ОЙ МЕН СЕЗІМДІ ҚАТАР ӨРГЕН…
Шет елден оралған қазақтар тек экономикамыздың дамуына ғана емес, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, өнеріміздің өркендеуіне де барынша қызу араласып, өздерінің бөтен жерде жүріп алған білімдері мен үйренген өнерлерін қазақ еліне әкелді, сол арқылы елімізді әлемге таныту жолында аянбай еңбектеніп жүр. Ал әдебиетімізге келіп қосылған ақындар мен жазушылар да өздерінің шығармалары арқылы қазақтың мұңы мен сырын, тәуелсіз ел ретіндегі отаншылдық рухын ту ғып көтеріп, жаңа бір леп әкелгендер қатарында Мұрат Шаймаранды атауға болады.
Жолдасбек МӘМБЕТОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының
жетекші ғылыми қызметкері
Лирикадағы ең маңызды образ – лирикалық қаһарман. Лирикалық шығармада көрсетілетін басты нәрсе де сол лирикалық қаһарманның ішкі әлемі, жан дүниесіндегі өзгерістер. Суреткер-лирик өз оқырманымен сол лирикалық қаһарманның атынан сөйлеседі, сол арқылы байланысады, сыртқы әлемнің суреті де лирикалық қаһарманның таным-түсінігі арқылы бейнеленеді. Лирикалық қаһарманды ешқашан да эпикалық кейіпкермен шатастыруға болмайды. Онда адамның жан дүниесіндегі құбылыстар ерекше нәзік иірімдер арқылы көрініс табады.Мұраттың лирикалық қаһармандары – автордың сол кездегі көңіл-күйінің жемісі. Сондықтан да олар бірде шат, бірде мұңды, бірде ер мінезді, бірде күйгелек те күйкі.
Мұраттың жас кезіндегі жырларын оқи отырып, оған орта ғасырлық шығыс поэзиясының әсері мол болғанын аңғарамыз. Омар Хайямның, Хафиздің, Науаидің шайырлық дәстүрлерінің кейбір элементтері оның өлеңдерінің мазмұнынан сәуле шашып тұратындай. Бірақ оларды қайталау жоқ, керісінше Мұраттың өзіне ғана тән өлең ырғағы, сөз саптауы, қиялдау мәнері басым көрініс беріп отырады. Шығыс шайырларының сазы бар, бірақ сарыны жаңа. «Науаидың ғазалы», «Шарап толы көзелер», «Аян» лирикалары сол шығыстық сарында жазылған жырлар. Шарапты жырға қосу, оның көңіл көтеретін қасиетін дәріптеу, оның желік берер сиқырлы күшіне жүгіну соны аңғартса керек.
«Шарап толы көзелер» деген лирикасындағы мына жолдарға назар аударып көрелік:
Шарап болып тұрған тұнып көземде,
Теңіз бе, әлде өзен бе?
Көздер ме, әлде мөлт-мөлт еткен,
Еріндер ме кезерген?!
Көзедегі шарапты теңізбен, өзенмен, кезерген ерінмен салыстыра бейнелеуі ақынның метафораны шебер пайдаланатынын байқатады. Аристотель өзінің «Поэтикасында»: «…бәрінен де маңыздысы метафораларда шебер болу. Бірақ мұны басқадан үйрену мүмкін емес. Бұл дарындылықтың белгісі, себебі, жақсы метафоралар жасау ұқсастықты тани білу деген сөз», – дейді. Мұраттың лирикасы да осы үдеден шығып тұрған сыңайлы.
Лирикалық поэзияда белсенді әрекет етуші өзінің сезімін, ләззат алуын, әр алуан көңіл-күйін, рахаттана алмауын жырлайтын ақынның өзі (ақындық мен). Масаттану, шаттану сезімі поэзияда сирек кездеседі. Ал есіру, еліру (экстаз) сезімін нақты айқындау мүмкін емес, ол көбінесе басқа сезімдермен астасып, араласып, көлегейленіп тұрады. Мұрат поэзиясында ақынның іштей толқуы, мұңға батуы өзінше бір әлем. Мұң ақынның өзімен-өзінің сырласуы, іштегі арманын, наласын, қайғысын өлеңге арқау етуі. Лирикалық кейіпкер мінезінің де ашыла түсетін кезі осы мұңмен байланысты.
Қазіргі поэзияның басты сарындарының бірі – күйзеліс. Күйзелістің ең жеңіл түрі – мұң. Лирикалық қаһарманның психологиялық болмысын танытудағы мұңның алатын орны ерекше. Шер, нала, мұң лирикада салмақты ойды танытудың, адамның ішкі жан дүниесіндегі тартысты, қайшылықты көрсетудің өзгеше тәсілі ретінде поэзияда жиі пайдаланылады. Күйзелістің ең жоғары деңгейі ашыну, торығу. Ол көбінесе эпикалық шығармалардың сюжетіндегі тартыстың шарықтау шегін дамыту үшін қолданылатын психологиялық деталь.
