литрден 250 литрге дейінгі көрсеткішті құрайды. Жалпы, өнеркәсіп қажеттілігі үшін қолданылатын судың көлемі ұлғайып барады, 2012 жылы ол 5,2 км3-ге жуық болды (жалпы көлемнің 24 пайыз). Суды ең көп тұтынатындар – жылу энергетика саласы, түсті металлургия кәсіпорындары мен мұнай өнеркәсібі (Қарағанды, Павлодар және Алматы облыстары). Сонымен тұтынатын судың көп бөлігі суармалы егін шаруашылығына, сонымен қатар, жайылымдар мен бау-бақшаларды суландыруға, ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауға жұмсалады.
Қазақстанда су пайдалану тиімділігі өзге елдермен салыстырғанда жеке салалар бойынша да, жалпы экономика салалары бойынша да орташа алғанда да төмен: Қазақстанда ІЖӨ АҚШ-тың 1000 долларына 97 м3 су талап етіледі, бұл Аустралия (15 м3), Бразилия (26 м3), Америка Құрама Штаттары (31 м3), Ресей (33 м3), ҚХР (67 м3) көрсеткіштерінен біршама жоғары деген сөз. Тасымалдау кезінде су тоғандарына жұмсалған шығындар ауылшарушылығы тұтынушыларында орташа есеппен 60 пайызға, өнеркәсіп тұтынушыларында 40 пайызға жуық және коммуналдық шаруашылықтарда 50 пайызды (жалпы пайдаланылған су көлемінен) құрайды. Коммуналдық сектор мен ауылшаруашылығында су қорларын пайдаланудың бүгінгі тиімділігін сақтауда және өнеркәсіпте 2040 жылға дейін тиімділікті бірыңғай арттыруда су алудың 29,7 км3-ге дейін және тұтыну (шығындарымен қоса) 24,6 км3-ге тұрақты түрде өсіп тұруы күтіледі.
Жоғарыда аталған мәселелерді мемлекеттік деңгейде шешу үшін 2014 жылы Елбасының арнайы қаулысымен «Қазақстанның СҚБ мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл бағдарлама негізінде су мамандарын дайындау дәрежесі мен сапасына ерекше назар аударылуда.
Қазақстан Республикасында келешекте өндірістің айтарлықтай қарқынды өсуі өзеннің ағын суының жиынтық қорларын азайтатын (жылдың орташа сулылығы бойынша) тенденциясы байқалады. Егер су мол болған жылдарда, мысалға, өткен ғасырдың 40 жылдарынан кейін жылына 150 км3-ге жетсе, 70-80 жылдарында жылына 115-125 км3-ге, 2000 жылға деңгейін шамамен, жылына 100 км3-ге 2010 жылға дейін және қазіргі уақытта жылына 91 км3-ге төмендеген. (ҚР БҒМ География Институты).
Климаттық, трансшекаралық және гидрологиялық қолайсыз жағдайларға байланысты келешекте, 2040 жылға қарай жерүсті ағын суларының жалпы Қазақстан бойынша көлемі жылына 11,4 км3-ге азаюы мүмкін екендігі сөз болуда. Бұл болжам негізінен трансшекаралық өзендерден келетін ағын судың жылына 44,7 км3-ден 32,6 км3-ге төмендеуіне байланысты болмақ. Соңғы жылдары көрші елдер өңірлерінің экономикалық және әлеуметтік дамуына байланысты тұтынатын су көлемінің ұлғаюы осындай болжамға негіз болып табылады. Қытай Халық Республикасы (ҚХР) аумағынан басталатын өзендер суының азайып кету қаупі жоғары: Ертіс және Іле өзендерінің ағын суының азаю көлемі жылына 7,7 км3-ді құрауы мүмкін.
Қазақстанмен шекаралас мемлекеттер аумағынан ағып келетін судың жалпы көлемі 1998 жылдан 2008 жылға дейін 26 пайызға азайды. Трансшекаралық ағын су көлемінде келесі 20 жыл ішінде осы мөлшерде азаюы мүмкін деп күтіледі. Сұраныстың ағымдағы бағамының өсуін ескерер болсақ, 2030 жылы Қазақстан су шаруашылық алқаптарды құны 2 млрд. АҚШ долларына тең 13 млрд. м3 су қорлары тапшылығына ұшырауы мүмкін (Қазақстанның СҚБ мемлекеттік бағдарламасы, 2014).