Мұрат қай тақырыпқа өлең жазбасын, онда қуаныш, асқақтық қасиеттерден гөрі ой, мұң басым болып келеді. Ақынның алғашқы жырларының көбі махаббат тақырыбына арналған. «Мазалап мені», «Бозаң үміт», «Сен отырсың қиял кешіп», Жас жүрек», «Мен деген енді…», «Сен тағы», «Сен ән салсаң», «Қазақ қызы», «Сен мені ұмыттың ба?» деген өлеңдері ақынның іштейгі бұлқынысынан туған сыршыл жырлар.
О, дариға, сен жалындап, мен сөнбей,
Сенің мені сүйгеніңе ел сенбей,
Сарайыңнан алып қашып, мен саған,
Тау басынан лашық жасап берсем ғой.
Асыл-асыл торғын жапқан тәніңді,
Жасыл-жасыл жапырақпен көмсем ғой…
Әсем де әсерлі лирика. Басқалар ғашығын лашықтан сарайға сүйресе, Мұрат керісінше сарайдан лашыққа алып шыққысы келеді. Ақынның сол қиялына еріксіз сенесің.
Өлеңдегі драмалық элементтер негізінен өлеңдегі лирикалық қаһарман әрекетінің екінші жақтан баяндалуымен байланысты туындайтынын байқауға болады. Лирика – «Мен», ал драма болса, «Мен», мен «Сенге» ортақ. Екінші жақ тек қана жеке тұлғаға ғана қатысты емес, ол кейде белгілі бір ел, табиғат ұғымдарына да қатысты болуы мүмкін. Бірінші және екінші жақтар бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Санадағы жиіркеніш пен құштарлық сол екі жаққа бірдей сәйкес келеді. Құштарлық сезімінің өзінде де әр алуан қасиеттер бой көрсетеді: сыйлап жақсы көру, туыстықпен жақын тұту, достық және эротикалық ұнатулар. Эпикалық шығармаларда, соның ішінде лирикада да үшінші жақтағы адамға қаратып сөз арнау жиі кездеседі. Лирикада көбінесе бірінші жақтан баяндау үрдісі лирикалық қаһарманның ішкі жан дүниесін ашу үшін жиі пайдаланылады. Ал Мұраттың лирикасында керісінше екінші жақтағы адамға қаратып сөйлеудің көбірек орын алатынын байқаймыз. Бұл орыс әдебиетінің әсері ме немесе сонау жыраулық дәстүрден келе жатқан үрдісті жалғастыру ма, ол екі арасын дәл мынадай еді деп тап басып айту қиын.
Айналамызда жүрген адамдардың жан дүниесінде не болып жатқанымен біздің шаруамыз болмайды. Бола қалған күнде де алдымен оғаш түсініктердің қылаң беріп қалатынын қалай жасырамыз. Ал Мұраттың кейіпкерлерінің біразы дәл сол біз күстәналап, жирене қарауға үйренген адамдардың сортынан. Ол маскүнемнің ішуге бой алдырған осалдығының сырын да, тәнін саудаға салған жеңіл мінезді сұлудың көбімізге беймәлім ішкі құпиясын да жан-жақты ашып көрсете алады.
Лирикада сыршылдық деген ұғым бар. Ол ақынның өзінің іштейгі түйген пайым-түсінігін, ойын, тапқан жаңалығын өзімен өзінің бөлісуі, өзімен өзінің сырласуы. Мұраттың лирикасын оқи отырып, оның өлеңді жалпы көпшілік қауым үшін емес, өзі үшін жазып отырғанын аңдаймыз. Ақын жырларының бағыт-бағдары қалың оқырман емес, ақынның өзі. Оны оқырман ойы да, замандастары мен сыншылардың пікірі де алаңдатпайтын сияқты. Сондықтан да оның лирикасы жұрт пайымдап жүрген өлеңдерден басқашарақ, ойлау мәнері мен қабылдау түйсігі де өзгешерек болып келеді.
Мұраттың поэзиясында реалистік сипаттан гөрі романтизм басым. Романтизм ол лириканың жаны десе де болады. Ақын өз ойын ашып нақты көрсетуден гөрі астарлап, символдар арқылы өрнектеуге бейім. Біз символизмді уақыты өткен ескі сүрлеу сияқты елестететінімізді де жасыра алмаймыз. Ал оны жаңартып, өзінше түрлендіріп, қазіргі оқырман танымына сәйкестендіріп жырлап жатса, неге өны өгейсітуіміз керек. Керісінше, Мұратты басқа ақындардан ерекшелеп тұратын да оның осы астары қалың ой мен терең мазмұнға жақындығы деп қабылдағанымыз жөн шығар. «Көңілдің өңі ағармас кірі ашылмай» деген өлеңінде ақын:
«Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман»,
Күн – үміт секілді ме түнге айналған.
Өмір ме, өңі суық өлім бе екен,
Бір елес орамалын бұлғайды алдан, – деп көңіл шерін ақтарады. Бірақ неге күн үміт түнге айналған, неге өмір мен өлім қатар орамалын бұлғап шақырып тұр оған нақты жауап таба қою қиын. Ол сұрақтардың жауабын іздеу де шарт емес секілді, ол санамызда баяғы жыраулар поэзиясы дәстүріндегі риторикалық сұраудың бір көрінісі ретінде жаңғыратындай. Дей тұрғанмен, осы өлеңнің астарында өзгеше ой бар, бөлек бір байлам жатқан сияқты.
Символизмнің философиясы мен эстетикасы адамзат тарихындағы әр түрлі ілімдер негізінде қаланғаны белгілі. Олардың көзқарастарынан антикалық дәуірдің ғұламалары Платоннан бастап, кейінгі Ницше, Бергсондардың пайымдауларының іздерін аңғаруға болады. Символистер өнердегі әлемді танудың дәстүрлі идеясына өздерінің шығармашылық үдерісте әлемді қайта құру (өзгерту) идеясын қарсы қойды. Шығармашылық деген символистердің пайымдауынша, шығармашыл-суреткерге ғана тән жеке адам санасындағы құпия ойлардың көрініс беруі. Ол құбылысты ақыл-оймен жеткізу мүмкін емес. Символизм қаламгерден затты, не құбылысты ишаралап, астарлап жеткізуді талап етеді.Ақын өзі ұнатқан қызға да, айналасындағы жаны жақын адамдарға да, туған жер мен атамекенге де, аспан мен жерге де, су мен отқа да, талға да, сол талдан құлап жатқан жапыраққа да өлең арнайды. Табиғаттағы әрбір зат пен құбылыс ақын назарынан тыс қалмайды. Әрбір нәрсенің ақын санасында поэтикалық бейнесі, ойды қозғайтын болмысы болуы шарт. Сонда ғана ақын жырының нысанына айналған зат пен құбылыстың образдылық сипаты айқындала түспек. Ақын жырларында махаббат тақырыбы, өмір мен өлім мәселесі тереңнен толғай жырланып, жаңаша философиялық реңкке ие болады.
Мұрат Шаймаранның шығармашылығындағы философиялық лириканы пейзаждық немесе махаббат лирикасынан, азаматтық лириканың өзінен түстеп айырып алу мүмкін емес. Онда нақты философияға құрылған лириканы кездестіру қиын. Таза философияны насихаттайтын поэзияның да болуы мүмкін емес. Өйткені, ол өнер. Сондықтан онда көңіл-күй сипаты (эмоция), әсемдікке деген құштарлық басым түсіп жатады. Мұраттың қай өлеңін алмайық, онда ой мен сезім қатар өріліп, лирикалық қаһарманның таным-түсінігімен астасып кетеді. Сондықтан да оның философиясының өзі ақынның өзі таныған айнала қоршаған дүниеге деген сенімі мен көзқарастарының жиынтығы ретінде көрінеді. Оның поэзиясындағы философиялық мотивтер қызға ғашықтық, туған жерге деген махаббат, табиғат сұлулығына деген сүйіспеншілік, оның сұлулығы мен гармониясы философиямен өріледі. Ғалымдардың өзі философияны поэзиядан бүтіндей ерекшелеп тұратын белгінің жоққа тән екенін жазады. М.Шаймаран лирикасында адам мен әлем бір-бірімен гармониялық байланыста суреттеледі. Бұл ақын поэзиясының образдылық сипатын ерекшелей түседі. Оның лирикасының образдылық әлемі ұтқыр кейіптеулер мен метафоралардың жиынтығы іспетті. Ақын өз өлеңдерінде қарама-қайшы заттар мен құбылыстардың өзін бір ұғымға, бір текті құбылыстарға айналдырып жіберетіндей. Оның шығармаларындағы барлық жанды-жансыз тіршіліктің бәрі де лирикалық қаһарманмен байланыста бейнеленеді, тарихын тарқатады, мұңын шағады, сырымен бөліседі.
Ондағы өлім де, қайғы да, үмітсіздік те тура мағынасында емес, астарлы мағынасында суреттеледі. Ақын өзінің айтқысы келген ойын әр алуан құбылыстарға теңеп, тұспалдап жеткізуімен ерекшеленеді. Символизмнің мұндай қасиеттері М.Жұмабаев өлеңдерінде айқын көрінетін. Ал Мұрат сол символизмнің кейбір элементтерін осы заманға лайықтап өз шығармаларында ұтымды пайдаланған. Оның өлеңдерінің идеясын бірден тани қоюдың қиындығы осындай астарлы ойларының қалыңдығына байланысты деп ойлаймыз.