Қорыта келгенде, еліміздің су ресурстарын қорғау әрі аса тиімді пайдалану мәселелері бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Санат ТҮГЕЛБАЕВ,
география ғылымының кандидаты, доцент
ТІРШІЛІКТІҢ БАСТАУЫ…
Қазақ халқы табиғат аясында тіршілік етіп, көшіп қонғандықтан табиғатты қастерлеп қадір тұтқан. Алғашқы тіршілік суда басталғанын ғылымның дәлелдегеніндей, қазақ халқы табиғи ортадағы судың пайдасын жете түсініп, ұрпақтарын жастайынан табиғат байлықтарын тиімді пайдалануға баули отырып, өнегелі тәлім-тәрбие берген.
Халықтың салт-дәстүрі мен өмір сүру мәдениеті қоршаған орта мен табиғатқа тәуелді. Өйткені, шаруашылықтың негізгі формасы көшпенді мал бағу болғандықтан ол үрдіс жыл он екі ай бойы қоршаған табиғат аясында өтеді. Әрине, мұндай жағдайда табиғаттың заңдылығын ондағы табиғи үрдістер мен құбылыстарды білмеу өзіңді жоғалтумен тең. Бұл тұрғыдан қарағанда біздің дәстүрлі мәдениетімізде, әсіресе, «Өнер алды қызыл тіл» деп білетін қазақ халқы білім мен ғылымды сақтау және келесі ұрпаққа жеткізу көп жағдайда мақал-мәтел мен нақыл сөздерде сақталған. Тіршілік көзі су болғандықтан және еліміз үлкен континенттің ортасында негізгі мұхиттардан алшақ орналасқандықтан, бізде су көзі әрқашан да тапшы болған. Осы нәр көзіне байланысты кейбір қанатты сөздерге назар аударып көрейік. Мысалы, «Өзен бойы тұрғанда өзге жерге қонбаңыз» сөзі. Егер біз географиялық карталарға мұқият қарасақ, әлемдегі үлкен ірі қалалардың теңіз немесе үлкен өзендер жағалауында орналасқанын байқаймыз. Мұның өзіндік себептері де аз емес. Әрине, өзендер мен мұхиттар ең бірінші тасымал көзі болып табылады. Су арқылы алыс елдерге тауар тасумен қатар үлкен сауда-саттық жасаудың мол мүмкіндігі бар.
Келесі нақыл сөздің бірі «Шөл жағалап қонба, көл жағалап қон». Әрине, бұл нақыл сөздің мағынасына келетін болсақ, негізгі тіршілік көзінің шаруашылықтағы алатын орны ерекше мағынаға ие. Тағы да бір нақыл сөздің мағынасына келетін болсақ, бұл сөз көп жағдайда қоршаған ортаны ластамаудың үлкен маңызын білдіреді. Ол нақыл сөз «Сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішеді». Әрине, мұның мағынасы, әсіресе қазіргі кезде үлкен өзендердің бойында орналасқан елді мекендер мен үлкен өндіріс мекемелерінің су көздерін ластамаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Әрине, өзеннің төменгі сағасында орналасқан халық ол судың сапасына тікелей тәуелді. Мысалы, біздің елден ағып өтетін негізгі үлкен өзендер өздерінің бастауын көрші мемлекеттерден алады. Мұндай жағдайда біз, әрине, ондағы судың сапасына тікелей ықпал жасай алмаймыз. Бұған тағы бір дәлел «Су басынан бұзылады» нақыл сөзі. «Су бар жерде ырыс бар: ұстап балық жейсің, ақ бидай егіп, нанын жейсің», сөз тіркесінің мағынасы негізгі шаруашылық көзінің сусыз болмайтынын нақты айғақтайды. Сусыз тіршілік жоқ, ол бүкіл тірі жан иесінің бойында бар. Тамақсыз бірнеше күн өмір сүруге болады, ал сусыз сонша уақыт өмір сүру мүмкін емес.
Алайда, ішуге жарамды таза су Жер бетінде барған сайын азайып бара жатыр. Адамдар суды өнеркәсіп қажетіне көп пайдаланып, оны өндіріс қалдығымен ластауда. Ал біз су құнды байлығымыз екенін ұмытпауымыз керек. «Судың да сұрауы бар» дегендей, су сарқылмасын, тоқтамасын, азаймасын десек, еліміздегі су қорларын көздің қарашығындай сақтағанымыз абзал. Суды тиімді, кеңінен қолдану үшін ірі гидротехникалық құралдар мен су есептегіштерін орнатуды мықтап қолға алғанымыз жөн.
ПІКІРЛЕР2